Питер Пән

  Қиял ғажайып әңгімелер сол арман мен ойдан құрастырылған әңгіме. Балалалар, бұл жолы сіздерге шотланд драматургы Джеймс Барридің «Питер Пән» атты ең үздік туындыларының бірін ұсынамыз.

    Барри, Д. Питер Пән [Мәтін] / Джеймс Барри.; ауд. Г. Исмағұлова.- Алматы : Мазмұндама, 2023. – 208 б.

      Джеймс Мэтью Барри 1860 жылдың 9 мамырында Кирримьюрда (Шотландия) дүниеге келген – 1937 жылдың 19 маусымы Лондонда дүниеден өткен) – шотланд  драматургы және романшы, танымал «Питер Пән» балалар әдебиетінің авторы. Ол тоқымашы отбасының тоғызыншы ұлы болған.

      Питер Пән, бұл – есейгісі келмейтін, үнемі балалық  шақта уайым-қайғысыз жүретін және ұшатын тентек бала туралы таңғажайып ертегі.                                                                                                                                                                                                                            

     Әлемдегі бір баладан басқа барлық бала ерте ме, кеш пе өседі. Венди мұны жақсы білді.

     Білетін себебі – ол екі жасар кезінде бақшада ойнап жүріп, таңғаларлық әдемі гүлді көрді де, жұлып алып, анасына тұра жүгірді. Венди осы сәтте өте әдемі де сүйкімді болған-ау, өйткені анасы Дарлиң ханым:

    – Сенің мәңгі осы қалпыңда қалмайтының қандай өкінішті! – деді дауыстап. Бар болғаны осы-ақ. Сол сәттен бастап Венди өзінің есейетінін білді. Адам бұл туралы әдетте екі жасында-ақ аңғаратын болса керек…

     Ертегі қолда барды қадірлеу, жақындарыңның сүйіспеншілігін бағалай білу, оларға мейірім мен қамқорлық таныту сияқты ізгі адамгершілік қасиеттерге баулиды. Шығарманың тілі жеңіл, оқиғасы қызықты әрі тартымды оқылады.

     Шығарма жасөспірім балаларға арналған.

Том Сойердің басынан кешкендері

Шытырман, жұмбағы көп, тылсым оқиға адамзатты ерте кезден-ақ өзіне қызықтырып, баурап тұратыны белгілі. Адам табиғатының да ерекшелігі сол, ол өзіне белгісіз, қызығы мол, күрделі дүниені тануға ұмтылады.

      Достар, сіздерге шытырман оқиғаға толы Американың аса көрнекті жазушысы Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» атты кітабын ұсынамыз.

      Твен, М. Том Сойердің басынан кешкендері [Мәтін] : хикаят / Марк Твен. ; [кітапты баспаға әзірлеген «Мазмұндама» қоғамдық қоры; орыс тілінен ауд. Ф. Оңғарсынова]. – 2 -ші бас. – Алматы : Мазмұндама, 2021. – 240 б.

      Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартыстарға толы. Кейіпкерлер және оларды өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVШ ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашықтар тұрғындарының күнделікті  жұмыс  тіршілігі,  қарапайым  адамдардың,  діни
қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі көз алдыңа келеді.

      Кейбір тұстардағы суреттер мен оқиғалар қазақ ауылындағы өмірді көз алдыңа әкелгендей болады.

      Марк Твеннің 1876 жылы шыққан, азамат соғысына дейін Американың оңтүстігіндегі шағын қалада өмір сүрген балалардың қызықты оқиғалары туралы рома­ны. Том Сойер – өте ширақ, тапқыр және ұшқалақ он екі жасар жетім бала. Романда ол ғашық болады, кісі өліміне куә болады, қылмыскерді әшкерелейді, үйден қашып, аралда тұрады, үңгірде адасып, одан дін аман шығады, ақыры, қазынаға кез болады.

     Шежіре баланың тарихы болғандықтан, осы жерде тоқтауы керек, ал егер жалғаса берсе, ересек адамның тарихына айналады. Ересек адамдар туралы роман жазсаң, қай жерге нүкте қою керектігін алдын ала білесің; айталық, үйлену тойында. Балалар жайлы жазсаң, нүктені өзіңе ыңғайлы жерде қоюыңа тура келеді.

     Осы кітаптағы кейіпкерлердің көбісі әлі арамызда бақытты өмір сүріп жатыр. Мүмкін, автор біраз уақыт өткен соң жас кейіпкерлердің алдағы тағдыры жайында баяндағысы келген.

     Оқиға осындай шытырманға толы бөлімдерден тұрады. Осы кітапты оқи отырып, қызықты оқиғаларға куә боласыздар.

 

Таза бұлақ

  «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деп, «өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп озық елдерді жастарға үлгі тұтқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин.

       Құрметті достар! Сіздердің назарларыңызға, қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» атты жинағын ұсынамыз:

       Алтынсарин, Ы. Таза бұлақ [Мәтін] / Ыбырай Алтынсарин.; [сурет. А. Акимова,  А. Ерназаров; «Мазмұндама» қоғамдық қоры]. – Алматы: Мазмұндама, 2023. – 160 б.

  Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлға.

       Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, достыққа, еңбекке, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.

Жазушы әңгімелері еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын, елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез–құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетті.

 «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», – дейді.

Ыбырай Алтынсарин бар саналы ғұмырын өз халқына білім беруге арнаған. Кітапқа жазушының өлеңдері, мысалдары, әңгімелері, ертегілері топтастырылған.

Достар, «Кел балалар оқылық!» – деп сіздерді Ыбырай Алтынсариннің кітабын оқуға шақырамыз!

Жусан иісі

 Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркемсөз өнерінің үлкен шебері Сайын Мұратбековтің қаламынан туған туындылардың арасында деңгейі төмені жоқ. Оның шығармалары оқиға желiсiнiң шынайылығымен, тiлiнiң көркем де өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк адамгершiлiк қасиеттерiмен ерекшеленіп тұрады.

     Балалар, бұл жолы сіздерге жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесін назарларыңызға ұсынамыз.

     Мұратбеков, С. Жусан иісі [Мәтін] / Сайын Мұратбеков.; [ред. Б.Хасанова; сурет.     Н.Тұрсынхан; «Мазмұндама» қоғамдық қоры]. – Алматы : Мазмұндама, 2023. – 208 б.

     Сайын Мұратбеков – қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік, шын талантымен шырқау көкке көтерілген дарынды жазушылардың бірі. Оның «Жусан иісі» повесі – халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған туынды.

     Шығарма Аян атты жасөспірім баланың өмірінің белгілі бір кезеңінде болған оқиғаларды баяндайды. Әкесі мен анасынан ерте айырылған, жалғыз әжесі қайтыс болып, соғыстан ағасын күткені туралы жазылған бұл повесть, әр оқырманның жүрегінен орын таба білген. «Жусан иісі» повесі – қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығарма.

     Кітапта жазушының басқа да әңгімелері топтастырылған, кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Ахмет Байтұрсынұлы кім?

   Қазақстан тұлғалар мен атақты азаматарға бай. Балалар, сіздердің назаралынызға сондай тұлғалардың бірі, ұлтымыздың оқу-ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан, қазақтың әйгілі ғалымы Ахмет Байтұрсынұлына арналған кітабын ұсынамыз:

Қазыбек, М. Ахмет Байтұрсынұлы кім? [Мәтін] / Мадияр Қазыбек, Қымбат Слямбек. ; ил. Ә. Ғарифоллаұлы ; [«Мазмұндама» қоғамдық қоры].- Алматы: Мазмұндама, 2022. – 108 б.

Өзіңіз де Ахмет атамыздың есімін жиі естіп жүрген шығарсыз. Ал оның шын мәнінде кім болғанын білесіз бе? Бұл сұрақтың жауабын осы кітаптан табасыз.

Біз алдымен балабақшаға, сосын дайындық сыныбына барып, одан кейін 11 жыл мектепте оқимыз. Мектепті тамамдаған соң, колледж, институт немесе университетке түсеміз. Оқуды одан әрі жалғастырып, ғылым жолын таңдауға да болады. Оның арасында әртүрлі курсқа барып, білімімізді шыңдаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының заманында мұның бірі де болған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы тек 10 жасында ауыл мектебінің табалдырығын аттап, 2 жыл ғана білім алған. Содан соң бала Ахмет Торғайдағы училищеде 5-6 жыл оқып, білімін семинарияда жалғастыру үшін, танымайтын біреулерге ілесіп, Орынборға жаяу аттанады. Ахметтің ауылы мен Орынбордың арасы өте ұзақ жол еді. Ахмет бұл жолда біресе арбаға мінгесіп, біресе жаяулап, арып-ашып, қалаға әрең жетеді. Болашақ ғалымның Орынбор қаласында қандай білім ордасында оқығаны, немен шұғылданғаны жайында осы кітапты оқи отырып, таныса аласыз.

Кітапта қазақтың аяулы тұлғасының шығармашылық жолы, қилы тағдыры, жеңістері мен жеңілістері, ұлт болашағы үшін сіңірген еңбегі хақында сөз қозғалады.

Ұлт ұстазы деген атаққа ие болған Ахмет Байтұрсынұлы кім деген сұраққа осы кітапты оқып  жауабын таба аласыздар.

Ерекше ертегілер

Келесі ұсынатын кітабымыз Алуа Есболқызының «Ерекше ертегілер» атты кітабы:

Есболатқызы, А. Ерекше ертегілер [Мәтін] / Алуа Есболатқызы. ; сурет. Ж. Ерланқызы.- Алматы : altynsaga, 2021. – 44 б.

Бұл кітап балалардың ең көп кездесетін проблемаларына арналған терапиялық ертегілер жинағы.

Осы ертегілер жинағының ішінен сіздерге «Ағылшынша сөйлейтін қонжық» атты ертегін ұсынамыз.

     Алысқырдың артында, биік-биік таулардың жанында, терең өзеннің жағасында Австралия деген керемет жер бар екен. Ол жер ғажайыптарға толы өлке болыпты. Ал сол өлкенің бұлттарының арасында бір әдемі ханшайым тұрады екен. Ол күнде кешке жақын балаларға ән айтып беретін.

     Бір күні кішкентай қонжық анасымен бірге балалар ән айтатын алаңқайға келіп, әдемі әуенге құлақ салады. Әнді балалармен бірге шырқағысы келсе де, қосыла алмады. Себебі қонжық ағылшынша білмейтін. Баласының қынжылып отырғанын көрген анасы: «Қаласаң бұл тілді де үйреніп ал, сонда балалармен бірге ән салатын боласың», – деп құлағына сыбырлады.

Сөйтіп қонжық күнде бір сөзден жаттап жүрді. Бір күні анасына балалар жиналатын алаңқайға тағы да апаруын өтінді. Екеуі әдемі әуенді тыңдап отырып:

Lullaby and good night

Now the daytime is over

Time to slip up to your dreamland

I will keep you safe and warm

Lullaby and good night

There is nothing to fear

Lullaby and good night

When you wake I’ll be near

деп қосылып ән салды. Анасы қонжығының тез арада ағылшынша үйреніп алғанына таңданып: «Менің қонжығымның ақылдылығы сонша, аз уақытта ағылшынша үйреніп алды», – деп қуаныпты. Сол кезден бері қонжық жаңа тіл үйренуге ерінбей, ұялмай, ағылшынша тез сөйлеп кетіпті.

Бұл ертегіде анасының айтқан бір сөзі қонжыққа керемет ынта беріп, соның арқасында қонжық өзіне сеніп ағылшын тілін дереу үйреніп алды.

Балалар осындай терапиялық ертегілер сіздерге көмегін тигізіп, қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге септігін тигізеді.

Терапиялық ертегілердің классикалық ертегілерден айырмашылығы – белгілі бір проблемаға арналып жазылады, сонымен қатар емдік әсері болады. Баланың бойындағы қорқынышын, жаңа жерге үйренісіп кетуін, ашуын басқара алмауын, қалауын бірден орындатқысы келуін, сол сияқты басқа да мінездерін, дағдыларын аса үлкен мәселе деп көрмеуіңіз мүмкін. Дегенмен, өсе келе бұлар жиылып, баланың өтпелі кезеңінде үлкен мәселеге айналуы мүмкін.

Кеше ғана ата-анасының сөзін екі етпей жүрген бала күрт өзгеріп, агрессияны, сөз қайтаруды, үлкенді тыңдамауды әдетке айналдыруы ықтимал. Бірақ барлық бала түсінетін, тілі ортақ тамаша құрал бар, ол – ертегілер. Осы ертегілер арқылы бала өзіне сырт көзбен қарауды, эмоцияларын тануды, қарым-қатынастың жаңа тәсілін көруді үйренеді.

Бұл ертегілер ата-ананың баламен бірге, 7 жастан асқан ұл-қыздар өздері оқуына арналған.

 

Сиқырлы скрипканың ертегілері

Балалар, сіздерге ұсынатын кітап «Сиқырлы скрипканың ертегілері» деп аталады. Бұл көркем суреттермен безендірілден ғажайып кітапта, танымал музыкалық шығармалар бойынша «Арт Мирай» қазақтың музыкалық мұрасын сақтау қорының құрылтайшысы Әсел Имайоның қиялынан туындаған ертегілер берілген.

Имайо, Ә. Сиқырлы скрипканың ертегілері [Мәтін] = Сказки волшебной скрипки = Fairy tales of the magic violin / Әсел Имайо. ; [бас ред. Қ. Байғабылова ; сурет. А. Алмасбаева]. – Алматы: Аруна, 2023. – 67 б.

Кітапқа жай ғана ертегілер жинақталған кітап емес. Бұл, расында да, сиқыршы кітап. Себебі осы кітапты қолына алған кішкентай оқырманымыз QR-код (мобильді құрылғының камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код) көмегімен музыкалық шығармаларды тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін кодын сканерлеп, сілтеме бойынша өту керек.

Осы ертегі жолдарына үңілсек.

       Ауылдың шетіндегі тозығы жетіп, қисайған уйде бір атай тұратын. Оның бар байлығы осы ескі үйі мен скрипкасы еді.

       Атай кешкілік скрипкада ойнайды. Ауылдастары осы сәтті асыға күтеді. Олар ұзақ күнгі ауыр жұмыстан соң музыка әуеніне билеп, сергіп қалады. Би аяқталған соң атай балаларды үй іргесіне қатарластыра отырғызады. Енді скрипкада балаларға арналған әуезді әуендер ойналады. Әуен атайдың ғажайып ертегілеріне жалғасады. Ертегіні ұйып тыңдаған балалар жалғасын түстерінде көреді. Ауыл тұрғындары атайды сиқыршы деп атайды. Оның өзіндік себебі бар.

      Бірде сәнді киінген саудагерлер алыс жерден өзгеше музыка аспабын әкеледі. Ұзақ жол жүрген олар жолай аспапты бүлдіріп алса керек. «Мұның енді қажеті бола қоймас» деп ойлаған саудагерлер оны ауыл маңында ойнап жүрген балаларға ұстата салады. Балалардың қолындағы скрипкаға көзі түскен атай оны олардан аттай қалап сұрап алады. Оның бұзылған жерлерін жөндейді, әр қырын ысқылап, жалтыратып қояды. Содан кейін өзі бұрын көрмеген аспапта ойнауды үйренеді.

    Қарияның скрипкада түрлі әуендер ойнап уйренгені сондай, айналасын таңғаларлық ғажайыпқа бөлейтін болды. Бұл сиқырлы әуендер адамдарды бірде қуанышқа кенелтсе, бірде мұңайтып, жылатып та қоятын, кейде билете жөнелтетін.

      Қария аспабын үнемі ұқыпты ұстайтын, оның бүйірі мұнтаздай жалтырап тұратын. Оған жаңа бұрама құлақтар қондырып, жанынан бір елі тастамайтын. Ал әр кеш сайын жиналатын балалар қарияның скрипкада жаңа әуен ойнап, таңғажайып ертегі айтқанын сондай ұнататын. Осылайша сиқыршы атайдың жаңа ертегілері көбейіп, ал оның скрипкасынан тамылжыған әуен төгілетін.

Атаның балаларға қандай ертегі айтқаны, және скрипкада қандай  сиқырлы әуендер ойнағаны кітапты оқып біле аласыздар.

Бірінші сыныптың баласы

Құрметті балалар, сіздердің назарларыңызға бірінші сыныпқа баратын балақайлар үшін таптырмайтын дүние, жазушы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі Жаңабек Баққондыұлы Шағатайдың «Бірінші сыныптың баласы» атты әңгімелер мен хикаяттар кітабын ұсынамыз:

Шағатай, Ж. Бірінші сыныптың баласы [Мәтін] / Жаңабек Шағатай. – Алматы: Балалар әдебиеті, 2023. – 240 б.

Кітапқа жазушының қызықты әңгімелері мен хикаяттары енген. Бұл шығармалар баланы жалықтырмайды, түрлі кейіпкерлер мен қызықты сюжеттерге толы.

Жазушы 1961 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 1991 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Үлттық университетінің журналистика факультетін сырттай бітірген. Ауыл шаруашылығы саласында, қүрылыста жұмыс істеген.

1985 жылдан бастап «Жалын» баспасының аударма бөліміне редакторлық қызметке қабылданды. Мұнда ол Жоғары сынып оқушылары, жасөспірімдер мен жастарға арналған көптеген көркем және танымдық, шытырман оқиғалы, фантастикалық кітаптардың редакторы болды.

Кітап балаларға ғана емес, қалыптасқан оқырман қауымға да арналған.

Қырық өтірік. Ертегі

Қырық өтірік – қазақтың халық әңгімелерінің ішіндегі ең бір көпке мәлім түрі. Бұл әңгімені ерте күндерден бері қарай, халықтың кәрі-жасы түгел біледі деуге болады.

Құрметті балақайлар, сіздерді суретші, жазушы Қабдырахман Отарбайдың «Қырық өтірік» атты ертегі кітабын ұсынамыз:

Қырық өтірік [Мәтін] : ертегі / [сурет. Қ. Отарбай]. – Алматы: Арда+7, 2023. – 80 б.

Мұнда қырық деген сан жай ғана өтіріктің көптігін көрсеткен мөлшер сан. Шынында, осы басылған әңгіменің қара сөзбен айтылған түрін алсақ та, өлеңмен айтылғанын алсақ та, қырық қана өтірік боп тоқтамайды. Қайта қырықтан сонағұрлым көп болады.

Қазақтың белгілі ертегілерінің бірі де бірегейі «Қырық өтірік» балалардың сүйіп оқитын шығармасына жатады. Бұл ертегіде патшаның алдына келген Тазша баланың судырлатып өтірік әңгіме айтуы және оған шындықты қоспай, жалған оймен өз өмірін қиыстыра, қияли тұрғыдан биік өреде суреттеп беруі кім-кімді де таң-тамаша қалдырады.

Бала қиялын шарыртата байытатын «Қырық өтірік» ертегісі халқымыздың бай мұрасы ғана емес, жалпы ой-санасының телегей-теңіз тереңдігін, ұшқыр сезім мен қуатты ойдың иесі екеніне көз жеткізе түседі. Бала тәрбиесіне ерекше ықпал ететін заңғар ертегі дейміз.

Ертегі мазмұны негізінде белгілі суретші, жазушы Қабдырахман Отарбай сюжетті суреттер салып шыққан. Кітапқа сол суреттер қолданылды.

Күшті бала

  Әр бір бала өлең оқығанды ұнатады, әсіре қазіргі заманның өлеңдері болса қызыға оқиды. Құрметті балақайлар, сіздердің назарларыңызға жас ақын Серікбол Хасанның «Күшті бала» атты кітабын ұсынамыз:

Хасан, С. Күшті бала [Мәтін] / Серікбол Хасан. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2022. – 96 б.

  Белгілі балалар ақыны, халықаралық «Рух», «Алтын тобылғы», «Ұлы дала», «Дарабоз» байқауларының балалар әдебиеті аталымы бойынша жеңімпазы Серікбол Хасанның бұл өлеңдер жинағы – балаларға арналған кезекті кітабы.

  Бұл өлеңдер жинағын оқыған бала қанаттанып, төлім алып, бойына қайсар рух жиып, елін-жерін сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ортасында сыйлы, білімді де тәрбиелі бала болып қалыптасары анық.