Гузалия қарсыластан қаймықпайтын қыз — Гафурова

Гузалия қарсыластан қаймықпайтын қыз — Гафурова

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Азиада чемпионы Гузалия Гафурова бастаған спортшыларды қабылдады.

 Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында жамбылдық спортшылар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Байрақты бәсекенің соңғы күндерінде қоржынға алтын медаль салған каратэші Гузалия Гафурова мен жүз метрлік төрттік эстафетада күміс жүлде иеленген Светлана Иванчукованы тараздықтар алдымен темір жол бекетінде үлкен қошеметпен күтіп алды. Инчхонда елімізбен қоса өңір атын аспандатқан спортшыларымызды облыс әкімі де қабылдады.

  Бір рекорд, екі тарихи оқиғаны жамбылдықтар жасады.

Жалпы Азия ойындарына елімізден 420 спортшы аттанса, оның жиырма бірі біздің өңірден екен. Сол жиырма бір спортшының он сегізі жүлдемен оралды. Әрине, Елдос Сметов, Гузалия Гафурова, Светлана Иванчукова, Линария Мингазова, командалық сында күміс алған Азиз Қалқаманұлы секілді қаһармандарымыздан бөлек, су добынан қола жүлде еншілеген, ұлттық құраманың негізін құраған «Айша бибі» вотерполо командасының өкілдері де осы санатқа кіреді.

Азиада қаһармандарын қабылдаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Байрақты бәсекеге елімізден аттанған төрт жүзден астам спортшының қатарында біздің жиырма бір жерлесіміз болды. Жекелеген сында өздерін көрсете білген алты спортшымыздан бөлек, толыққанды қола жүлдені иеленген су добынан қыздар құрамасы да бар. Осыдан біраз бұрын «Айша бибі» су добы құрамасымен жүздескенімде бізге бесінші, алтыншы орындар қажет емес. Не жеңіске жету керек, не үштікке ену қажет деген тапсырма қойған болатынмын. Бүгін сол сенімнен шыққандары үшін қуаныштымын. Бұл жетістіктер бізде спорттың әр бағытта дамып жатқанының айғағы. Барлық жүлдеге қол жеткізген спортшыларды құттықтаймын. Осы беттен таймауымыз керек» деді өз сөзінде. Сонымен қатар облыс басшысы Азия ойындарында алтынмен апталған Гузалия Гафуроваға миллион теңгенің сертификатын табыстаса, жеңіл атлетикадан күміс медальді қоржынға салған Светлана Иванчуковаға 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Бұған қоса өзі уәде еткен автобустың кілтін «Айша бибі» командасына тарту етті. Азиадада ұлттық құраманың негізін құраған біздің арулардың тоқсан пайызы жергілікті екен. Олардың ішінен Айжан Ақылбаева облыс әкіміне алғысын айтты. Инчхонда алдымен ирандық Пегах Зангенехкарутиді 5:2, малайзиялық Шри Шарминиді 2:0, ал финалда басты қарсыласы қытайлық Линглинг Тангты 4:3 есептерімен жеңген Гузалия алтын жүлде иегері атанды.

Иә, Азиадада қазақ спортшылары үш мәрте тарих парақтарын жаңалаған болса, соның барлығы да жамбылдық спортшыларға тиесілі. Алдымен Елдос Сметов дзюдодан тұңғыш Азиада чемпионы атанса, каратэші Гузалия Гафурова да сол тұңғыштардың қатарын толықтырды. Үшінші ерекшелік сол, бұған дейін 1994 жылы Хиросимада өткен Азиадада еліміз жиырма жеті алтын алса, биыл сол рекордтың мұрты бұзылды. Және сол рекордтың бұзылуына Гузалия Гафурова себепкер болды. Өйткені, Гузалия еліміз үшін ең соңғы, яғни, жиырма сегізінші алтын медальді алып берді! Міне, біздің қыз-жігіттер осылай ерлік жасады.

Дулатбек Құсбеков, Гузалия Гафурованың жаттықтырушысы:

– Дулатбек, Гузалияның Азиадада топ жарғанын көз көрді. Әлемдік рейтингте біздің ару қаншасыншы орында? Жалпы, қытайлық Тангтен өзге қарымды қарсыластары бар ма?

– Гузалияның бұл жеңісі оның он жылғы еңбегінің жемісі. Он екі жасында жаттығу залына келген Гафурова менің шәкірттерімнің алғашқысы. Ең бірінші болып жаттығу залының есігін қаққан да осы қыз. Азиадаға дейінгі рейтингте Гузалия әлемде оныншы сатыда болатын. Негізгі қарсыластары осы Танг және жапон аруы. Бұлар сары құрлықта да,  әлемдік додада да біздің басты қарсыластар саналады. Рейтингтің өзі әр қилы жарыстарға орай түзіледі. Кейбір спортшылар барлық додаға қатысып, нәтижесінде жоғары болып шығады. Енді Азия ойындарынан кейінгі рейтингте Гузалияның көрсеткіші жоғарылайтыны даусыз.

– Он жыл ішінде Гузалия талай жарақат алған болар. 68 келіде еліміздің нөмірі бірінші спортшысы атанған шәкіртіңіз төзімділіктің арқасында жеңіске жеткен шығар…

– Иә, Гузалия жарақат атаулыға өте төзімді қыз. Сосын өте еңбекқор. Ішкі дүниесі, психологиясы өте мықты. Алған жарақаттарына қарамастан ірі нәтижелер көрсете білді. Шәкіртімнің әлі талай додаларда ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімдімін. Гузалиядан бөлек  84 келіде әлем чемпионатына қатысатын Игорь Шехнорев, сонымен қатар Ақерке Сұраншықызынан да үлкен үміт күтемін. Ақерке Малайзияда өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде қола жүлде иеленді. Бірінші кезекте Азиадада топ жарған Гузалиямен мақтанамын. Ол кішкенай ғана Қызыл жұлдыз ауылының емес, еліміздің мақтанышына айналды.

Гузалияның өзі қытайлық Тангтен қарымта қайтарғанына дән риза. «Бұған дейінгі екі кездесуде бір рет жеңіп, бір рет жеңілген болатынмын. Осы жолы Тангтен айламды асырып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Алдағы ірі додаларда еліміздің атын аспандату басты мақсатым. Бапкеріме алғысым шексіз. Он жылдан бері мені өз бауырындай баптады» дейді чемпионның өзі. Жеңіл атлетикадан эстафеталық сында күміс медаль еншілеген Светлана Иванчукова да Олимпиада жүлдесін иеленсем деген алдына мақсат қойып отыр.

Табиғат Абаилдаев

Ақ жол. – 2014.  —  9 қазан(№ 140). – 8 б.