Тарихы
Абай атындағы қалалық кітапхана 1947 жылы Ленин атындағы саябағында кішкене ғана үйде ашылды, оның қорында 200 дана кітап болды. Кейінірек оған Совет көшесінен үй берілді, кітапхана онда 1978 жылға дейін жұмыс істеді. 1977 жылы кітапханалар жүйесін орталықтандыру кезінде Жамбыл қаласында 14 қалалық көпшілік кітапхана болды. Осы кітапханалар орталықтандырылып, 4 жаңа кітапхана ашылды. Жаңадан құрылған Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің құрамына Абай атындағы ОК және 18 филиал 231213 дана басылымдар қорымен кірді. Оның жақсы жабдықталған анықтамалық-библиографиялық аппараты болды. Қала кәсіпорындарының жұмысшыларын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді: «Қосалқы бөлшектер», «Металл құрастыру» зауыты, ЖЖФЗ, Химия өндірісі, әуежай, Тері комбинаты, мектептер, жоғары, арнаулы орта білім орындарының оқушылары қамтылды. 1991 жылдан бастап жүйе ұжымы Республика бойынша бірінші болып жаңа шаруашылық жағдайында жұмыс істей бастады, бұл қала кітапханаларының жұмыс сапасында оңды нәтижесін берді. 1997 жылы оңтайландыру нәтижесінде Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі екі кітапханаға және кітапхана міндетін атқаратын, бай кітап қоры бар ересектер мен балаларға қызмет көрсететін екі кітап сақтау орнына қысқартылды. Кейін, уақыт өте келе, бұл кітап сақтау орындары кітапханаға өзгертілді. Осылай, көпшілік кітапханалар жүйесі өзінің статусын, жалпы кітап және балаларға арналған бағалы қорын сақтап қалды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңын және Тараз қаласы тұрғындарын кітапхана өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» КММ-не қарасты Абай атындағы орталық кітапхана және 7 кітапхана филиалы бар.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 1987 жылдан — 2012 жылға дейін Ким Анна Григорьевна жетекшілік етті. Ол мәдениет саласында 40 жылдай қызмет атқарды. Қаланың ең үздік кітапханасын басқара отырып, облыстың мәдени табыстарын Мәскеу қаласындағы ХШЖК –де таныстыру құқығына ие болды. Жаңа ақпараттық технологияларды енгізуде, әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуда, кітапханатану және библиография саласындағы зерттеу жұмыстары үшін үкімет марапаттарына ие болды: 1998 жылы – «Астана» медалімен, 2000 жылы – «Құрмет» орденімен марапатталды. 2012 жылы Анна Григорьевна зейнеткерлікке шықты. 2012 жылдан — 2020 жылға дейін кітапхананы Алибекова Роза Бозтайқызы басқарды. Роза Бозтайқызы кітапхана саласында 33 жыл еңбек атқарған. Уақытында 2013 жылы Құмшағал шағын ауданынан №7 кітапханасы және 4 кітапханадан «Коворкинг» білім беру орталықтары ашылды. 2011 жылы -«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», 2016 жылы — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл «Кітапхана ісінің ардагері», 2018 жылы- Астананың 20 жылдығына мерекелік медальдарымен марапатталды. Қазіргі таңда кітапхананы Саулебаева Ұлбосын Тәліпбекқызы басқарады.
Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде 103 адам жұмыс істейді. Кітапхананың ақпараттық қорында 399174 дана кітаптар, кітапшалар, мерзімді басылымдар, ноталар, карталар, сызбалар бар.Мол тәжірибе жинақтау және пайдаланушыларға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетудегі алға басушылық кітапхана қызметіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.
1993 жылдан бастап көпшілік кітапханалар жүйесі электронды каталог құруға кірісті. Бүгінгі күні қызмет көрсететін ақпараттық ресурстар каталогі 1976 жылдан бері жұмыс істеп келеді, сонымен қатар, Интернеттегі ОККЖ сайтында on-line нұсқасы бар. Мақалалардың электронды картотекасын, өлкетану каталогін және орындалған анықтамалар мұрағатын қамтитын ақпараттық-анықтамалық «Библиограф» жүйесі құрылды.
Барлық филиалдар мен Абай атындағы Орталық кітапхана аймақтық желімен біріктірілген. Пайдаланушылар үшін құжаттарды электронды тасымалдаушы қызметі көрсетіледі.
Қазіргі кезде кітапханада библиографиялық және толықмәтінді электронды дерекқоры бар. Орталықтандырылыған көпшілік кітапханалар жүйесінің пайдаланушылары әлемдік ақпараттық ресурстарға қол жеткізе алады. Интернет желісінің енгізілуі миллиондаған электронды каталог және әр түрлі елдер дерек қорынан мәлімет іздестіруге жол ашты.
Энциклопедиялар мен анықтамалықтардан, оқулық және басқа да электронды басылымдардан тұратын медиаколлекция қалыптасқан.
Қалалық кітапханаларда өлкетану жобасы бойынша толықмәтінді «Оңтүстік меридиан» дерек қорын құрылған және құнды деп саналатын өлкетану құжаттарын цифрлау нұсқасына көшіру жұмыстары іске асуда.
Кітапхана Қазақстанның мәдени мұраларын насихаттап, сақтауға қомақты үлес қосуда. Республиканың барлық облыстары пайдаланушыларына өлкетану материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.