Шаршы тақтаның шаһбазы

     Қазақ спортының, оның ішінде зияткерлік ойын – шахматтың шежіресінде алтын әріппен жазылатын есімдер бар. Солардың бірегейі, мұқым қазақ елінің мақтанышы, ақыл-ой додасының жарық жұлдызы – Бибісара Асаубаева. Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада сан мәрте желбіреткен дара дарын бүгінде жаңа тарихи белесті бағындыруға сақадай сай отыр.

  Бибісараның есімі қазірдің өзінде әлемдік шахмат тарихынан ойып тұрып орын алды. Өткен жылдың желтоқсанында Қатар астанасы – Дохада өткен әлем чемпионатында ол блицтен (шапшаң шахмат) үшінші рет әлем чемпионы атанып, төрткүл дүниені тағы да мойындатты. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессіз жетістік. Осы айтулы жеңісі мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды спортшыны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Бибісараның жеңісті шеруі мұнымен тоқтаған жоқ. Биылғы жылды да сәтті бас­тады. Нидерландта өткен беделді «Tata Steel Chess Challengers 2026» турнирінде 13 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап, 5-орынды иеленді. Жарыс барысында осы турнирдің жеңімпазы атанған америкалық 15 жастағы вундеркинд Энди Вудвордты тізе бүктірді.

Ақпан айында Германияда өткен Фишер шахматынан (Freestyle Chess) жарыста әлем­нің экс-чемпионы Александра Костенюкті айқын басымдық­пен ұтты. Осы жетістіктерінің ар­қа­сында жерлесіміз наурыздағы жаңартылған FIDE рейтингінде әлемнің үздік ондығына (9-орын) қайта оралды. Сондай-ақ 2 500 деген маңызды рейтингтік межеден (peak rating 2513) асып түсті.

Бибісараның басты ерек­шелігі – оның тума таланты мен табандылығының, қажымас қайратының қапысыз үйлесімі. Төрт жасынан тақтаға телміріп, жастайынан-ақ әлемдік додаларда топ жарған ол бүгінде «Блицтің ханшайымы» деген бейресми атаққа ие. Б.Асаубаева 17 жасында шахмат тарихындағы ең жас әлем чемпионы ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.

Оның ойын сти­ліне терең тал­да­малық түйсік, тас түйін төзімділік, қар­сы­ластың қателігін қалт жібермейтін тактик­а­­лық қырағылық тән. Тақ­та басындағы суық ақыл мен қайтпас қайсар мінез – Бибі­сараны өз­гелерден даралап тұратын бас­ты қасиет. Әйелдер арасындағы гроссмейстер ғана емес, ерлер арасындағы халықаралық шебер атағын алуы оның дарынының шекара танымайтынын көрсетеді.

Бүгінде еліміздің барша жан­күйерінің назары осы жылдың ­28 наурызы мен 15 сәуірі аралы­ғын­да Кипрдің Пафос қаласында өтетін Үміткерлер турниріне (Candidates Tournament) ауып отыр. Б.Асаубаева – осы ең бе­делді турнирге жолдама алған ел тарихындағы тұңғыш шахматшы. Жарыста әлемнің ең мықты 8 шахматшысы бақ сынайды. Бас жүлде – қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжі үшін жекпе-жекке шығу құқығы. Бибісара әлемнің кілең мықтыларымен, нақтырақ айтсақ, үш үндістандық (Конеру Хампи, Вайшали Рамешбабу, Дивья Дешмукх), екі қытайлық (Тань Чжунъи, Чжу Цзиньэр), екі ресейлік (Александра Горячкина, Катерина Лагно) шахматшымен тартысқа түседі. Жеребе қорытындысы бойынша, 29 наурызда өтетін алғаш­қы турда жерлесіміз үндістан­дық жас періште Вайшали Рамешбабумен кездеседі. Бұл екі жас дарынның, яғни «жаңа буынның» тартысты жекпе-жегі болмақшы.

Осындай жауапты кезең алдындағы Бибісараның дайын­дығы да ерекше. Спортшының өзі баспасөз мәслихатында атап өткендей, ол күніне 8-9 сағат көз майын тауысып жаттығып жүр. Оның командасында 11 адам­нан тұратын білікті бапкерлер мен мықты спарринг-серік­тестер тобы жұмыс істеп жатыр. Бұл оның әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен шахмат тәжіне таласуға деген тас түйін ниетін көрсетеді.

Б.Асаубаеваның дарынын әлемдік қауымдастық жоғары бағалап отыр. Ол биыл 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Ослода (Норвегия) өтетін аса беделді «Norway Chess Women 2026» турниріне де арнайы шақырту алды. Айта кетерлігі, Бибісара бұл жабық элиталық турнир тарихындағы ең жас қатысушы атанғалы отыр.

Ұлт мақтанышына айналған Б.Асаубаеваның алдағы ақыл-ой додасында да шоқтығы биік болып, ел үмітін ақтайтынына сеніміміз кәміл.

  Жомарт Оспан

Egemen Qazaqstan. — 2026. — 7 наурыз.

Қордайлық мерген халықаралық турнирде топ жарды

     Қордай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының тумасы Мерлан Ұлтанбаев Дубайда өткен халықаралық «UAE SWAT Challenge — 2026» турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Қазақстан С» командасы құрамында өнер көрсетіп, әлемнің үздік арнайы жасақтарымен бәсекеге түсті.

Халықаралық жарыс Дубай қаласында өтті. Биылғы турнирге 48 елден келген 109 команда қатысып, арнайы бөлімшелердің кәсіби дайындығы сынға түсті.

Қазақстандық команда Қытай, Ресей, Таиланд және басқа да мемлекеттердің намысын қорғаған мықты қарсыластарын артта қалдырып, жарыстың ең жоғары тұғырынан көрінді.

Мерлан Ұлтанбаев команда құрамында мерген ретінде өнер көрсетті. Оның айтуынша, көптеген тапсырмалар дәл снайперлік атудан басталады. Сондықтан алғашқы оқтың дәлдігі бүкіл операцияның сәтті орындалуына әсер етеді.

Турнир бағдарламасы бес негізгі кезеңнен тұрды: Assault, Hostage Rescue, Officer Rescue, Tower Assault және ең күрделі сынақтардың бірі – Obstacle Course кедергілер жолағы. Бұл кезеңдерде қатысушылардың мергендігі, жылдамдығы, физикалық дайындығы, төзімділігі мен командалық үйлесімі тексерілді.

Мерланның айтуынша, бұған дейін де осы турнирге екі рет қатысқан. 2024 жылы команда қола медаль, өткен жылы күміс медаль иеленсе, биыл алтын жүлдені жеңіп алды.

    – Бұл біздің үшінші рет қатысуымыз болды. Алғашқы жылдары тәжірибе жинадық. Биыл бар күшімізді салып, ең жоғарғы нәтиже көрсеттік. Әсіресе соңғы кезең – 20 түрлі кедергіден тұратын ауыр сынақ өте қиын болды. Мұнда физикалық және психологиялық төзімділік қатар сыналады, – дейді ол.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеу үшін жоғары физикалық дайындық, стресс жағдайында тез шешім қабылдау қабілеті және қатаң тәртіп қажет. Мерлан бұл қасиеттерді бала кезінен қалыптастырған.

Ол жастайынан спортпен айналысқан. Алғашында футбол мен жеңіл атлетикаға қызықса, кейін дзюдо және қоян-қолтық ұрыс спортын меңгерген. Осы тәжірибе оның әскери қызметте шыңдалуына үлкен көмегін тигізді.

Мерлан өзінің жетістігіне отбасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі үлкен әсер еткенін айтады. Ол Қордай ауданындағы №29 мектептегі мұғалімдеріне ерекше алғыс білдіреді.

    – Бізді шын жүректен білім берген, өз ісіне адал ұстаздар тәрбиеледі. Олардың берген тәлімі өмір бойы көмектеседі. Ал отбасының қолдауы – ең үлкен күш. Жұбайым Шынар мен балаларым маған әрдайым дем береді, – дейді чемпион.

 

 Нұрбақыт Тұтқышбеков

Ar-Ai. — 2026. — 11 наурыз.

Қазақтың қайсар қызына құрмет

   Қазақ елінің мақтанышына айналған қыздардың бірі – боксшы Әйгерім Сәттібаева. Ол жасөспірім және жастар арасында талай рет байрақты бәсекеде олжа салған жеңімпаз. Тұрмысқа шыққан соң, асыл жары, кадеттер және әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тілеп, өзінің спорттағы жолын үзе тұрған болатын. Осы жылдарда бес перзенттің анасы атанды.

 Әйгерім Асқарқызы соңғы екі жылда жаттығу залына қайта барып, бокс қолғабын қолына қайта киген болатын. Жақында Тайланд елінде бокстан өткен Азия чемпионатында әйелдер арасында жеңіл салмақта қола жүлдегер атанды.

Күні кеше дарынды боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, батыр ана Әйгерім Сәттібаевамен облыстық «Анаға тағзым» орталығында аталған ұжымның ұйымдастыруымен «Қайсар рухты қазақ қызы» атты кездесу өтті. Жүздесу 7 ұл-қыздың анасы, 23 баланы қамқорлығына алып өсірген аяулы әже Сапура Ержанованың батасымен ашылды. Мұнан соң айтыскер ақын, «Әулиеата үміті-2024» сыйлығының иегері Дидар Басығараев жырдан шашу шашса, әнші Балауса Бейсенқызы әуелетіп ән салды. Сонымен қатар, «Асыл аналар» әжелер ансамблі қазақ әндерінен поппури орындап, құрметке бөленді. Әйгерімнің спорттық жолынан ролик көрсетілді. Мұнан соң «Анаға тағзым» орталығын өз қаржысына тегін салып берген кәсіпкер Арман Еділбаевтің анасы Мария Ибрайымова, ұлағатты ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова ақ тілектерін ақтарды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы жүрекжарды сөзін айта келе:

«Әйгерімнің ойы жоғары, биікке бастар жол әлі,

Қазақтың туы көкке өрлеп, алтынға қоржын толады, – деп тамаша жыр жолдарымен түйіндеді.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің анасы Тоқтагүл Сметова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, республикалық «Дүнген аналары» қауымдастығының жетекшісі Сара Даузова ақ тілектерін ақтарды. Ақын Асқарбек Айдаров та жылы лебізін арнап, «Ананы және өткенді сағыну» атты әсерлі өлеңін оқып берді. Желтоқсан батыры, қарашай ұлтының өкілі Исмайл Қажымұратов та ізгі тілегін жеткізді. Жиын соңында сөз алған Әйгерім Сәттібаева:

– Сіздердің баршаларыңызға басымды иемін. Мен бұлай қарсы алу болады деп ойламадым. Мақтау бір Аллаға ғана лайық. Құрметтеріңізге рақмет. Мен жас күнімнен бокспен шұғылданғаныммен, тұрмысқа шыққан соң, үйде отырып, асыл жарым, боксшы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тіледім. Арманым өте үлкен еді. Ана болып, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлдім. Бірақ, көңілім орнында болмады. Жаныма бір нәрсе жетіспей тұрғандай, боксты сағына бердім. Ол кезде өзім бокс мектебінде жаттықтырушы болып жүрдім. Бірақ, жаттығып жүрген қыздардың көзінен от көрмедім. Мен жұдырықтасып жүргенде көзімізде от болатын. Сөйтіп, өзім рингке қайта оралып, оларға үлгі бергім келді. Олжас менің жанымды түсінді. Бірақ, атам мен апама айта алмай жүрдім. Дегенмен, бір күні жазушы атам, апам екеуі үйге келгенде мақсатымды айттым. Қайын атам қуанып, қолдады. «Олжас, енді сен Әйгерімді қолда» деп, боксшы баласына да ақылын айтты. Содан ел чемпионы атандым. Азия чемпионатында мұнан да жоғары медаль алуға болатын еді. Сәл әділетсіздік болмағанда, әрине. Бұйырғаны болар. Қайын атама, енеме, барша қазақ еліне, бапкерлеріме, боксшы жұбайым Олжасқа рақмет. Сіздерге мың алғыс. Қаншама тілек, қаншама ақ бата берілді. Алдағы арманым үлкен. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың анасынан да бүгінгі осы жиында бата алғанымды жақсылыққа баладым. Осынша шынайы көңіл, ақ баталардан соң, Алла қаласа алдағы байрақты додаларда алтыннан алқа тағамын. Осындай батадан соң алтын алмауға бола ма? – деді. Лайым ниетіне жетіп, тілегі қабыл болғай!

Аталған орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали Азия жүлдегері Әйгерім Сәттібаеваға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.

Есет Досалы

Aq jol. — 2024. — 28 желтоқсан.

Алаш абыройын асқақтатқан азамат

   Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындарының жалауы желбірегелі де он күннен асты. Дүбірлі додада спорт жанкүйерлері сүйінетін де, күйінетін де жағдайлар орын алуда. Байрақты бәсекедегі ең жарқын сәттердің бірі де бірегейі – дзюдошы Елдос Сметовтың қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атануы еді.

Апта басы әулиеаталықтар үшін көптен күткен қуанышты жаңалықпен басталды. Олимп шыңын бағындырып, қазақстандықтардың оң қолын жүрек тұсына қойып, Әнұранды ерекше толқыныспен шырқауына себепкер болған Елдос Сметов туған жеріне оралды. Ел мерейін асқақтатқан спортшыны жүздеген жамбылдық жанкүйер халықаралық «Алматы» әуежайынан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетіп, туған жері Әулиеата төріне салтанатпен сап түзеп алып келді.Ал шаһардың шығыс қақпасынан ел чемпионын күтіп алуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен спортшылар қауымы бастаған қалың көпшілік қатысты.

Елдос Сметов көліктен түскен бойда өнерпаздар әндерін әуелетіп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, ұлттық дәм ұсынды.Туған жерге табаны тиісімен халқының ыстық құшағына көмілген елдің еріне деген сүйіспеншілігі әр тұстан «Елдос!» деп ұрандатуынан-ақ байқалып тұрды. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев лебізін жеткізді. Тарихи алтын иегеріне ырысты елдің ақсақалдары да ақ батасын жаудырды. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Әбітайұлы ақжолтай тілегін арнай келе, өз сөзін:«Ұлысың қазақ елінің,Ел үшін көрмей сәт тыным.Жолымен Жақсылық ерімнің,Жарыстың алдың алтынын», деген жырмен түйіндеді.Бұдан соң төртжылдықтың басты додасында топ жарған жамбылдық жампоздың жеңісін ұлықтау мақсатында Жамбыл даңғылымен, Ы.Сүлейменов көшесінде шеру ұйымдастырылды. Мерейлі сәт Елдосқа арналған салтанатты іс-шарамен әрмен қарай жалғасты.

Тараз қаласындағы орталық стадионда Олимпиада чемпионының құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш ұйымдастырылды. Даңқты спортшыны көруге асыққан ағайынның қарасы қалың болды. Ауыл-аймақтан келген 15 мыңға жуық жамбылдық өз ұландарына қошемет білдіріп, құрмет көрсетті. Стадионның әр тұсынан «Елдос – чемпион» деп ұрандатқан көтеріңкі дауыстар үздіксіз естіліп жатты. Бір сәтте стадионның Төле би даңғылының бойындағы солтүстік қақпасынан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевпен бірге Олимпиада чемпионы Елдос Сметов кіріп келгенде жиналған жұрттың қошеметінен құлақ тұнды. Бұл – елім деген ерге көрсетілген шынайы құрметтің анық белгісі.Салтанатты сәтте ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Елдостың жарқын жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ екенін жеткізді.

– Біз бүгін баршамыз тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында еліміз тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл жеңіс жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақстандықтың мәртебесін асқақтатты. Ел баласы атанған Елдос Сметов дзюдо спорты бойынша тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Данқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан кейін бірде-бір қазақ баласы бұл биікті бағындырған емес. Араға 44 жыл салып Елдос Сметов қазақтың осы арман-мақсатына қол жеткізді.Осылайша, Елдос өз жанкүйерлерінің сенімін ақтады.Жалпы әлемдік ареналарда қазақ елінің намысын қорғаған саңлақ спортшылардың дені осы Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан. Олимпиада чемпиондары – Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Болат Жұмәділов, Болат Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаровтар алты Алаштың абыройын аспандатқан ел мақтаныштары. Осы сәтте Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы дегім келеді. Сондай-ақ, қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген палуандардың астанасы десек қателеспейміз.Қазақ спортының, Жамбыл жерінің даңқы артып, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін! Спортшыларымыздың келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін спортшының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев сөз алып, қуаныштарын бөлісуге келген жамбылдықтарға алғысын білдірді.

– Париж төрінде өткен байрақты бәсекеде ел мерейін асқақтатып, көк туымызды желбірету үшін талай кедергілерден өттік, барымызды салдық. Бүгін міне, туған жерге оралып, өздеріңізбен бірге жеңіс тойын тойлап жатырмыз. Осы тұста барлық Әулиеата жұртшылығына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Жерлестеріміздің қолдауын жарыс кезінде қатты сезіндік, – деді Ғ.Жылгелдиев.

«Ер кезегі үшке дейін» деген нақыл сөздің текке айтылмағанын дәлелдеген спортшы бұл жеңістің барша халыққа ортақ екенін айтты.

– Бұл – Қазақстан үшін өте маңызды жеңіс. Еліме алтын медаль әкелу үшін қаншама жыл тер төктім. Өткен екі Олимпиадада күміс, қола жүлдеге қол жеткіздім. Бір сәттерде алтын алатыныма сенімім азайып, үмітім сөніп бара жатқандай сезімде болғанымды жасырмаймын. Бірақ бәрібір берілмедім. Күн сайын жаттығып, арманыма қол жеткізу үшін барымды салдым. Төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде еліміздің туын желбіретіп, Әнұран шырқату басты мақсатыма айналды.Бізге сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс! Сондай-ақ бізді қай кезде де қолдап, жігерлендіре білген спорт саласының өкілдеріне, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығына үлкен рақмет айтқым келеді. Менімен бірге соңына дейін күрескен бапкерім Ғалымжан Жылгелдиевке, спортқа деген махаббатымды оятқан алғашқы жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлға айрықша алғысымды айтамын.

Париждегі жеңісім күреске, әсіресе дзюдоға қызыққан жас жамбылдықтарды жігерлендіре түседі деп сенемін. Жамбыл өңірінен әр төрт жыл сайын Олимпиада чемпиондары шығуына шын жүректен тілектеспін. Топырағы киелі Әулиеата жерінен спорт тарихында есімі алтын әріптермен жазылар, қазақ халқының мерейін асыратын талай спортшы шығады деп үміттенемін, – деді Е.Сметов.

Әсерлі кеште облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оғланға су жаңа «Lexus LX 600» маркалы автокөлігі мен Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, чемпионның жеке бапкеріне де «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік пен облыс орталығынан 2 бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табысталды.Салтанатты іс-шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Жамбылдықтардың қуанышын бөлісуге келген «Алашұлы» тобы, Серік Ибрагимов, Төреғали Төрәлі,    Ернар Айдар, Аdam, Тұрар, Kalifarniya көпшілік алдында өнер көрсетіп, кештің шырайын кіргізе түсті. Жамбылдықтардың делебесін қоздырған іс-шара ғаламат отшашумен аяқталды.

Ақтоты Жаңабай

Arai. — 2024. — 7 тамыз.

Алаш атын АҚШ-та аспандатқан Бекзат

Қазақ қазақ болып жаралғалы бері қандай да болмасын той-думандар балуан күресінсіз өтпеген. Әрине, атадан жалғасқан өнердің туын құлатпаған Жамбыл жері – білекті балуандар мен апайтөс алыптар мекені. Оған кешегі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен үш мәрте ел барысы атанған Бейбіт Ыстыбаевтар дәлел.

 Міне, осындай киелі өлке мәртебесін биіктеткен жампоздар жолын жалғаған жас спортшының бірі – Бекзат Жұманәлі. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында Алаштың атын аспандатып жүрген. Бекзаттың 2 жасында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Көне шаһарға қоныс аудару алғыр азаматтың алдағы өмір жолында үлкен белестерді бағындыруға септігін тигізген екен. Себебі 2013 жылы Бекзат бозкілемде талай талантты жастың жұлдызын жаққан, белгілі жаттықтырушы, бүгінде облыстық полиция департаменті «Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ» инспекторы болып кызмет атқаратын Нұрхан Сегізбаевтың шәкірті атанады. Алғашқы ұстазының айтуынша, Бекзатты бір көргеннен оның көзінен болашақ чемпион өсіп келе жатқанын байқапты.

– Ол жастайынан өте еңбекқор болды, күресті жан жүрегімен жақсы көрді. Жаттығу залына ерте келіп, кеш қайтатынын, білмегенін сұраудан жалықпайтынын күнделікті байқап жүрдім. Өмір болған соң сүріну мен құлау, жеңіліс мен жеңіс қатар жүреді ғой.

Біздің Бекзат – намысшыл жігіт. Сол намышылдығының арқасы ғой, мектеп қабырғасында оқуын жалғастыра жүріп талай белестерді бағындырды. Атап айтсам, менің қолымда жаттығу жасап жүріп, жасөспірімдер арасында республикалық, халықаралық жарыстарды ұтты. Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Спорт шеберіне кандидат атағын алды. Жастар мен ересектер арасына өткеннен соң, Жамбыл облысының аға жаттықтырушысының қолында жаттықты. Сол уакыт аралығында жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері болып, «Спорт шебері» атағына қол жеткізді. Сөз басында «ол өте намысшыл» деп айттым ғой, сол намысы оны әлі талай биік шыңдарды бағындыруға жетелейді, – дейді алғашқы ұстазы Нұрхан Бақтиярұлы.

Біз де мұхиттың арғы жағындағы бауырымызбен тілдескенімізде, ұлтына, мемлекетіне адал азамат екеніне көзіміз жетті. Мектепті тәмамдаған соң жаттығуын жалғастыра жүріп, 2016-2020 жылдары шаһар төріндегі «Парасат» колледжіне оқуға түседі. Оқуын үздік бітірген ол 2020 жылдың желтоқсан айында Астанадағы 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әңгіме арасында Бекзат әскерге барудан жалтаратын жастарға қарата өз пікірін білдіріп: «Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті міндеті болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы», – дейді ол.

Әскери борышын абыроймен атқарып, АҚШ-қа аттанған азамат қазіргі күнде Юта штатындағы Utah Valley University университетінде жаттығу жасайды. Кеудемізге қуаныш ұялатқаны қарапайым қазақ баласы сол елдегі аталған оқу орнындағы күреске бейімі бар студенттерді Америка чемпионатына дайындап жатыр екен. Бекзаттың басты арманы – Америка Құрама Штаттарындағы жаттығуын аяқтаған соң Әулиеатаға оралып, ел біріншілігін ұту.

– Әр спортшының арманы – әлем чемпионы атану, олимпиадада өнер көрсетіп, биік шыңнан көріну. Менің де арманым осын-дай – туымызды көкке көтеру. Әр спортшының артында мықты жаттықтырушы тұрады. Ол шәкіртін баптап қана қоймай, екінші әкесі ретінде қамқор болып, бар білгенін үйретеді. Бірлескен жұмыс істелсе, нәтиже де болады. Спортшының өзі де еңбекқор болуға тиіс. Осы орайда алғашқы жаттықтырушым Нұрхан Сегізбаев, одан кейінгі ұстаздарым – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ғани Назымбеков пен Әділет Сарыбаев ағаларыма айтар алғысым шексіз, – дейді Бекзат Жұманәлі.

Ат болатын құлынды мүшесінен танып, баптаған осындай ұлағатты ұстаздарының арқасында Бекзаттың бағындырған биіктері аз емес. Айталық, 2022 жылы еркін күрестен 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпиондары арасындағы дүбірлі додада 86 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бекзат Жұманәлі финалда ғана есе жіберіп, күміске қол жеткізген болатын. Ақмешіттегі айтулы жарыста жерлестеріміз екінші орынға табан тіреп, Әулиеатаға абыроймен қайтқан еді. Сонымен қатар 2022 жылы Болгарияның София қаласында өткен жарыста екінші орын еншілесе, сол жылы Таразда еркін күрестен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық турнирде де күміспен күптелген еді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Америка Құрама Штаттарында өткен «American open» халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған болатын.

Тәуелсіздік таңы атқалы талай жамбылдық балуан еліміздің атағын аспандатып, Әнұранымызды әлемнің ең биік мінбелерінде шырқатты. Осындай ардақты азаматымыздың бірі Бекзат Жұманәлінің жеңісті жорығы жалғаса береді деп сенеміз.

 Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Jambyl-Taraz. — 2024. — 24 қаңтар.

Күләш ақынның киноға қосқан үлесі

немесе Виктор Цойдың екі әнінің мәтіні қалай тәржімаланды?

    Қай елде болсын кино өнерінің алар орны ерекше. Расында да мән-мағынасы зор фильмдердің беретіні көп. Халыққа сапалы да саналы дүние ұсыну үшін кино саласы алдымен талантты да білікті мамандарды әрі үлкен дайындықты талап ететіні белгілі. Одан кейін жарыққа шыққан кинофильмдерді саралайтын да, бағалайтын да осы салаға қатысы бар шынайы сыншылар мен патша көңілді көрермен. Ал, әрбір жақсы фильм режиссер мен актерлардың ғана емес, бір кісідей атсалысқан студия ұжымының да еңбектерінің нәтижесі мен жемісі.

      Бірақ, қашан және қай тақырыпта түсірілген фильмдер болсын ғұмырларының ұзақ не қысқа болатыны уақыттың еншісінде.

Өзіміз көріп жүргендей мән-мағынасы тақырыпқа сай келіп, картинаның ажарын аша түсетін әндер орындалатын кинолар аз емес. Сондай тұщымды туындылардың бірі – қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың  «Ине» («Игла»)  фильмі. Оның жарыққа шыққанына биыл 37 жыл болыпты. Яғни, 1988 жылы тұсауы кесілген. Бұл фильмде басты рөлді шеберлікпен сомдаған белгілі рок-музыкант, «Кино» тобының жетекшісі Виктор Цойдың «Звезда по имени Солнце», «Группа крови» деген екі әні шырқалып, көркем фильмді көркейте түседі. Содан да болар бұл фильмнің бірден көпшіліктің көңіліне жол тартып, бүгінге дейін көгілдір экраннан түспей келе жатқаны.

Орыс тілінде түсірілген бұл триллер-драма кинотеатрлар мен теледидардан алдымен орыс тілінде, сосын қазақ тіліне аударылып көрсетіле бастады. Жақсы әрі танымал кинолардың тізіміне енген аталмыш фильмді көрмеген жан жоқ шығар. Сондықтан оқырманды жалықтырып алмау үшін фильмге толығырақ тоқталғым келмеді.

   Менің негізгі айтқым келгені осы кинодағы жоғарыда аталған екі әннің де мәтінін қазақша аударған өз өңірімізден шыққан белгілі ақын Күләш Ахметова екен. Яғни бұл киноға жамбылдықтардың да үлесі бар деген сөз. Себебі, тума таланттардың туындылары халықтың ортақ қазынасы.

Мен осы жөнінде көпшіліктен сұрап көріп едім, қарапайым халықтың да, үлкенді-кішілі режиссерлар мен актерлардың да 99 пайызы бейхабар екен. Сондықтан мен Күләш Ахметованың еңбегі тасада қалып кетпеу үшін әрі кейінгі ұрпақ та біліп жүрсін деген ниетпен қолыма қалам алдым. Және бұл көптен бері көкейімде жүрген тақырып еді.

Дегенмен, осыны тағы бір анықтап алу үшін аталған дүниенің авторы Күләш апаға арнайы жолықтым. Ол кісі мәтінді қазақша тәржімалау жөнінде таңдау қалай түскенін әңгімелеп берді. «Ол жолдасым,  ақын Қайырбек Асанов екеуіміз бала-шағамызбен Алматыда тұрып, сонда жұмыс істеп жүрген кезіміз еді. Жасым 43-те болатын. Сонда маған «Қазақфильм»  киностудиясынан бір кісі (аты қазір есіме түспеді) хабарласып, Виктор Цойдың «Ине» фильмінде орындалатын екі әнінің мәтінін қазақша аударып беруіме өтініш жасады. «Лажы болса жылдамырақ, дәлірек айтқанда бір-екі күнде. Себебі үш-төрт күннен кейін қазақша дыбыс жазамыз» деді. Маған дейін екі-үш ақынға айтқан екен. Бірақ олардың уақыттары болмады ма, әлде аудару қиынға соқты ма, әйтеуір жауапсыз қалыпты. Оның үстіне ол кезде ақындар көп емес еді ғой.

Сосын мен барымды салып, айтқан уақытында аударып бердім. Еңбегіме ақы да сұраған жоқпын. Олар мәтінді алуға келгенде көңілдерінен шыққандарын айтып, ризашылықтарын білдірді де кішігірім сый-сияпаттарын жасады.

Мен қазір сексеннің сеңгіріне шығып отырмын. Міне, содан бері аз жыл өтпепті. Зымырап өтіп жатқан өмір-ай…» деп Күләш апа сол шақтарды тағы  бір есіне  алды да, сәл үнсіз отырып қалды. Сосын маған екінің бірі біле бермейтін бұл мәселені ескеріп, көпшілікке жария еткенім үшін ризашылығы мен  алғысын білдірді де, сәттілік пен толағай табыстар тіледі. Сексен деген аз жас болмаса да, мен де «Күллі қазақтың Күләші» атанған ақын апамызға рахмет айтып, Жамбылдың жасын тіледім.

Міне, бұл шығарма иелерінің біз біле бермейтін бір ғана дүниесі. Ал өнердің қай саласында болсын еңбектерін білгенімен есімдерін де,  өздерін де ел біле бермейтін авторлар қаншама. Сондықтан арзан дүниелер мен өресіз өнерпаздарды жарнамалап, ертелі-кеш солардың ғана аты-жөндерін  хабарлай бергенше алдымен солардан биік тұратын авторларды біліп жүрсек, кейінгі ұрпақтың алдында ұятқа қалмасымыз анық.

Бақытжан Әліқұлов,  ақын-журналист

Ar-Ai. — 2025. — 12 қыркүйек.

Халық батыры хақындағы жаңа кітап

     Даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы күні қарсаңында Алматының «Мирас» баспасынан шыққан «Бауыржантанудың тұнығы мен тұңғиығы» атты шағын жинақ оқырман қолына тиді. Кітаптағы эссе де, естелік те, көлемді сұхбаттар да соңғы 10 жыл көлемінде «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген дүниелер.

 

«Бостандық аралы бас иген Батыр» атты эсседе КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті Сыртқы-құпия барлау комитетінің ардагер-полковнигі Александр Пепелев баяндаған бұған дейін тарихи құжаттарда  тіркелмеген қызықты деректерге тап боласыз.

– Мен сол кезде атқарып жүрген әскери құпиялық қызметіме сәйкес Мәскеуден Гаванаға аттанатын кеңестік делегацияның құрамына кәсіпорын­ның қатардағы инженері (Новосібір) санатында енгізілдім. Атқаратын мін­детім  айқын, ол – Бауыржан… – дейді қарт агент-полковник. – Бауыржан Момыш­ұлын кубалықтар әуежайда тай­лы-таяғы қалмай тік тұрып, ерекше қошеметпен қарсы алды. Кеңестік деле­гацияның құрамында КСРО-ға танымал кісілер көп. Бірақ азаттық аралы жұртының Момышұлына деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Гагаринге ғана осындай құрмет көрсетілген. Ерекше салтанатпен он күннің өткенін білмей қалыппыз. Кубаның әскери­лері елдің қорғаныс министрі Рауль Кастро бас болып, даңқты қолбасшының Бостан­дық аралында тағы да 20 күнге алып қалып, дәрісін тыңдау жөнінде мәселе көтерді. Халықаралық дипломатия­лық хаттама бұзылмауға тиіс, «елге қайтамыз» деп оған алғашында мән бермегенбіз.

КСРО мен АҚШ арасындағы Куба­ға қа­тысты 1962 жылғы қазандағы «Кариб дағдарысына» жыл толған. «Бақы­лауымдағы» Момышұлын сондай әлем­дік дағдарыс тұрақтанбай жатқанда шетелде қалдырып, делегациямен елге қайттым. Мәскеудегі комитеттегілер маған шүйлігіп қатты «қиғылық» салды. Менің қолымнан не келеді: Хрущев пен Фидель Кастро солай шешіпті. Кейін естігенім, Момышұлы: «20 күн қала алмаймын, он күн қоссаңыздар жетеді, аяқталмай қалған дәрісімді оқып, тәжірибемді командирлермен бөлі­сіп үлгеремін» деп табандап тұрып алыпты, кубалықтар көніпті.

Құпия-барлаушы полковник Пепе­лев өзі қатысқан, ұлт батыры Бауыр­жан Момышұлының Куба сапары оқиғаларын осылай түйіндейді.

Бауыржан Момышұлы 1963 жылы «Бостандық аралына» аяқ басқанда 53-те, Фидель Кастро – 37-де, Че Гевара – 35-те, Рауль Кастро 33 жаста екен. Даңқты әскери қолбасшыдан дәріс тыңдап, нағыз соғыс тактикасына қанығып, қана­ғат­­танған кубалық әскерилер сол жолы Кеңестің атақты коронелін (полков­нигін) – Бауыржан Момышұлын  Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 53-дивизиясына құрметті командир етіп сайлайды…

Кітапта аты аңызға айналған Халық батырының бейбіт қоғамдағы, сұрапыл соғыстағы, жеке өміріндегі оқырманға бұған дейін беймәлім болып келген алуан-алуан өте қызықты тың деректер баршылық.

Айтпақшы, кітаптың аңдатпасы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың «Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қа­шанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіліктің символы болып саналады… Біз ұлтымыздың айбыны мен айбарын асқақтатқан Қаһарманның рухына тағзым етіп, есімін ел жадында мәңгі сақтауымыз керек. Бұл – бүгінгі буынның да, болашақ ұрпақтың да  перзенттік борышы» деген алғысөзімен басталады.

Кітап авторы «Egemen Qazaqstan» газе­тінің ардагер-журналисі Талғат Сүйін­бай, редакторы – «егемендік» ардагер, жа­зушы-журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы.

Эльвира Серікқызы

Egemen Qazaqstan. – 2025. – 26 желтоқсан.

Сертке соққан семсердей Сарбас ақын

    Ноғайбай Дәулетбақұлы – қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Шу өзенін тел емген қазақ-қырғызға аты мәшһүр тұлғаның жанында небір жайсаңдар болғаны тарихтан мәлім. Қазіргі таңда Ноғайбай туралы кітап шығып, көптеген мақалалар жарияланды, жарияланып та жатар. Дегенмен, осындай ірі тұлғалардың жанында жүрген үзеңгілестері жайлы, солардың ішіндегі орақ тілді Сарбас ақын туралы айта кетуді жөн санадым.

Сарбас Майкөтұлы өз заманының арда туған от ауызды, орақ тілді дүлділ ақыны. Ол Жетісу облысы, Верный уезі, Қордай болыстығының №2 ауылының (Мәтібұлақ) маңындағы Долаңқара елді мекенінде 1849 жылы дүниеге келіп, 1911 жылы дүниеден озған. Азан шақырып қойған аты – Тілеулі, түр-түсі сары адам болған соң ел оны Сарбас атап кеткен. Ақындық қуаты жағынан Сарбас өз тұсындағы майталман сөз шеберлерінің көбінен басым болған. Оның өлеңдері өткір, батылдығымен қатар өрнек-айшығымен де, тапқырлық-ұтқырлығымен де ерекшеленген. Шешелері өліп, жетім қалғаннан кейін нағашылары Тілеуліні алып кетеді. Ол – Ұлы жүз ақындарының көбінің ұстазы болған Қабан жыраудың жиені. Жетісу өңіріне танымал атақты Кебекбай шешеннің мектебінен өтіп, оны өзіне ұстаз санап, жыр-толғаулар айту тәсілін үйренген. Кебекбай шешеннің шәкірті, замандасы Ноғайбай бимен бірге қырғыз-қазақты аралап жүріп айтыстарға қатысқан. Верныйдағы Ноғайбай мен Қожамберді ұйымдастырған Жамбылмен айтысында Сарбас өзін Майкөттің сегіз ұлының бірімін деп таныстырады.

Сарбас: …Мен Майкөттің сегіз ұлының бірі едім,

Мен сендейдің бәрін де жаншып тастап жүр едім.

Шақыртқан соң мыналар,

Бұл жиынға кеп едім,

Жасы үлкен ағаңмын,

Осал жерден шықты демегін… – деп және жасы үлкендігін тілге тиек етеді.

Жамбыл болса :

Алматы деген шаһарда –

Би-болыстар жиналып жатқанда…

Ноғайбай мырза шіренген,

«Домбыра алған бұл кім» деп,

Теріс көзбен қарады.

Танып тұрып, танымай,

Екі көзі жеп барады.

Түрімді көріп Ноғайбай,

Деді кекеп: – Шошыма.

Өңкей дәудің қасында.

Сөйле, кәне, мұңаймай!… – деп Ноғайбай биді шіренген мырза екенін жырлап, өзінің орақ тілімен түйреп өтеді.

Сарбас ақынның даңқын шығарған оқиғалардың бірі ақын Абайға жөн-жосық айтуы. Ноғайбай би мен Сарбас ақын бастаған топ Верныйдағы Құнанбайдың туысы саудагер Мерқасымның үйіне түседі. Абай ақын демалып жатса керек. Ноғайбай оны Сұлутөрге келіп қонақ болуын, Ақмай жеңгесін көріп қайтуы жайында айтыпты. Ықылас-пейіл білдірген Ноғайбайдың сөзіне құлақ қойып, ойланып қалған Абайға Сарбас ақын қолма-қол домбырасын қолға алып: «Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбайды, Тобықты Ырғызбайлап ұрандайды… Бармаған шақырғанға зар болады, Құрметпен барған қонақ ұялмайды» – дегенде жиналып отырған игі-жақсылар Сарбастікі дұрыс деп шешім қабылдапты. Пәтуәлі, жөн сөзге тоқтаған Абай ақын Сарбасқа күле қарап: «Рахмет, барсам барайын, халық шақырған жерден неге қалайын?!» – деп шақыруын қабыл алып Сұлутөрге келген.

Көз көргендердің әңгімесі бойынша, ақынның өлең айтарда, айтысты бастарда өз құлағын өзі бұрап, айғайлап бастайтын ерекше әдеті болған. Ол әдетті ол Қабан ақыннан үйренеді. «Нағашым Қабан өз құлағын бұрамаса, аузына өлең түспейді екен», – дейді Сарбас ақын. Кейіннен Сарбастың сол әдеті әрі шәкірті, әрі туысы ақиық Кенен ақынға көшкен.

Сарбас Майкөтұлының есімін елге кеңірек танытқан жоғарыдағы атап өткен Жамбылмен айтысынан бөлек, Қалмырза, Қуандық, Еркебай, Өзипа және Күлзипамен болған айтыстары.

Еншісі бөлінбеген қазақ және қырғыз халықтары ежелден-ақ аралас-құралас өмір сүрген. Екі елдің көптеген ақындары той-жиында өзара айтысқа түскені тарихтан белгілі. Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстарына тән бір ерекшелік – қысқа да нұсқа сөз жарыстыру салты болған. Осындай қысқа айтыстардың бірі – қазақ Сарбас бен қырғыз Қалмырзаның айтысы:

Алматынын боорунда,

Сары нар чөктү билдиң би?

Узун агач башына,

Ак қус қонду билдиң би?

Жер ортасын мөлшер қып,

Тузак курду билдиң би?

Ээсиз жаткан көп жылкы,

Бирин кармап миндиң би? – деп көпті көрген Қалмырза ел басындағы ахуалды Сарбасқа ұқтырады. Сарбас домбырасын қағып-қағып жіберіп, әріптесіне жауап беруді былай бастайды:

«Алматының бауырына,

Сары нар шөкті дегенің –

Балдыр-бұлдыр сөйлеген,

Адам тілін білмеген,

Шапанында жаға жоқ,

Етігінде таға жоқ,

Өңі сары, көзі көк,

Адам білер сөзі жоқ,

Қала салып көшпеген,

Мына бір орыс болмасын…

Ұзын ағаш басына,

Ақ сұңқар қонды дегенің –

Қарағайдың басында,

Ақ шынысы болмасын.

Жер ортасын мөлшерлеп,

Тұзақ құрды дегенің –

Дүрбіменен қараған,

Шашыла айтып санаған,

Бір қисығы болмаған,

Телеграф сымдар болмасын».

Сарбас пен Қалмырзаның осы сөз қағысуынан айтыстың мәдениетін сезіну қиын емес. Бұл сөз сайысында отаршылдық дәуір өмірге әкелген жаңалық-өзгерістер айтылады. Одан ары Қалмырза Кенесары мен Наурызбайды тілге тиек етеді, Сарбас болса жауап ретінде екі елдің татулығы, бірлігі жайлы айтады. Негізі, аталмыш айтыс сұрақ-жауап ретінде рет-ретімен жұмбақталып төгіле береді, шабыттанған екі ақын арғы-бергі тарихтан сөз қозғайды. Нәтижесінде, осы айтыстың өтуіне себепкер болған Кебекбай, Ноғайбай, Шәбден сынды және басқада қазақ пен қырғыздың жайсаңдары айтысты тамашалап ырза көңілмен тарасады.

Сарбас Майкөтұлының шоқтығы биік айтыстарының бірі – Қуандық ақынмен айтысы. Аталмыш айтыс Шу бойында ысты Қаржау байдың асында өтеді. Үлкен асқа жан-жақтан қазақтың игі жақсылары шақырылып, жиналады. Оған атақты Кебекбай мен Ноғайбай шешендер бастаған бір қауым ел келеді.

Бұл айтыста Сарыбас елінің, жерінің, байлық-салтанатын дәріптеп, жалынды, ұтқыр сөздерімен өрнектеп жырлайды.

Айтыс өнерінің дүлдүлі Сарбас ақынның қайсы айтысын алсаңыз да ол еркін көсіледі. Ой-қиялға суарылған нағыз тапқыр сөздер, айшықты, нақышты оралымдар, гауһардай құбылған сырлы, нұрлы сөздер түнгі аспандағы сансыз жұлдыздай төгіледі. Мысалы, Күлзипамен айтысына тоқталатын болсақ:

…Ақ тікен, қара тікен кей жерде бар,

Біреу бай, біреу кедей пенде де бар.

Бетіме кедейлікті салық қылдың,

Қарыс жер қақыраған сенде де бар – деп Сарбас ақын тапқырлық танытады.

Ел арасында Сарбас ақынның құрдасы Жолдықараға, Байқара молдаға, Ақатай болысқа, Қоштасу атты өлеңдері сақталған. Ақынның қоштасу өлеңіне келетін болсақ, 1911 жылы атақты үзеңгілес серігі Ноғайбай бидің асы боларда Сарбас науқастанып жүреді. Сонда да өмірінің ең бір естен кетпес қызықты, шуақты шақтарын бірге өткізген жолдасының асына барып қайтуға белін бекем буып жолға шығады. Сұлутөрге барар жарты жолда денсаулығы сыр беріп, ағайындары Мәтібұлаққа кері алып қайтады. Сондағы үйге келіп, ішқұса болған Сарбас ақын қара домбырасын қолына алып:

Атандым талай елге Сарбас ақын,

Қазақ қырғыз тұз-дәмін талай таттым.

Кеселдің кесірінен амалым жоқ,

Жиынын Ноғайбайдың көрмей қайттым…

Тоқсейіт, Былғақбай мен Пішенбайым,

Қорабай аман болғын, Мұқатайым.

Бәріңе белгілі ғой менің жайым,

Жетімнің біле жүргін хәлін, жайын.

Бұлағың ағып тұрған тартылды енді,

Сен-дағы хош боп тұрғын алған жарым.

Бұл жайды Кебекең де білген шығар,

Ноғайбай да күдерін үзген шығар.

Барайын мен соларға сәлемдесіп,

Сағынып дауысымды жүрген шығар, – деп домбыраның үніне қосып жырлайды.

Осы «Қоштасу» жырына қарағанда Сарбас ақын бұрындары айтылып жүрген 1914 жылы емес, 1911 жылы қайтыс болған. Себебі, Ноғайбай Дәулетбақұлы архив құжаттарына қарағанда 1910 жылы қайтыс болып, асы 1911 жылдың жазында өтеді. Асқа жете алмаған Сарбас осы жырды жанынан суырып, жарыққа шығарады.

Жандарбек Қарабасов,  

  Aq jol. — 2024. – 22 тамыз.

Менің сені тапқаным қандай бақыт!

   Әрбір шығармашылық адамының өзіне тән дара, даңғыл жолы бар. Әркім өзінің шығармашылық әлеуетін әрқилы көрсетіп жатады. Бір қарағанда, кез келген ақынды айшықтап, бөлектеп тұратын өлеңдері бар болғанымен, кейде біз өмірде де, шығармашылық айдынында да қатар жүзген жұпты бір-бірінен бөліп жара алмаймыз.

     Алаштың аймаңдай ақыны Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова Таразға қоныс аударғанда, жастармен бірге біз де сәлем беруге, үлкендердің батасын алуға шаңырағына бас сұғып жүрдік. Отасқандарына жарты ғасыр болған жұптың бір-біріне деген құрметі, ізеті, мейірімі бізге де көктегі күндей шуағын шашатынын сезінетінбіз. Сонда ғой, ескірмейтін махаббат дегеніміз осы-ау сірә, деп тарқасушы едік.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Қайырбек Асанов әлі күнге дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Қасиетті поэзияға берген сертінен таймаған айтулы ақынның 2023 жылы «Абай» баспасынан жарық көрген «Ай мен күннің сәулесі» атты жыр жинағын оқып отырып, сүйегіне сөз қонған қаламгердің жазары таусылмағанына тағы да көз жеткізгендей болдық.

Бірнеше тараудан тұратын жаңа жинақтың алғашқы бөлімі «Саған ғашық жүрекпен» деп аталады. Жүрегі ғазал жыр үшін жаралған ақын бірінші бөлімінде жан-жарына деген сарқылмас махаббатты қара өлеңмен әдіптеген. Сезім пернелерін дөп басқан ақын жырлары адам жанын жылыта түседі. Төрт аяғын тең басқан тармақтар жағалауда тұрған кісі жүрегін бірде махаббат аралына, бірде махаббат айдынына тартатын магниттік күшке ие ме дерсің.

«Сен жайлы ән, жаным-ау, салатыным,

Сен жүрген жер жайқалып баратыным.

Сен болмасаң өмірде

Білесің бе?

Жан-жарыңның қайғырып қалатынын.

Жүргенің де әдемі шәй қайнатып,

Жыр оқисың, өмірді, елді ойлантып.

Барлық байлық, мансаптың керегі жоқ,

Менің сені тапқаным қандай бақыт!», дейді ақын «Сен екеуміз» деп аталатын өлеңінде ағынан ақтарылып.

Осы өлеңдегі тармақтарға қарап отырып-ақ, ақынның аяулы жарына деген сезімінің сарқылмайтынын, махаббатының мәңгілік екенін бағамдау қиын емес. Сырдың суын кешіп жүріп ержеткен ақынның Талас жағалауында өскен жан-жарына деген құрметі қашан да бөлек екеніне иланасың. Жарты ғасырдан бері жүрек отының сөнбегеніне, мәңгілік музасына деген адалдығына тәнті боласың.

«Сен қуансаң,

Мен де қатты қуандым,

Сен ұялсаң,

Мен де қатты ұялдым.

Екеумізге күн де, түн де ортақ қой,

Соңындамыз екеуміз бір қиялдың.

Біреулер жүр сыртымыздан сөз етіп,

Қате басқан кезімізді күзетіп.

Бәріне де шыдаймыз-ау,

Тек қана

Кетпесе екен абайсызда көз өтіп», дейді ақын тағы бір өлеңінде жарына деген жан жылуын өлеңімен сездіріп.

Жанарынан мейірім нұры себезгілеген ақын ешкімге кінә артқысы келмейді. Жүрегіне ауыр жүк арқалауға да зауқы жоқ. Өйткені ол үшін ең ауыр жүк — қасиетті қара өлеңге деген адалдық. Поэзияға деген тазалық оны әлдекімдердің қисынсыз әңгімесіне бас ауыртуына мүмкіндік бермейтінін аңғару қиын емес. Әйтсе де, сырт көздің сыпсың әңгімесі кеудеде дамылсыз соққан жүрегін әредік болса да сыздататыны ақиқат. Өйткені ақын жүрегі қылдан да нәзік емес пе?

«Бір биіктен бір биік алқындырып,

Өмір сүргің келеді халқыңды ұғып.

Ауыртпалық басса да бар еңсені,

Жайдары боп жүресің, жарқын күліп.

Айналдырып кейбіреу мазағына,

Дақ салады кіршіксіз таза арыңа.

Құрбаны боп кетейін өзім ғана,

Ауыртпалық түспесін қазағыма», деп жырлаған ақынның ұлтын, қазағын шексіз сүйетініне ешкімнің таласы жоқ.

Қайырбек Асановтың қара өлеңге, қазағына деген адалдығы қай кезде де менмұндалап тұрады. Төңірегін түгендеп жүретін ақынның жанарынан төгіліп тұратын шынайы мейірім кейінгі буынның жанын жылыта түседі. Өлеңін өмірім деп түсінген қаламгердің жазбаған жыры әлі көп. Өйткені оның жүрегінде махаббат, мейірім, құрмет деген ұғымдар қатар өмір сүріп жатыр. Ғұмырын поэзия бәйтерегіне байлаған ақынның өлеңсіз өмір сүруі мүмкін емес.

Табиғат Мұсылманқұл

Egemen Qazaqstan. — 2025. — 25 ақпан.

Болат қимас сезімін, сазды сағынышын қалдырды

Болаттың бала кезіндегі бейнесі менің есімде алыстағы ауыл мектебінің оқушысы кейпінде елес береді.

Жамбыл облысы, Талас ауданында Талас өзенінің орта ағысы бойында Амангелді ауылы тұр. Сулы, нулы жер. Жаз бен күзде басқа ауылдардың айналасы сарғайып кеткенде, Амангелдінің айналасындағы шабындық жер, жайылым күзге дейін көгеріп жатады. Ауылдың астында жерасты теңізі бар деседі. Ортасында алып құдығы бар. Суы тұщы. Шығысындағы ауылдар суды сол құдықтан су құбыры арқылы алады. Батысында – Ойық ауылы, шығысында – Шәкіров ауылы. Ауылдың маңдай алдын ала солтүстік батысқа қарай Талас өзені өтеді. Арқасында құм мен шөл, Бетпақдала. Ауылдың арқалығында Амангелді газ кеніші бар. Амангелді газы аймақтағы бүкіл елді мекенге от беріп, жылу мен қызу таратады.

Амангелді кезінде дәулеті асып-тасыған бірнеше колхоздың бірігуі нәтижесінде құрылған: Талды ауыл, Ынтымақ, Шаруашылық, Амангелді. Ынтымақ пен Шаруашылықтың орнында ерте замандарда үлкен қалалар болған. Ынтымақтың түбіндегі Тайтөбеге байланысты ертеден жеткен түрлі аңыздар бар. Тайтөбенің солтүстік-шығыс іргесіндегі Шаруашылықтың орнында болған көне қала Кенжек деп аталған. Осы өлкемен ХІІІ ғасырда Француз королі Людовик ІХ жіберген елші Гильом де Рубрук жүріп өтіп, жазбаша деректер қалдырған. Талас пен Кенжек арасындағы байтақ далада 568 жылы Естімі (Ыстымы) қаған Византия елшісі мен Парсы елшісін қабылдап, әскери көрініс өткізген…

1968 жылы мен осы өңірдегі іргелі ауыл Амангелді мектебіне бастауыш cынып мұғалімі болып келдім. Алғашқы жылы екінші сынып оқушыларын, екінші жылы бірінші сынып оқушыларын оқыттым. Мен мұғалім болып келген жылы Болат 4-сыныпта оқитын сияқты еді. 10 жас шамасында болу керек. Ата-анасының байырғы мекені – Ынтымақ, Тайтөбе. Оқу жылының басынан аты-жөні де, түр-түсі де мұғалімдердің көзі мен көңілінде жатталып қалған оқушылар болады. Солардың бірі – Болат еді. Ойлауында да, сөйлеуінде де, түр-түсі мен жүріс-тұрысында да еркіндік, ерекшелік бар. Онысы өзінің бойына жарасымды. Мұғалімі – бізден аздаған үлкендігі бар кісі. Болат мектепте сол мұғалімін тыңдайды, басқа мұғалімдердің сөзіне құлақ аса қоймайды.

Ауылда екі жыл мұғалім болып, Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға кеттім. Оқу бітірген соң, сонда қалдым. Жылдар өтіп жатты. Көп жылдардан кейін Болатты осы университетте көрдім. Жазғы сессияның кезі. Журналистика факультетінде сырттай оқитын студенттерден «Әдебиет теориясы» пәнінен емтихан қабылдап отырғанмын. Алдыма бір сырбаз жігіт келді. Фамилиясы Болат Бекжан. Емтиханын жақсы тапсырды. Емтиханын тапсырған соң білгенім: Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітірген, актер, режиссер, мәдениет үйінің директоры, ақын, жазушы, драматург, журналист, сатирик, сазгер екен. Аздан соң бұл жігіттің Амангелді мектебінің баяғы ерекше, еркін оқушысы Болат екенін білдім. Мектепте менің есімде қалған аты-жөні Болат Үмбетәлиев болатын. Мектептегі аты-жөнін Болат Бекжан деп өзгертіпті. Алдымдағы студенттің өзім ұстаздық еңбек жолымды бастаған Амангелді мектебінің бір кездегі кекілі желбіреген, құлындай шапқан елгезек оқушысы екенін білгенде, емтиханда көрсеткен білімі үшін «Жақсы» емес, «Өте жақсы» деген баға қоймағаныма өкінгендей едім. Студентім «Жақсы» деген бағаға разы екенін айтып, отырған орнынан жадырап көтерілді. Сонда бойына, ойына қарап: «Жайсаң жігіт болып өскен екен», – деп сүйінген қалыпта қалып едім.

Болат университетті ойдағыдай бітіріп, ұлттық университеттің классикалық білім бағдарламасын меңгерген білікті журналист, шығармашылық тұлға, азамат ретінде Тараз өлкесінің, Жамбыл облысының мәдени, рухани түлеуі, әлеуметтің қоғамдық санасының жаңғыруы, шығармашылық әлеуетінің өсуі жолында аянбай еңбек етті. Еңбек жолын Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрында актерлік өнерден бастап, өмірдің түрлі сыны мен сынағынан өтті. Ауылға барып, мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып, ауыл мәдениетін өсірді. Облыстық теле-радио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор бола жүріп, теле-радиожурналистиканың аузымен құс тістеген мықты майталманына айналды. Облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық-этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз жөніндегі хатшысы, облыстық «Ар-Ай» қоғамдық-саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарып, қоғамдық ұйымдармен, шығармашылық ұжымдармен, халықпен, әкімдік билік жүйесімен бірлесе қызмет етудің үлкен мектебінен өтті, өмірдің ыстығына да, суығына да төзді, шығармашылық еңбектің қыры мен сырына қанықты, өлкедегі белгілі шығармашылық тұлға, мәдениет қайраткері болып қалыптасты. Көптеген жылдар Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы Қазақ драма театрының директоры болып қызмет етті.

Облыстық драма театры – мемлекеттік мекеме, мекеме болғанда – мәдениет пен өнер орталығы. Театр сахнасындағы әр спектакль – ұжымдық өнер үлгісі. Ол синкретті. Онда сөз өнерінің, саз өнерінің, сурет өнерінің, ән өнерінің, би өнерінің алатын орны да, атқаратын қызметі де маңызды. Оларды театр өнерінің заңдылықтарымен ұштастырудың тылсым сырлары мен қырлары да аз емес. Ондағы әр актер – өзінше бір тұлға, өзгеше бір әлем. Оның тілін түсіну қиын, оған түсіндіру де оңай емес, оны алған бағытынан қайтару немесе дұрыс бағыт сілтеу – қиынның қиыны. Болат театр директоры ретінде осы қиындықтардың қилы кезеңдерінен өтті, әрқайсысы бір әлем болып жүрген өнер саңлақтарын бір кеңістікте бір мақсат жолында біріктірді, мәдениет, өнер саласындағы ұйымдастырушы әрі басқарушы, санаткер әрі қайраткер тұлға болып дараланды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауына сүйене отырып, театр ұжымын үлкен шығармашылық жетістіктерге жеткізді. Театр сахнасына шығарылған спектакль тасбұлақтың суындай сылдыраған керемет келісіммен жарасатын болды. Театр өнерлі, өнерпаз шығармашылық ұжым болып тұтасты, өзіндік болмысы бөлек, мақсаты биік, табиғаты таза бірбүтін өнер ордасына айналды. Өнер ұжымын мұндай биікке көтеру, мұндай бірегей тұлғаға айналдыру, театр сахнасын рухани жаңғыру, жаңару сахнасы деңгейіне көтеру өнерпаз өреннің, жан-жақты шығармашылық тұлғаның, мұраты биік, бағыты оң, мақсаты зор қайраткер азаматтың ғана қолынан келетін еді. Болат театр ұжымын бірегей шығармашылық тұлғаға айналдырды, театр сахнасын рухани жаңғыру мен жаңару сахнасы, арылу мен тазару сахнасы деңгейіне көтерді.

Болаттың алғашқы жинағы «Шымылдықтың арғы жағы» деп аталды. Сатиралық сарындағы жинаққа енген шығармалар оқиғасының шыншылдығымен, құрылым-жүйесінің шымырлығымен, кейіпкерлер бейнесінің анықтығымен, тіпті ірілігімен ерекшеленетін. Одан беріде оқырмандарына «Құс қанатындағы сағыныш» атты өлеңдер жинағын, «Бізбіз» және басқа да кітаптарын ұсынды. Алпыстың асқарына шыққан шағында «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен шығармашылық кешін өткізіп, алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін жасады.

Өңірдің белгілі ақын, жазушылары, журналистері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысып, ыстық лебіздерін білдірді. Шығармашылық кешке Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып, Шешеннің батыры, қазақтың ақыны, түркі әлемінің атақты азаматы Рафаэль Ниязбек ағасы, Қазақстанның халық әртісі, театр өнерінің көрнекті қайраткері, өнертану профессоры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов және мен келіп, игі тілектерімізді айттық. Шығармашылық кештің өн бойында құс қанатындағы сағыныштай бір әдемі, қимас сезім сазы тербеліп тұрды. «Құс қанатындағы сағыныш» ойландырды, толғандырды. Менің есіме ел аузында сақталған «Құс жолы» деген аңыз түсті. Тараз өлкесінің өзім жинап алған тау мен дала туралы мың аңызының бірі. «Ерте-ерте, ертеде», – деп басталады.

«Ерте-ерте, ертеде Талас өзенінің арнасы айдын шалқар көлдей шалқиды екен. Беті аққу-қазға толы екен. Кезі келгенде аққулар басқа жаққа ұшатын болыпты. Сонда алысқа ұшуға жарайтындары ұшып, алысқа ұшуға жарамайтындары қалмақ екен. Аққулардың ішінде көмекейінен күй төгілген бір өнерпазы болыпты. Күзде ол бір лек аққуларды бастап, алыс сапарға ұшады. Өзеннің үстін айнала ұшып, су бетінде қалғандармен қоштасып, ән салады, күй төгеді. Көктегілердің әні мен күйі өзен бетіндегілердің бойын балқытып, көңілін толқытады. Сонда өзен бетіндегі аққулар көктегі аққулармен бірге ән салып, күй төгіп, би билейді. Өзеннің бетіндегі аққулар мен көктегі аққулар бір-бірін қимайды.

Аққулардың бір-бірін қимай қоштасып салған әні мен күйінің сазы Жаратушыға жетеді. Жаратушы аққулардың бір-біріне деген қимастығының ән мен күй, би болып төгілген сазынан өзінің қасиетін танып, көктегі аққуларды түгелдей жұлдызға айналдырыпты. Құс жолы осылай жаратылыпты. Құс жолы Таластың төбесінен төніп тұрады екен. Одан құлағы түрік, көңіл көзі ашық жандар аққулардың салған әнінің сазын естиді екен».

Бір сәті түскенде, Таластың жағасында тұрып, түнгі аспанға, Құс жолына қарадым. Құс жолы шынында да Таластың төбесінен төніп тұрғандай екен.

Қайтқан құстардың, қайта оралған құстардың қанатында қимастық, сағыныш сезімі болатыны туралы түсінік – образды ойлаудан туған терең, бейнелі, астарлы түсінік. Онда шығармашылық тұлғаның өз сағынышының лебі, өзінің қимас сезімі бар. Болат «Құс қанатындағы сағыныш» кітабында, «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен өткізген шығармашылық кешінде осы сағынышын, осы қимас сезімін толғағанын және қандай күйде толғағанын енді, өзі құс болып ұшып кеткеннен кейін түсінгендей болдым.

Шынайы шығармашылық тұлға көз жетер кеңістікке сыя алмайды, көңіл жетер кеңістікке шыға алмайды. Болаттың сағынышы да, қимас сезімі де өмірдің осы заңдылығының өзегінен өнді-ау деп ойлаймын.

Астанадан телефон соқты. Асқазаны ауырып, Астанадағы дәрігерлерге көрінбек болып келгенін айтты. Асықпай, сабырмен сөйледі. Үні ашық. Көңіл-аспаны таза көрінді. Көңілі жаздай жадырағанда немесе терең ойда отырғанда айтатын бір сөзі бар еді «Жан аға» деген. Осы сөзін айтып, Таразға келген соң хабарласатынын ескертті. Таразға келген соң хабарласпады, хабары жетті.

Болат інім құс жолымен ұшып кетті, ұшпағандар үшін қанатындағы сағыныш сазын, қимас сезімін қалдырды.

Артында қимас сезімін, сазды сағынышын қалдырған жанды өлді деуге сыя ма…

Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор

Jambyl-Taraz. — 2025. — 29 қазан.