Соғыстың соңғы солдаты

Талай шаңырақты шайқап, сан отбасын ойрандаған сұрапыл соғыстың жарасы жүректен әлі кеткен жоқ. Санадан да өшпеді. «Жеңіс» дейтін ұлы көктемді жақындатқан ержүрек жауынгерлер де жадымыздан бір сәтке де ұмытылмақ емес. Тек олардың қатары жыл сайын сиреп жатқаны арқамызды аяздай қариды. Айталық, бүгінде облысымыздағы көзі тірі нәбәрі 16 ардагердің 8-і Тараз қаласында тұрады. Солардың бірі – Мүтәліп Ережепбайұлы. Мереке қарсаңында ардагердің үйіне арнайы ат басын бұрып, тілдесудің сәті түсті.

Жасы бір ғасырға жуықтаса да, өзін сергек сезінетін қария барлығымызды жылы шыраймен қарсы алды.

– Жауды жалғыз мен жеңіп келген жоқпын ғой. Сонда да әрдайым осылай елеп-ескеріп, құрмет көрсететін пейілдеріңнен айналдым. Елімізде ешқашан соғыс өрті тұтанбай, халқымыз тек бейбітшіліктің бесігінде тербелсін. Мен куә болған қан майданды ұрпағымыз көрмесін. Өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болыңдар, – деген қария ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Майдангердің есімі күллі Жамбыл жұртшылығына жақсы таныс. Ол 1926 жылы Талас ауданында дүниеге келген. Әкесі Ережепбай «халық жауы» атанып, 8 жылға сотталып, артынша атылған. Анасы Бекпатша екеуі бұл қасіретке де шыдады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін майдан даласына аттануға өз еркімен бірнеше рет өтініш жазады. Алайда тек 1944 жылы мамыр айында 18 жасында соғысқа аттанған. 664-ші мотоатқыштар полкі құрамында 3-ші Беларусь майданына әскерге шақыртылған. Аз ғана дайындықтан кейін Прибалтика майданында Кенигсберг қаласы маңындағы шайқасқа қатысты. Соғыстан кейін қалаларды қалпына келтіру жұмысына тартылып, елге 1952 жылы бір-ақ оралады.

– Өмір мен өлім арпалысқан соғыста бірнеше мәрте ажал аузынан аман қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы шығар. Аяғымнан ауыр жарақат алып, біршама уақыт емделіп шықтым. Содан соң елге оралып, туған өлкенің дамуына тамшыдай болса да үлес қостық. Бүгінгі ұрпақ сол бір зұлмат жылдарды көрмесе екен деймін. Жаратқан сондай кезеңді ешкімнің басына бермесін. Менің ендігі тілегім – сол, – дейді Мүтәліп Ережепбайұлы.

Ардагердің өзі әлі де тың, қимыл-қозғалысы ширақ. Жұбайы Тынышбала екеуі 3 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген.

– Жарты ғасырдан астам уақыттан бері өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп келеміз. Түрлі қиындықтарды да бастан өткеріп, барлығына шыдадық. Бүгін, міне, перзенттеріміз жетіліп, көз қуанышымызға айналып отыр. Ұл-қыздары үшін әкелері – даналықтың қайнар көзі, тарихтың тірі куәгері. Немере-шөберелері де аталарын үлгі тұтып, денсаулығының зор болуын тілейді, – дейді Тынышбала Нөгербекқызы ағынан жарылып.
Ақсақал бейбіт күнде Талас аудандық атқару комитетінде әуелі нұсқаушы, артынша кадр және бөлім меңгерушісі болды. Сондай-ақ аудандық «Талас тынысы» газетімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, әуелі жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейіннен аталған басылымның төрт жылға жуық тізгінін ұстады. Талас ауданының Құрметті азаматы.

Қаруын қаламға алмастырған қарттың «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат», «Ата қоныс», «Оқ пен оттан оралғандар» атты еңбектері жарық көрген. Оның:

«Қош келдің, үлкен ауыл тоқсан деген,
Жүріп келем жақсылар өткен жолмен.
Жамбыл жайлы бір еңбек жазып шықтым,
Үмітім бар Жамбыл жасына жетсем деген», – деп басталатын жыр жолдары бар. Расында, тоқсанның сегізіне сергек қадам басқан ардагерге ғасыр тойдың да ауылы алыс еместей.

  Құрмаш Қаптағай

Жамбыл-Тараз. – 2023. – 6 мамыр

Жамбыл облысы: Ұлы Отан соғысы жылдарында

Жамбыл облысы: Ұлы Отан соғысы жылдарында

          Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанғандар   қанша?

  • Жамбыл облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің 2010 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатына жолдаған ақпарында мынандай деректер келтіреді: Ұлы Отан соғысына біздің облысымыздан 41 453 азамат аттанған.Жамбыл қаласынан майданға шақырылғандар – 14 701. Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл облысынан шақырылған азаматтардың 15 536-сы майданда қаза тауып, 17 639-ы із-түссіз, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.
  • 1943 жылдың 1ақпанына дейін Жамбыл облысынан ресми мәліметтер бойынша, Қызыл Армия мен өнеркәсіп және транспортта еңбек ететін жұмысшы колонияларына 53 268 адам алынды делінген. Осы деректерді және 1943-44-45 жылдары Қызыл Армия қатарына жыл сайын орта есеппен 1000 адамнан алынып отырылғанын айтатын болсақ (мәліметтерде осындай дерек келтірілген) және 1938-1940 жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылғандарды қосқанда майданға 50 мыңдай жамбылдық қатысты деп айтуға болады.
  • Жекелеген аудандардың әскери комиссариаттарынан да ресми мәліметтер алдық. Олардың ақпары бойынша Ұлы Отан соғысына Шу аудандық әскери комиссариатынан 5014 адам әскерге алынған.
  • Жуалы ауданынан 1788 адам ауылдық округтар бойынша майданға алынғанын қорғаныс бөлімі айғақтайды.Алайда соғысқа жуалылықтар Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы алынғанын ескерсек, бұл мәлімет нақты емес. Мәселен, Мыңбұлақ орта мектебінде Ұлы Отан соғысына арналған тақтада ауданнан майданға 2005 адам кетті делінген.
  • Меркі және Луговой аудандарынан Ұлы Отан соғысы жылдарында Меркі аудандық комиссариатынан 12 024 адам майданға аттанған.Ол кезде Луговой ауданында әскери комиссариат болмаған.
  • Қаратау қаласының Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімі Ұлы Отан соғысына Сарысу және Талас ауданынан 3 449 адам майданға аттанған делінген деректер бар екенін айғақтайды.
  • Байзақ ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша бұл ауданнан Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын қорғауға 3 341 адам алынған.
  • Қордай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша ауданнан майданға 9195, бұрынғы Красногор ауданы бойынша 1 589 адам майданға шақырылған.
  • Өкінішке орай Жамбыл ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бізге мұндай мәліметті бере алмады.
  • Біз келтірген кейбір деректерге сенімсіздік келтіретіндер де табылуы мүмкін.Алайда бұл деректер әскери комиссариаттар мәліметтеріне негізделгенін тағы да еске саламыз. «Ұлы Отан соғысы жылдары 100 мыңнан аса жамбылдық майданда шайқасты» деген деректің анық емес екендігін сол кезде облыста тұратын халық саны да теріске шығарады. 1940 жылдың 1 ақпанында Жамбыл облысының халқы 321 мыңнан аспайтын. Нақтырақ айтатын болсақ, Жамбыл қаласында – 62 723, Жамбыл ауданында- 31 375, Меркіде – 40 468, Сарысуда – 12 132, Таласта – 17 975, Свердловта – 24 579, Луговойда – 23 304, Қордайда – 36 213, Шуда – 45 389, Красногорда – 14 166, Көктеректе 12 116 адам тұрған. Демографтардың есебі бойынша, әрбір бесінші адам ғана майданға алынуы мүмкін. Осы және Ұлы Отан соғысына дейінгі 1938, 1939, 1940 жылдары, сонымен бірге 1943, 1944, 1945 жылдары Қызыл Армия қатарына алынғандарды қосқанда шамамен біздің облысымыздан соғысқа қатысқандар саны 50 мыңның айналасында деп топшылауға болады.
  • Соғыс жылдарында 270 жамбылдық қыз-келіншек майдан даласында шайқасты.
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен Жеңіс күнін жақындатқан, елінің, Отанының даңқын асқақтатқан «Совет Одағының Батыры» және «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жерлестеріміз қанша деген сұрақ алдымыздан жиі шығады.Осыған орай Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты қолда бар құжаттарды және ақпарат көздеріндегі материалдарды саралап, сұрыптап, Жамбыл облысының 20 азаматы «Совет Одағының Батыры» атағын алған, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанған.

Олар: қазақтың біртуар азаматы, даңқты қолбасшы, Жуалы ауданында туып-өскен Бауыржан Момышұлы, қордайлық Николай Никонорович Белашов, жуалылық Владимир Михайлович Вишневецкий, жамбылдық Амантай Дәулетбеков, шулық Саттар Естемесов, жуалылық Дмитрий Степанович Кавешников, жуалылық Федор Кириллович Кердань, байзақтық Семен Архипович Ларионов, жуалылық Дмитрий Федорович Пахомов, меркілік Владимир Артемович Савва, тараздық Андрей Алексеевич Сорокин, байзақтық Ақәділ Суханбаев, қордайлық Степан Захарович Сущев, жамбылдық Яков Николаевич Тюлькин, тараздық Нуролла Гарифуллаұлы Фазлаев, меркілік Борис Иванович Конев, тараздық Петр Васильевич Томасевич, меркілік Иван Иосифович Трубицин, тараздық Мамашариф Гиясұлы Фаязов, таластық Сәду Шәкіров.

Белгіленген ереже бойынша Совет Одағының Батырлары қай жердің әскери комиссариатынан шақырылса, сол жердің ұланы болып есептелінеді. Осы орайда Қордайда туған 28 батырдың бірі Иван Васильевич Москаленко, Александр Иванович Романютин Қырғызстаннан майданға алынғанын, Жуалыда туған Евгений Дмитреивич Уткин Өзбекстаннан Отан қорғауға аттанған.

8 жамбылдық «Совет Одағының Батыры» атағын Днепрден өтуде көрсеткен ерлігі үшін алған.

«Даңқ» орденінің толық иегерлері: тараздық Иргаш Досмухаметов, қордайлық Василий Иванович Евман, тараздық Федор Васильевич Иванов, шулық Михаил Иванович Перепелов, қордайлық Сергей Яковлевич Сердюков, жуалылық Тайыр Бүркітбайұлы Тастандиев, жамбылдық Алахан Жапарбеков.

Бұлардан басқа Ұлы Отан соғысынан кейін Жамбыл облысында бірнеше Совет Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегерлері еңбек етті, өмір сүрді.

Майданнан қанша адам оралды?

  • Жамбыл облыстық партия комитетінің әскери бөлімінің облыстық партия комитетінің хатшысына 1946 жылы 30 қаңтарда берген анықтамасында майданнан оралғандарды және соғыс мүгедектерін жұмысқа орналастыру туралы мәліметтер берген.Бұл мәлімет бойынша 1946 жылдың 1 шілдесіне дейін майданнан әскери қатардан 8 551 адам оралған. Олардың 7 501-і жұмысқа орналастырылған.

Осы кезеңдегі мәлімет бойынша облыста 6 376 Ұлы Отан соғысының мүгедегі болған, олардың 5 134-і жұмысқа орналастырылмаған.

Жамбыл қаласы бойынша осы күнгі мәлімет бойынша, 680 майдангер елге оралған. Оның 396-сы соғыс мүгедегі еді. Олардың 375-і екінші, 21-і үшінші топтағы мүгедек.

1945 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Жамбыл облысында 43 387 әскери қызметкерлердің отбасы тұрған. Бұл отбасыларда 137 312 адам болған. Сонымен қатар 5 163 соғыс мүгедегінің отбасында 14 879 адам тіркелген.

1946 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, облысқа Қызыл Армия құрамынан бірінші және екінші кезекте отбасына жіберілгендер саны 6 550 адам, олардың 110-ы әйелдер болыпты. 1946 жылдың 13 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, облыстық партия комитетінің хатшысы барлық партия комитеттеріне жолдаған хатында мынадай деректер бар: 1946 жылдың 1 шілдесіне дейін әскер қатарынан облысқа 8 551 майдангер оралған. Олардың 7 501-і жұмысқа орналастырылмаған. Луговой ауданында майданнан оралған 363 майдангердің 87-сі жұмысқа орналастырылмаған. Меркі ауданында оралғандар 969, жұмысқа орналаспаған – 76. Шу ауданында 1 051 майдангер оралған, олардың 57-сі жұмысқа орналастырылмаған. Жамбыл қаласында майданнан оралған 2 708 адамның 680-і жұмысқа орналастырылмаған. 1946 жылдың 15 ақпанындағы мәлімет бойынша Красногор ауданына – 260, Свердлов ауданына – 360, Талас ауданына майданнан 313 адам оралған. Облыстық партия комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне 1946 жылдың 7 наурызында жолданған ақпарында мынадай деректер келтіріледі. 20 ақпанға дейін майданнан 6 609 адам келген. Олардың 5 206-сы жұмысқа орналастырылмаған. 800-іне пәтер берілген. 241 майдангердің үйі жөнделген. Көмек ретінде 96 текше метр ағаш, 636 тонна сексеуіл, 3 500 текше метр тор, 489 пар аяқ киім, 986 дана сабын, 112 келі нан өнімдері, 78408 келі басқа да азық-түлік тауарлары, 247 бас мал, 59750 сом ақша, 152 000 сом несие, 108 келі май, 525 келі қант берілген.

1946 жылдың 15 маусымында Жамбыл облысы партия ұйымдарының 1945-46 жылдары Жамбыл облысы партия ұйымдарының әскери бөлімдерінің меңгерушілері қатысқан жиналыста мынадай мәліметтер келтіріледі. Майданнан 7721 адам оралған. Біздің облысымызда 6 308 асыраушысы майданда қаза тапқан отбасы және 33 477 әскери қызметкерлердің отбасы болды. 5 984 соғыс мүгедегі соғыстың әр жылында келді. Ссуда ретінде СССР Жоғарғы Советінің Жарлығы бойынша облысқа 400 мың сом берілген. 442 222 сомның өнеркәсіп тауарлары беріліпті.

Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің әскери бөліміне жолданған ақпарда 1946 жылдың 1 қазанына дейін майданнан 11423 майдангер оралғанын жазған. Оның 132-сі әйел, олардың 10 686-сы жұмысқа орналасқан. Бұл ақпарда майданнан оралғандардың көпшілігі партия, совет қызметіне орналасқанын айта келіп, 29 майдангер колхозды басқаратындығын жазған. 25 майдангер ауылдық, селолық советтерді басқарыпты.

Жамбылдықтардың майданға бергені ұшан-теңіз. 1978 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан П.С. Беланның, А. Д. Тимишенконың, Н. С. Барковтың «Фронтовые дороги» кітабында 1943 жылы Жамбыл облысы майданға 77 вагон сыйлық жібергені айтылады.Оның 16 вагонын 391-дивизияға облыстық партия комитетінің хатшысы Кәрім Шорабеков бастаған делегация әкелген.

  • 1941-1945 жылдары жамбылдық қанша жауынгер әскери тұтқын болғаны жөнінде нақты дерек жоқ.Жалпы Германия қолбасшылығы ресми деректерде 5,27 миллион адам тұтқын болғанын айтады. Ал Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің Бас штабы 4 миллион 590 мың адам тұтқында болғанын айғақтайды. 1941 жылы тұтқынға 2 миллионға жуық совет жауынгерлері түсті. Бұл барлық тұтқындардың 49 пайызы. 1942 жылы Қызыл Армияның 1 миллион 339 мың жауынгері фашистердің концлагерлерінің тұтқыны болды. 1943 жылы 487 мың жауынгер тұтқында азапты күндерді басынан өткізді. 1944 жылы 203 мың совет жауынгері фашистердің айдауында болды. 1945 жылы 40,6 мың жауынгер жау тұтқынында опа шекті. Олардың арасында жамбылдықтар да болды.
  • Награда – тыл еңбеккерлеріне! СССР Жоғарғы Советінің Президумының Жарлығымен 1945 жылы 16 қарашада І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен Луговой аудынының «Тереңөзек» колхозының партия комитетінің хатшысы Шәмші Әбішева, Көктерек ауданының «Жаңа тірлік» колхозының шопаны Оспанбек Баубеков, Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Владимир Ващенко, Свердлов ауданының «Үш төбе» колхозының аға жылқышысы Төлеубек Еркеев, Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Самуил Иткин, Қордай ауданының машина-трактор станциясының комбайншысы Степан Кащенко, Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қабаш Успанов, Свердлов ауданының Ленин атындағы колхоздың звено жетекшісі Шәміл Шантаева наградталды.

Осы Жарлықпен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен 21 адам марапатталған. Олардың арасында партия, совет, комсомол қызметкерлерімен бірге еңбек адамдары да бар. «Ленин» орденімен – 3, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен – 17, «Қызыл Жұлдыз» орденімен 17 адам наградталған. Сол сияқты «Құрмет белгісі» орденімен 57 адам марапатталған. Олардың арасында халық ақыны Кенен Әзірбаев та бар. Көптеген азаматтар медальдермен наградталған.

Ал «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы екпінді еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар өте көп.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
мұрағаттанушы.

Жамбыл-Тараз. – 2016. – 4 мамыр. – 8 б.


 
 

Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

Отан үшін отқа түсен жамбылдық медицина қызметкерлері

    Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін – 1418 күн мен түнге созылды. Қанды қырғынның жеңіспен аяқталғанына биыл 70 жыл толды. Кешегі кеңестер одағының барлық халықтары шынайы қуанышпен қарсы алып жатқан осы ұлы мерекенің бүгінгі тойлауына қазақстан халқы да кезінде өзінің лайықты үлесін қосты.

Мерейтой қарсаңында сұрапыл соғыста толарсықтан саз кешіп, қанын да жанын да аямай, Жеңіс күнін жақындатқандар туралы басылым беттерінде сандаған естеліктер жазылуда. Майдан даласында қаншама жан оққа ұшып, жер жастанды, қаншама адам мүгедек болып оралды? Соғыста көз жұмған қаншама адамның отабасы өмірдің ауыр тауқыметін, тағдыр қиындығы мен қасіретін басынан өткерді десеңізші. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған сан мыңдаған майдангерлер күні бүгінге дейін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдарын естеріне түсіріп, жанарлары жасаурайды…

Отанымызды қорғауға тек бір Қазақстаннан миллионнан астам (нақты деректер бойынша, соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрса, соның 1.196.164) адам соғысқа аттанған. Олардың жартысынан көбі, яғни 602 928-і сол майдан даласынан туған жеріне оралмапты. Олар шайқастарда, госпитальдарда, тұтқында өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен.

Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға қатысып, соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жараланған әскерлер мен офицерлерге, тіпті, жергілікті халыққа күн-түн демей медициналық көмек көрсетіп, қан кешіп жүріп аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төкті.

Енді аздап болса да кейбір қолда бар мәліметтерге жүгінейік. Ұлы Отан соғысы жылдары 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 миллион орта медицина қызметкерлері әскер қатарына шақырылып, жарақат алған және науқастанған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болды. Медицина қызметкерлерінің арқасында қаншама жанның өмірі сақталып, денсаулығы қалпына келтірілді. Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған 9 миллионнан астам жауынгерлер мен офицерлерге борап тұрған оқ арасында, снаряд пен бомбалар астында дәрігерлік көмек көрсеткен медиктердің жанқиярлық еңбегін, олардың ұлы Жеңіске қосқан үлестерін немен бағалауға болады?

Соғыста 85 мың медиктер оққа ұшып, қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігерлер, 9 мың медбикелер мен фельдшерлер, 23 мың санитар-инструкторлар, 48 мың санитарлар болатын.

Жарақаттанған солдаттар мен офицерлердің 72,3 пайызын, ауырғандардың   90,6 пайызын медицина қызметкерлері қайта қатарға қосып, кері майдан даласына аттандырды. Бұл дегеніңіз 17 миллионға жуық адам екен. Егер 1945 жылдың қаңтар айында Кеңес Үкіметінің соғыстағы әскерлер саны 6 миллион 700 мың болса, жоғарыда аталған цифрдан медицина қызметкерлерінің майданға қосқан ерен үлесін көру қиын емес.

Ұлы Отан соғысының ардагері, медицина қызметінің генерал-полковнигі Ф.И.Комаровтың мәліметі бойынша, Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін 116 мыңнан астам әскери медицина қызметкерлері және 30 мыңға жуық тылдағы азаматтық денсаулық сақтау қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның 42-не ең жоғары марапат – Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 39 әскери госпитальдар мен 8 медициналық-санитарлық батальондар ордендермен наградталды.

1941 жылы тек бір ғана біздің Жамбыл облысынан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыстың әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар көп жылдар Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирургтер полковник Н.О. Мұқышев, майорлар                Г. Әбдікәрімов пен А.В. Леонтьев, капитандар С.А. Александров пен                         Қ. Құлынбаев, терапевт-офицерлер Н.Е. Нұғыманов, Н.Ф. Голубев, Е.М. Исеналиева, Е.А. Понамаренко, Б.А. Баймұханов, Н.А. Фирсов, А.П. Капасакалис, медбикелер А.Д. Палий-Зеленцова, М.Л. Яременко, А.Н. Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А. Радченко, фельдшер Г.К. Ильченко және тағы басқалар.

1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл станциясының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, поезбен жеткізілген майданда жарақаттанған        әскери  қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу станцияларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпитальдар көшіріліп әкелінді. Олар теміржол клубтарында, жергілікті қонақүйлері мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Госпитальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Олардың біразы жарақаттарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәңгілік тыныштықты осында тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сондай бейіттің бірі қазіргі Тараз қаласының батыс жағындағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ескерткіш-құлпытас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Луговой және Жуалы аудандарында да бар.

Медиктер майдан даласында дәрігерлік көмек қана көрсетіп қоймай, қауіп-қатерге қарамай, оларды жаулардан қорғай білді. Мысалы, санитарлық нұсқаушылыр мен зембіл көтеретін санитарлар бораған оқ астында, бомба мен снаряд жарықшаларынан жасқанбай жарақат алған әскерлерге алғашқы көмек көрсетіп, соғыс даласынан алып шығып, батальондық медпункттарға жеткізіп отырды. Майданға қатысқан әрбір әскери қызметкер Отан үшін ұрыс даласына аттанып бара жатып, егер жарақат алған жағдайда медиктердің көмегі болатынына, олардың денсаулығы әрдайым әскери дәрігерлердің қадағалауында екеніне сенді.

Иә. Кеңестік медицина қызметкерлері әскердің өмірін өзінің өмірінен жоғары қойды. Санитарлар мен санинструкторлар майдан даласындағы жарақаттарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, батальондық медпункттер мен әскери госпитальдарға тынымсыз жеткізіп отырды. Бұл – күнделікті, сағат сайын бүкіл майдан даласында болып жатты. Тіпті, хирург пен медбике қайнап жатқан соғыс кезінде дала госпиталінде, палаткаларда жарақат алған әскерді бораған оқтан қорғап, оны өз денелерімен «көлеңкелетіп» тұрып, жедел хирургиялық операция жасаған сәттер де аз болмады. Кейде, тіпті, олар демалыссыз, ұйқысыз, тамақ ішуге уақыт таппай, бірнеше тәуліктер бойы операция үстелінен ұзамай, еңбек еткендері де белгілі.

Белгілі қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Иван Христофорович Баграмян соғыс аяқталған соң былай деп жазыпты: «То, что сделано советской военной медициной в годы минувшей войны, по всей справедливости может быть названо подвигом. Для нас ветеранов Великой Отечественной войны, образ военного медика останется олицетворением высокого гуманизма, мужества и самоотверженности». Ал, «Правда» газетінің 1941 жылғы бас мақаласында медицина қызметкері алдындағы негізгі мақсаттар туралы айта келіп: «Каждый возвращенный в строй воин – это наша победа. Это – победа советской медицинской науки… Это – победа воинской части,  в  ряды  которой   вернулся  старый,  уже закаленный в сражениях воин», – деп сөз түйіндейді. Медицина қызметкерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі қомақты болғанын осы жолдардан-ақ білу қиын емес…

Ұлы Отан соғысы жылдары «Барлығы Отан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деп бүкіл ел тік тұрды. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін мен еңкейген қарттарға дейін Отан қорғау үшін аса қажырлылықпен еңбек етті. Солардың ортасында әскери госпитальдарда, майдан даласында болған медицина қызметкерлерінің ерен еңбектері ешқашан ұмытылмау керек. Өкінішке қарай жыл өткен сайын майдангерлер сиреп барады. Оларды құрметтеу, ардақтау біздің парызымыз. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып жаумен күрескендер мен ерлікпен тең еңбек еткен тылдағы адамдарды – абзал ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры

Арай. – 2015. – 7 мамыр(№19). – 8 б.

 

                                        

Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

     Олардың өлкемізде ізі, мұрағаттар мен басылым беттерінде сөзі қалған.

Білім қуып Алматыда жүрген жылдары курстас жігіттермен бірге республиканың  бас басылымы  «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына ара-тұра бас сұғып тұратынбыз. Болашақ журналистер үшін осында  істейтін ағаларымызбен  жүздесу, әңгімелерін, ақыл-кеңестерін тыңдау керемет әсер сыйлайтын. Әр келген сайын кіреберістегі  соғыстан қайтпаған журналистерге қойылған ескерткіш тақтаны оқымай кетпейтінбіз. Онда орысша  жазылған есімдердің ең үстіңгісі университетке таяу орналасқан  Жазушылар одағы  ғимаратының  кіре-берісіндегі   мәрмәр тақтадағы ұрыс даласынан оралмаған жазушылардың әліпби тәртібімен  берілген  тізімінен де ұшырасатын.

   Аманғали Сегізбаевтың есімі санамда осылай жатталып қалды. Арада көп жылдар өткен соң облыстық мұрағатты, осындағы облыстық басылымдардың тігінділерінің уақыт табы сарғайтқан беттерін ақтарғанда тамаша журналист, сыршыл ақын, сөзі өрнекті жазушы, даңғайыр фельетоншы болған тұлғаның Жамбыл облысында ізі, облыстық басылым беттерінде сөзі қалғанына көз жеткіздім.

Қазақ әдебиетінің тарихынан хабардар адам Аманғали Сегізбаевтың Қостанай өңірінің тумасы екенін біледі. Еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастаған ол тез-ақ баспасөздегі ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қызметке шақырылады. Жауапты хатшы болып істейді. Партияның пәрменімен Алматы облысының бір аудандық газетіне редактор болып жіберілген жерінен «Еңбекші қазақ» газеті қайта шақырып алады. Бұл – 1935 жылы. Ал соғыс басталар алдында осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болған.

Ұстазы, классик жазушы Бейімбет Майлиннің қасында жүріп, көп жазып, сол кезде-ақ республикаға кеңінен танылған Аманғали Сегізбаев Жамбыл өлкесінде негізгі қызметіне қоса облыстық «Коммунист» (қазіргі «Ақ жол») газеті партия ұйымының хатшылығын да атқарып, басылымның бағыт-бағдары, мазмұны үшін бас редактор Жайық Бектұровпен бірдей деңгейде жауапты болған. Өзі үлгі танытып облыс экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу барысы туралы жазған мақалаларын сол кезгі газет тігінділерінен жиі ұшыратуға болады.

Соғыс уақытында қуатты қалам иелері де ерекше есепте болғанының айғағындай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Аманғали Сегізбаевқа 1942 жылы Алматы гарнизонының газетін басқару сеніп тапсырылады. Араға жыл салып майдандық газет редакциясына ауысқан, үнемі алғы шепте жүріп, журналистік дағдысымен очерктері мен мақалаларын жедел жариялап отырған жазушы 1944 жылы Кенигсберг түбінде ерлікпен қаза тапқанда небәрі 47 жаста болатын.
Әдебиетке өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары араласып, жақсы туындылар берген, от пен оқ арасында жүріп жауынгерлерді ерлікке үндеген жазушының артында қалған жазба мұраларының бір бөлігі 1977 жылы «Дала жұлдыздары» деген атпен кітап болып шыққан.

 Қазақстан Жазушылар одағындағы майдан даласынан оралмағандарға арналған ескерткіш тақтаға есімі жазылған Рахымбай Құлбаев та Жамбылдан аттанған. Өмірдеректерінде айтылғандай, Меркі ауданындағы Қостоған ауылында 1905 жылы дүние есігін ашқан. Жастайынан жетімшілік көріп, бай орысқа жалданып, күнін көрсе де ән-жырға құмартып, домбыра тартып, әнші, жыршы, ақын ретінде елге танылған. Жасы он тоғызға келгенде, 1924 жылы ғана Әулиеатаға келіп, оқуға мүмкіндік алады. Ауылына сауатын ашып оралған соң ел ісіне араласып, 1930 жылы коммунистік партия қатарына кіреді. Алматыдағы қысқа мерзімді курста оқып, оны бітіргеннен кейін аудандық жер бөлімін басқарады, партияның жұмсауымен Орал облысының Жаңақала ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында партия, кеңес жұмысында болып, ысылады. Осы жылдарда республикалық «Тілші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде жазғандарымен көріне бастайды. 1936 жылы Одақтың бас басылымы «Правда» газеті оның Константин Алтайский аударған «Асқан дана» деген өлеңін жариялап, «Народный ақын Казахстана» деп таныстырады. Іле-шала республикалық «Социалды Қазақстан» («Егемен Қазақстан») мен жазушылар газеті «Қазақ әдебиетіне» бір топ өлеңдерін береді. 1937 жылғы 14 қазанда Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, КСРО Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі етіліп жіберіледі. 1940 жылы туған ауданы Меркіге оралып «Сталин жолы» (қазіргі «Меркі тынысы») газетінде редактор болып істей бастайды. Осында жүрген 1,5 жыл ішінде көп ізденіп, өндірте еңбек етіп, өлең, дастандар, 1916 жылғы Меркі көтерілісі туралы «Он алтыншы жыл» атты повесін жазады. Соғыс басталғанда Рахымбай Құлбаев өзі сұранып, майданға аттанған. Саяси жетекші болып, қазақ жауынгерлері арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Майдандық газеттерде өлеңдері, очерктері, мақалалары 1943 жылдың күзінде отыз жеті жастан енді асқанда ерлікпен қаза тапқанға дейін жиі басылып тұрған.

Мұрағаттан тапқан тағы бір «олжамыз» – соғыстан аман оралып, көп жыл облыстық газетте қызмет еткен, көзіміз көрген ақын, журналист Әшірбай Есмұрзаевтың «Алғашқы кездесу» естелігі. Онда 1937 жылы Талас аудандық «Екпінді колхозшы» газетінде істеп жүргенінде Жазушылар одағы ұйымдастырған екі айлық курста ақындар Кенен Әзірбаев,Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбаев, жазушы Рахымбай Құлбаевтармен бірге оқығанын жазған. Осы дерекке сүйенсек. Рахымбай Құлбаев облысымыздан Жазушылар одағына қабылданғандардың алғашқыларының легінде болып шықпай ма? Қолымызға тиген тағы бір дерек көзі – 1954 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағының үшінші съезінде жасалынған баяндамалар мен сөйленген сөздер енген көне кітап. Онда 1939 жылға дейін жазушылар ұйымының мүшелері 49 адам ғана болғаны тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал қазірде ғой сегіз жүзге жетеқабыл деседі…

Қалай дегенде де, осы деректер Рахымбай Құлбаевтың көзі тірісінде танымал қаламгерлер қатарынан ойып тұрып орын алғанын айғақтайды. Қолымызға тиген майданда жазған өлеңдерінен де қалыптасқан, төселген қалам іздері айқын аңғарылады. Соғысқа араласқан 1941 жылғы өлеңінің тақырыбы «Қалам – найза, өлең – оқ» деп аталады. Өкінішке қарай, өлеңді суырып салып айтып та, жазып та шығаратын, қара сөзге де шебер қаламгердің артында қалған мол мұрасы там-тұмдап жинақтарда жарияланғаны болмаса, кітап болып шықпаған. Уақыт өте келе есімі де көмескілене бастаған. Туған жеріндегілер ғана ұмытпай, Қостоған ауылындағы бір көшеге есімін берген.

Қай бір жылы ақын Өзібек Ақжолұлының мұраларын іздестіріп, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорынан деректер сүзгеніміз бар. Сонда көргеніміздей, Рахымбай Құлбаевтың мұралары осында сақтаулы.

Қаламыздан майданға аттанған, төс қалтасында Жазушылар одағына мүшелік билеті болғандардың енді бірі – сол кезде-ақ жұртқа кеңінен белгілі ақын, әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қалмахан Әбдіқадыров. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы ол соғыс басталған жылы Жамбыл қаласында жасақталып жатқан 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясы сапына алынып, әскери дайындықтан өткен. Бұл туралы осы дивизия жауынгері болған, қазірде арамызда аман-сау жүрген, тоқсан жастың төріне шыққан журналист ағамыз Сырайыл Керімбаев талай жазған.
Қырық жасында өзі сұранып әскер қатарына алынған Қалмахан Әбдіқадыров 105-ші атты әскер дивизиясының саяси қызметкері болды. Осы дивизияның «Қызыл сұңқар» атты қазақ тілінде шығатын газетінде Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиевтермен қатар қалам сілтеп, өлеңдерін, мақалаларын жариялап тұрған. Солардың ішінен «Соғыс» атты қып-қысқа, бірақ айтары көп өлеңінен үзінді келтіре кетелік:

              Соғыстың жоқ ешқандай тамашасы,

              Бір өлім, мың өлімнің арашасы.

              Соғыста өлім құлап, өмір жеңер,

              Оны сезбес пікірдің аласасы.

Даңқты жерлесіміз, талантты қолбасшы, Кеңес Одағы армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында дәріс оқыған тұңғыш қазақ Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Сын сәтте өз басын өлімге тігіп, мыңдаған қаруластарын ажалдан арашалап қалғандардың бірі Ақәділ Суханбаев ағамыздың ерлігі – осының жарқын мысалы.
Соғыс шындығын осылай жеріне жеткізе жазған Қалмахан Әбдіқадыров елге аман-сау оралып, баспасөзде, Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарған. Халқымыздың көрнекті қаламгері өмірінің соңғы жылдарын туған ауылы Шиеліде өткізіп, 1964 жылы қайтыс болған.

Біздің облыстан Қалмахан Әбдіқадыровпен бірге 105-ші атты әскер дивизиясында қызмет еткендердің бірі Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын 1939 жылдан аудандық комсомол комитетінде қызмет етуден бастаған Мыңатай Қыстаубаев еді. Ол 1941 жылдың қазан айында елде қалуға мүмкіндік беретін бронь алудан бас тартып, майданға аттанды. 105-ші атты әскер дивизиясында саяси қызметкер болды. «Қызыл сұңқар» газетінде Қ.Әбдіқадыров, Д.Әбілов, Х.Ерғалиевтермен танысып, «Гитлердің көзі», «Тұлпарым, алға», тағы басқа да алғашқы өлеңдерін жариялаған. Польшаны азат ету, Берлинді алу шайқастарына қатысып, елге аман-есен, аға лейтенант шенінде оралып, ұзақ жылдар ауылда ұстаздық етті. Балаларға арналған өлеңдерінен тұратын кітаптарын шығарды. Бұл кісі Жазушылар одағына өтпеген. Атақ та алмаған сыңайлы. Әйтсе де, дарынды ұл-қыздарын қадірлеуде таластықтар өзге аудандағыларға үлгі-өнеге бола алады. Өмірден алпыс бір жасында өткен ұстаз-ақынның майдандағы және бейбіт өмірдегі ерлігі мен еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ. Туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мыңатай Қыстаубаев атында.

Соғысқа Жамбыл жерінен аттанып, майданнан аман оралғаннан соң, бейбіт дәуірде жазушылар қатарын толықтырғандар туралы әңгіме бола қалса, ең алдымен көрнекті әскери қайраткер, қазақ әдебиетінде әскери-мемуарлық жанрдың негізін салған Бауыржан Момышұлының есімі аталуы заңды. Өзі тауып айтқандай, «кабинеті – ор, орындығы – жер, столы – тізесі» болған Баукең талай тамаша шығармаларының сұлбасын (эскизі дегеніміз) соғыс жылдары қалыптастырған. Атақты орыс жазушысы Александр Кривицкийдің «Красная звезда» газетінің 1944 жылғы 3 наурыздағы санында жарық көрген «Полковник Бауыржан Момышұлының көк дәптері» деген очеркі осы жайды алға тартады. Жазушы өзінің «Москва түбіндегі қарауыл» повесіне де Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшылығын негізгі өзек етті.

Ер Баукеңнен екі жас кіші жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттанған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құрылған кезде Алматыдан облыстық газетке бас редактор болып келген. Мұрағаттан табылған естелігінде жазылғандай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті әу басында «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушілері Сейділдә Төлешов пен Григорий Череватовтарды жаңа құрылған облысқа жіберуге шешім алған. Бірақ, Төлешов сырқаттанып қалады да оның орнына басқарып отырған бөлімінің қызметкері Жайық Бектұров жіберіледі. Ал Төлешов сәл кейінірек қала іргесіндегі Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газетіне редактор болып келеді.

Қазіргі «Ақ жол» облыстық газет мәртебесін алғанда тұңғыш редакторы болған Жайық Бектұров басылымды сол 1939 жылдың қарашасынан 1942 жылдың мамырына дейін басқарған. Көп іс тындырған. Газеттің «Колхоз жолы» деген лайықсыз аттан құтылуы да осы редактордың тұсында. Өзгесі-өзге, Шу өзені бойы мен Қордай асуының тау-шатқалдарын бірнеше күн аралап Кенесары хан бастаған халық қозғалысы туралы деректер жинап «Осы екен самұрықтың өлген жері» деген очерк жазуы, оны өзі басқаратын партиялық газетте жариялауы нағыз қаламгерлік ерлік еді.

Ақмола облысы Қызылағаш ауылының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды қаласындағы облысаралық бөлімшесін басқарған. Қазақ зиялылары нәубет жылдардың шындықтары туралы естелік кітаптарымен, көркем аудармаларымен жақсы танылған. Сексен алты жасында, 1998 жылы Қарағандыда қайтыс болды.
«Сүрлеуімен соғыстың, келеміз жүріп ілгері» деп жырлаған Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы, 1919 жылы дүниеге келген Балтабай Адамбаев майданда рота командирі болды. Жазушы мұрағатында майдандық «Боец РККА» (РККА- қазақшалағанда «Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы» дегеннің бас әріптері) газетінде саяси бөлім бастығы В. Минке дегеннің «Қазақ батыры» аталатын мақаласының қиындысы сақталып қалыпты. Онда лейтенант Адамбаевтың жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылын тойтаруда ерлік үлгісін танытқаны айтылады. Жеңіспен елге оралған майдангер ақын, жазушы, ғалым ретінде танымал болды. Өлең жинақтары, деректі әңгімелер мен повестерінен тұратын кітаптары шыққан. Шешендік сөздер нұсқаларын қажымай-талмай іздестіріп, кітаптар, жинақтар шығарған. Туған жеріне ат ізін салған сайын бір кез тырнақалды өлеңдерін жариялаған облыстық газетке де бас сұғып тұратын жазушы-ғалым 1990 жылы өмірден озды.

Талас өңірінің тағы бір ұланы Шона Смаханұлы жасы он сегізге толар-толмас кезде солдат шинелін киіп батысқа аттанып, жорық жолдарынан аман оралған. Елде ұстаздық етіп жүріп Сталиннің және оның шаш ал десе, бас алатын серіктері аман-сау, ал облыстық газет «Сталиндік жол» аталатын кезде «Біздің тіл» өлеңін осы басылымда жариялауы көзсіз ерлік емей не? Таңғаларлық жай – Шона ақынның аталған өлеңі облыстық төртінші партия конференциясының ашылуы туралы хабардың астына, бірінші бетке берілген. Онда «Жер жүзінде жетілген, бірінші тіл – біздің тіл» деген жолдар бар. Кейін сатирик ретінде кеңінен танылып, жазушылық билетін алған соң да Шона ақын қазақ тілі үшін күрескен, қазақ мектептерін ашқан батыр ретінде танылды.
Көрші Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев та майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Соғыстың алдында және майданнан аман оралған соң осы ауданда қызмет істеген. Құлан жеріндегі бір ауыл қазақ әдебиетінен өз орны бар жазушы атында.
Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сансызбай Сарғасқаев – қару асынып, соғысқа қатысып оралған қаламгерлердің бірі. Шығармалары негізінен жас жеткіншектерге арналған. Танымал жазушының әңгіме, повестері, романдары жақсы бағасын да алған. Жазушы 1995 жылы өмірден өтті.

Тараздың қасиетті топырағынан жаралған жазушылар туралы сөз қозғаған соң, тағы бір тың деректі айта кетудің реті келіп тұр.

Соғыс тарихында аса маңызды рөл атқарған Курск иініндегі алапат танкілер шайқасын ардагерлер естеліктерін тыңдаған газет оқырмандары жақсы білер деп ойлаймыз. Осы шайқас туралы жазылған, жоғары баға алған «Танки идут ромбом» романының авторы Анатолий Ананьев біздің Таразда, Әулиеата атанып тұрған кезінде 1925 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі Андрей Петрович 1914 жылы Ресей жерінде солдатқа алынып, кейін басмашыларды жоюға қатысып, Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы қатарынан босағанда Әулиеата қаласын ұнатып, тұрақтап қалған. Бала Анатолий осылайша әулиеаталық болып өсті. Қатар құрбылары сияқты он сегіз жасында өзі сұранып соғысқа аттанды. Әскери училищенің қысқа мерзімді курсынан өтіп, офицер шенінде ұрысқа кіріп, барлық тозақты бастан өткерді. Оның кітаптары шыншыл келетіндігі, жоғары бағаланатыны осыдан. Ұлы Жеңіс сағаты соққанда ешқайда бұрылмай Жамбыл қаласына келген. Ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Алматы ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, Жамбыл аудандық жер бөлімінде агроном, Гродиково селосындағы сорт сынау учаскесінде меңгерушісі болып істеген. Бір мезгілде жазумен айналысып, жазғандарын жариялап тұрған. Өзі басынан өткерген алапат ұрыс-Курск шайқасы туралы жазған романы тез-ақ оны талантты жазушылар қатарына қосып, Мәскеуге шақырылады, КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, одақтық аса беделді «Знамя» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, кейін «Октябрь» журналының бас редакторы болады. Ресей мемлекеттік сыйлығы, 1984 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 2001 жылы өмірден озып, Мәскеуде жерленген.

Жамбыл өлкесінің перзенті Анатолий Ананьевтің атақты романы «Танки идут ромбом» қазақ тіліне де аударылып, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан «Тойтарыс» деген атпен көп таралыммен шығарылған.

Тізе берсек, облысымыздан шыққан, әр жылдарда осында болған жазушылардың тағдыр-талайына қатысты жинаған қызықты деректеріміздің бір парасы осындай. Олардың шығармалары, әсіресе, соғыстан оралмаған ақындардың, солардың ішінде жоғарыда айтылған Рахымбай Құлбаевтың, Кененнің сүйікті шәкірті болған ақын, әнші Шолпанқұл Сейітовтің, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың кейіпкері Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген жерінен ұрыс даласына аттанған Шазада Әтееевтің, басқа да боздақтардың майдан даласында жүріп жазған өлеңдері жас ұрпақ бойына қасиетті зерде сезімін, отаншылдық рухты дарытар қасиетке ие.
Тағы да дерекке жүгінсек, осыдан жарты ғасыр бұрын, Жеңістің 20 жылдығы мерекеленген 1965 жылдың 31 қаңтарында Бауыржан Момышұлы «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы «Майдандас достарға ашық хатын» жариялаған екен. Ерлік елеусіз қалмасын, деп бастап майдангерлер естеліктерін, құжаттарын жылы бүркеп, сақтап қоймай, ұрпаққа үлгі-өнеге етуге шақырған. Өйткені ол бірдің емес, көптің мүддесі, тарихтың мүддесі үшін керек, деген. Батырдың осы өсиетіне адал жерлестері бұрын да, қазір де аз тірлік тындырған жоқ. Өткен жылдарда облыстық әкімдіктің қолдауымен от ортасынан оралмағандар туралы жеті томдық «Боздақтар», ал майдан даласынан аман-есен қайтқандарға арналған «Ардагерлер» кітаптары шығарылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ойластырылған шаралар аясында майдандарда қаһармандық танытқан жамбылдықтар туралы сыр шертетін деректі әңгімелер, очерктер, өлең-жырлар мен құжаттар, фотосуреттер жинақталып, кітап болып жарық көрсе, құба-құп.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

журналист, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

«Ақпарат және талдау» орталығы шығармашылық даму бөлімінің кеңесшісі.

                                                                                   Ақ жол. – 2015. – 29 қаңтар(№ 11).  – 5 б.           


 
 

Ақәділдің жүрегі

Ақәділдің жүрегі

   20 қазан 1940 жыл

Ол арбада мол денелі, сүйекті, салалы саусақтары буылтық-буылтық, қараторы кең жүзіне терең-терең әжім түскен, қоңырқай дауысты кейуана Тойтан, оның үлкен ұлы, жасы қырықтар шамасындағы қара мұртты бет-жүзі анасына да, Ақәділге де ұқсаған Ертемен, өз қызуынан өзі қып-қызыл шоқтай қызара жалқылдаған үп-үлкен Күн табағы Мойынқұмның бұйраттарынан ыршып шыға сала көлденеңінен көсілген шарбы бұлт белдеуін алмас қылыштай оп-оңай тіліп өтіп, көтеріле бастаған шақта кішкене ауыл Қарасудың негізгі көшесінен қос-қостап ат жегілген үш жәшік арбадан тұратын кішкене керуен асықпай шығып келе жатты. Кішкенелігіне қарамастан даңғазасы әжептәуір. Жұқа темірмен құрсауланған ағаш дөңгелектердің күзгі түн салқынымен сіресе қалған ой-шұқырлы сұрғылт жерге тигендегі сартылы, адамдардың қаңғыр-күңгірі, иттердің әдеттегіше шабаланбай, арсылдамастан бүгін бір түрлі ұяңдау, тіпті ұялғандай үрген даусы ауыл аспанын тырсылдата кернегендей.

Әдетте бұл секілді керуенмен жаздың шықылдаған шілдесінен бастап күзгі салымға дейін колхозшылар Ақшолақ стансасына астық тасыр еді. Кейде арбалардың алдыңғысының үстіне «Астық – Отанға!» деген ақ бормен жазылған жазуы бар екі-үш метрлік қызыл матаны керіп қоятын. Бұл жолы олай емес: бәріне тола адам мініпті.
Көше бойлай тізілген әппақ там-үйлердің жанында, жол шетінде тұрғандар қарасы көп-ақ. Тіпті, шешелерінің етегіне оралып, ұйқылы көздерін қожалақтау, топ-толық жұдырықтарымен дамылсыз уқалап, мазасыздансада әлденені күткендей алаңдап тұрған сәбилер де бірталай. Бәрінің де назары соңғы арбаның соңында жәй аяңдаса да қадамын нық басып келе жатқан шамасы жиырмаға жаңадан іліккен бойы ортадан биіктеу, жауырынды, қараторылау кең келбетті, қоңырақай көзі кісіге мейлінше мейіріммен жылы қарайтын, басына жасыл түсті фуражка, үстіне жартылай әскери көйлек-гимнастерка киіп, белін жалпақ қайыс белдікпен буынған, аяғында көгілдір шалбар балағы қонышына тығылған сықырлауық жап-жаңа хром етік киген жас жігітте. Ақ сақалды қарттар мен әппақ кимешек киіп, күндік ораған кемпірлер құшақтап, бетінен, маңдайынан сүйсе, жастаулары төс түйістіріп, қол қысысып қалып жатыр.

– Аман барып, сау қайт, айналайын!..

– Қосы атаңның әруағы қолдасын, қарағым…

– Отанға, Сталин жолдасқа жақсы қызмет қып қайт!

– Ұмытпа бізді, хат жазып тұр…

– Қарасуыңа аман орал, ағажан…

Өткен түні құрбы-құрдастардың қоштасу кешінен кейін Ақәділ мен Айтай таңға таянғанға дейін айырылыса алмады. Көгалы қыс түскенше жасыл түсін жоғалтпайтын Қарасу жағалауында ұзақ жүрді, иықтаса, құшақтаса отырысты. Екеуінің де көңілі алау-жалау. Әсіресе, айырылысу. Айтайға аса ауыр тиетін секілді. Уайым-мұң, сағыныш әлден-ақ, Ақәділ әлсін-әлсін абайлап, аялап сүртіп отырған ыстық жасқа айналыпты. Кейде тіпті қыз жанының ішкі толқындары тулағандай тұла бойында бір нәзік діріл пайда болғанда Ақәділ өзге амалы қалмағаннан да мағынасын өзі де жөнді аңдап жатпастан әйтеуір бір жұбату сөздерін айтумен қоса сүйіктісін бауырына қысқан күйі сүйе берді, сүйе берді…
– Уайымдамашы, жаным, – деді Ақәділ Айтай сәл тыншығандай болғанда.

– Әскерде де менімен бірге боласың ғой… тіпті, маған қарап тұрасың…
– Қа-алайша? – деді Айтай таңдана.

– Солайша! – деп күлді Ақәділ. – Сенің атың – Айтай. Түбірі – Ай. Анда, мен жүретін жақтың аспанында да бірде толып, бірде жұқарып анадай Ай тұрмай ма? Тұрады, яғни, сен тұрасың. Сөйтіп мен сенен, сен менен көз алмай тұрмаймыз ба, сәулем!

– Ал… ал Айсыз түндерде ше? – деп енді көңілі аздап орнына түскендей күле сұрады Айтай.

– Қараңғы түндерде жүректеріміз не бітіреді? Менікі сен деп, сенікі мен деп соғумен болмай ма?!

– Ол рас, Ақәділім… менің… – Айтай білегін Ақәділ мойнына орады. Менің жүрегім тек сен деп соғады. Сені, сені, жаным, қанша күту керек болса, сонша күтем…

Қыздың сыбыры мен ыстық демі бой балқытты…
Міне, сол Айтай, асыл жары Айтай мұны ұзақ та алыс сапарға аттандырғалы келе жатыр. О-о, оның анау ғажайып көз жанарына тұнған сәуле бұған деген шексіз махаббат қой! Өзі үшін нағыз бақыт та осы емес пе? Әрине, әрине… «Менің де осының үшін мәңгілік алғысымды махаббатыммен қоса ал, сәулетайым!»

Ақәділ ойын Әшім қолындағы гармонның саңқ ете түскен қатты даусы бөліп кетті. Алғашқы аккордтардан соң бәрі бірден өздері өте жақсы білетін, бәлкім, өз ауылдарында туған бір әнді шырқай жөнелді.

– Біздің ауыл Қарасу жағасында-а-ай,

Ал Қарасу тау мен құм арасында-а-ай.

Сонда гүлдей жайнаған, қайран жастық-а-ай,

Сен де өтіп шынымен барасың ба-а-ай!..

Қайран жастық-ай,

Судай тастық-ай,

Жан сәулені сағынып,

Әнге бастық-ай, жастық-ай!..

Үш-төрт шақырымнан кейін жол «Фрунзе» ауылын айналып өте бастағанда Ақәділ.

–Достар, мен Әбдіраштың арбасына ауысайын, — деді күліп.

– Апамның көңілін ауламасам болмас. О кісі мен әскерге емес, барсакелмеске кететіндей уайымдап бітті әбден…

– Бар, барғаның жөн, Ақәділ, – деп Айтай қолын қысты.

Сүйек тұлғасы арса-арса ірі, жігіт ағасы Нұралыбай, оның зайыбы қасы-көзі қиылған Әсел сұлу мен немере ағасы Демесіннің кекселеу келіні Дәмен келе жатыр еді. Арбакеш – Нұралыбайдың ұлы жасөспірім Әбдіраш.

Ақәділ анасының көңіл-күйі бұлар отбасымен түгел «Бірінші Дихан» ауылына Молдаштың қазасына барып келгелі уайым түскендей күрт бұзылғанын байқаған. Молдаш өзінің бірге оқыған құрдасы. Совет – фин соғысына қатысып, фин ормандарында ауыр жарақат алып, үш тәуліктей қар үстінде қансырап жатады. Госпитальда жазылды-ау дегенмен елге, үйіне келген соң жиырма шақты күннен соң қайтыс болды. Өзінен бес-алты күн бұрын бір жасар ұлы өледі. Сөйтіп, артында аңырап, қарт ата-анасы Әбдірахман мен Сұлу, жесір боп жас жары Қиякүл қала береді. «О, Алла-ай, ол байғұстардың ендігі күні не болмақ?! – деп аяныштан қарс ұрғаны бар анасының – Сүттей ұйыған, ұядай ғана отбасы еді ғой!.. Енді… енді ұрпақсыз қалған сорлылардың шаңырағы ортасына түспей ме?! Соғыс деген бәлені ойлап тапқан қай нәлеті екен?!.» Қадірлес замандастарының қайғысына осылайша қайысқан анасын еттеп жұбатқанымен Ақәділдің өзі де қамкөңіл күйге түскен… Молдаш ұяңдау, қыз мінезді жас еді. Ақәділді әрі құрдас, әрі нағашы ретінде қатты сыйлайтын. «Әттең-ай, өмір-жасың қып-қысқа болды-ау, бауырым!.. Қысқа болғаны кенет пайда болған түсініксіз соғыстың кесірі де… Түсініксіз… Сталин көсемнің өзі талай рет біз ешкімге тиіспейміз, бізге ешкімнің жері керек емес, ал өз жерімізден жалғыз вершок та ешкімге бермейміз деген жоқ па еді. Ал алақандай ақ финдердің алып елден ала қойсам деген ниеті қайдан бола қалсын… О-о, Молдаш… Молдаш бауырым-ау, онда сен не үшін жан қидың, кім үшін құрбан болдың? ..Не үшін соңыңа тек қайғы-қасіреттен өзге ештеме қалдырмастан кете бардың?.. Кінәлі кім бұған, кім?.. »

Дос өліміне қоса осындай қапа-нала толы сұрақтар да келер күн, кешер өмірмен сабақтасқандай суық бір тұңғиыққа сүйрелейтін.

Молдаш қазасынан кейін бес-алты күн өткенде пошташы Қойлыбай үйде ұршық иіріп жалғыз отырған Тойтанға бір тілдей қағаз ұстатты.

–  Мұның не қағаз?

– Пәуіске, – деді пошташы «повестка» деген орыс сөзін сындырыңқырап.
– Онысы не тағы әдіре қалғыр? – деді Тойтан шошынғандай.

– Олай деме, жеңеше. Балаң Ақәділді ойенкамат шақырып жатыр…
– Қайда?..

 –     Әскерге, әрине. Басқа қайда болатын еді.

 –    Әс…кер…ге…

 –    Осыны құмыға әрең айтқан Тойтанның ұршық ұстаған қос қолы сылқ түсті де, көз жанары бұлдырап алыс Алатауға қадалғандай қатып қалды.

– Уайымдамаңыз, жеңеше. Қайта әскерден нағыз жігіт, тіпті кәмандир де боп оралар… Ақәділдей баланы Құдай әркімге бере бермейді, сіздерге берген … – Пошташы осыны айтты да шабандау төртбелді сауырдан сипай қамшылап, бұрыла берді. Оған назар да аудармаған Тойтанның көз алдына енді сонау алапаш тау-тас та, сары дала да емес, бірінен кейін бірі Сұлу, Әбдірахман, Молдаш, Қиякүлдер елестеді. Елестер бұған дейін беймәлім, тылсым үрей ала келгендей. Жанның өзін бөтен бір суық қан бірсін-бірсін суыта бастағандай…

Анасының осындай халін айтпаса да іштей түйсінген сезімтал Ақәділ айырылысатындарына санаулы сағаттар ғана қалғанда қалайда ананың алаң көңілін тыныштандыруға, ләжі болса көңілдендіруге әрекеттенді.

– Апа, білесіз бе, мына орыстар Орынбордың түбіт шәлісін өлеңдетіп жүреді. Шамасы, жап-жақсы болуы керек өзі. .. сондайдың біреуін өзіңізге ала келейін бе? – деді Ақәділ анасының бетіне бетін басып. – Қалайсыз ба, а?

– Сенің аман келгеніңді қалаймын, ботам. Шәлі әкелмесең де ештеңе етпейді, – деген ана сөзін жымиыңқырай жалғады. – Ешкінің түбіті өзімізде де аз емес қой… Тоқуды біз де білеміз… Ал алда-жалда әкеле қалсаң, оны Айтай келініміздің басына жабармыз.
– Айтсаңыз болды ғой, апа!

– Құдай тілеуімізді берсін…  Қос алақанымен бетін сипаған Тойтан ана жүзі сәлден соң салқын тарта бастады да:

– Ә…ә… әлгі аты өшкірдің аты есіме түспейді, кім еді…әлгі төңірегімен түгел соғысып жатқан бұзақы бізге тиісіп жүрмей ме? – деді.

– Жоқ апа, тиіспейді, – деп сөзге енді Нұралыбай араласты.

– Онымен біздің шабуыл жасамау… ә-ә, сен тимесең мен тимен… деген сияқты келісіміміз бар.

– Ал анау ұрысшыл бәле күндердің күнінде уәдеде тұрмай…

            – Ой, апа-ай, қайтесіз оған басыңызды ауыртып? Қызықсыз… Сталин жолдастың өзі айтты емес пе соғыс болмайды деп. Түсінесіз бе енді?

            – Түсіндім, Нұраш, түсінем ғой енді… Алла жақсылығын берсін…
Бұдан әрі әңгіме үй тірлігінің аужайына ауысты. Жыл аяғында колхоз еңбек күнге беретін астықты, құмшекерді, ақшаны неге жұмсау қажет, жас отауға арнап салынатын үйдің құрылысын қолға алу керек пе деген секілді жайлар ақылдасылды.
Кішкене керуен Көкбастау, Бірінші Тегістік ауылдарына жақындағанда артқы екі арбадағы жастар үлкендердің құлағын әнмен тұндырып, арба дөңгелегі айғыздай осқан жанама жолмен жарысқа түскендей соқтырта, шаңдата басып озды да Төске қарай бірте-бірте өрмелей, биіктей берді. Теріскейі де, күнгейі де біршама жазықтау, бұл шақта алтын түске анық боялған өңірдің ортасындағы, созыла жатқан, биіктігі анау-мынау аласа тауға біргісіз жалпақ адыр шынында да әлденендей жұмбақ алыптың төсіне қатты ұқсайды. Сол төстің ең биігінен алыстағы жүргіншінің көзіне қара ноқаттай ғана боп түсер бірдеңе жақындаған сайын ұлғая-ұлғая балшықтан соғылған, көп жері мүжілген, құлаған ескі көлемді қорғанға айналады. Соған қапталдаса бергенде Нұралыбай баласына арбаны тоқтаттырды.

– Апамнан басқамыз түсейік. Мен Құран оқиын, – деген Нұралыбай інісіне бұрылып:

– Кімнің қорғаны, білемісің? – деп сұрады.

–  Әрине, Байзақ датқаныкі ғой, аға, – деді Ақәділ.

Иә, бұл көне қорған ХІХ ғасырдың орта тұсындағы Ұлы жүз қазақтары көшбасшыларының және қоқандық басқыншылыққа қарсы көтеріліс көсемдерінің біріне орнатылған өзіндік бір ескерткіш еді. Айлакер дұшпан Шымкентке алдап шақырып, өлтірген соң денесін зеңбірекке салып атқанда ұшып түскен жалғыз шынашағын жаудан әрең құтылған нөкерлерінің бірі елге жеткізгенде ел-жұрт соны азалап көшіп, қорған тұрғызады… Содан бері өткен сексен жылдай мезгіл түрлі басқыншы, елді езгендердің талайын тарих қоқысына былш еткізіп лақтырып тастаса, мына қорғанға зиярат етуге келушілер замана желі қай жақтан соқса да сиреген емес. «Әр дәуірде-ақ халық өзінің еркіндігін де, еркіндік үшін алысқан ерлерін де осылай қастерлеген екен ғой. Қандай әділдік!..» деп түйді ойын Ақәділ өзгелер арбаға бет алғанда. Бұл болса жүзін теріскейге бұрған күйі қыбырсыз тұра берді. Мына жерден еңістегі туған өлкесінің ғажайып бір панорамасы ашылады екен. Сонау-сонау көкжиекте сағыммен бұлаңдай ойнаған Мойынқұмның жиренсары жалдары толқынданып жатыр. Жалдармен жапсарлас тал-терегі қарауытқан Көкөзек ауылы. Онымен аралығын егіні жиналып алынған алтынсары алқап бөліп жатқан әппақ үйлері тізіле, тұтаса көрінген туған ауыл – Қарасу. Ауыл үйлері ылғи мұндай ақ түсті емес-ті. Былтырдан бері ғана, Ақәділ бүкіл комсомолды үй ақтауға жапқан екі күннен соң осындай боп шыға келген… Анау енді Қарасу көлі. Айнадай айдынды, ұзын, бастауын мына Төстің етегінен алып, сонау Көкөзекке тіреледі. Батыс жағасында Түймекент – Буденновка, одан ары Ақжар, Бірінші Дихан ауылдары. Олармен іргелес Талас ару. Жасылкөк лентадай көкжиек асып, алыстарға бұраңдай кетіп барады. Жәй кетіп емес, тоғыз тарау – тоғыз тоған таратып барады. Солардың ең ескісі – Сәмбет тоғанын ХVІІІ ғасырдың ортасында өзінің бабасы, қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы Қосы батыр қаздырған. Қалғандарын Байзақ датқа мен оның өрен-жараны Базарбай, Төрегелді, Темірбектен өзге Сенкібай секілді бірталай қайраткер кісілер халық күшімен тартқан. Ұрпақтар солардың істерін жаңа заманда жаңаша жалғастырды. Ұрандары өздері «Интернационалда» шырқайтындай, «Біз жаңа дүние орнатамыз!» Шынында да дүние шапшаң өзгеріп, жаңарып жатыр. Ғаламат!.. Бір сәт Ақәділдің ой-көзі алдында лып етіп қап-қара мақпал түн орнай қалды да Қарасу мен Таластың жағаларына жайғасқан барша ауылдар төбесінен аспанның мың-сан жұлдыздарынан да жарығырақ электр шамдары бірден бәрі жарқ етіп жанып, бөлек-бөлек тізбектері жалғаса келе бейне бір мұның туған өлкесінің төсіндегі жақұт-алмас алқасындай жайнап кетті! «Иә, бұл енді болашақ. Біз орнатар жаңа дүниенің болашағы! Сөз жоқ, орнатамыз. Ал әзірге… әзірге қош… қош, кіндік кескен сұлу өлкем менің!..» Осындай қызулы ой әрі толқытып, әрі қанаттандырған Ақәділ қоңырқай жүзі ағара арайланған күйі күнгей жаққа бұрылып, алға аттады. Бірақ, бұл қадамының әскерге аттану үшін Жамбыл қаласына ғана емес, аз жылдан соң… ажалына, ажал арқылы ажалсыздыққа, мәңгілік даңққа бастайтынын оның өзі де, шығарып салушы туыс, көңілдері қобалжулы болғанымен қаяусыз дос-жаранның бірі де білген жоқ еді…

* * *

Адамзат адамзат болғалы бергідегі бүкіл Еуропаны, Солтүстік Африка мен Шығыс Азияны қамтыған ең ұлы, ең қанқұйлы соғыс 1943 жылдың соңына қарай өзінің апогейі – шырқау шегінен өткендей еді. Әйтсе де, олай болмай шықты. Бұрынғыдан да үлкен ауқымды жалыны шалқып, отты құйыны жер-көкте де, суда да ойнақ салды. Оларды 1944 жылдың көктемінде қабылданған жазғы науқанды өткізу және «Багратион» дейтін атпен Белоруссияны азат ету операциясын жүзеге асыруды көздейтін Жоғарғы Бас қолбасшы Ставкасының түпкілікті шешіміне сәйкес совет қарулы күштері күшейткен еді. Төрт майданның күш-қуатымен жаудың «Центр» армиялар тобын талқандау стратегиялық міндеті қойылған. Ал бұл міндетті орындау фашистерді бүкіл Белоруссиядан және Шығыс Польшадан қуып тастауға мүмкіндік беретін еді. Үлкен дайындықтан соң басталған «Багратион» операциясы орасан үлкен – бет алдынан 1200-ден аса шақырым және 600 шақырым тереңдіктегі аумақты алып жатты. Осынау отты кеңістікте дұшпанның 1 миллион 200 мың жауынгерімен шайқасуға тура келетін ұрыстарда негізгі бағыт Минскі болса, найзаның ұшында 2-ші Беларусь майданы, оның 31-ші армиясы да бар еді. Бұл армияның 174-ші Қызылтулы Борисов дивизиясы құрамындағы 628-ші Қызылтулы полкінде Ақәділ Суханбаев та оқ пен оттың ортасында жүр еді. Әскери қызметті тыныштау 1940 жылы Сібірдегі Томск қаласында бастаған ол соғысқа едәуір тәжірбиелі, шынығып-шыңдалған жауынгер ретінде кіріссе, сұрапыл жылдардың бәрінде солдат тағдырының барша қияметін: қанды шайқастағы сәтсіз шабуыл мен шегіне қашуды да, қоршауда қалу мен, тіпті, контузия алып, тұтқынға түсуді де, одан құтылуды да бастан кешірген-ді. Ар-намысына дақ түсірмей кешірген. Бірақ, бүгінде ол бұрынғы ауылдың ашық-жарқын комсоргы емес-ті. Бой-тұлғасы етек-жеңін, оқ пен от тескен шинелі тарлық етердей іріленіп, мінез-құлқы түнеріңкі болмаса да, мейлінше байсалданған. Бұрынғы балғындау жайдары жүзге суық сұс біткен, алшақтау екі қас арасы жиырылып тігінен терең сызық түссе, тығыз қап-қара шаш арасына ұрлана кірген ақ талшықтар да едәуір.
Иә, майдан өмірі бірінші батальонның екінші ротасындағы бөлімше командиріне де оңай тиіп жүрген жоқ еді. Қар мен жаңбыр, шаң мен батпақ, аяз бен аптап, көмусіз қалған өліктің сасыған иісі, шылқыған су окоп пен траншея… Оларға қоса әрі ең қауіптісі – үнемі, күндіз де, түнде де сені іздейтін ысқырған оқ пен ызыңдаған бомба, снаряд жарықшағы, ұлыған мина және… және солармен қабаттаса келетін қорқыныш… Бір жолы бөлімшедегі ең жас жауынгер, беларусь бозбала Миша Лобацевичтің «Сіз шынымен-ақ қорықпайсыз ба?» деген сұрағына сұрақпен жауап бергені бар: «Сен, Миша, мені шынымен-ақ жаны жоқ деп ойлаймысың, а?..»

Қорқыныш… бұл өзі… жағдайға қарай келеді, кетеді… Кейде, тіпті, мойныңа сұп-суық жылан орағандай оған да бойың үйренеді екен. Ал енді өлімге Ақәділ еш үйрене де, көндіге де алмай-ақ қойды. Қазір ғана өзіңмен сөйлесіп, әлденені айтып әзілдесе күліп отырған немесе қауашақтағы ботқасын асықпай, алаңсыз жеп отырған майдандас серігің кенет… бір жағына қарай қылжия салады… Болды, бітті, жас өмірдің жалыны өшті, арман, мақсат-мұраты да енді жоқ… Мерт болғандар қаз-қатар немесе асығыс жағдайда бірінің үстіне бірі жайғастырылатын бауырластар мүрдесі мекені болмақ немесе бас жағында қызыл жұлдызы бар жеке кішкене, қоянжота төмпешікке айналмақ… Мұндай өлімнің соғыстағы сұмдық заңдылық екенін түсінсе де, әсіресе, өз бөлімдері әлденеше рет жаудың терең тылында қоршауда қалып қойғандағы, жау тұтқынындағы өмір мен өлімнің аяусыз арпалысып, алдағы бір минутыңның өзі немен тынарын білмеу қатты батқан. Тағы бір айрықша азаптаған – алыстағы аяулыларына – анасына, туыстарына… және асыл жар, асық жар Айтайға апталар, айлар бойына өз жағдайы туралы бір ауыз сөзбен хабар беруге мүмкіндіктің болмауы. Ал ауылдағылардың мұның дерегін әр күннен, әр сағат-минуттан үміттің әлсіз, талмаураған шырағын медеу көріп күткендегі жан азаптарын бұл да өте өткір сезінумен жүрді…

Өстіп жүргенде Ақәділ басына зор бақыт, егер қан майданда бірдеңені бақыт деуге болса, біраз бұрын оқыс қонды. Ауылға ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы хатын жөнелте алды. Көп кешікпей Айтайдан хат алғандағы қуанышы… Оған «Мұндай да шексіз зор қуаныш болады екен-ау!» деп өзі де таңданған. Хат сағынышты жардың одан да зор махаббатың, іңкәр жүрек лүпілін жеткізіпті. Атыс-шабыстың ара-арасында алдымен қолға алатыны да сол хат. Он қайтара, жүз қайтара оқыған шығар. Әр сөзі жүрегінде жатталып, жаңғырып жатты. Әрі-беріден соң тозуға айналған қағазды танауына апарады, бейне бір туған өлке – Әулиеатаның ауасы, аяулы Айтайдың жұпар лебі, ыстық демі жетердей…
Жауған оқ, тіміскілеген ажалды елеместен жігіт жаны серпілді, желпінді!..
Бұл аралықта «Багратион» да ойдағыдай жүріп жатты. Шілденің 3-і күні кешке қарай Минскіні ұстап тұрған гитлершілдердің 4-ші армиясы толықтай дерлік талқандалып, 100 мыңнан аса солдаттары мен офицерлері тұтқынға түсті. Белоруссияның от-жалынды қара түтін басқан астанасы азат етілді. Бірақ, барлық құрылыстар, көпірлер, парктер, театрлар қиратылған. Тұрғын үйлер орамдарының орнында сынған шыны, кірпіш, майысқан сояу-сояу темір сырықтарға толы алаңқайлар қалған. Соған қарамастан көздеріне жас үйірілген сан мың адамның қуанғаны да тек соғыста ғана кездесетін бір түрлі бөтендеу көрініс еді.
Минскіге солтүстік беттен жалындағы жаудың астан-кестеңін шығарып басып кірген бронетанк әскерлерінің маршалы Ротмистровтың 5-ші гвардиялық танк армиясының соңынан оқ бората қаптаған құрамалар мен бөлімдердің арасында 628-ші полк те бар болатын. Жауды қуумен қаланың шет жағына жеткен ол сонда шеп құрып, жайғаса бастаған. Осындай шақта әлденеден ақсары жүзі алаулап кеткен Лобацевич Ақәділге жүгіріп келіп, алқына тіл қатты: «Жолдас командир! Біздің үй бізден екі-ақ жүз метрдей жерде! Жүгіріп барып келейін, рұқсат етіңізші?» Мынадай тосын жағдайға сүйінген Ақәділ взвод командирінен рұқсат алды да бөлімшесімен Михаилдың соңынан ерді. Ондағы ой: жауынгердің ата-анасы бар болса, интернационал бөлімше – қазақ, украин, орыс, татар, өзбек, қырғыз бәрі бірге құттықтау, ал қайғылы бірдеңе болса бәрі бірге жас солдатты жұбату…

Шүкір, қартаңдау әке-шеше бар екен. Терілері сүйекке жабыса әбден арыған, әлсіреген олар жартылай қираған, ыс пен оқдәрі сасыған кішкене ғана үйден табылды. Лобацевичтер қуанышында шек болған жоқ. Күліп, жылап-сықтап біраз мауықтары басылғанда селдір әппақ қудай шашы дудыраған егде әйел даусы дірілдей Ақәділге тіл қатты:

– Мишамыз үшін, оны сақтағандарың үшін сендерге рахмет, балам!… Өзіңнің ата-анаң бар ма, қайда олар?

– Анам бар, Қазақстанда, шешей – деп жауап берді Ақәділ.

– Ой, қандай алыстан келгенсіңдер бізді құтқару үшін!.. Анаңа сәлем айт, біздің алғысымызды жеткізгейсің, балам… – деп ана дірілдеген салқын саусақтарымен Ақәділдің қолын қысты.

Мынадай күтпеген кездесу, оқыс қуанышқа тап болған жауынгерлердің әрқайсысы-ақ өз үйін, ата-анасын еске алысып, қарт Лобацевичтер үшін солдаттық паектарынан дастархан жасады, «наркомдікін» де ұсынды. Ақәділ болса мына қауышуды миллиондаған адамдар тозағына түскен трагедияның аяқталып келе жатуының, өзінің де туған ел-жұрт, қимас жандарымен жолығуының алғашқы, жылы жақтан жетер ақ қанатты жыл құсы сияқты жақсы нышанындай қабылдады…

Алайда, ұрыс уақытша толастаған екі күннен кейін көтеріңкі көңіл-күй желге ұшқандай ғайып болды. Өйткізген Курск-Орел доғасындағы қырғында аяғына оқ тиіп, ауылға кемтар, ақсақ боп оралған бұрынғы пулеметші Сүлеймен Шілдебаев досының хаты еді. Сұмдық жайды жазыпты: ауылдан майданға кеткендерден қазірдің өзінде отызға тарта боздақ опат бопты. Олардың арасында зеңбірек командирі Әшім Бекбосынов, взвод командирінің көмекшісі Бекжасар Жұмағұлов, сапер Есіркеп Қазақбаев, атты әскер Әбдіман Төлбасов сынды құрбы-құрдастардан басқа бұрын бірінен кейін бірі колхоз бастығы болған Байсақ Тойбеков пен Көпбосын Қапалбаев ағалары бар екен… Ал әкесі Суханбайдан кейін ауыл молдасы болған Мәдібай екі аяқтан бірдей, Рысбай бір көзінен айрылса, Нұртай мен Бекдүйсеннің беті-бастары қатты жараланыпты… Үрке тулаған жүрек кеудені ұрғылады. Ішін бірдеме өртеп бара жатқандай күйдіреді. Шамасы ауыр қазалар хабары туғызған ауыр қапа, кек алуды тілеп қайнаған қан-зығырдан, жауға деген шексіз өшпенділік – осының бәрі қосыла келе бір тозақы отқоспаға айналғандай лаулайды. Тегінде Ақәділ кекшіл емес-ті. Өшпенділік дейтін де, шынтуайтқа келгенде, алғашқы солдаттың өлгенін және түгел өртеніп, тек пешінің қара күйе мұржалары сорайған алғашқы деревняны, онда дарда салбырап тұрғандарды көргенде ғана пайда болған. Рас, жеккөрушілігі бар-ды. Әсіресе, қилы-қилы әділетсіздікті өте ұнатпайтын. Ол кімнен болса да. Бұрынырақта, интернатта әлсізге тиіскен, яки, ұлты жөнінен кемсіткен күштілерді талай рет жұдырықпен жөнге салғаны да бар. Енді ойласа оның бәрі мына өшпенділікпен салыстырғанда жәй ойын екен ғой. Бұрнағы күні ғана қайдан пайда болғаны белгісіз, бұлардың позициясы маңынан жарты взводтай жау солдаты шыға келіп, атыс басталды да кетті. Сәлден соң жау қашты. Зор денелі біреуі кейін бұрыла беріп қос қолын көтере бастағанда бұл автомат шүріппесін босатудың орнына барынша басты. Дискідегі оқтың жартысы әлгі ұзын сорлының кеудесін жүндей түтті. Мұның дос-бауырларын өлтірген нақ сол боп көрінгені-ақ есте қапты…

Өзінің ой-сезімдері туралы бір адамға ғана барынша кеңірек жазатын. Ол – өзінің Айтайы. Қосылар қосағына деп те емес, жақында колхоз партия ұйымының хатшысы болып сайланған жиырма екі жасар коммунист қыздың майдан жайын, жауынгерлердің өмірін білуде совинформ бюроның немесе газеттердің құрғақ, біржақтылау хабар-ошарымен ғана шектелмеуін де қалайтын…

Минск төңірегіндегі аумақтардан ысырылған герман әскерлері жекелеген бағыттарда қарсылық көрсеткісі келгенімен бүкіл майдан шебі бойынша Шауляй, Каунас, Гродно, Белосток, Брестке қарай шегініп бара жатты. Соғыс театрындағы осындай өзгерістерді ескерген Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің ставкасы 4 шілдеде қажетті дайындық жасалған соң шабуылды жалғастыру туралы бұйрық берді. 2-ші Беларусь майданына Новогрудок, Гродно, Белосток қалаларын жаудан босату міндеті қойылса, 31-ші армияның еншісіне ескі қала әрі ірі темір жол торабы Гродноны азат ету тиді. Әскери барлау мен партизандардың берген мәліметі бойынша жау да осы қалада табан тіреп қалуға жанталасатын сияқты. Барлық резервін, тіпті, шаруашылық, санитарлық бөлімдеріне дейін жұмылдырып, бекініс салып жатқан көрінеді. Бірақ, бұған қарамастан совет әскерлері Гродноға қарай қызыл жебедей атылды. Солардың бірінің ұшы 628-ші Қызылтулы, қаланы алғанмен кейін Гродно аты берілген атқыштар полкы болатын. Оның құрамындағы Ақәділдің автоматшылар бөлімшесі 16 шілденің кешіне қарай қала сызығын бірінші болып аттады. Ұрыс барысында жаудың екі зеңбірегін тартып алып, расчеттарын жер жастандырды, Неман өзені көпіріндегі бірнеше атыс ұяларын жойды. Фашистерден азаттық алған гроднолықтардың алғаш құшақтап сүйгендері де солар болды. Жаппай қуаныш көзге көрінбес бір ғажайып толқындарымен де, мойнына оралған алтын шашты беларусь қызының білегі түрінде де Ақәділ жүрегін тербеді. Бірақ, ол жеңімпаз-жауынгер бақытын молынан сезінген сол сағаттарда жауға деген өшпенділікке ғана емес, күллі жарық дүниеге деген махаббатқа да толы жүрегінің соңғы рет соғуына дәл екі-ақ апта қалғанын қайдан білсін…

* * *

31 шілде 1944 жыл.

Отызыншы шілденің күні батар-батпаста бөлімшесі шегінген жаумен атыса жүріп Август орманының қалың нуынан шағын бір алаңқайға шыға келгендерінде Ақәділдің алғаш көзіне түскені – снаряд қопарған апанның шетінде қалқайып тұрған үшкіл көрсеткіш тақтайша болды. Бетіндегі қара жазу латынша. Бірақ қырқыншы жылға дейін латын әрпін қолданған барша қазақ секілді Ақәділге оқу қиын болған жоқ: «Стежельцовизне-2 км». Оқыды да қуанғаннан айқайлап жіберді:

– Жолдастар, қырандарым менің! Біз Польша шекарасына шығыппыз!..  Біз советтік Отанымызды азат еттік, ура-а-а!..

Алаңқай Ақәділдің, оған қосылған ұрыс қызуынан әлі арылмаған жауынгерлер даусынан жаңғырықты. Бұйрықсыз-ақ бәрі, жаралылар да аспанға оқ атып, салют берді. Содан соң бір-бірімен көрісіп, құшақтасты. Көздеріне жас алмағаны жоқ…
«…Таңға жақын дұшпанды деревнядан қуып шығу жөнінде бұйрық алдық. Менің тапсыруыммен Ақәділ өз бөлімшесін ертіп, қара бидай арасымен жаудың сол қанатына шықты да бірден шабуылдады. Мұндайды күтпеген фашистер шегіне бастады. Суханбаев берекесін кетірген жауға қарсы бүкіл рота көтерілді. Жау шегінді. Есесіне біздің алдыңғы шепті бомбалай бастады. Одан соң танкілер мен жаяу әскерін жіберді. Олар басқа, қанаттас екі ротаны ығыстырып, менің ротам жалғыз қалды. Жау қысқан үстіне қысып келеді. Батольон командирі қарсы шабуылға шығуды бұйырды. Шықтық. Ақәділ мұнда да нағыз ер екенін көрсетті: танк соңынан шұбырған жаудың талайын автоматпен жер құштырды. Дегенмен, күші басым дұшпан бізді ығыстыра бастады. Шегініп, жаңа шепке жайғастық. Айнала жап-жарық еді бұл кезде. Қару-жарақ, оқ-дәріні толықтырып алған соң ұрысқа қайта кірістік. Ақәділ бөлімшесімен жау траншеясына бірінші болып жетіп, оның ішінде қоян-қолтық ұрысты қыздырды. Осыны пайдаланған рота бұрынғы жағдайын қайта қалпына келтірді. Қосымша күш келді. Тағы да ұрысты бастадық. Дұшпан шегінді. Қайтадан шеп құрып, көл жағасындағы жаңа ұрысқа дайындалдық.
Көлден алғашқы болып өту туралы бұйрық алдым. Ақәділ бөлімшесімен әп-сәтте сал жасап алып, шабуылды күтуде. Ол да басталды. Ақәділ бөлімшесіне бұйрық берді:

– Бәрің – салға, қаруларыңды дайын ұстаңдар!

Сөйтіп өзі бөлімшеге берілген пулемет расчетімен қайыққа отырды. Көлдің орта тұсына жеткенімізде жау пулеметтен, артиллериядан атқылай бастады. Ақәділ:
– Атысты жау пулеметіне аударыңдар! – деп бұйырды.
Фашистер пулеметінің үні өшті. Суханбаев жауынгерлерімен жағалауға бірінші болып жетті. Оның жол ашуын пайдаланған рота бірталай шығынмен болса да көлден өтті. Сөйтіп біздің рота қиян-кескі ұрысқа кірісіп, бүкіл полктың өтуіне жағдай жасады.
Көп кешікпей Стежельцовизне деревнясына да жақындадық. Полк маршпен тік көтерілді. Ақәділ тағы да алдыда. Таяп қалғанымызда жау бізге оқ жаудыра бастады. Полк ұрысқа бейімделіп, қанат жайды. Шапшаң өткен шайқастың нәтижесінде жау өзеншенің арғы бетіне ығыстырылғанмен біз тиімсіз жағдайда қалдық.

Көп ұзамай өзеншеден өтіп, жаудың адам күші мен техникасын барлау туралы бұйрық алдым. Ақәділді жұмсадым. Ол бөлімшесімен тапсырманы мүлтіксіз орындап, қажетті мәліметтің бәрін әкелді.

Арада аз ғана уақыт өтісімен жаңа тапсырма алдым. Өзеншеден алғашқы болып өтіп, жау назарын аударып, ұрысқа кірісу, сөйтіп бүкіл полктың өтуіне қолайлы жағдай жасау.

Рота өте бастады. Тағы да Ақәділ – алда. Жау пулеметтен, минометтен оқ боратып жатыр. Соған қарамастан рота шайқасқа кірді. Бұта-бұтаның арасымен жылжыған оң қанат әжептәуір нәтижеге жеткенімен ашық алаңқайға тура келген сол қанат, ондағы Ақәділдер жылжи алар емес. Ол үш мәрте бөлімшесін шабуылға бастағанымен бораған оқ дес бермеді.

Міне Суханбаев тағы да бұйрық берді:

Тұрыңдар, жүгіріңдер, алға!..

Жауға алдымен өзі ұмтылды. Сол-ақ екен сол қолына оқ тиді. Гранатаның шығыршығын тісімен шығарып лақтырғанда ол жолындағы жалғыз ағашқа соқтығып, жарылды. Пулемет болса оқты төгуде. Екінші гранатаны алды. Екінші, оң қолы да жараланып, граната жерге түсіп кетті. Ақәділ енді жау пулеметіне жақындай түсті. Бір сәт те ойланып тұрмастан пулеметке тұра ұмтылды.

 Тек: – О-отан үшін!.. – деген күшті айғайын ғана естіп қалдық.

…Ұрыс біткеннен кейін Ақәділді таптық. Ол жау пулеметінің үстінде жатыр еді…»
Кейінірек екінші ротаның командирі аға лейтенант Петр Корсаков осылай деп еске алған-ды. Ал онда Ақәділдің қаруластары кешке дейін қапысыз бекінген жаумен жағаласып:

– Отан үшін! Сталин үшін! Суханбаев үшін!.. – деп ашына ұран салып, поляк орманын жаңғырықтырған…

Қызыл іңірде қырғын ұрыста көз жұмған ерлерді, ішінде Ақәділ де бар, бауырластар мүрдесіне жерледі. Үш мәрте салют берілуін күткендей-ақ кенет батыстан қатты жел соқты. Август орманының бұлт пен түтін тұтасқан қара аспанмен тілдескендей, бомба мен снарядтан сау қалған заңғар қарағайлары шайқалып, ысқыра шулап кетті. Сол шуылды аздан соң нөсер жаңбырдың суылы басты. Солдаттардың беті-қолын қан мен терден тазарта сауылдаған тамшылардың жылылығы сонша адамның ыстық көз жасын еске салғандай еді…

Менің Ақәділ ағам жиырма төрт жылға толар-толмас өмір жолын осылай, қас-қағым сәтте жарты аспанды сызып өтіп, ғайып болатын жұлдыздардай аяқтады…
Арада бір апта өткенде полкқа 31-ші армияның қолбасшысы генерал-полковник Глаголевтен бұйрық келді. Суханбаевтай батырдың денесі қайтадан ең жақын совет қаласына жерленсін деп бұйырыпты. Ондай қала Польша шекарасынан он шақырымдай, Неман өзенінің жағасындағы Друскининкай болып шықты. Барлық әскери құрмет жасалып, азалы-салтанатты рәсім өткізілді. Полк сапының алдында Ақәділдің №2811 ППШ автоматы Михаил Лобацевичке тапсырылып, ол жауды Суханбаевша соғуға ант етті. Солдат сөзінде тұрды: Берлинге жетіп, жәдігер автоматтан соңғы рет 1 мамыр күні оқ шығарды. Амал не… нақ сол күні, соғыстың соңғы күні қазақ Ақәділдің беларусь інісі Михаилдың өзі де мерт болды. Ал автомат кейінірек СССР Қарулы күштерінің орталық мұражайындағы Ақәділге арналған бұрышқа қойылды. (90-шы жылдардың аяғында ол қаруды Қазақстанға беруді сұрап Парламент депутаты ретінде екі рет хат жазсам да, Ресей жағы келіспеді).

1945 жылғы 28 наурызда СССР Жоғарғы Советі Президиумының жарлығымен Ақәділге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Ал туған халқы өз перзентінің ерлігін мемлекеттің ең жоғарғы органынан да бұрын бағалаған-ды. «Қарасу» колхозы мен батырдың оқыған мектебін Суханбаев атымен атап қойған. Одан біраз кейінірек Гроднодағы негізгі көшелердің біріне аты беріліп, Друскининкайда шағын мұражайы ашылды. Жамбылда, Алматыда, Сарыкемерде Суханбаев көшелері пайда болды. Әдеби-публицистикалық шығармалардың кейіпкеріне айналды. Майдангер ақын Надежда Новосельцова баллада жазса, оны өзіміздің Сырбай ағамыз тамаша аударды. Осы жолдардың авторы қаһармандық драма жазып, ол М. Әуезов атындағы академиялық және Жамбыл облыстық драма театрларында қойылды. Ал дарынды журналист інім Тұрсынхан Толқынбайұлы «Жай отындай жарқ еткен» атты жап-жақсы кітап жазды.
Оның есімі мыңдаған адамдардың аузымен жалпы есімге айналып кеткелі қашан. Ал жаны жәннатта болғыр Тойтан апамыз өле-өлгенше сүйікті ұлының қазасына сенбей өтті. Күтті. Аналық ұлы жүрекпен күтті… Шамасы, Алла тағаланың өзі ана жүрегін сол үшін өлі перзент болмайтын ғып жаратса керек…

* * *

31 шілде 1974 жыл.

Литва. Друскининкай. Айналасы иілген үйеңкі тал кішкене ғана айнакөл – Друсконистің шығыс жағалауындағы жауынгерлер зираты. Ақәділ аға мүрдесінің үстін пырдай боп қанқызыл алаулы гүлдер жапқан. Бас жақтағы тігінен қойылған тас плитаға «Герой Советского Союза Агадил Суханбаев. 1920-1944 гг.» деп ойып жазылыпты. Жергілікті партия – совет қызметкерлерінің бастауымен мұнда келген біз – соғыс ардагері Өмірәлі аға Биторсықов, Михайловка кірпіш зауыты партбюро секретары Валентина Романенко, Свердлов аудандық газеті редакторының орынбасары Қабылбек Құлайысов және мен, облыстық газеттің бөлім меңгерушісі – Суханбаев ерлігінің 30 жылдығына байланысты батырдың мүрдесіне Тойтан анасының бейітінен ала шыққан топырақты сеуіп, ел-жұртынан алғаш рет гүлалқа қою үшін келген арнайы делегациямыз.
Топырақты себу сәті қатты толқытты. «Міне, бірін-бірі өлідей де, тірідей де отыз жыл күткен ана мен бала бірін-бірі тапты, қайта қосылды!..» – деп ойладым мен. Жанар тұманданды… Осындай халде бір құдіреттің кереметімен өзімді ересек адамнан туған ағам Әшім сияқты, үйге жиі келіп тұратын туысқан ағам Ақәділ де қолына алып көтеретін, ойнататын, былдырлаған тіліне мәз бола күлетін кішкентай сәбиге айналып кеткендей сезіндім. Сөйте тұрып, алдымда гүл жамылып жатқан ағатайыммен сөйлесе бастадым: «Тәлім мен Теберік аналарым айтып отыратын, сіз әскерге кетіп бара жатып, ұйықтап жатқан үш жасар мені маңдайымнан сүйіп, «Үлкен жігіт бол, бауырым!» деген деп… Міне, сол мен сіздің рухыңызға тағзым етуге келіп тұрмын, ағажан!..Есітемісіз мені? Әлде… әлде сіз рухыңыз ақ құсқа айналып, шексіз ғаламның бір қиырында жүр ме екенсіз?.. Сіз… сіз екі қолыңыз бірдей жараланғаннан кейін бассауғалауыңызға, содан соң орындалған борыш, ақталған парыз сезімімен ұялмастан елге қайтуыңызға болатын еді ғой. Аяқ-қолдан айрылып, басқа да жарақаттар алып, мүгедек боп келгендер аз ба? Жұрт оларды кінәлаған жоқ, қайта қадір тұтып құрметтеді… Сіз де сөйте алатын едіңіз. Келіп ай дидарлы Айтайға, сізден кейін көп жасамады ғой ол да, үйленіп, бала-шағалы болатын едіңіз ғой… Бірақ, сіз өлім мен өмір беттескен, белдескен сұмдық сәтте басқаша жасадыңыз. Неліктен? Сол сәтте сіздің санаңызды, сіздің жаныңызды, сіздің бірер секундтан кейін жаудың ірі калибрлі пулеметі пәрше-пәрше ететін жалынды жүрегіңізді жай отындай жарқ-жұрқ жарқыратқан қандай сезім? Отанға сүйіспеншілік пе? Әбден мүмкін… Қандыкөйлек серіктеріңізді ажалдан сақтап қалу ма? Бұл да мүмкін… Өзіңіз үшін өзіңіз кек қайтарғыңыз келді ме? Ықтимал… Ар-намыс па? Солай болар… Ата-бабаның ерлік дәстүрі ме? Күмән жоқ, солай… Өйткені мұндай сезім-қасиеттердің баршасы сізде бар болатын. Солардың бәрі сұрапыл сәтте тоғысып, сізге өмірді емес, ер өлімін таңдауды ұсынған, жоқ ұсынып емес, бұйырған болар… Бірақ, туған халқыңыз сіздің өліміңізді мәңгілік өмірге айналдырып жіберді ғой, жан аға Ақәділ!..»
Тойтан ананың мүрдесіне төгіп, араластырып жіберу үшін кішкене ақ қалтаға салғалы алған бір уыс құмақ қара топыраққа бірер тамшы жас тырс-тырс тамды…

* * *

31 шілде 2004 жыл.

Ақәділ ағаның қаза тапқанына 60 жыл. Ертеңгі шәй алдында шәһид кісінің рухына арнап қасиетті Құранның Ихлас сүресін оқыдым. Одан соң облыс әкімі Бөрібай Жексембинге Парламенттің экс-депутаты ретінде телефон соғып, қабылдауын өтіндім. Ол келісті:
– Бүгін Ақәділ Суханбаевтың қазасына тура алпыс жыл… – дедім де үнсіз қалдым.
– Иә, білем. Батырдың топырағы торқа болсын, – деп шапшаң жауап қатты әкім.
– Жақсы. Онда… онда ол кісіні көбірек пайдаланайық, – дедім аздап әзілдегендей.
– Қа-алай? Қайда?.. – Бөрібай Биғожаұлы маған таңданыспен қадала қарады.
– Жастарға, жастар ғана емес, баршаға патриоттық тәрбие беруде… – деп бастадым да негізгі айтпағыма көштім: Жеңістің 60 жылдығы келе жатыр, соның қарсаңында Отан қорғауда ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Суханбаевқа қалалық әскери комиссариаттың алдындағы алаңқайда ескерткіш орнатылса өте дұрыс болар еді. Мүсінші Сейіткерім Момыштың макеті дайын. Өте әсерлі, кімді де болса ойлануға мәжбүрлейді. Ондай шығарма, сөз жоқ, «жұмыс істейтін» болады. Екіншіден, мұндай ескерткішті орнату – қазіргі ұрпақтың борышы да ғой, Ақәділ кім үшін жүрегін оққа тосты…
Әкім мені мейлінше зейін қоя тыңдап, жауабын қысқа қайтарды.

– Иландырдыңыз. Айналысатын боламыз.

Солай деді де алдындағы қара тысты қалың дәптерге бірдемелерді жаза бастады…
Кеңес Одағының Батыры А. Суханбаевтың ескерткішін 2005 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

* * *

31 шілде 2014 жыл.

Ақәділ ағаны еске алу күні. Оның мына жарық дүниеде жоқтығына да, міне, жетпіс жыл. Тараз жұртшылығының бұл күні ескерткіш жанына жиналып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын қоюы, азалы-салтанатты митинг өткізуі, Құранға қол жаюы дәстүрге айналғанына да талай жыл.

Денсаулығым қатты мазалап тұрса да баруға бекіндім. «Ау, бұл парызым ғой, – деп ойладым. – Шамасы, жиналатын жүздеген адамның ішінде бұдан ширегі кем бір ғасыр бұрын Ақәділ ағам батаға бергісіз тілегін арнаған жалғыз мен болармын-ау қайтсе де… Иә-ә, біз, жасымыз да, кәріміз де сардар Бауыржан, сарбаз Ақәділ сынды Батырлар сапындағылардың, сонау қаһарлы заманда омырауын оққа тосып, мерт болғандардың баршасының әруағы алдында қарыздармыз ғой. Сол қарызды сезіну кейде оларды тірілер қатарына қосардай әрі тәтті, әрі мұңды қиялдарға да бастайды-ау…

Маған кейде оралмаған солдаттар қан майданнан,

Боп көрінер ақ тырнаға – әппақ құсқа айналған…– ұлы Расул Ғамзатов осылай үміттенген. Құдайдың қарапайым пендесі мен де үміттенем…»

Арғынбай БЕКБОСЫН

Ақ жол. – 2014. – 16 қыркүйек  – 4 б.