Кеңес Одағының батыры атанған «Халық жауының» баласы

   Редакцияның телефоны безек қағып, тұтқаның арғы жағынан әжейдің үні естілді. Дауыс ырғағынан аналық мейірім еседі. «Бақтығали Бейсеновті танитын ба едің, қарғам?» деп бастады сөзін Роза әжей. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі, Алашорданың қайраткері болған тұлғаны аздап білетінімді айта бастап едім, «Мен – сол алашордашы Бақтығалидың қызымын. Үйге келсең, сендерге айтар әңгімем бар еді» деді төте өтінішке аунап түсіп. Асылдың сынығының айтарын тыңдамаққа атқа қондық.

 Алашордашы Бақтығали Бейсеновтің ұрпағы Роза әжей өз бөлмесін музей секілді жасап қойыпты. Бөлменің бір қабырғасы толы архивтен алынған құжаттар, газет қиындылары, суреттер… «Мынау, әкеме қатысты мәліметтер» деді оң қапталдағы жиналып тұрған жәдігерлерді нұсқап. Әжей алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Батыс Алашорданың қайраткері Бақтығали Бейсеновтің 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен Орал қаласында атылғанын, 1958 жылғы 14 маусымда Орал облыстық соты қаулысымен ақталғанын, өзі де әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты игергенін, ұзақ жыл бойы еліміздің денсаулық сақтау саласында қызмет еткенін тілге тиек етті. «Ал мынау сол қапталдағы сөреге күйеуімнің ағасы, Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбеков туралы деректерді жинақтадым. Жеңістің 80 жылдығына орай Амантай ағам туралы бір мақала жазылса деп едім. Сол үшін де сендерге қолқа салып, үйге шақырып отырмын», деді де қайынағасы туралы естеліктерді айта бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ жауынгерлердің ерліктері сарғайған архив құжаттары мен туған-туысқандардың жадында сақталған. Кей батырлардың есімдері мектептерге, көшелерге беріліп, аттары тағзым тақталарына жазылғанымен, олардың барлығының аты-жөнін кейінгі ұрпақ біле бермейді. Роза Бейсенова әжей сол олқылықтың орнын толтырғысы келетінін тілге тиек етті.

«Амантай Дәулетбеков 1917 жылы қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1931 жылдың 25 сәуірінде Жаңаарқа өңірінің бетке ұстар 180 азаматы ауқатты бай ретінде кәмпескеленіп, тұтқынға алынады. Олардың арасында Амантайдың әкесі Дәулетбек Әбішев те бар еді. Болашақ Кеңес Одағы батырының әкесі, өз заманында елдің көшін бастаған арда азамат 1931 жылғы 17 маусымда 10 жылға сотталып, еңбекпен түзету лагеріне айдалады. Содан кейінгі тағдыры ұрпақтарына беймәлім», дейді Р.Бей­сенова.

Кеңестік биліктің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сыңаржақ саясаты елдің ырыс-несібесінен айырды, халықтың арқа сүйер тіреуі болған қолында малы бар байларды жойды. Байлардың дүние-мүлкі мен малы кәмпескеге түсіп, Сібірге жер аударылған соң қазақ даласын аштық жайлады.

Сол аштық жылдары Амантай Дәулетбеков анасы мен бауырларынан тірідей айырылып, туған-туыстарымен бірге бес жүз шақырым жердегі Мойынқұмға қарай қоныс аударуға мәжбүр болды. Ұзақ көште қаншама адам қаза тауып, тірі қалғандары Талас өзенінің жағалауындағы Майтөбе ауылына қоныс тепті. Отызыншы жылдардағы тауқыметті тағдыр қаршадай Амантайды аяған жоқ. Оны туыстары 14 жасында Жетімдер үйіне өткізеді. Сол бір қиын кезеңде Жетімдер үйіндегі балалардың көбі инфекция мен аштықтан қынадай қырылып қалып жатты. Амантай батыр ол сынаққа да шыдап, оқуын үлгілі оқиды, комсомол өміріне белсене араласады. Әкесінің «Халық жауы» ретінде сотталғанын жасырып жүріп, орта мектепті тәмамдап, Жамбыл зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. Оқуын бітірген соң Майтөбе ауылында зоотехник болып қызметін бастайды.

«Амантай Дәулетбеков 1939 жылы Жамбыл облысынан әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Қиыр Шығыста өтеді. Арада екі жыл өтісімен адамзат басына қара бұлт үйірген Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Амантай әскери қызметте қалдырылды. 1942 жылдың жаз айында 1180-полк Брянск майданына жіберіліп, сол полк құрамында майданға кірді», дейді Роза әжей қолындағы құжаттарын көрсетіп.

Амантай Дәулетбеков соғысты 13-армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-полктің артиллериялық расчеттің командирі ретінде Орлов облысындағы Ливны қаласын қорғау шайқасынан бастады. Ол тұста Герман әскері Воронеж және Сталинград бағыттарына әскерін төгіп, қиян-кескі шабуылдарға шыққан еді. Ливны мен Касторной аудандарындағы қанды қырғында неміс әскерінің тегеуріні мықты болды. Десе де жаз бойы кескілескен ұрыстар жүріп, екі тарап та бір қадам шегінген жоқ. Осы шайқаста Амантай Дәулетбеков ерлік көрсетіп, алғашқы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тақты.

Бізге Роза Бейсенова әжей қайынағасы Амантай Дәулетбеков туралы деректерді бірінен кейін бірін көрсетіп, әр сөзін деректермен дәйектеп беріп отырды. Ол кісі 1943 жылдың 6 шілдесінде Орел мен Курск темір жолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталғанын, жау әскері Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңілістерден кейінгі қайта қарқын алып, оларға 13-армияның 307-дивизиясының полктары қарсы тұрғанын, сол шайқастардың бірінде Амантай Дәулетбековтің тобы жау әскерінің қоршауында қалғанын айта келіп: «Бұл оқиғаны толығымен растайтын құжат мұрағатта сақталған. 1180-артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған құжатта Амантай басқарған артиллериялық расчеттің жаумен шайқастағы ерлігі былайша баяндалды: «Ұрыс екі сағатқа созылды. Жау Дәулетбеков басқаруындағы расчетті талқандау үшін 13-рет шабуылға шықты. Бірақ жау шабуылдан нәтиже шығара алмай, «Су-7» маркалы 10 танкіден, бір ротадай жаяу әскерінен айырылды. Қарсыластар одан бетер ызаланып, небәрі төрт-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін жою үшін 14-мәрте оқталды. Бұл кезде Амантай Дәулетбеков бастаған жауынгерлердің снарядтары бітуге таяған. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Дәулетбеков табандылық танытып, тірі қалған төрт жауынгермен бірге жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян-қолтық ұрысқа көшіп, Амантай батыр бір өзі төрт жау әскерін мұрттай ұшырды. Кенет өзіне де оқ тиіп, ерлікпен шейіт кетті…» делінген. Яғни жазбадағы деректерге қарағанда аға сержант Амантай Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танкі мен 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жойған», деді Роза Бақтығалиқызы.

1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігі лайықты бағаланып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің 1943 жылдың 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Батырдың есімі ескерткіш тақталарға жазылып, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілген. Бүгінде Талас ауданы Майтөбе ауылында Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектеп бар және бір көшеге батырдың аты берілген.

Роза Бейсенова қан майданда елі мен жері үшін көзсіз ерлік көрсетіп, қазақтың батырлығын әлемге әйгілеген боздақтар мен ардагерлерге қарыздар екенімізді, сол үшін де Амантай Дәулетбековтей батырдың өшпес ерліктерін кейінгі буын жастардың білуі керектігін ескертіп, сөзін түйіндеді.

Қылышынан қан тамған кеңестік заманда «халық жауы» деген жаламен сотталып, итжеккенге айдалған қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Бақтығали Бейсеновтің қызы, асылдың сынығы Роза әжейдің қазақтың батыр ұлы, «Кеңес Одағының батыры» Амантай Дәулетбеков туралы айтары әлі де көп екенін аңғардық. Бізге артында осындай жоқтаушысы бар жауынгердің бағы бардай көрінді.

Қанат Бірлікұлы

Egemen Qazaqstan. — 2025. — 18 шілде.

Майдангер ұстаздың өмір жолы тағылымға толы

     Базарбай Байтақов – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылы Жуалы ауданына қарасты қазіргі Рысбек батыр ауылында (бұрынғы Жамбыл ауылында) дүниеге келген. Әкесі Байтақ және анасы Зейнеп екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

Базарбай Байтақұлының балалық шағы осы өңірдегі Шұбарағаш ауылының баурайында өткен. Тау баурайында еркелеп өскен жас өрен жастайынан білімге, ғылымға құштар болады. Өмірін білім саласына, жас ұрпақ тәрбиесіне арнасам деген бала арманы өсе келе шынға айналады. Базарбай атам білім, ғылым жолына бар өмірін жастайынан арнаған.

Кеңес ауылында ең алғаш ұстаздық қызметін бастаған тұста соғыс өрті де бұрқ ете қалды. Отан қорғауға аттанған барша ер-азаматтармен бірге 1942 жылдың наурыз айында майданға аттанып, 543-қосалқы атқыштар полкына түскенде Базарбай атам небәрі 19 жастағы бозбала еді. Сталинград шайқастарында және басқа да қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында жүріп, 1944 жылдың қыркүйек айында ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Денсаулығына байланысты елге оралып, ұстаздық қызметін қайта жалғастырған. Жастайынан ұстаз болуды мақсат еткен көзі ашық азамат мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқара білді. Сол тұста партияның қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

Бар ғұмырын білім саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған ізденімпаз, еңбекқор атамыздың кітап оқуға, тал егуге жаны құмар болған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалды ұстанып, өзі тұрған үйінің айналасын түрлі жеміс ағаштарымен көмкерген бағбан да бола білді.

1945 жылы Алшакүл есімді арумен отбасын құрып, Қасымбек есімді тұңғыш ұлдары дүниеге келеді. Одан кейінгі жылдары Түркістан қаласындағы педагогикалық техникумды аяқтап, 1952-1957 жылдар аралығында бұрынғы Қоғалы бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарған. Сонымен қатар аудандық партия комитетінің нұсқаушысы және 1960 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқып, ұстаздық қызметін жалғастыра береді.

1959 жылы Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің директоры болып тағайындалған. 1966 жылы өзінің тікелей бастамасымен мектеп ғимаратының алғашқы іргетасының қалануына және осында саналы, білімді ұрпақтардың тәрбиеленіп өсуіне аянбай тер төккен.

Білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, тер төккен нар тұлғалы, көпке сыйлы азамат Базарбай Байтақовтың жас ұрпаққа саналы білім берудегі еңбегі ескеріліп, «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» және «За трудовое отличие» медалімен, «Ұлы Жеңістің 10 жылдығы» және «Еңбек ардагері» және тағы да басқа медальдармен марапатталған.

Ұлы Отан соғысының және білім, оқу-ағарту саласының ардагері Базарбай Байтақов отанасы Алшакүл екеуі отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, үлгілі отбасы бола білді. Бұл отбасында тәрбиеленген ұл-қыздар – Қасымбек, Әлібек, Қалибек, Қанабек, Ағабек, Ғабит, Гүлнәр, Күлән және Гүлшарап өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Арасында әке жолын қуғандары да бар. Бүгінде ата-әжелерінің көзіндей болған немере-шөберелері және шөпшектері бақытты ғұмыр кешуде. Өсірген ұл-қыздарының өмірде өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кешуі, білім мен ғылымға, тазалыққа, ұқыптылыққа, парасаттылыққа құштар болуы – ардақты әке мен ананың оларға берген тәрбиесінің жемісі.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Байтақовтар әулетінің тұңғыш перзенті Қасымбек Базарбайұлы әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Ол ұзақ жылдар Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы қазіргі С.Бәйтіков атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Атаның салған соқпағын кейіннен немерелері де лайықты жалғастыра білгені көңілге медеу.

Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған ардагер азамат Базарбай Байтақов атам 1981 жылы 4 сәуірде 57 жасында дүниеден өткен. Бойына нағыз ұстазға тән парасаттылық, байқампаздық, шынайылық, әділдік секілді адами қасиеттерді жинақтай білген асыл азаматтың өнегелі өмір жолы жас ұрпақтың жадында ұзақ жылдар жаңғыра беретініне дау жоқ. Оның үстіне ел таныған асыл азаматтың туғанына биыл 101 жыл толып отыр.

Дана халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген ұлағатты сөз бар. Бойында ұстаздық, парасаттылық, білімділік тұнып тұрған атамыздың ерлігімен, еткен еңбегімен мақтанбасқа болмас. Атамыздың ұстаздық жолын жалғаған маман ретінде оның ерлігін, батырлығын, даналығын айтып отыру, ұрпаққа жеткізу біз үшін парыз. Ұстаз ұлағатын жас ұрпақ ұмытпайды.

  Эльмира Сүйінбаева,

майдангердің немере келіні, Жуалы ауданы

Arai. — 2024. — 7 мамыр.

Жүз жыл жасаған жауынгер

     Майдангер Әзім Жармұхамбетұлы 1924 жылғы 1 қаңтар күні Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қызыл Ту ауылында туған. Жетіжылдық мектепті «Красный октябрь» ауылында бітіріп, 1942 жылы Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) есеп-санақ техникумына оқуға түседі. Студент атанғанына бір айдан енді асқан уақытта әскерге шақырылыпты. Осылай, отандық борышын өтеуге кете барған. Бірер ай дайындықтан өткізіп, ұрыс жүріп жатқан Калининград қаласына жіберілген. Майданда 78-дивизия 116 артиллериялық полкі 75-ші пушкасында бөлімше командирі болып шайқасқан. Украинада Варшаглевский каласында, кейіннен Большевский, Варшава қалаларын азат етуге қатысып, Литва, Германияда соғыстың қалың ортасында жүрген. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Берлин қаласында қарсы алған. Жеңіс жалауы желбіреген жылдың 14 мамырында Москва қаласына қайтып, Ивановский ауданында әскерде болып, соғыс жүріп өткен аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.

Жеңіс жалауы желбіреген уақыттан бастап, Кеңес одағының аумағын, барша қалалары мен ауылдарын қуаныш кернеген. Ауылда қалған қариялар, ерте есейген балалар майданнан кім келеді деп елеңдеп отырған шақ. Әзім ақсақал да 1947 жылы туған жерге оралыпты.

Майданнан оралған соң Қызыл Ту, Қызыл Октябрь колхоздарында, есепші-кассир болып еңбек еткен. Отбасының өнегелі отағасы болды. Сегіз ұл, екі қызынан немере, шөбере сүйіп отыр. Майдангер ауыл-аймағына сыйлы болған. Есепші-кассир қызметін ұзақ жылдап атқарып, 1980 жылы зейнет құрметті еңбек демалысына шыққан. Отан қорғауға қатысқаны және майдан даласындағы ерліктері үшін «Красная Звезда», «1, 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Маршал Жуков», «Визволения Украины», «70 лет Вооруженных Сил» орден-медальдарымен марапатталған. Жақында ақсақалдың 100 жасқа толғанын әулеті, ағайын-туыс, ауыл болып атап өтті. Аудан әкімі де өзінің құттықтауын жіберіп, құрметін көрсетті. Майдангер Әзім Жармұханбетұлы: «Калинин майданында ұрысқа түстік. Әр күніміз, әр сағатымыз қауіп пен қатерге толы кездерді басымыздан кештік. Пушканың тобында бөлімше командирі болу оңай емес. Қандай қиындықтан қашпай, өзімізден жоғары командирлердің бұйрықтарын адал орындадық. Елге аман оралсақ, туған жерді көрсек, өсіп-өнсек деп тіледік. Борап тұрған оқтың арасынан Жаратушының қалауымен аман келіп, өсіп-өндім. Жаратқанға шүкіршілігімді айтамын», – дейді ғасыр жасаған ақсақал.

  Есет Досалы

Aq  jol. — 2024 . — 7 мамыр.

Өмір жолы өшпес өнеге

     Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы бүгінгі күнге жеткен мол мұра. Бұл мұраның басты құрамдас бөлігі отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбие. Отбасы адамның алғашқы әлеуметтік ортасы, ол ұрпақтың жеке тұлғалық қалыптасуының негізі. Ұлттық тәрбие өз кезегінде, осы құндылықтар мен дәстүрлерді ұрпаққа жеткізу міндетін атқарады. Бүгінгі күні әсіресе, жаһанданудың әсерінен ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарының маңызы бұрынғыдан да арта түсті.   Әрбір әулеттің тарихында елге үлгі, ұрпаққа өнеге болатын асыл жандар болады. Сол асылдардың бірі — біздің атамыз, соғыс ардагері, облысқа қарасты Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылының тумасы Анарбек Ауғамбаев. Оның ғұмыр жолы — ерлікке, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, өнерге толы тағылымды өмір. Бүгінгі мидалада атамыздың майдандағы ерлігі, соғыстан кейінгі ел еңсесін көтерудегі еңбегі, отбасындағы тәлім-тәрбиесі, ауылға сіңірген қызметі мен бүгінгі ұрпағына қалдырған рухани мұрасы орасан. Анарбек атамыз Ұлы Отан соғысының от-жалынын көрген, қан майданда елін, жерін қорғаған ардагер.

Жас ғұмырын жалмаған сұрапыл соғыс оны да ерте есейтті. Майдан даласында Отан үшін от кешті, жаумен бетпе-бет келді. Аштық пен суықты, ажалмен арпалысты бастан өткерді. Соғысты Германия жерінде аяқтауы — оның жауынгерлік жолының айғағы. Сол қиын жылдары атамыз тек қарумен емес, рухымен де күресті. Ол елге, болашаққа деген сенімін жоғалтпады. Жеңістің тәтті дәмін сезген соң, Германиядан патефон алып келуі — сол қиын жылдардан кейін халыққа қуаныш сыйлауды ойлаған жүрегінің кеңдігін көрсетеді.

Бұл патефон кейін ауыл өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Атамыз алып келген патефон ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Ол кезде мұндай музыкалық құрал екінің бірінің қолында жоқ еді. Ауылда той-думан, мереке, басқосулар атамыздың патефонынсыз өтпейтін. Ән шырқалып, күй төгілгенде, ауыл адамдарының жүзінен қуаныш байқалатын. Патефон тек музыка құралы емес, ауыл мәдениетін көтерген үлкен күшке айналды. Сол патефонның арқасында ауыл жастары әнге, өнерге жақын болып өсті. Бұл — атамыздың рухани саладағы еңбегінің бір көрінісі. Бейбіт өмірге оралған соң атамыз Пістекүл апамызбен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті, берекелі отбасының иесі атанды. Бұл шаңырақтан 3 қыз, 3 ұл дүниеге келді. Атамыз бен апамыз балаларына адал еңбек етуді, үлкенді сыйлауды, өнерді қадірлеуді үйретті. Отбасында әрдайым ән мен күй, шаттық пен бірлік салтанат құрды. Пістекүл апамыз — атамыздың өмірлік серігі ғана емес, оның барлық ісіне тірек, ақылшы болған жан. Балаларына мейірімін төгіп, тәрбиелі, өнерлі болып өсуіне зор ықпал етті. Осындай тату отбасының жылуы кейін немере-шөберелерге жалғасты.

Атамыздың балалары — Шарипа, Қалипа, Бахытша, Ноянбек, Ниязбек, Уранбек — барлығы да әнге, музыкаға жақын болып өсті. Олар түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл — атамыздың өнерді қадірлегенінің, балаларына дұрыс тәрбие бергенінің жемісі. Әсіресе Қалипа әпкеміз ерекше дараланды. Ол аудандық «Қызғалдақ» ансамблінде ән айтып, домбырамен өнер көрсетіп, Ресей, Болгария, Чехословакия елдерінде қазақ өнерін дәріптеді.

Дауысы ерекше әпкеміздің сахнада өнер көрсеткені үшін 1972 жылы КСРО-ның, 1973 жылы Қаз ССР-нің лауреаты атағы беріледі. Бұл — бір ғана отбасының емес, тұтас ауылдың, елдің мерейі. Әпкеміз Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абай ауылының келіні, қазір ардақты ана, немере-шөбере сүйген әже. Атамыз кино арқылы халыққа рухани демалыс сыйлаған жан. Ол кісінің мәдениетке сіңірген еңбегі мұнымен де шектелмейді. Ол ауыл клубында кино қоятын. Атарбаға кино аппаратын тиеп алып, қойшы ауылдарды да аралап, халыққа кино көрсетіп, рухани демалыс сыйлады. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық, ерекше мәдени оқиға еді. Кино көрген ауыл балалары мен үлкендері атамызға риза болып, алғысын жаудыратын. Осылайша ауыл мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.

Ауыл балаларына ерекше көңіл бөлді. Есік алдына балалар жинала қалса, оларға сапқа тұрғызуды, дұрыс жүруді, сапта жүріп ән айтуды үйрететін. Бұл — оның әскери тәртіп пен өнерді ұштастыра білгенінің белгісі. Балалар да ауыл ардагерін ерекше құрметтеп, айтқанын екі етпейтін. Ол үшін әр бала — елдің ертеңі. Сондықтан да ол жас ұрпақтың тәрбиесіне бейжай қарамады. Соғыстан кейінгі жылдары атамыз ауылдың дамуына да бар күшін салды. Әсіресе ауылдың жоғары жағындағы «Мақау қыстақ» атанған бөлігіне тас жол төселуіне елеулі үлес қосты. Бұл жол ауыл халқының тұрмысын жеңілдетіп, екі арадағы жол қатынасын жақсартты. Сондай-ақ атамыздың іскерлігінің арқасында есік алдына қазылған құдықтан бүкіл Мақау қыстақтағы әр отбасы тәтті су ішті. Бұл — сол кездегі ауыл үшін айтарлықтай игілік еді.

Әрдайым тынбай еңбек ететін атамыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Ол кісі ағаш ұстасы, темір ұстасы ретінде де елге қызмет етті. Өз қолымен жасаған сандықтары мен шкафтары сол кездегі әрбір отбасынан орын алды. Бұл бұйымдар тек тұрмыстық зат емес, шеберліктің нәтижесі. Соғыстан кейін ер азаматынан айырылған отбасыларға атамыз ерекше қамқор болды. Ол өз есебінен колхоздан қой, ұн жаздырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп отырды. Бұл — оның адамгершілігінің, кең пейілінің дәлелі.

Колхозда жыл он екі ай механизатор, комбайн да жүргізді. Қара жұмыстан қашпай, ел игілігі үшін тер төкті. Бірде сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаев ауылды аралап келген сапарында қара майға малынып жұмыс істеп жүрген атамызбен қол алысып амандасқаны — оның еңбегіне берілген үлкен баға. Бүгінде атамыздан тараған ұлқыздары — әр отбасының атасы мен әжесі, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Атамыздың өнегелі өмірі, адал еңбегі, өнерге деген сүйіспеншілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оның есімі — ел жадында, жасаған ісі — тарихта, қалдырған тәрбиесі — жүректерде. Біз атамызды мақтан тұтамыз, оның өмір жолын үлгі етеміз. Анарбек Ауғамбаев атамыздың ғұмыры — бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.

Соғыстың зардабын көріп, елге оралып, бейбіт өмірде де тыным таппай еңбек еткен, өнерді өркендеткен, ауылды көркейткен, адамға жанашыр болған тұлға. Осындай атамыз барда біз ұрпақтары, немере-шөберелері өз тамырымызды, тарихымызды, рухымызды ұмытпаймыз. Атамыздың рухы — бізге мәңгілік бағдар, өмір жолы — ұрпаққа өшпес өнеге.

Гаухар Спатова, келіні

Aq jol. — 2026. — 17 қаңтар.

Менің атам – қаһарман

     Ел басына күн туып, ердің азаматтығы сынға түскенде, Отанына қорған болған ерлерін халқы ешқашан жадынан шығармайды. Ерлердің қан кешіп жүріп жасаған ерлігіне қара жер мен тау-тас, бел-белестер куә. Тарих дер кезінде жазылмаса ұмытылуы мүмкін. Қазақ тарихының талайы осындай себептермен зерттеусіз, өшіп қалып жатыр.

Ал менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Нұрманалы Балғаев көзі тірісінде естелік жазып қалдырған.

Атам Нұрманалы Балғаев 1922 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой) Жарлысу елді мекенінде қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген. 1933 жылы әкесінен, артынша анасынан айырылған. Бұдан бұрын екі інісі көк жөтелден қайтыс болып, 11 жастан жетімдіктің зардабын көріп, ашаршылықтың ащы дәмін татып, балалар үйінде өскен. Бала кезінен шынығып, еңбекке ерте араласып өскен оның жастық шағы жалынды еңбекпен шыңдалды. 1939-1940 жылдары Тараз қаласында халық шаруашылық техникумында оқып, 1942 жылға дейін есепші болып жұмыс істеген.

Қызыл Әскер қатарына 1942 жылдың 4 қаңтарында Жамбыл облысы, Меркі аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.

Мен атамды нағыз қаһарман санаймын, себебі оның жауынгерлік жолы ерлікке толы. Бастапқыда біраз жаттығудан өткен. Кейін Батыс майданының құрамында, 38 атқыштар дивизиясының 48 атқыштар полкінде атқыш, қатардағы жауынгер болады. Жауға қарсы ұрыс жүргізе отырып, әйгілі Сталинград қаласын жаудан қорғаған. Жан алысып, жан беріскен шайқаста Сталинград қаласы үшін жойқын ұрыста трактор зауытының маңайында ауыр жараланады. №4423 көшпелі дала госпиталінде емделіп, қайтадан қатарға қосылады. Содан кейін ол кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, сержант атанады. 1943 жылдың мамыр айында 199-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы 617-ші атқыштар полкіне пулемёт бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Осы жылдың 23 маусымында Ельня қаласының маңында, сол жамбасына оқ тиіп, тағы жараланады. Смоленск облысы Гжатск қаласында емделіп, содан кейін 202 қосымша атқыштар полкіне түседі.

Осы полктан кіші лейтенант дайындайтын курсқа Волоколамск қаласына жіберіліп, оны 1944 жылы мамыр айында бітіреді. 159-атқыштар дивизиясының, 491-атқыштар полкінің взвод командирі болып тағайындалады. Осы полкта 1944 жылы 23 шілдеде Витебск қаласы мен Орша қаласының арасында жойқын ұрыста тағы да сол жақ белінен оқ тиіп, үшінші рет жараланады. Смоленск облысының Ярцево елді мекенінде №3106 көшпелі госпиталінде емделіп, сол жылдың қазан айында 192-атқыштар дивизиясының 490-шы атқыштар полкінде пулемет взводының командирі ретінде ұрысқа кірісіп, шабуыл бағытында Россейняй қаласын алуда (Каунас қаласынан 7 шақырым жер) 1944 жылдың 6 қарашасында тағы да ауыр жараланады. Бұл жолы минаның жарықшағы сол аяғының сүйегін сындырған.

Содан кейін 1-2 айдан соң 262 гвардиялық атқыштар полкі 82-атқыштар дивизиясының қарауына взвод командирі етіп жібереді. Бұл уақытта кеңес әскерлері Германияның Шығыс Пруссиясы Инстенбург қаласының төңірегінде ұрыс жүргізіп жатқан. Инстенбург қаласы қазір Черняховский болып аталады. Осы қаланы алуда 3-ші Беларусь майданының қолбасшысы армия генералы Черняховский оққа ұшады.

Лейтенант Нұрманалы Балғаевтың ерекше ерлігі 1945 жылдың 10 ақпанында Шығыс Пруссия жерінде Кенигсберг қаласының бағытында Фольварк Брух елді мекенінде жойқын, қанды ұрыста рота командирі саптан шыққанда байқалады. Осындай қиын-қыстау кезеңде атам – взвод командирі лейтенант Балғаев бүкіл рота басшылығын өз қолына алады. Артиллерия, миномет атқылауына қарамастан, жау шабуылын тойтарады. Төрт жарым сағаттың ішінде жаудың алты шабуылына тойтарыс беріп, өздері қарсы шабуылға шығып, нәтижесінде, жау әскерлері гвардияшылардың тықсыруына шыдай алмай, кейін шегініп, 70-тен астам солдаттарынан айырылады.

Осы аса қанқұйлы шайқас үшін атамды полк командирі майор Соколов «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық деп қол қояды. Ал, дивизия командирі генерал-майор Тымчик ерлігін бағалап, І дәрежелі «Отан соғысы» орденін ұсынады. Корпус командирі генерал-лейтенант Лопата оны қуаттап, марапаттайды. Бұл деректер Ресей Федерациясының Қорғаныс Министрлігінің орталық мұрағат құжаттарынан алынды.

Атам өз жазбасында бұл туралы былай депті. «1945 жылы 15 қаңтарда жалпы ІІІ Беларусь майданы, оның ішінде біздің полк те жаппай шабуылға шықты. Біз немістерді Кенисберг қаласына дейін қуып бардық. Бұл кезде Кеңес әскері шекарадан өтіп, Германия жерінде ұрыс қимылдарын жүргізіп жатқан болатын. Біз, 82-гвардиялық атқыштар дивизиясы 262-гвардиялық атқыштар полкі 3 сәуір күні шабуылға аттанып, 9 сәуірде Кенисберг қаласын фашистерден тазартып, одан ары Балтық теңізінің жағалауымен Пилау портына қарай соғыстық. Осы жерде Кенисбергті алуға қатысқаным үшін «Отан соғысының І дәрежелі орденімен» наградталдым. Осы күндері жау әскері Курляндия түбегіндегі өз әскерлеріне қарай шегініп, сол жерде қарсылық көрсетіп жатты. Біз Данияға баратын жарты аралда бекініс жасап тұрғанда Германия астанасының қоршауға алынғанын естіп, қуанып қалдық. Көп ұзамай сол қуанышымыз шын қуанышқа айналып, Жеңіске жеттік. Сол күнгі Жеңіс мейрамы әлі күнге көз алдымда. Барлық полк құрамалары орман ішіне орналастырылған ұзын орындықтарға отырып, дивизия командирі, генерал-лейтенанттардың құттықтау сөзін тыңдады. Содан кейін қуаныштан шыққан көз жасымызды жасыра алмай, бәріміз бір-бірімізді құшаққа алып құттықтаған едік».

Соғыстан кейін атам елге оралып, бас құрайды, еңбекке кіріседі. Өмірлік жары Мейрамкүл апам екеуі Сәдібек, Сәтібек, Сағади, Ғани, Дүйсенбек, Сағидат, Әзизбек, Несіпкүл, Сәуле, Жақан, Эльмира, Банаду, Дүйсекүл сынды ұл, қыз тәрбиелеп жеткізіп, немере, шөбере сүйді.

Дарын Нұрманалы,

Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы. Т.Рысқұлов ауданы

Aq jol. — 2025. — 7 тамыз.

Шаршы тақтаның шаһбазы

     Қазақ спортының, оның ішінде зияткерлік ойын – шахматтың шежіресінде алтын әріппен жазылатын есімдер бар. Солардың бірегейі, мұқым қазақ елінің мақтанышы, ақыл-ой додасының жарық жұлдызы – Бибісара Асаубаева. Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада сан мәрте желбіреткен дара дарын бүгінде жаңа тарихи белесті бағындыруға сақадай сай отыр.

  Бибісараның есімі қазірдің өзінде әлемдік шахмат тарихынан ойып тұрып орын алды. Өткен жылдың желтоқсанында Қатар астанасы – Дохада өткен әлем чемпионатында ол блицтен (шапшаң шахмат) үшінші рет әлем чемпионы атанып, төрткүл дүниені тағы да мойындатты. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессіз жетістік. Осы айтулы жеңісі мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды спортшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Бибісараның жеңісті шеруі мұнымен тоқтаған жоқ. Биылғы жылды да сәтті бас­тады. Нидерландта өткен беделді «Tata Steel Chess Challengers 2026» турнирінде 13 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, 5-орынды иеленді. Жарыс барысында осы турнирдің жеңімпазы атанған америкалық 15 жастағы вундеркинд Энди Вудвордты тізе бүктірді.

Ақпан айында Германияда өткен Фишер шахматынан (Freestyle Chess) жарыста әлем­нің экс-чемпионы Александра Костенюкті айқын басымдық­пен ұтты. Осы жетістіктерінің ар­қа­сында жерлесіміз наурыздағы жаңартылған FIDE рейтингінде әлемнің үздік ондығына (9-орын) қайта оралды. Сондай-ақ 2 500 деген маңызды рейтингтік межеден (peak rating 2513) асып түсті.

Бибісараның басты ерек­шелігі – оның тума таланты мен табандылығының, қажымас қайратының қапысыз үйлесімі. Төрт жасынан тақтаға телміріп, жастайынан-ақ әлемдік додаларда топ жарған ол бүгінде «Блицтің ханшайымы» деген бейресми атаққа ие. Б.Асаубаева 17 жасында шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.

Оның ойын сти­ліне терең тал­да­малық түйсік, тас түйін төзімділік, қар­сы­ластың қателігін қалт жібермейтін тактик­а­­лық қырағылық тән. Тақ­та басындағы суық ақыл мен қайтпас қайсар мінез – Бибі­сараны өз­гелерден даралап тұратын бас­ты қасиет. Әйелдер арасындағы гроссмейстер ғана емес, ерлер арасындағы халықаралық шебер атағын алуы оның дарынының шекара танымайтынын көрсетеді.

Бүгінде еліміздің барша жан­күйерінің назары осы жылдың ­28 наурызы мен 15 сәуірі аралы­ғын­да Кипрдің Пафос қаласында өтетін Үміткерлер турниріне (Candidates Tournament) ауып отыр. Б.Асаубаева – осы ең бе­делді турнирге жолдама алған ел тарихындағы тұңғыш шахматшы. Жарыста әлемнің ең мықты 8 шахматшысы бақ сынайды. Бас жүлде – қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжі үшін жекпе-жекке шығу құқығы. Бибісара әлемнің кілең мықтыларымен, нақтырақ айтсақ, үш үндістандық (Конеру Хампи, Вайшали Рамешбабу, Дивья Дешмукх), екі қытайлық (Тань Чжунъи, Чжу Цзиньэр), екі ресейлік (Александра Горячкина, Катерина Лагно) шахматшымен тартысқа түседі. Жеребе қорытындысы бойынша, 29 наурызда өтетін алғаш­қы турда жерлесіміз үндістан­дық жас періште Вайшали Рамешбабумен кездеседі. Бұл екі жас дарынның, яғни «жаңа буынның» тартысты жекпе-жегі болмақшы.

Осындай жауапты кезең алдындағы Бибісараның дайын­дығы да ерекше. Спортшының өзі баспасөз мәслихатында атап өткендей, ол күніне 8-9 сағат көз майын тауысып жаттығып жүр. Оның командасында 11 адам­нан тұратын білікті бапкерлер мен мықты спарринг-серік­тестер тобы жұмыс істеп жатыр. Бұл оның әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжіне таласуға деген тас түйін ниетін көрсетеді.

Б.Асаубаеваның дарынын әлемдік қауымдастық жоғары бағалап отыр. Ол биыл 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Ослода (Норвегия) өтетін аса беделді «Norway Chess Women 2026» турниріне де арнайы шақырту алды. Айта кетерлігі, Бибісара бұл жабық элиталық турнир тарихындағы ең жас қатысушы атанғалы отыр.

Ұлт мақтанышына айналған Б.Асаубаеваның алдағы ақыл-ой додасында да шоқтығы биік болып, ел үмітін ақтайтынына сеніміміз кәміл.

  Жомарт Оспан

Egemen Qazaqstan. — 2026. — 7 наурыз.

Қордайлық мерген халықаралық турнирде топ жарды

     Қордай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының тумасы Мерлан Ұлтанбаев Дубайда өткен халықаралық «UAE SWAT Challenge — 2026» турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Қазақстан С» командасы құрамында өнер көрсетіп, әлемнің үздік арнайы жасақтарымен бәсекеге түсті.

Халықаралық жарыс Дубай қаласында өтті. Биылғы турнирге 48 елден келген 109 команда қатысып, арнайы бөлімшелердің кәсіби дайындығы сынға түсті.

Қазақстандық команда Қытай, Ресей, Таиланд және басқа да мемлекеттердің намысын қорғаған мықты қарсыластарын артта қалдырып, жарыстың ең жоғары тұғырынан көрінді.

Мерлан Ұлтанбаев команда құрамында мерген ретінде өнер көрсетті. Оның айтуынша, көптеген тапсырмалар дәл снайперлік атудан басталады. Сондықтан алғашқы оқтың дәлдігі бүкіл операцияның сәтті орындалуына әсер етеді.

Турнир бағдарламасы бес негізгі кезеңнен тұрды: Assault, Hostage Rescue, Officer Rescue, Tower Assault және ең күрделі сынақтардың бірі – Obstacle Course кедергілер жолағы. Бұл кезеңдерде қатысушылардың мергендігі, жылдамдығы, физикалық дайындығы, төзімділігі мен командалық үйлесімі тексерілді.

Мерланның айтуынша, бұған дейін де осы турнирге екі рет қатысқан. 2024 жылы команда қола медаль, өткен жылы күміс медаль иеленсе, биыл алтын жүлдені жеңіп алды.

    – Бұл біздің үшінші рет қатысуымыз болды. Алғашқы жылдары тәжірибе жинадық. Биыл бар күшімізді салып, ең жоғарғы нәтиже көрсеттік. Әсіресе соңғы кезең – 20 түрлі кедергіден тұратын ауыр сынақ өте қиын болды. Мұнда физикалық және психологиялық төзімділік қатар сыналады, – дейді ол.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеу үшін жоғары физикалық дайындық, стресс жағдайында тез шешім қабылдау қабілеті және қатаң тәртіп қажет. Мерлан бұл қасиеттерді бала кезінен қалыптастырған.

Ол жастайынан спортпен айналысқан. Алғашында футбол мен жеңіл атлетикаға қызықса, кейін дзюдо және қоян-қолтық ұрыс спортын меңгерген. Осы тәжірибе оның әскери қызметте шыңдалуына үлкен көмегін тигізді.

Мерлан өзінің жетістігіне отбасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі үлкен әсер еткенін айтады. Ол Қордай ауданындағы №29 мектептегі мұғалімдеріне ерекше алғыс білдіреді.

    – Бізді шын жүректен білім берген, өз ісіне адал ұстаздар тәрбиеледі. Олардың берген тәлімі өмір бойы көмектеседі. Ал отбасының қолдауы – ең үлкен күш. Жұбайым Шынар мен балаларым маған әрдайым дем береді, – дейді чемпион.

 

 Нұрбақыт Тұтқышбеков

Ar-Ai. — 2026. — 11 наурыз.

Қазақтың қайсар қызына құрмет

   Қазақ елінің мақтанышына айналған қыздардың бірі – боксшы Әйгерім Сәттібаева. Ол жасөспірім және жастар арасында талай рет байрақты бәсекеде олжа салған жеңімпаз. Тұрмысқа шыққан соң, асыл жары, кадеттер және әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тілеп, өзінің спорттағы жолын үзе тұрған болатын. Осы жылдарда бес перзенттің анасы атанды.

 Әйгерім Асқарқызы соңғы екі жылда жаттығу залына қайта барып, бокс қолғабын қолына қайта киген болатын. Жақында Тайланд елінде бокстан өткен Азия чемпионатында әйелдер арасында жеңіл салмақта қола жүлдегер атанды.

Күні кеше дарынды боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, батыр ана Әйгерім Сәттібаевамен облыстық «Анаға тағзым» орталығында аталған ұжымның ұйымдастыруымен «Қайсар рухты қазақ қызы» атты кездесу өтті. Жүздесу 7 ұл-қыздың анасы, 23 баланы қамқорлығына алып өсірген аяулы әже Сапура Ержанованың батасымен ашылды. Мұнан соң айтыскер ақын, «Әулиеата үміті-2024» сыйлығының иегері Дидар Басығараев жырдан шашу шашса, әнші Балауса Бейсенқызы әуелетіп ән салды. Сонымен қатар, «Асыл аналар» әжелер ансамблі қазақ әндерінен поппури орындап, құрметке бөленді. Әйгерімнің спорттық жолынан ролик көрсетілді. Мұнан соң «Анаға тағзым» орталығын өз қаржысына тегін салып берген кәсіпкер Арман Еділбаевтің анасы Мария Ибрайымова, ұлағатты ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова ақ тілектерін ақтарды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы жүрекжарды сөзін айта келе:

«Әйгерімнің ойы жоғары, биікке бастар жол әлі,

Қазақтың туы көкке өрлеп, алтынға қоржын толады, – деп тамаша жыр жолдарымен түйіндеді.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің анасы Тоқтагүл Сметова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, республикалық «Дүнген аналары» қауымдастығының жетекшісі Сара Даузова ақ тілектерін ақтарды. Ақын Асқарбек Айдаров та жылы лебізін арнап, «Ананы және өткенді сағыну» атты әсерлі өлеңін оқып берді. Желтоқсан батыры, қарашай ұлтының өкілі Исмайл Қажымұратов та ізгі тілегін жеткізді. Жиын соңында сөз алған Әйгерім Сәттібаева:

– Сіздердің баршаларыңызға басымды иемін. Мен бұлай қарсы алу болады деп ойламадым. Мақтау бір Аллаға ғана лайық. Құрметтеріңізге рақмет. Мен жас күнімнен бокспен шұғылданғаныммен, тұрмысқа шыққан соң, үйде отырып, асыл жарым, боксшы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тіледім. Арманым өте үлкен еді. Ана болып, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлдім. Бірақ, көңілім орнында болмады. Жаныма бір нәрсе жетіспей тұрғандай, боксты сағына бердім. Ол кезде өзім бокс мектебінде жаттықтырушы болып жүрдім. Бірақ, жаттығып жүрген қыздардың көзінен от көрмедім. Мен жұдырықтасып жүргенде көзімізде от болатын. Сөйтіп, өзім рингке қайта оралып, оларға үлгі бергім келді. Олжас менің жанымды түсінді. Бірақ, атам мен апама айта алмай жүрдім. Дегенмен, бір күні жазушы атам, апам екеуі үйге келгенде мақсатымды айттым. Қайын атам қуанып, қолдады. «Олжас, енді сен Әйгерімді қолда» деп, боксшы баласына да ақылын айтты. Содан ел чемпионы атандым. Азия чемпионатында мұнан да жоғары медаль алуға болатын еді. Сәл әділетсіздік болмағанда, әрине. Бұйырғаны болар. Қайын атама, енеме, барша қазақ еліне, бапкерлеріме, боксшы жұбайым Олжасқа рақмет. Сіздерге мың алғыс. Қаншама тілек, қаншама ақ бата берілді. Алдағы арманым үлкен. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың анасынан да бүгінгі осы жиында бата алғанымды жақсылыққа баладым. Осынша шынайы көңіл, ақ баталардан соң, Алла қаласа алдағы байрақты додаларда алтыннан алқа тағамын. Осындай батадан соң алтын алмауға бола ма? – деді. Лайым ниетіне жетіп, тілегі қабыл болғай!

Аталған орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали Азия жүлдегері Әйгерім Сәттібаеваға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.

Есет Досалы

Aq jol. — 2024. — 28 желтоқсан.

Алаш абыройын асқақтатқан азамат

   Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының жалауы желбірегелі де он күннен асты. Дүбірлі додада спорт жанкүйерлері сүйінетін де, күйінетін де жағдайлар орын алуда. Байрақты бәсекедегі ең жарқын сәттердің бірі де бірегейі – дзюдошы Елдос Сметовтың қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атануы еді.

Апта басы әулиеаталықтар үшін көптен күткен қуанышты жаңалықпен басталды. Олимп шыңын бағындырып, қазақстандықтардың оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше толқыныспен шырқауына себепкер болған Елдос Сметов туған жеріне оралды. Ел мерейін асқақтатқан спортшыны жүздеген жамбылдық жанкүйер халықаралық «Алматы» әуежайынан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп, туған жері Әулиеата төріне салтанатпен сап түзеп алып келді.Ал шаһардың шығыс қақпасынан ел чемпионын күтіп алуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен спортшылар қауымы бастаған қалың көпшілік қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.Туған жерге табаны тиісімен халқының ыстық құшағына көмілген елдің еріне деген сүйіспеншілігі әр тұстан «Елдос!» деп ұрандатуынан-ақ байқалып тұрды. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев лебізін жеткізді. Тарихи алтын иегеріне ырысты елдің ақсақалдары да ақ батасын жаудырды. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Әбітайұлы ақжолтай тілегін арнай келе, өз сөзін:«Ұлысың қазақ елінің,Ел үшін көрмей сәт тыным.Жолымен Жақсылық ерімнің,Жарыстың алдың алтынын», деген жырмен түйіндеді.Бұдан соң төртжылдықтың басты додасында топ жарған жамбылдық жампоздың жеңісін ұлықтау мақсатында Жамбыл даңғылымен, Ы.Сүлейменов көшесінде шеру ұйымдастырылды. Мерейлі сәт Елдосқа арналған салтанатты іс-шарамен әрмен қарай жалғасты.

Тараз қаласындағы орталық стадионда Олимпиада чемпионының құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш ұйымдастырылды. Даңқты спортшыны көруге асыққан ағайынның қарасы қалың болды. Ауыл-аймақтан келген 15 мыңға жуық жамбылдық өз ұландарына қошемет білдіріп, құрмет көрсетті. Стадионның әр тұсынан «Елдос – чемпион» деп ұрандатқан көтеріңкі дауыстар үздіксіз естіліп жатты. Бір сәтте стадионның Төле би даңғылының бойындағы солтүстік қақпасынан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов кіріп келгенде жиналған жұрттың қошеметінен құлақ тұнды. Бұл – елім деген ерге көрсетілген шынайы құрметтің анық белгісі.Салтанатты сәтте ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді.

– Біз бүгін баршамыз тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында еліміз тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл жеңіс жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақстандықтың мәртебесін асқақтатты. Ел баласы атанған Елдос Сметов дзюдо спорты бойынша тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Данқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан кейін бірде-бір қазақ баласы бұл биікті бағындырған емес. Араға 44 жыл салып Елдос Сметов қазақтың осы арман-мақсатына қол жеткізді.Осылайша, Елдос өз жанкүйерлерінің сенімін ақтады.Жалпы әлемдік ареналарда қазақ елінің намысын қорғаған саңлақ спортшылардың дені осы Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан. Олимпиада чемпиондары – Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Болат Жұмәділов, Болат Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаровтар алты Алаштың абыройын аспандатқан ел мақтаныштары. Осы сәтте Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы дегім келеді. Сондай-ақ, қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген палуандардың астанасы десек қателеспейміз.Қазақ спортының, Жамбыл жерінің даңқы артып, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін! Спортшыларымыздың келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев сөз алып, қуаныштарын бөлісуге келген жамбылдықтарға алғысын білдірді.

– Париж төрінде өткен байрақты бәсекеде ел мерейін асқақтатып, көк туымызды желбірету үшін талай кедергілерден өттік, барымызды салдық. Бүгін міне, туған жерге оралып, өздеріңізбен бірге жеңіс тойын тойлап жатырмыз. Осы тұста барлық Әулиеата жұртшылығына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Жерлестеріміздің қолдауын жарыс кезінде қатты сезіндік, – деді Ғ.Жылгелдиев.

«Ер кезегі үшке дейін» деген нақыл сөздің текке айтылмағанын дәлелдеген спортшы бұл жеңістің барша халыққа ортақ екенін айтты.

– Бұл – Қазақстан үшін өте маңызды жеңіс. Еліме алтын медаль әкелу үшін қаншама жыл тер төктім. Өткен екі Олимпиадада күміс, қола жүлдеге қол жеткіздім. Бір сәттерде алтын алатыныма сенімім азайып, үмітім сөніп бара жатқандай сезімде болғанымды жасырмаймын. Бірақ бәрібір берілмедім. Күн сайын жаттығып, арманыма қол жеткізу үшін барымды салдым. Төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде еліміздің туын желбіретіп, Әнұран шырқату басты мақсатыма айналды.Бізге сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс! Сондай-ақ бізді қай кезде де қолдап, жігерлендіре білген спорт саласының өкілдеріне, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығына үлкен рақмет айтқым келеді. Менімен бірге соңына дейін күрескен бапкерім Ғалымжан Жылгелдиевке, спортқа деген махаббатымды оятқан алғашқы жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлға айрықша алғысымды айтамын.

Париждегі жеңісім күреске, әсіресе дзюдоға қызыққан жас жамбылдықтарды жігерлендіре түседі деп сенемін. Жамбыл өңірінен әр төрт жыл сайын Олимпиада чемпиондары шығуына шын жүректен тілектеспін. Топырағы киелі Әулиеата жерінен спорт тарихында есімі алтын әріптермен жазылар, қазақ халқының мерейін асыратын талай спортшы шығады деп үміттенемін, – деді Е.Сметов.

Әсерлі кеште облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оғланға су жаңа «Lexus LX 600» маркалы автокөлігі мен Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкеріне де «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік пен облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табысталды.Салтанатты іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Жамбылдықтардың қуанышын бөлісуге келген «Алашұлы» тобы, Серік Ибрагимов, Төреғали Төрәлі,    Ернар Айдар, Аdam, Тұрар, Kalifarniya көпшілік алдында өнер көрсетіп, кештің шырайын кіргізе түсті. Жамбылдықтардың делебесін қоздырған іс-шара ғаламат отшашумен аяқталды.

Ақтоты Жаңабай

Arai. — 2024. — 7 тамыз.

Алаш атын АҚШ-та аспандатқан Бекзат

Қазақ қазақ болып жаралғалы бері қандай да болмасын той-думандар балуан күресінсіз өтпеген. Әрине, атадан жалғасқан өнердің туын құлатпаған Жамбыл жері – білекті балуандар мен апайтөс алыптар мекені. Оған кешегі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен үш мәрте ел барысы атанған Бейбіт Ыстыбаевтар дәлел.

 Міне, осындай киелі өлке мәртебесін биіктеткен жампоздар жолын жалғаған жас спортшының бірі – Бекзат Жұманәлі. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында Алаштың атын аспандатып жүрген. Бекзаттың 2 жасында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Көне шаһарға қоныс аудару алғыр азаматтың алдағы өмір жолында үлкен белестерді бағындыруға септігін тигізген екен. Себебі 2013 жылы Бекзат бозкілемде талай талантты жастың жұлдызын жаққан, белгілі жаттықтырушы, бүгінде облыстық полиция департаменті «Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ» инспекторы болып кызмет атқаратын Нұрхан Сегізбаевтың шәкірті атанады. Алғашқы ұстазының айтуынша, Бекзатты бір көргеннен оның көзінен болашақ чемпион өсіп келе жатқанын байқапты.

– Ол жастайынан өте еңбекқор болды, күресті жан жүрегімен жақсы көрді. Жаттығу залына ерте келіп, кеш қайтатынын, білмегенін сұраудан жалықпайтынын күнделікті байқап жүрдім. Өмір болған соң сүріну мен құлау, жеңіліс мен жеңіс қатар жүреді ғой.

Біздің Бекзат – намысшыл жігіт. Сол намышылдығының арқасы ғой, мектеп қабырғасында оқуын жалғастыра жүріп талай белестерді бағындырды. Атап айтсам, менің қолымда жаттығу жасап жүріп, жасөспірімдер арасында республикалық, халықаралық жарыстарды ұтты. Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Спорт шеберіне кандидат атағын алды. Жастар мен ересектер арасына өткеннен соң, Жамбыл облысының аға жаттықтырушысының қолында жаттықты. Сол уакыт аралығында жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері болып, «Спорт шебері» атағына қол жеткізді. Сөз басында «ол өте намысшыл» деп айттым ғой, сол намысы оны әлі талай биік шыңдарды бағындыруға жетелейді, – дейді алғашқы ұстазы Нұрхан Бақтиярұлы.

Біз де мұхиттың арғы жағындағы бауырымызбен тілдескенімізде, ұлтына, мемлекетіне адал азамат екеніне көзіміз жетті. Мектепті тәмамдаған соң жаттығуын жалғастыра жүріп, 2016-2020 жылдары шаһар төріндегі «Парасат» колледжіне оқуға түседі. Оқуын үздік бітірген ол 2020 жылдың желтоқсан айында Астанадағы 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әңгіме арасында Бекзат әскерге барудан жалтаратын жастарға қарата өз пікірін білдіріп: «Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті міндеті болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы», – дейді ол.

Әскери борышын абыроймен атқарып, АҚШ-қа аттанған азамат қазіргі күнде Юта штатындағы Utah Valley University университетінде жаттығу жасайды. Кеудемізге қуаныш ұялатқаны қарапайым қазақ баласы сол елдегі аталған оқу орнындағы күреске бейімі бар студенттерді Америка чемпионатына дайындап жатыр екен. Бекзаттың басты арманы – Америка Құрама Штаттарындағы жаттығуын аяқтаған соң Әулиеатаға оралып, ел біріншілігін ұту.

– Әр спортшының арманы – әлем чемпионы атану, олимпиадада өнер көрсетіп, биік шыңнан көріну. Менің де арманым осын-дай – туымызды көкке көтеру. Әр спортшының артында мықты жаттықтырушы тұрады. Ол шәкіртін баптап қана қоймай, екінші әкесі ретінде қамқор болып, бар білгенін үйретеді. Бірлескен жұмыс істелсе, нәтиже де болады. Спортшының өзі де еңбекқор болуға тиіс. Осы орайда алғашқы жаттықтырушым Нұрхан Сегізбаев, одан кейінгі ұстаздарым – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ғани Назымбеков пен Әділет Сарыбаев ағаларыма айтар алғысым шексіз, – дейді Бекзат Жұманәлі.

Ат болатын құлынды мүшесінен танып, баптаған осындай ұлағатты ұстаздарының арқасында Бекзаттың бағындырған биіктері аз емес. Айталық, 2022 жылы еркін күрестен 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпиондары арасындағы дүбірлі додада 86 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бекзат Жұманәлі финалда ғана есе жіберіп, күміске қол жеткізген болатын. Ақмешіттегі айтулы жарыста жерлестеріміз екінші орынға табан тіреп, Әулиеатаға абыроймен қайтқан еді. Сонымен қатар 2022 жылы Болгарияның София қаласында өткен жарыста екінші орын еншілесе, сол жылы Таразда еркін күрестен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық турнирде де күміспен күптелген еді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Америка Құрама Штаттарында өткен «American open» халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған болатын.

Тәуелсіздік таңы атқалы талай жамбылдық балуан еліміздің атағын аспандатып, Әнұранымызды әлемнің ең биік мінбелерінде шырқатты. Осындай ардақты азаматымыздың бірі Бекзат Жұманәлінің жеңісті жорығы жалғаса береді деп сенеміз.

 Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Jambyl-Taraz. — 2024. — 24 қаңтар.