Есаман Х. Құдіретке құштарлық

Құрметті оқырман!

Уақыт — адамды емес, адамның уақытқа қалдырған ізін таразылайтын ұлы өлшем. Ғұмырдың қадірі оның ұзақтығымен емес, елге сіңірген еңбегімен, ұлт руханиятына қосқан үлесімен, соңында қалған өнегелі сөзімен айқындалады. Өмірдің осындай биік өлшеміне сай келетін азаматтар – халықтың рухани жадында сақталатын, әр дәуірдің айнасына айналатын тұлғалар. Солардың бірі — ақын, журналист, қоғам қайраткері Хамит Есеман.

Хамит Ерболатұлы Есеман — қазақ руханияты мен журналистикасының өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан талантты ақын, қарымды қаламгер, білікті журналист әрі қоғам қайраткері. Ол 1986 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты қасиетті Тереңөзек ауылында дүниеге келген.

Білімге деген құштарлығы оны Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне жетелеп, аталған оқу орнында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын игеріп шықты. Кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып, сөз өнері мен ақпарат саласының қыр-сырын терең меңгерді.

Еңбек жолын 2005 жылы Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде тілші болып бастаған Хамит Ерболатұлы аз уақыттың ішінде өткір ойлы, сергек сезімді журналист ретінде танылды. Оның мақалаларынан ел тағдырына деген жанашырлық, ұлттық рухқа деген адалдық анық аңғарылатын.

2009-2012 жылдары Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде тілші қызметін атқарып, қоғамдық мәселелерді батыл көтерген публицист ретінде оқырман ықыласына бөленді.

2012-2013 жылдары елордадағы «Астана ақшамы» газетінде еңбек етіп, республикалық деңгейдегі ақпарат кеңістігінде кәсіби шеберлігін шыңдады.

2013 жылы туған ұясы — «Ар-Ай» газетіне қайта оралып, шығармашылық топ жетекшісі болды. Ал 2014-2017 жылдары осы басылымның «Мәдениет және руханият» бөлімін басқарып, қазақ әдебиеті мен өнерінің көкейкесті тақырыптарын кеңінен насихаттады. Оның қаламынан туған дүниелер ұлттық құндылықтарды дәріптеуімен, терең философиялық пайымымен ерекшеленді.

2017-2022 жылдары республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып, елдік мәселелерді өткір көтерген, өңір тынысын республикаға танытқан беделді журналистердің біріне айналды.

2022 жылғы 9 маусымнан бастап Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалып, аймақ журналистикасының жаңа белеске көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Бас редактор ретінде ол басылымның мазмұндық деңгейін арттырып, ұлттық мүдде мен рухани құндылықтарды насихаттауда тың серпін қалыптастырды.

2026 жылы Хамит Ерболатұлы Есеман Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл — оның елдік мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымы мен мол тәжірибесіне көрсетілген зор сенімнің айқын көрінісі.

Хамит Ерболатұлы — Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі әрі Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша өкілі. Ол әдебиет пен руханият саласында өнімді еңбек етіп, қазақ поэзиясына өзіндік үні мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгерлердің қатарынан орын алды.

Оның шығармашылық еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болды. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының Бас жүлдесін жеңіп алып, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанды.

Ақынның 2008 жылы «Ағаның бүрі», 2013 жылы «Қараша хаттары», 2023 жылы «Фәни-Құбылыс» атты жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кітаптарда адам жанының терең иірімдері, уақыт пен тағдыр, туған жер мен ұлт рухы көркем өрнектелген. Оның өлеңдері түрік, испан, әзірбайжан тілдеріне аударылып, қазақ поэзиясының халықаралық деңгейде танылуына ықпал етті.

Астана қаласында Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы мен «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Осы байқауда ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман «Айша бибі» поэмасы үшін «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» аталымының жеңімпазы атанды.

Хамит Ерболатұлы Есеман — сөз қадірін терең түсінетін, руханиятқа адал қызмет етіп келе жатқан санаулы саңлақтардың бірі. Оның шығармашылығы мен азаматтық болмысы кейінгі буынға өнеге, елдік мұратқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.

Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Хамит Есеманның «Құдіретке құштарлық» атты кітабын ұсынамыз.

Есаман, Х. Құдіретке құштарлық [Мәтін] / Хамит Есаман. — Алматы: Алматы-Болашақ, 2025. — 240 б.

Хамит Есаманның «Құдіретке құштарлық» атты бұл кітабына автордың әдеби мақалалары, шығармашылық тұлғалар туралы толғаныстары мен әр жылдары түрлі тақырыпта жазылған дүниелері еніп отыр.

Аталмыш кітапқа енген дүниелерде қазақ әдебиетінің тынысы, заманауи көркем ойдың өрісі, руханият мәселелеріне деген авторлық көзқарас анық байқалады. Әдебиетке деген құрмет пен жауапкершілікті серік еткен автор бұл еңбегінде оқырманды ойға жетелейді, сұрақ тастайды, сонымен қатар сол сұрақтарға бірге жауап іздейді.

Кітап «Әдеби мақалалар», «Тұлғалар туралы таным» және «Ой-толғаулар» атты үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімде қаламгердің көркем әдебиетке, замандас қаламгерлер шығармашылығына, қоғамдағы рухани құбылыстарға қатысты толғаныстары топтастырылған. Әдеби мақалаларда көркем шығармаларға берілген байыпты баға мен сыншылық пайым байқалса, «Тұлғалар туралы таным» бөлімінде қаламдас әріптестерінің шығармашылық болмысына үңіледі. Ал «Ой-толғаулар» бөлімінде автордың жеке философиялық тұжырымдары, руханият, ұлттық болмыс, шығармашылықтың ішкі әлемі жайлы ойлары қамтылған.

Рухтың қуаты — сөзде, сөздің қасиеті — шындықта. Ал шындыққа адал қызмет еткен тұлғалардың ғұмыры халық жадында мәңгі жасайды.

Ойлы оқырманды бейжай қалдырмайтын бұл кітап — әдебиетке бейіл, сөзге іңкәр қауым үшін құнды рухани олжа болары сөзсіз.

 

 

Әлімбаев Ш. Данышпандық субстанциясы

Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастикалық жанрдың дамуына үлес қосқан қаламгерлердің бірі — Шоқан Қазбайұлы Әлімбаев. Ол 1941 жылдың 6 маусымында Жамбыл облысындағы Асы темір жол бекетінде дүниеге келген. Соғыс жылдарының ауыр кезеңі жазушы шығармашылығына әсер етті.  1965 жылы Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін «Спорт» газетінде, «Жазушы» баспасында және «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды. Алғашқы әңгімелері 1964 жылы «Простор» және «Жұлдыз» журналдарында жарық көрді.

Шоқан Әлімбаев ғылыми-фантастикалық жанрда қалам тербеп, адамзат болашағы мен ғылым мүмкіндіктері туралы терең ой қозғады. Оның «Даналық альфасы» повесі мен «Даналық формуласы» романы қазақ фантастикасындағы маңызды туындылар саналады. Шығармалары бірнеше тілге аударылған.

Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға қиял мен ғылымды ұштастырған талантты қаламгер Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық субстанциясы» атты роман, повесть және әңгімелер жинағын ұсынамыз. Жазушы шығармалары оқырманын ой тереңіне жетелеп, болашақ әлемнің сырлы құпияларына үңілдіреді.

Шоқан Әлімбаевтың көркем туындылары — қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқан асыл мұра, ұлт руханиятына қосылған құнды қазына.

    Әлімбаев, Ш. Данышпандық субстанциясы [Мәтін] : роман, повесть, әңгімелер / Әлімбаев Ш. — Алматы : Жалын, 1990. — 416 б.

Ғажайыпқа сенетін адамдар ғана

ғажайыпты көре алады!

Шоқан Әлімбаев

     Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық субстанциясы» кітабы — ғылым мен қиялды шебер ұштастырған, ойға жетелейтін әсерлі туынды. Жинаққа енген роман, повесть және әңгімелерде автор адамзаттың болашағы, ғылымның шексіз мүмкіндіктері, адам ақылының құпиясы мен рухани құндылықтардың мәні туралы терең философиялық ой қозғайды.

Жазушының шығармаларында ғылым тек жетістік құралы ретінде ғана емес, адам тағдырын өзгертетін, сананы сынайтын ерекше күш ретінде көрініс табады. Ол болашақ әлемді суреттей отырып, техника дамыған сайын адамгершілік пен руханияттың орнын қалай сақтап қалуға болады деген маңызды сұрақтарды алға тартады. Осылайша әр шығармада ғылыми жаңалық пен адам жанының ішкі арпалысы қатар өріліп отырады.

Кітаптағы оқиғалар тосын әрі қызықты желімен өрбиді: оқырман бірде болашақтың жұмбақ әлеміне еніп кетсе, бірде адам санасының терең қатпарларына үңіледі. Кейіпкерлер тағдыры арқылы автор ғылым мен адамдық болмыс арасындағы нәзік байланысты ашып көрсетеді. Әр сюжетте тартымды оқиға ғана емес, астарлы ой, философиялық тұжырым да қатар жүреді.

«Данышпандық субстанциясы» — тек ғылыми-фантастикалық еңбек емес, адамзаттың ізденісін, арманын және рухани өсуін бейнелейтін тағылымды шығарма. Ол қиялды қанаттандырып, ғылымға қызығушылықты арттырып қана қоймай, оқырманды терең ойға жетелейтін құнды кітап ретінде ерекше әсер қалдырады.

Жақанов И. Бұлбұл әуезі

Құрметті оқырмандар!

     Қазақ руханиятының көкжиегін кеңейткен, ұлттық өнер мен әдебиеттің тамырына терең бойлаған бірегей тұлға Ілья Жақанов. Оның шығармашылығы — халқымыздың жан дүниесін, сағынышы мен сырын, қуанышы мен мұңын әуен мен сөз арқылы өрнектеген асыл мұра.

Биыл Ілья Жақановтың туылғанына 90 жыл!

Қаламгердің қаламынан туған әрбір туынды — нәзік сезім мен терең ойдың үйлесімі. Ол тек композитор ғана емес, сонымен қатар көркем сөздің қадірін білетін, әдеби тілдің құнарын шебер игерген жазушы. Оның шығармаларынан қазақы болмыс, ұлттық мінез, туған жерге деген іңкәрлік айқын сезіледі.

Оқырман сіздердің назарларыңызға  қазақтың көрнекті композиторы, жазушысы, өнертанушысы және суретшісі Ілья Жақановтың «Бұлбұл әуезі» эссе, новеллалар мен мақалалар атты кітабын  ұсынамыз.

Тұлғаның өнері — уақытпен өлшенбейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына.

 

Жақанов, И. Бұлбұл әуезі [Мәтін] : эссе, новеллалар мен мақалалар / Илья Жақанов. — Астана: Parag Print, 2025. — 640 б.

Бұл еңбектер жинағына енген дүниелер — автордың ұзақ жылдар бойғы шығармашылық ізденісінің жемісі. Әрбір шығармада өмірдің сан қыры, адам жанының алуан күйі бейнеленіп, оқырманды терең толғанысқа жетелейді. Қазақ руханиятының қымбат қазынасына айналған әндердің жүректен туған сәттері, олардың арғы-бергі тарихы мен сырлы әлемі шебер өрілген.

Композитор, жазушы әрі өнер зерттеушісі Илья Жақанов оқырманды төл музыкамыздың тұнық бастауына жетелеп, «Махаббат вальсі», «Жайық қызы», «Айгөлек», «Еділ-Жайық» секілді мәңгілік әуендердің қалай дүниеге келгенін әсерлі эссе мен нәзік новелла тілімен баяндайды.

Сонымен қатар бүл туындыда , өмір жолы, өнердегі сүрлеуі мен ұстанымы, қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі терең талданып, ұлт музыкасының табиғатын тануға арналған «Шыңғыс шуағы немесе «Даниярдың әні» ашқан даңғыл жол», «Феномен» секілді мәнді мақалалар топтасты- рылған.

Үлттық өнердің тарихың, әуеннің болмысын сезінгісі келетін әрбір оқырман бұл жинақтан рухани ләззат алып, жүрекке жылы әсер табады.

Илья Жақановтың еңбектері — ұлттың рухани қазынасы. Оның әндері мен шығармалары халық жүрегінен орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Осындай дара талант иесі қазақ мәдениетінің мәңгілік мақтанышы болып қала береді.

 

Қашағанұлы Н. Елде тұрам

Жан емеспін ойсыз-қамсыз, сезімсіз,

Күдіктенсең, көңіліме көзің сүз.

Білемін мен күндердің бір күнінде

Бір тойымның өтетінін өзімсіз.

Жас ұлғайды, жағалады дерт енді,

Жамылғанда ақырғы рет көрпемді.

Жан-жүректен адал сөзін айтатын,

Кім екен сол асыл досым ертеңгі? — деп жырлаған ақын Нарша Қашағанұлының 1 сәуір — туған күні.

Құрметті оқырмандар! Ай кітабы айдарына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы Нарша Қашағанұлының 75 жылдығына орай «Елде тұрам» атты жыр жинағын ұсынамыз:

Қашағанұлы, Н. Елде тұрам [Мәтін] : өлеңдер / Нарша Қашағанұлы. — Алматы : Нұрлы Әлем, 2017. — 120 б.

Бұған дейін «Өлеңге менің-дағы бар таласым», «Жақсылық, жаса адамға», «Туған ел тұлғалары» аталатын кітаптары шыққан ақын Нарша Қашағанұлы көп жылдан бері өз кейіпкерлері ортасында тұрады. Сондықтан да бұл жинағына туған жер, ел, отан, оның даңқты тұлғалары туралы, сондай-ақ «Саған жазған хаттардан» жырлар шоғыры және бүгінгі өмір мен уақыт, көңіл мен өлең жайлы өзекті ой-толғаныстары топталған.

Нарша Қашағанұлы 1951 жылдың 1 сәуірінде облысымыздың Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті бітірген соң алғашқы еңбек жолын ауылдық мәдениет үйінде, аудандық комсомол комитетінде бастады. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, арасында әскери борышын өтеп қайтқан. Оқуды тәмамдаған соң облыстың Байзақ, Жамбыл аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы болып жұмыс істеді. Әр жылдары «Шапағат» газетінің бас редакторы, Талас аудандық әкімдігінде аудандық тіл бөлімінің бастығы, ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық өлкетану музейінің директоры секілді қызметтерді де абыроймен атқарды.

«Елде тұрам» — ақынның азаматтық ұстанымын, елге деген сүйіспеншілігін айқын көрсететін жыр жинағы. Шығарма атауының өзі-ақ автордың негізгі идеясын аңғартады: ақын үшін туған ел — ең қымбат құндылық.

Ақын поэзиясының басты өзегі — патриотизм. Ол «ел» ұғымын тек географиялық кеңістік емес, рухани орта, халықтың тағдыры ретінде қарастырады. Мысалы, оның жырларында ауыл «ауыспайтын астана» ретінде бейнеленеді.

Сонымен қатар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық құндылықтар, өткен мен бүгіннің байланысы, терең философиялық тұрғыда беріледі.

Ақын әр өлеңін «халқына жазған хатындай» қабылдайды, яғни оның шығармалары оқырманмен тікелей сырласуға құрылған.

Бұл кітап жас ұрпақты елін сүюге тәрбиелейді, ұлттық сана мен рухты көтереді, қазақ поэзиясындағы ауыл тақырыбын жаңаша қырынан көрсетеді.

«Елде тұрам» — туған жердің қадірін, елдің мәнін терең түсіндіретін мазмұнды поэзиялық жинақ. Ақынның шынайы сезімі мен азаматтық позициясы арқылы бұл кітап оқырманды ойлануға, өз еліне деген көзқарасын қайта қарауға жетелейді.

Томанов С. Соғады сен деп жүрегім

     Болмысы бөлек, парасаты биік, ұлт руханиятына адал қызмет еткен азаматтың бірі де бірегейі Серік Томанов. Оның есімі табандылықпен атқарылған еңбекпен, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын азаматтық ұстаныммен тығыз байланысты. Байыптылық пен зиялылықты ту етіп, сөз бен істің үйлесімін сақтай білетін тұлғалық келбеті көпке үлгі еді…

      Серік Томанов — жүрек сөзін жырмен өрнектеген, адам жанының нәзік иірімдерін терең сезіне білетін ақын. Оның өлеңдерінен туған жерге деген сағыныш, елге деген сүйіспеншілік, адамзатқа деген мейірім айқын сезіледі. Ол сөзді талғаммен таңдап, қарапайым тіршіліктің өзінен үлкен философия таба білетін еді. Ақынның әрбір жолы оқырманын ойға жетелейді, рухын көтереді, жүрегіне жылу сыйлайды.

      Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға Серік Томановтың «Соғады сендеп жүрегім» өлеңдер, балладалар, поэмалар кітабын ұсынамыз.

      Осындай дарынды тұлғаның еңбегі — қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған бағалы мұра.

     Томанов, С. Соғады сен деп жүрегім [Мәтін] : өлеңдер, балладалар, поэмалар / Серік  Томанов. — Алматы: Хантәңірі, 2017. — 260 б.

Қу тірліктің бағасын білгің келсе,

Көз қырыңды салып қой қорымдарға!

Серік Томанов

   «Соғады сен деп жүрегім» — Серік Томанов поэзиясындағы махаббат лирикасын терең философиялық деңгейге көтерген көрнекті жыр жинақтарының бірі. Бұл кітапта ақын адам жүрегінің ең нәзік, ең шынайы күйін — сүйіспеншілік сезімін басты тақырып етіп алып, оны өмір, тағдыр, уақыт, жалғыздық және рухани жауапкершілік ұғымдарымен астастыра суреттейді.

Ақын махаббатты адамды әлсірететін емес, керісінше рухани кемелдікке жеткізетін күш ретінде көрсетеді. Өлеңдерде жүрек пен ақыл, сезім мен сабыр арасындағы ішкі тартыс айқын байқалады.

Бұл жыр жинақ махаббатты терең сезінетіндерге, поэзиядан жан тыныштығын іздейтіндерге, сезім мен ой үйлесімін бағалайтын оқырманға арналған. Өлеңдер оқырманды толғандырып қана қоймай, өз жүрегіне үңілуге мәжбүр етеді.

«Соғады сен деп жүрегім» — Серік Томановтың махаббат лирикасындағы шынайылығы мен рухани тереңдігін танытатын көркем жыр жинағы.

Ақын жырларынан ұлттық рух, дәстүрге деген құрмет, болашаққа деген сенім көрініс табады. Оның өлеңдері оқырманымен бірге жасай бермек, жүректерге жол тауып, саналарда жаңғыра беретіні сөзсіз.

Ақын жыр сүйер қауымды өзімен бірге ойлантады, қуантады, мұңайтады, рухтандырып, шабыттандырады. Халқының көркем тілін, кестелі сөзінің тапқыр теңеулерін санаға құяды. Егер қазақ поэзиясын сүйетін болсаңыз, бұл кітап — жүрекпен оқуға тұрарлық туынды.

 

Жабаев Ж. Күн толғауы

  Құрметті оқырмандар!

Жыр алыбы, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті қазақтың ұлы ақыны, айтыстың өрен жүйрігі, ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, 20 ғасырдың Гомері атанған — Жамбыл Жабаев.

Жамбыл — поэзияның сарқылмас қайнар көзі, өшпес даналық көзі, мәңгілік құндылық. Оның туындылары әрдайым халықпен бірге жасайды. Жамбылдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды, көптеген елдерге таралды.

Құрметті оқырманадр! Сіздердің назарларыңызға Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Күн толғауы» атты кітабын ұсынамыз.

Жабаев, Ж. Күн толғауы [Мәтін] / Жамбыл Жабаев. ; [кітапты баспаға әзірлеген «Мазмұндама» қоғамдық қоры]. — Алматы: Мазмұндама, 2022. — 116 б.

Жамбыл Жабаевтың бұл жинағында осы кезге дейін жазылған бірнеше өлеңдері, жыр-дастаны мен айтыстары топтастырылған. Тарихтың ызғарлы уақыттарының кезеңінде өз халқына үміт беріп, ерлік пен елдікке шақырған өлеңдері қазіргі кезде де жоғары бағалануда. Келер ұрпақтың болашағының жарқын болуына ықпалдасып, өзінің өнегесі мен тәрбиесін өлеңдері арқылы жеткізген. Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері майдан даласын шарлап, жауынгерлерді ерлікке, ел қорғауға шақырды.

«Күн толғауы» – ақынның даналық ойы мен суырыпсалмалық шеберлігін айқын көрсететін жырлар топтамасы. Жамбыл поэзиясына тән қарапайым тіл, өткір ой, шынайы сезім оқырманды бірден баурап алады. Ақын күнді — өмірдің, жарықтың, үміттің символы ретінде алып, адамзат баласын ізгілікке, адалдыққа үндейді.

Жинақтағы толғауларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, арман-мұраты, тарихи кезеңдердегі елдік мүдде көркем бейнеленген. Бұл шығармалар тек әдеби мұра ғана емес, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейтін рухани сабақ іспетті.

«Күн толғауы» кітабы – Жамбыл Жабаевтың мәңгі өшпес мұрасын тереңірек танып, қазақ сөз өнерінің құдіретін сезінгісі келетін әрбір оқырманға арналған құнды жинақ. Жыр алыбының өнегелі сөзі бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпай, рухани бағдар беруді жалғастырып келеді.

Сәрсеке М. Ноқталанған тарихшы

       Құрметті оқырмандар!

Қазақ әдебиеті мен ғылымының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан көрнекті қаламгер, дарынды драматург, зерделі зерттеуші. Ол — ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртқан, сөз өнерін ғылыммен ұштастырған қалам иесі Медеу Сәрсеке.

Жазушының шығармашылығы — ел тарихына, тұлғалар тағдырына, өнер мен ғылымның даму жолына терең үңілген тағылымды ізденістерге толы. Әсіресе, оның өнеркәсіп пен өндіріс тақырыбын қозғаған «Инженерлік әулет», «Теміржол», «Көмір кеніші» секілді деректі прозалары қазақ әдебиетінде сирек жазылған, тың бағыттың көшбасшысына айналды.

Медеу Сәрсеке — ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың алғашқы әрі ең толық ғылыми-көркем өмірбаянын жазып, ғасырлық тұлғаның бейнесін халық санасына сіңіре білген қайраткер қаламгер.

Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға Медеу Сәрсекенің 90 жылдығына орай «Ноқталанған тарихшы» Ермұхан Бекмахановтың шерлі ғұмыры туралы деректі роман-эссе атты кітабын ұсынамыз.

Әдебиет пен ғылымның шекарасын өшіріп, руханият пен өндіріс арасындағы көпірді қаламмен қалаған бірегей тұлға.

  Сәрсеке, М. Ноқталанған тарихшы [Мәтін] : Ермұхан Бекмахановтың шерлі ғұмыры туралы деректі роман — эссе / Медеу Сәрсеке. — Астана: Фолиант, 2023. — 608 б.

«Ноқталанған тарихшы» — бұл қазақ тарих ғылымының көрнекті тұлғасы, белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы жазылған деректі ғұмырнама (биографиялық тарихи еңбек). Кітапта автор Медеу Сәрсеке Бекмахановтың өмір жолын, ғылыми қызметін, қоғамдағы оқиғаларға көзқарасын, сондай-ақ оның тағдырында орын алған қудалау мен қуғын-сүргінді жан-жақты суреттейді.

Ең маңызды сюжеттердің бірі — Бекмахановтың татымды еңбектеріне тыйым салынуы, саяси қысым көргені және өмірінің ауыр кезеңдері. Автор оның ғалым ретінде ғана емес, қоғамдағы әділдік пен шындық үшін күрескен адам ретінде тұлғалық бейнесін ашады

Кітап 11 тараудан тұрады және әр тарауда ғалымның балалық шағынан бастап, ғылыми қызметіне, жеке өміріне және адамгершілік қағидаларына дейінгі қыр-сыры көрсетіледі. Осылайша оқырман Бекмахановтың тұлғасын жан-жақты танып біледі

«Ноқталанған тарихшы» — бұл Ермұхан Бекмахановтың шынайы өмірі мен ғылыми жолына арналған тарихи-деректі еңбек. Кітапта оның ғылыми батылдығы, әділет ізденісі мен ауыр тағдыры көрсетіліп, қазақ тарих ғылымының қалыптасу кезеңі мен тоталитарлық жүйенің қысымдары туралы маңызды ойлар айтылады.

Осы жинақта оқырман жазушының терең танымын, шебер тілін, тарихи дерек пен көркемдік өрнекті шебер тоғыстырған қалам қуатын анық сезінеді. Бұл — ұрпаққа ұлағат, елге аманат болар рухани қазына.

Бұл шығарма — қазақ тарихына қызығатын, тарихи тұлғалардың тағдырын түсінгісі келетін оқырман үшін аса құнды еңбек.

 

Момышұлы Б. Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері

Қай кезде де ұлттың рухын көтеретін, елдік пен ерліктің мәнін ұқтыратын тұлғалар бар. Солардың бірі — аты аңызға айналған батыр, жазушы, ұлт ұлағатының символына айналған Бауыржан Момышұлы. Оның өмір жолы мен ойлары — тек соғыс даласындағы ерліктің ғана емес, рухани биіктіктің де көрінісі.

Бауыржан Момышұлының шығармашылығының бір саласы оның өлеңдері мен қанатты сөздері, мақал — мәтелдері. Батыр жазушының өсиет сөздері күні бүгінге дейін елдің аузында.

Құрметті оқырмандар! Желтоқсан айында Ай кітабы бетіне  Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері» атты кітабын ұсынамыз:

 Момышұлы, Б. Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері [Мәтін] — А.: Sana Publishing, 2025. — 120 б.

Нақыл сөз — белгілі бір ойды терең мағынамен, әсерлі және ықшам түрде жеткізетін даналық тұжырым. Ол адамгершілікке, еңбекке, ерлікке, білімге, өмірдің мәнін түсінуге үйретеді.

Бұл кітап аты аңызға айналған қазақ батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының терең ойлы, мән-мағынаға толы қанатты сөздері мен нақылдарын жинақтайды. Ерлік пен елдіктің символына айналған Бауыржан Момышұлының өмірлік тәжірибесінен, әскери және рухани мұрасынан алынған бұл цитаталар оқырманға ой саларлық, шабыт берерлік қуат сыйлайды. Кітапта батырдың Отан, парыз, батылдық, тәртіп, білім, достық және өмір мәні туралы айтқан ақыл-кеңестері ұсынылған. Әрбір сөзінде терең даналық, ұлт рухын асқақтатар жігер мен адамгершілік ұстанымдары көрініс табады. «Бауыржан Момышұлының даналық сөздері» — жастарға үлгі, аға буынға тәрбие құралы бола алатын, рухани байлыққа толы кітап. Ол әрбір қазақтың үйінде орын алатын құнды туынды болмақ. Бұл кітапты оқи отырып, батырдың ой әлеміне үңіліп, өзіңіздің де рухани көкжиегіңізді кеңейтіңіз!

Қойшыбаев Б. Тәуелсіздік һәм зиялылар

Тәуелсіздік — халықтың ғасырлар бойы арман-мұратының жүзеге асқан сәті. Бірақ сол азаттықтың қадірін түсініп, оны нығайта білу — әр буынның тарихи жауапкершілігі. Құрметті оқырмандар! Қараша айында Ай кітабы бетіне жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың 80 жасына орай  «Тәуелсіздік һәм зиялылар»  атты кітабын ұсынамыз:

Қойшыбаев, Б. Тәуелсіздік һәм зиялылар [Мәтін] : (тарихи миниатюралар, зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар) / Бейбіт Қойшыбаев. — Алматы: Тоғанай Т, 2024. — 368 б.

   Жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев 20 қарашада 1945 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген.

1968-69 жылдары Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінің оқытушысы, 1969-71 жылдары Қазақ КСР-і Министр Кеңесінің “Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы” бірлестігінде инженер, аға инженер, 1971-75 жылдары Алматы облысы комсомол комитетінің кәсіптік-техника білім секторының меңгерушісі болды. 1975-85 жылдары «Қазақстан пионері», «Білім және еңбек», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газет-журналдарында жауапты қызметтер атқарды. 1985-87 жылдары Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Төралқасы аппаратында Жоғары Кеңес актілерін жариялау тобының аға редакторы болды. 1988-89 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1990-91 жылдары «Денсаулық» журналының бас редакторы, 1991-96 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге Қазақстан әдеби қоры басқармасының төрағасы, «Тіршілік» журналының бас редакторы, «Әдеби қор жаршысы» газетінің бас редакторы, 1997-2001 жылдары «Zaman – Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болды. ҚР Экономика және сауда министрлігі автор құқығын қорғау агенттігі бас басқармасының бастығы, Алматы облысы көші-қон және демография басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2001-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасында бастығының орынбасары, 2003-07 жылдары «Заңгер» журналының жауапты редакторы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары болып істеді.

Өз еңбектерінде тарихтың «ақтаңдақ» беттерін зерттеуге ден қойды. Шығармалары орыс, беларус, болгар, қытай тілдеріне аударылған. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бейбіт Қойшыбаевтың «Тәуелсіздік һәм зиялылар» атты кітабында өткеніміздің белгілі-бір кезеңдеріндегі мәселелер жайлы уақытында қағаз және электронды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жария еткен зерттеулері, тарихи миниатюралары, публицистикалық мақалалары, дөңгелек үстел материалдары, журналистердің сауалдарына берген жауаптары белгілі бір жүйемен топтастырылған. Біріне бірі ішкі үндестікпен жалғасқан материалдардың бәрі оқырманның тарихи жады мен санасын жаңғыртуына септесіп, тәуелсіз еліміздің қазіргі жағдайы мен болашағы жайында ой түюіне, зиялылықты, зиялылардың әр кезеңдегі әрекеттерін сын көзбен саралай білуіне, сөйтіп қазіргі таңда аса қажет айқын азаматтық позициясын бекемдей түсуіне жәрдемдесуді көздейді.

Кітап Отан тарихының ақиқатын білуге құмартатын, бүгінімізді дәл танып, — 2022 жыл басындағы халықтық революцияны тұншықтырған Қанды қаңтардан кейін алға тартылған Жаңа Қазақстан құру идеясын, күн тәртібіне шыққан ұлы мұраттарымызды тереңнен түсінуге және жеке басының иланымдық тұғырын мығымдай түсу арқылы жүзеге асыруға бекіген ізденімпаз азаматтарға, жастарға, қалың жұртшылыққа арналған.

Әлімқұл Д. Екеумізді сағындық

Қазақ әдебиетінің алтын арқауы — ақындық өнер. Ел тарихының еңселі беттері, халықтың қуанышы мен қайғысы, асыл армандары мен үміттері — бәрі де ақын жүрегінен жыр болып төгілген. Осы қасиетті жолды жалғап келе жатқан жаңа толқын — бүгінгі жас ақындар.

Жамбыл өңірі — ежелден-ақ ақындықтың алтын бесігі саналған қасиетті мекен. Бұл топырақтан жыр алыбы Жамбыл Жабаев бастаған алыптар шоғыры түлеп ұшты. Бүгінде сол ұлы дәстүрді жалғап, туған елінің рухын жырға қосып жүрген жамбылдық жас қаламгерлер аз емес.

       Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға лирик ақын Данияр Әлімқұлдың  35 жасқа толуына орай «Екеумізді сағындық» атты кітабын ұсынамыз:

Әлімқұл, Д. Екеумізді сағындық [Мәтін] / Данияр Әлімқұл. — Алматы: Abai, 2023. — 144 б.

Бұл жинаққа ақынның бірқатар туындылары мен кейінгі жылдар жазылған өлеңдері еніп отыр.

«Екеумізді сағындық» деген атау екі адамның арасындағы айырмашылық, бір-біріне деген сағыныш, өткен шақтың естелігі мен ықыластың іздерін білдіреді.

Данияр Әлімқұл — махаббат сезімін маздатқан лирикалық өлеңдерімен ойлы оқырманның жүрегін баурайды. Ақынның бұл кітабы поэзия сүйетін оқырмандарды терең мұң мен тебіреністі сағынышқа жетелейтін сөзсіз.

Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.