Ахмет Байтұрсынұлы кім?

   Қазақстан тұлғалар мен атақты азаматарға бай. Балалар, сіздердің назаралынызға сондай тұлғалардың бірі, ұлтымыздың оқу-ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан, қазақтың әйгілі ғалымы Ахмет Байтұрсынұлына арналған кітабын ұсынамыз:

Қазыбек, М. Ахмет Байтұрсынұлы кім? [Мәтін] / Мадияр Қазыбек, Қымбат Слямбек. ; ил. Ә. Ғарифоллаұлы ; [«Мазмұндама» қоғамдық қоры].- Алматы: Мазмұндама, 2022. – 108 б.

Өзіңіз де Ахмет атамыздың есімін жиі естіп жүрген шығарсыз. Ал оның шын мәнінде кім болғанын білесіз бе? Бұл сұрақтың жауабын осы кітаптан табасыз.

Біз алдымен балабақшаға, сосын дайындық сыныбына барып, одан кейін 11 жыл мектепте оқимыз. Мектепті тамамдаған соң, колледж, институт немесе университетке түсеміз. Оқуды одан әрі жалғастырып, ғылым жолын таңдауға да болады. Оның арасында әртүрлі курсқа барып, білімімізді шыңдаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының заманында мұның бірі де болған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы тек 10 жасында ауыл мектебінің табалдырығын аттап, 2 жыл ғана білім алған. Содан соң бала Ахмет Торғайдағы училищеде 5-6 жыл оқып, білімін семинарияда жалғастыру үшін, танымайтын біреулерге ілесіп, Орынборға жаяу аттанады. Ахметтің ауылы мен Орынбордың арасы өте ұзақ жол еді. Ахмет бұл жолда біресе арбаға мінгесіп, біресе жаяулап, арып-ашып, қалаға әрең жетеді. Болашақ ғалымның Орынбор қаласында қандай білім ордасында оқығаны, немен шұғылданғаны жайында осы кітапты оқи отырып, таныса аласыз.

Кітапта қазақтың аяулы тұлғасының шығармашылық жолы, қилы тағдыры, жеңістері мен жеңілістері, ұлт болашағы үшін сіңірген еңбегі хақында сөз қозғалады.

Ұлт ұстазы деген атаққа ие болған Ахмет Байтұрсынұлы кім деген сұраққа осы кітапты оқып  жауабын таба аласыздар.