Ақын және Ғайып Ерен Қырық Шілтен — С. Томанов
Ақыннан қалған өлеңдер ел-жұртқа екі кітап болып жетті: Томанов С. Пәруана / Алғы сөзін жазған Маралтай Райымбекұлы. – Алматы: Үш қиян, 2004; Томанов С.У. /Құрастырғандар Марал Томанова, Еркін Жапаров; Алғы сөзін жазған Абдұлла Бақбергенов. — Алматы: Атамұра, 2006. Екі кітап та ақынның өзі дүниеден өткен соң жарық көрді.
Серіктің өлеңі толқыған жанның шындығынан, тебіренген жүректің сырынан туған. Ақын жанының шындығында саз, ақын жүрегінің сырында наз болғандықтан, ақынның өлеңі де сазды және назды. Сазды әрі назды өлеңнен жүрекке ыстық, жанға жайлы леп еседі. Халықтың: «Өнер алды — қызыл тіл», — деп сүйінуі сазды әрі назды өлеңнің жүрекке ыстық, жанға жайлы жайсаң лебіне байланысты болар ма деп ойланамыз.
Жаратушы жаратқандарының әрқайсысына лайықты қасиет дарытқан. Олардың біріне дарыған қасиет өніп-өседі, біріне дарыған қасиет өліп-өшеді. Ақындық өнерге, ақындық болмысқа біткен қасиеттің жөні бөлек. Оның жарығы мен жалыны тілден шығады.
Жырларыма таңданба жарық көрген,
Жүрегіме жүгінбе шабыт керген.
Шын құдірет — тілімде, жырымда емес,
Шыңыраудан шындықты алып берген, — деген өлең жолдарына акынның шын кұдіреті тілінде екендігі туралы ой өзек болған. Әдетте ақындық қасиетті табиғаттан деген ілгеріде өткен данышпандардың сөзін тілге тиек етіп айтатынымыз бар. Акындық өнерді, ақындык қасиетті іштей құрамдас бөліктерге бөліп, жіктейтініміз де болады. Өлеңдегі мазмұн мен пішінді, ой мен сезімді жеке алып қарастыру тәжірибесі де кездеседі. Солардың арасында өлеңнің тілі, ақынның тілі — өз алдына ұланғайыр бір дара сала. Ғылыми еңбектерде өлең мәселелерін мұндай салаларға бөліп зерттеу ғылыми таным жүйесіне сай жұргізіледі. Ал ақынның өз өнерінің «шын құдіретін» тілінен табуында, «жарық көрген жыр», «шабыт көрген жүрек» жайын көре-біле тұрып, ақындық өнерінің «шын құдіреті тілімде» деп білуінде шығармашылық сара таным бар. Ақынның даралығы оның шығармашылық сара танымына негізделеді.
Ақын «шын құдірет — тілімде» дегенде, өзінің тілін, өзінің өлеңінің тілін ғана айтпайды, ана тілін мадақтайды, ана тілін ардақ тұтады. Серіктің өлеңінің құдіреті, рас, тілінде. Ана тілінің нәрін бойына ана әлдиімен сіңірген, баба өмірінің мәнін ойына ата сөзімен сіңірген ақынның тілі әрлі, ойы нәрлі. Ақын өлеңіндегі ой образды, сөз суретті, сезім сұлу. Ақынның образды ойы, суретті сөзі, сұлу сезімі — бәрі тіл кұдіреті арқылы өріледі. Ақынның тілі тау бұлағындай мөлдір, таң самалындай таза. Ақынның тілінің ұшында тұрған жаны жібек жалаудай: самал лебін сезінсе, алтынды шашағын желбіретіп, елбіреп тұрады. Шөл даладағы шөл өсімдігінің арманын сезінсе де үлп-үлп етіп, үлбірей жөнеледі.
Тағдырыңа тауфиқсыз әлің келмей,
Ала жаздай бір тамшы жауын көрмей,
Өткіздің бе өмірді үмітпенен,
Жауын құмар жаныңа дамыл бермей.
«Күз. Шөл өсімдігін жұбату» өлеңі осылай басталады. Шөл өсімдігінің аты-жөні, түр-түсі белгісіз. Бірақ оның тірлігі, әл-ахуалы, жай-үйі толық көрініс тапқан. Төрт жолдың әркайсысының өз мәні, өз мағынасы бар. Шөл өсімдігі. Тауфиқсыз тағдыр. Тауфиқсыз тағдырға әлі келмеу. Үш бунақтан тұратын бір тармақта осындай үш түрлі сындарлы ой өзегі бар. Шөл өсімдігі. Шөлге біткен, шөлде өнген өмір. Шөлдің шөлі қанатың болса, ол шөл бола ма. Шөлде өскен өсімдіктің шөліркемейтіні бола ма. Шөлде өсіп, шөліркеген өсімдіктің шөлін басу үшін көл жағасына барып өсуіне тағдыр жаза ма, шөл өсімдігі көлге бітіп, шөлін бассын деп тауфиқсыз тағдыр өзгере ме… Шөлде өніп, шөлде өсу — тағдырдың жазуы. Ала жаздай бір тамшы су татпау — тағдырдың жазуы. Өмірді үмітпен өткізу — тағдырдың жазуы. Тауфиқсыз тағдырды өзгертуге акынның Ғайып Ерен Қырық Шілтені ғана себепкер болуы мүмкін еді.
Шөлде өніп, шөлде өскен де, көлге бітіп, көлде өскен де армансыз болмайды, тілеген тілегінің бәріне жетпейді. Көлде өскеннің де, шөлде өскеннің де өмірінің өзегі судан нәр алады. Көлге бітіп, көлде өскен ескіннің шөлді аңсамайтынын кім біліпті. Аңсайтын болса, ол да шөлді өле-өлгенше аңсар еді, шөлге шығып шөліркеуден ол да үмітін үзбес пе еді… Құдайдың кұдіретімен шөлге бітіп, шөлде өскендердің өзі де, өзегі де су аңсап өсіп, су аңсап өтеді. Шөл өсімдігі өссе, су аңсап өседі, шөл өсімдігі өлсе, су аңсап өледі. Шөл өсімдігінің осындай тағдыр-алайы, шөлге де, ыстыққа да үнсіз шыдаған, шыдамы жетпеген жерде үн-түнсіз үзіліп кетуге бар жай-күйі ақын жанынан мейір-шапағат сезімін туғызады. Сол сезім ақыннан ақынның лирикалық кейіпкеріне жетеді. Ойға алған көп тілегі орындалмаған, шөлі қанбай арманда қалған, өзін шаң басқан, өзегіне тамшы тамызар бір жанкүйер, бір жанашыр таппаған шөл өсімдігіне мейірімі түскен лирикалық кейіпкер оған қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. Шөлде өскен сол өскіннің өзіне бір жанкүйер табылғандай сезінуінен бақыт табардай толқиды, соның шөлін басқысы, соған сүйеу болғысы келеді. Жанашыр іздегенге жанашырлық көрсетуге, сусағанға су беруге, сүрінгенге сүйеу болуға, жаны жабырқағанға жансерік болуға дайын тұрған лирикалық кейіпкердің шөлге де, шөлдегі өксікті өскінге де ықыласы түсіп, жүрегі рақым нұрына, мейірім шуағына толып елжіреген қалпы — ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған тамаша көрініс. Ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған осы тамаша көрініс — ақын өнерінің асыл өзегі, ақын болмысының абзал қасиеті.
Шөл өсімдігін жұбату мына шумақпен аяқталады:
Теңіз бен өзендерден шалғай жатып,
Өмір кештің таңдайға нәр алмай түк.
Шілдеден шыға алмайтын шөп—шалам көп,
Күресіп күзге жету қандай бақыт!
Жер бетінде өніп-өсетін жайсаң өсімдіктердін өмір жасы көктемде басталып, күзде аяқталады. Шөл өсімдігінің өмірі де осындай. Бірақ шөл өсімдігі өз тіршілігінің әрбір қас-қағым сәті үшін күреседі, өмірінің күзіне толассыз күреспен жетеді. Шөл өсімдігі өзегіне тамбаған тамшы судың орнын қайсар рухымен толтырады. Әйтпесе өзегі құрғап, өзі қурап, желге ұшып кетпек. Шөл өсімдігі бәрін көрді, бәріне төзді, бәріне шыдады. Өзегін қайсар рухымен нәрлендірді. Сөйтіп күзге жетті.
Дүниеде шаң баспайтын ештеңе жоқ. Шаң шынның жүзі мен асылдың кезіне де қонады. Ақын өлеңінде адам өмірінің, дүние шындығының шаңнан арылып тазарған, саф алтындай сарғайған, сөйтіп сығымдалып бір тал шөл өсімдігіне айналған бейнесі жасалған. Шөл өсімдігі — сөзбен салынған сурет. Суреттің бояуы қанық. Шөл өсімдігінің таңдайына нәр алмай, сіресіп өскен, тағдырдың жазуымен тіресіп өскен қалпы, айналасы, ортасы — бәрі көңілдің көзінде, көздің алдында тұрады. Шөл өсімдігі — күрескер. Шөлде өніп, шөлде өсу, шөлмен күресіп, күзге жету — сүйегі асыл, негізі берік берен болмыстан, мұқалмас, жасымас қайсар рухтан. Шөл өсімдігі — қазақ өлеңінде бұған дейін болмаған, бұған дейін көзге түспеген, теңі де, теңдесі де жоқ образ.
Шөл де, шөл есімдігі де Серіктің өмірі мен өңірінің, туған өлкесінің шындығы. Ақын өмірі мен өңірінің, туған жерінің шындығын, туған жерінің табиғатын кезінен таса етпеді.
Сарқып ішіп күз лебін, Сыбдыр қақтым емен боп. Жаз кызығын іздедім, Жапырағым елеңдеп… — деп, емен болды, қазанда оңып, қарашада тоңып, жаз қызығын іздеді. Құстар қайтқанда: Қосылып кетем дей ме қатарына, Қанат бітіп жүрегім дірілдеді, — деп, алаңдады. Талас болып, әттең-ай, жаралғанда… — деп, өзен болып тасып ақпағанын арман қылды. Ауылының қарғаларын маңдайынан сипап, арқасынан кағып:
Жамырап жар салатын таңға қарай,
Айналайын ауылдың қарғалары—ай!
Қатарыңа мен—дағы қосылар ем,
Қанатымның, қап әттең, болмағаны—ай! — деп өкінді. Енді бірде:
Епті сұмдар мен електен өткен
Пенделік пиғыл мені өкпелеткен.
Аранын ашқан адамнан қашқам,
Амал жоқ, сосын
Терек боп кеткем, — деп, тереңге бойлады.
Ақынның «Табиғаттан тағлым» өлеңінде: Жыңғылдарым — жекжаттарым, Жусан біткен — жерлесім; Сертке берік сенімді адам — Селеу кешкен сексеуіл… — секілді шумақтар бар. Туған жерінің жыңғылдарын жекжаттарындай, жусан біткенді жерлесіндей көріп, сексеуілді өзі іздеп таппай жүрген сертке берік сенімді адамға балап, соларға құрметін білдіріп, солармен сыйласып, солармен сырласып жүрген лирикалық кейіпкердің кейпінен ақынның өз келбеті көрінгендей болады. Әр нәрседен жақсылық іздеп, бар нәрседен көңілі қайтқан ақын жарық күнде шам алып іздеп таппаған адалдық пен адамдықты, сыйластық пен сырластықты, ақтық пен пәктікті солардан тапқандай болып көрінеді.
Туған жер, Атамекен — өнер біткеннің асыл арқауы, таусылмас тақырыбы. Туған жер, Атамекен туралы қазақ сөз өнерінде жарығы мен жарқылы көз қарықтырғандай небір керемет шығармалар бар. Жарығы мен жарқылы көз қарықтарғандай осы керемет шығармалардың сәні мен салтанаты жарасқан әдемі әлемінен Серік Томановтың жүректің қылын шерткен сырлы сазы төгіледі. Сол сырлы саздың бір қайырымында ақын туған жерін жанарына көшіріп алмақ болады:
Көшсін деп көз ілмедім қыр, құмдарың,
Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың.
Қоңыраулы шеңгелің көшсін тугел,
Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын.
Қыр, құм, жиде, теріскен, жыңғыл, шеңгел, жусан, селеу мен сексеуіл… Серік осылардың арасында өсті. Солардың арасында ойнады, солардың арасында күлді, солардың арасында жылады, солардың арасында жұбанды. Соларды жырлады. Кетерінде жанарына, көкірегіне соларды көшіріп алып кетті.
Ерте-ерте, ертеде өткен Аяз би атамыздың тұсында хан уәзірлері шөптің жаманын іздегенде, Серіктің қоңыраулы шеңгеліне тоқтаған. Сонда, жарықтық, Аяз би атамыз хан уәзірлеріне ақыл беріп, шөптің жаманы шеңгел емес екеніне ханның да, ханның уәзірлерінің де көзін жеткізген. Шөптің жаманы есептеліп, Аяз бидің акылы арқасында жаманның есебінен кайта шыққан қоңыраулы шеңгелін Серіктің сонша сүйіп, құрмет тұтуы, жанарына, кеудесіне көшіріп алып кетпек болуы — таңданарлық талап, таң боларлық таңдау. Таңданарлық, таң боларлық таңдау ақын танымының табиғатпен тектес қасиетінен туған. Ақынның табиғатпен тектес қасиетіне сын жоқ.
Ақындық өнердің байтақ кеңістігінде ойдың да, ойлаудың да шегі болмайды. Бірақ сол шексіздіктен іздеп тапқан шекті керкемдік бейнелеу құралдарынан елесі естен кетпейтін образ жасау — шығармашылық ойлаудың кемелдігінің нәтижесі.
Акынның терекке айналып кетуінде оның ез болмысына, табиғатына, өміріне жат ештеңе жоқ. Періштелері перілерімен келіп, бұтақтарын паналар деп теректің кейпіне түсу, жанын жапырақ қылып желбірету — ақынның образды ойлауының, образ жасау жолындағы көркемдік қиялдауының бастапқы сатысындағы көріністер. Өлеңнің келесі жолдарында көркемдік қиял жаңа денгейге көтеріледі. Бұтақтарын жайып, жапырақтарын желбіреткен терек адам болып, ақын болып: Келсе ғой шіркін Ғайып-Еренім, Жасыл жанымды жайып өлермін. Жапырақтарым сыбдырлар сонда, Жолына қарап уайым жегенін, — деп армандайды.
Өмірінде ешкімге, ешнәрсеге тәуелді болып көрмеген, жалған күліп жарамсақтануды білмеген ақынның алыс сапарға аттанар қарсаңда дүниедегі ең жақындарына ашып тұрған сырынан шындықтың күйі төгіледі.
Поэзияда тал-терек аз жырланған жоқ және жақсы жырланды. Мұқағали жас қайыңға: «Өмір сүрейік алмасып», — деп сөз айтатын, «Сәби болғым келеді», — деп арман қылатын еді. Ақынның сөзінен де, арманынан да бір керемет саздың сарыны сезіледі. Мұндай сөз айтуға, мұндай арманға талпынуға негіз болған күш қандай, күй қандай… Серік терекке өмір алмасу, алмасып өмір сүру туралы сөз айтпайды. Серік «тебіренемін деп терек болып кеткен». Ол – терекпен бір. Терек — образ. Оның өзегінің бір жартысында — бал, екінші жартысында — у. Екі жарты бір бүтін болып, бөлінбей, жарылмай ағады. Екеуі де қасиетін өзгертпейді.
Ақын мен теректің тұтасып, бір бүтін болып, Ғайып Ерен Қырық Шілтенін іздегені, күткені, сол келер ме деп уайым жегені, жылау жанына содан жұбаныш тапқысы, содан жылу алғысы келгені, сол келер жолға бұтақтарын бұрып, жапырақжанын жайғаны, сол келер болса, жасыл жанын жайып өліп кетуге бары… — терек боп жайқалған жанның сыры, Терек боп тебіренген жүректің жыры, терек боп шайқалған өмірдің шыны. Сыр да, жыр да, шын да удай ащы, балдай тәтті. Теректі образ деуіміздің мәнісі осында.
Серіктің терегі, Серіктің Шөл есімдігі, Серіктің Қоңыраулы шеңгелі… – бұрынсоңды поэзия әлемінде болмаған, поэзия әлеміне Серіктің өзі алып келген сырлы да нұрлы образдар. Ақын өлеңдерінің поэтикалық қуаты тармақтар мен шумақтардың мазмұны мен мағынасында емес, ақындық ойлаудың тереңінен туған образдардың мәнінде.
Серік Томанов қазақ өлеңінің көркемдік бейнелеу қорын жаңа поэтикалық өрнектермен байытты. Серік өлең өнерінің әлеміне мағыналық қатары мен қатпары табиғаттың өзіндей түрлі-түсті көркем суреттер мен образдар алып келді, қазақ өлеңіне жаңа саз, жаңа сарын қосты. Ғайып Ерен Қырық Шілтенін күтумен өткен ақын бар мен жоқтың, ащы мен тәттінің, көл мен шөлдің аралығында дариядай шалқып, сағымдай калқып аққан өмірден көргені мен білгенін, көкірегіне көшіріп, көңілінде байытқан қазынасын өлеңдеріне қалдырды, өлеңдерін өмірге қалдырды.
Алла рақым етсін, ақынның рухына!
Жанғара Дәдебаев,
ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.
Қазақ әдебиеті. — 2016. – 27 мамыр. — 10 б.