Кран тізгіндеген келіншек

     Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек, қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзікжандылар арамызда көп-ақ.

Жуырда редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі Оксана Глазетдинова еді. Ер азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп, салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Оксана Валерьевна Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-нде мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС – барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті – кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын емесін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткенін айтады. «Биіктік – бұл менің таңдауым», – дейді өзі.

Оксана – Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті.

– Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі – 10 метр, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде, «аман-есен түсейінші» деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір, – деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады.

– Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы болатын, дала тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде, байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ «басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», – дейді Оксана.

Иә, онын мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында. Десек те, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген. «Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», – деп санайды Оксана.

– Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір, мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып, – дейді кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап – қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады.

– Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін басқа нәрсемен айналысуға құқығым жоқ. Бұл – үлкен жауапкершілік. Краншы кез келген ситуацияға дайын болуы қажет, – дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің әйел екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехтағы жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі – екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

       Р.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде, ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесін, өмірге құштарлығың арта түседі.

 Сәуле Мүхадинқызы, журналист, Қордай ауданы

Jambyl-Taraz. – 2024. – 8 наурыз

Жер емген қария

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет.

Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға

тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады.

Тараз қаласында Базарбай Шалдарбеков деген қария тұрады. Мен ол кісіні көп жылдан бері білемін, араласып тұрамыз. Еңбекқор қария зейнетке шықса да үйінде кейбіреулер сияқты қол қусырып босқа қарап отырмайды. Біраз жылдан бері үй маңындағы жеріне қызанақ, қияр, асқабақ, сәбіз тұрған жерді тазалап, жем-шөбін беріп күту де аз шаруа емес.

Бақшасын суару үшін Базекең жерасты суын пайдаланып жүр. Сол үшін есігінің алдына жер астынан су соратын арнайы құрылғы орнатып алған. Зиянкестерден қорғау үшін жеміс ағаштары мен көкөністерге дәрі шашып отырады. Ауладағы сияқты көкөністерді егіп, жеміс ағаштарын өсіруді кәдімгідей кәсіпке айналдырған. Одан бөлек мал қорасында бірер бас қой ұстап, семіртіп, қажет кезінде көжеқатыққа сойып алады. Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Бақшаны арамшөптерден тазартып отырудың өзі бірталай жұмыс. Оның үстіне өсімдіктер мен жеміс ағаштарын уақтылы суарып, жерін ерте көктемде көкөністер егуге дайындай бастайды. Кейбір көкөністерді үй жағдайында ұрығынан өсірігі алып, күн тұрақты жылынғанда даладағы жеріне отырғызады. Бұл әдіс олардан өнімді жазда ерте ала бастауға мүмкіндік береді.

Базекеңнің еңбекқорлығы арқасында отбасы көп нәрсені дүкеннен, базардан сатып алмай пайдаланады. Қазір баға шарқырап тұрған кезде бұл отбасы үшін жақсы көмек емес пе. Бірде Базекеңнің үйіне барғанымда еңселі алмұрт ағашының бұтақтарында алмұрт пен асқабақ бірге салбырап тұрғанын көріп таң қалғаным бар. Сөйтсем жерді тиімді пайдалану үшін асқабақ ұрығы алмұрт ағашына өте жақын егілген екен. Асқабақжоғары қарай да өсе беретін ұзын сабақты өсімдік болғандықтан, ағаштың бұтақтарына дейін көтеріліп барып, оларға оралып алыпты.

Базарбай қария тек бау-бақшамен ғана айналысып қоймай немерелеріне көңіл бөлуге де уақыт таба біледі, сабаққа дайындықтарын қадағалайды. Күнде үш немересін жеңіл автокөлігімен кезек-кезек мектепке тасиды.

Бағбан қария үй іргесінде жеміс-жидек және көкөніс өсіруден жалыққан емес. Қайта есік алдына шығып бір мезгіл бой жазып, қимылдан, тер шығарудан рахат тапқандай болады. ІІІындығында денсаулықтың бір ұшы еңбекте жатыр ғой. «Еңбек етсең ерінбсй, тояды қарның тіленбей» деп ұлы Абай айтқан ғой. Осы ұстанымды өмірлік қағида еткен Базарбай қария әлі тың, ширақ.

Өкінішке орай, көп адамдар үйлерінің маңындағы жерлерін тиімді пайдалануға көңіл бөле бермейді. Бұған соңғы жылдары облысымызда орын алған су тапшылығы мен арықтардың көп жерлерде бітеліп қалуы әсер еткен болар. Бірақ, үй маңындағы жерлерін бау-бақшаға айналдырғысы келетіндерге жер асты суын сорғы арқылы тартып, жер асты суын пайдалануға болады емес пе.

Базекең бір сөзінде:

      Мен үшін жермен айналысу дағдылы іс. Өз қолыңмен өсіріген жеміс-жидектер мен көкөністердің дәміне не жетсін?! Өз еңбегіңнің жемісін көруден артық, не бар? Ала жаздай үй іргесіндегі уылжып піскен жеміс-жидекке, көк-сөкке қарық боламыз да жатамыз,- деген.

Оның бұл сөздерінің жөні бар деп ойлаймыз. Биылғы көктем де жақындап келеді, Базарбай қариядан үлгі алып, үй маңындағы жерді игеріп, тиімді пайдалануға көңіл болейік.

Сейітқасым Тәжбенов,

ардагер дәрігер,  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Ғұмыр дария. – 2024. – 10 ақпан

Өнердегі талғам өресі бәрінен биік болғаны жөн

     Театр өнері – талай жылғы креатив пен қоғамдық ой-сананың жемісі. Өміршең салада шығармашылық ізденіс пен өнерге деген адалдықты ту еткен, көрермен алдындағы шынайылық пен жауапкершілік жүгін арқалаған жандар қызмет етеді. Осынау ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге тырысып, саналы ғұмырын өнерге арнаған тұлғалардың бірі – танымал театр және кино актері, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов. Мәні мен мазмұны келіскен біршама тың туындыларды театр сахнасына әкелген режиссер әрі актер Тұңғышбай ағамызбен шығармашылық жолы, бүгінгі театр тынысы, өзі баптаған шәкірттері және отандық киноиндустрияның ахуалы турасында сүбелі сұхбат құрған едік. 

     – Аға, жақында 75 жас ме­рей­тойыңызды дүркіретіп атап өт­тіңіз. Саналы ғұмырыңызды саф өнерге арнағаныңызға аз уақыт болған жоқ. Осынау жылдар ішін-де неге қол жеткіздіңіз? Неден айы­рылдыңыз?

– 75 жасымды елім атап өтті. Мені қадірлейтін елім мен мемлекетімнің басында естияр басшының келгеніне шүкірлік. Жоғарыдан оң «дүмпу» болмаса, төменіміздің қимылдауы қиын заманда екенімізді жасырып не керек… Әлбетте, ел арасындағы азғантай абыройымыз бен еленген еңбегіміз менмұндаламаса, мұндай қолдау мен марапаттарға қолдың жетуі екіталай ғой… Тәу­бе… Болмаса, осы жасқа жетпей, алқаланбай, сыймықтана алмай менің барлық дерлік достарым мен құрдастарым, қайсыбір шәкірттерім Раббысына кетті… Өмір ғой… Иә, мұртым те­бін­деген балаң кезімдегі қы­зығу­шылықты қоспағанда, 53 жыл­дан астам өмірім кәсіби өнердің қаспағына дейін қырып жеуге сарп етілді. Кедергілер мен қиындықты көтере алатын ертегідегі «Таусоғар» не «Көл­тауысар» сияқты көзсіз ба­тырмын деп кеуде қағудан ау­лақпын, әйтсе де өнер азабына шыдас бере алмай, талай тізгін тартып, өнерге келгеніме қанша рет қарадай өкінген кездерім болмады деп те айта алмаймын… Өмір мен өнер жолы Қапшағай көліне тура баратын даңғыл жол емес деп, өзім талай айтқандай, бұрылыс, кептеліс пен тайғақ, ойлы-қырлы, жоғары-төмен тұстары болмады емес, болды. Болғанда қандай! Мәмбетовтің жерлесі, Аймановтың туысы, не Рахмадиевтің жиені емеспін… Ұстаздарым Хадиша Бөкеева мен Асқар Тоқпановтар балалар үйінде өскен жаутаңкөз ұрпақ өкілі, қолдау-тіреусіз тұл жетімдер тұғын… Өз кеудесін өздері сүйреген, өз жандарын өздері күйттеген, бірі Петербор, бірі Мәскеуде тәлім алып, жең ұшынан жалғасу дегенді білмей өткен пірәдарлар-ды… Ал мен – Сарыарқаның төсін жарып өтетін Мойынты мен Шу бойына салынып жатқан шойын жолдың бойындағы үш-төрт жанұялы, орысы мен оймауыты тұратын кішігірім разъездегі қарапайым теміржолшы Қадырдың бала­сы­мын, шежіреші атам Жаманқұл дейтін қазына шал мен ертегіші әжем Баршагүлдің тұңғыш не­ме­ресімін. Айдалада жападан жал­ғыз жүрдім, анда-санда ой қуып сырласатын, бала бо­лып ойнайтын тетелестерім – қауға сақал орыс бригадир Панкратовтың тұлымы желбіре­ген бірді-екілі көккөз қыздары еді… Солармен ойнаймын деп орысша үйрендім.

…Хоош деңіз… Жоғарыдағы тізбелеген балаң кезім есте қал­ған соң, есерсоқ болып өспе­гені­мнің куәсі болар. Арманшыл болдым, рас… Рас, ерте есей­­дім, алайда бала кездегі ба­лаң сезімді кірлетпегенім хақ. Өнерге алып келген де сол шығар. Әлбетте, тапқаным көп. Өнерге есепсіз қызметім талай адами да, суреткерлік те биіктерге жетеледі. Өнер арқылы ұлтымды терең таныдым, тарихына үңілдім. Бала кездегі неге бұлай дейтін «күн фая­күн» сұрақтардың жауабын тапқандай болдым. Ол жауаптар елімнің тұманды сағымға көмілген өткенінің өкініштері түпсіз уайым­ға сүңгітіп, қан жұтардай қайғыға батырды. Есімді жиғанда еліме деген, оның өткеніне деген ерек махаббатпен бірге есейдім. Міне осылай, жеті қат жер астында қалған бабалар даусы жүрекке жеткендей әсерде жүргеніме біраз болды. Қыс­қа қайырсам, жоғалтқаным: уайымсыз күйім, тыныш өмірім… Ал тапқандарымды айттым ғой деймін: арсыда қалған алашымның арманының ащы зары, сол арқылы жүрегіме байланған мұң мен шер… Әйтпесе, өнер арқылы аста-төк өмір сүру, алқаланып кеуде керу, пат­сайы көрпе жамылып, бөз көй­лек кигенге масайрау, сары темір­ден салқыншақ таққанға арқалану – мұңы аздардың мәресі ғой… «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» деген мақалды жарықтық атам Жаманқұл жиі айтатын. Бұл мақал армансыз, мұңсыз, Мұхтар Ша­ханов ағамызша сілтесек, са­қал-шашы күнге ағарған сондай тоны тозбайтын «жарықтықтарға» арналғандай еді…

     Мың да тоғыз жүз жетпіс бірінші жылдың көктемі еді…

     – Театрға аяқ басқан жылдары алғаш болып Қадыр Жетпісбаев ағамыз өзіңізге рөл ұсынған екен. Тарихы талай нарқасқалардың есімімен астасып жатқан академиялық теа­­тр­­дың табалдырығын қалай аттадыңыз?

– Имене аттағам. Ата театрға табаным тиер-ау деген астам арман болған жоқ. Шыны – осы. Екін­ші курстың студентімін, қыс көзі қырау, жадау киім, аш­құрсақтықтан асқазаным ауырып жүретін тырыли арық кезімде, ата театрдың басшылары орысша ілеспе аударма бөліміне, аяқ астынан отаға түсіп қалған қыз­метшісінің орнына уақытша адам іздеп жүргендерін, әншейінде еш нәрсені елең қылмайтын Хадиша апамның ести қоймасы бар ма?.. Кісіге көз тастауы былай тұрсын, тіпті түкірігі жерге түспей жүрген Мәмбетовке «менің курсымда орысшаға судай бір студентім бар, сол жұмысқа уақытша ала тұрасың ба?» дегеніне ғайыптан тайып құлақ асып, келсін депті. Сөйтіп, көрермен залының төбесі тұсында құстың ұясындай терезе-тесігінен сахнаға қарап, микрофонға үңіліп отыратын қуықтай бөлмеге аудармашы-диктор болып орналастым. Айлығым 65 сом екен. Үздік оқығаным үшін алатын лениндік 80 сом стипендиям бар, не дейсің байып шыға келдім! Менен бұрын бөлмелес Кәдірбек Демесінов, Секербек Жабықбаев, Өмірбек Боранбаевтардың жолы болды. Олар шай-суанға жарып, тоқ жүретін жағдайға жетті. Күнде кешке сабағым бітер-бітпесте зыр жүгіріп театрға жетем, сол қуық­тай бөлмеден атынан ат үркетін актерлердің ойындарын көріп, қиялмен олармен бірге орысша «ойнап» жалым күдірейе бастағанын айтпай кетуге болмас. Сөйтіп, бригадир Панкратовтың көккөз қыздары бір кәдеге жарағаны бар емес пе! Спектакль басталарда жұртпен бірге қызметшілер кірер есіктен кіремін, аяқталғанда сорайып сол есіктен шығамын. «Мынау кім өзі?» деп үрке көз салғандардың бірі жарықтық Қадыр Жетпісбаев еді. Iлияс Жансүгіров жайлы «Дала дастаны» қойылымын дайындап жатқан кезі екен. Басты рөлде жан досым Әнуар Боранбаев болатын. Қайдан сөз шыққанын қайдам, атан түйедей, аңғал Матан Мұраталиев ағамызға телінген революционер Бейсенбай рөліне шақырды Қадыр ағам! Төбем көкке жетті! Сөйтіп, сабақтан өйтіп-бүйтіп сұранып, дайындықтарға қатыса бастадым. Әлбетте, премьераны Матан ағам ойнады, мен кейін, жаз шыға Бейсенбайдың рөлдік киімін кие бастағам. Әрине, жетістіріп ойнай алмағаным хақ, мойны ырғайдай мен қайда, батыр тұлғалы Матан ағам қайда? Бұл – мың да тоғыз жүз жетпіс бірінші жылдың көктемі еді…

     – Өнер майданында жүріп тарих қойнауында есімдері алтын әріппен ойып тұрып жазылған Абылай хан, Махамбет, Сырым, Жәңгір хан, Әбілқайыр хан, Құнанбай, Қайыр­хан, сондай-ақ Эдип патшалардың ғұмырын кештіңіз. Көрермен сол заманның тұрмысын шынайы өмір­де көрмесе де, киелі сахнадағы рө­ліңіз арқылы сезіне білді. Расында, тарихи тұлғалардың бейнесін сахнаға абыроймен алып шығу – жауапкершілігі ауыр жүк. Атынан ат үркетін тұлғалардың рөлін сомдау өміріңізге қалай әсер етті? Рөліңіз арқылы көкейге не түйдіңіз?

– Сіз аттарын атап, түстерін түзген кейіпкерлер менің өнерпаз Актер ретіндегі Бағым, бойымда ұл­тым­ның қаны қайнап ағып жатқан Адам ретіндегі Сорым, мәңгілік Уайымым! Ол «былай болды, олай болды» деп себеп-салдарын, жөн-жосығын тізбелемей-ақ қояйын. Бәлкім, Жаратушыдан маған сондай назар түсті, соларды сахнада кейіптеу, мұңын байлау… маған бұйырды… Замана­лар көшінде азап шегіп, өмірі өксікпен өткен сол та­рихи тұлғалар мені адам ретінде қайта туғызды, есімді жиғызды, актер ретінде биікке көтерді, мәң­гілік мұңға батырды. «Мені ел та­ниды, атым әйгілі актермін» де­ген бөстеки пенделіктен, қуыс кеуде далақбайлықтан тазартты… Арсыда қалған ата-баба арманы мен аманатын мойныма артқандай болды. Балаң кезімде әкем, атам мен әжеме, орталарында еңбектеген маған, сығырайған кірәсін шамның жарығымен әнде­тіп оқитын «Мың бір түн» мен «Да­ри­ға қыз» атты пайғамбарлар ту­ралы ойға шомдырып, оңай­шылықпен ұйықтатпайтын ұзын­сонар жырдың оқиғалары, әжемнің Адам Ата мен Хауа Ана туралы ұзын­сонар ертегілері түсіме жиі кіре­­тін «дертке» шалдығатын бол­дым. Мен сол сіз термелеген рөлдерімді ойнамадым… Олардың өмірін сүрдім! Бақыт деген осы шығар… Ұлтыңның өткенін ағза-жүрегіңнен өткізіп, қиял ғажайыпқа сеніп, Мұң байлау да бақыт екен. Менің ардың-гүрдің өмірімнің қаңғалақтап жүріп, Өнер әлемінен бір-ақ шыққанына шүкірмін, осыны түйдім, ризамын.

     – Режиссер ретінде «Томирис», «Аршын мал Алан», «Қазақтар», «Ай мен Айша» қойылымдарын сахнаға алып келдіңіз. Тіпті, мерейтойыңызға орай таяуда академиялық театрда спектакльдер апталығы атап өтілді. «Әр жобаң – өз балаңдай» дейміз ғой. Жылдар бойы өнерде жасаған осынау қойылымдарыңыз театрсүйер көрерменге жетті ме?

– Жетті деп ойлаймын. Бұл қойылымдар ата театрдың абырой атағына, тақырып-талғамына сай дүниелер болды деп, кезінде талдау-таразы жасаған сары тісті сыншылар талай рет таспаға басып, пәтуәлі пікір жазған-ды. Кейбір керағар ойлы, іштеріне пышақ айналмайтын басшысымақтар, осыны «айқайлата бермей» репертуардан алып тастау керек деп мүйізгөктей берген соң қойылмай кеткені рас. Абылай, Адам Ата боп, арсыдан атой салып, «айқай са­лып» жүрген мен екенімді көр­ген көрермен, есі бар жұрт біледі ғой… Менің режиссураммен болған спектакльдер былай тұрсын, мен актер ретінде басты кейіпкерін сүріп, көрерменге көзайым болған туындылар да осылай теперіш көргенін жасырмаймын. Абылай хан туралы екі бірдей сүйекті қойылым, Адам Ата мен Хауа ана жайындағы режис­суралық эстетикасы ерекше болған Әуезов театрының сахналық көркем­дігі жоғары шығармаларын көрер­мен­нің «жоғалтып» алғаны өтірік емес. Іздеп, сағынған көрерменнің сал шекпенін елеген ешкім болмады. Олар­дың орнын ойсыз, мұңсыз айқайы құмығып, айшылық жерден емес, астыңнан зорға естілетін мекиен қораздың қиқуындай болған белсіздер басты.

     – Кезінде «Ай мен Айша» қойылымына қатысты «Прозадан сахналық көркем шығармаға айналған қойылымның шын бағасын айта алатын теоретик аз» депсіз. Сіз­дің режиссерлік қабілетіңіздің нәтижесінде жарыққа шыққан қойылымдар лайықты бағасын алды ма?

– Лайықты бағасын алды ма, ал­мады ма… ол жайлы ойламай­мын да, уайымдамаймын. Ең басты­сы, менің жанымды жеген жегі, көңілімнің төрінен орын алған, ұлтымның басынан өткен запыран уақиғалар негіз болған сол қойылымдарды сахнаға кө­ші­руге мүмкіндік туғанына, жұ­мыс барысындағы өзім сынды өзегі таза, өткенге бейжай емес әріп­тестеріммен суреткерлік толғақ тұсында бірге болып, мен сияқты мұңданып, мен сияқты шерленген сағаттарым мен күндерім, қанат байлаған кездерім, ұшқан тұстарым – баға жетпес қымбаттарым. Көрер­менге жетті деген сенімім мол, оған лық толы зал куә, олар­дың көздеріне ұялаған мұң куә, жал­ғыз тамшы көз жастары куә. Тео­ретик сыншыларға келсек, «кісідегінің кілті – аспанда» деген, әркімнің көңілі жоғары. Абай хәкім айтқандай, «құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең менше сүй»… Яғни, кейпіне енген рөлдерімнің шеменіне менше шерленіп, менше мұңға бату оларға міндет емес, олар – салқын ақыл иелері, теоретик­тер. Менің жан дүниемді ұғып жатса, қойылымның дерті мен жүрек қағысының, жаныңды тербер қанды тақырыбы мен арманға айналған запыранды мақсат-мүдде­сінің тереңіне батып жатса – мархамат, патша көңілдері білсін. «Демеймін мені мақтасын, я жақсын, я жақпасын»… Тек түсінсе игі, түйсінсе игі, жүрекпен зерделесе игі…

    Жүрек  алданып қалса да, өзі алдамауы керек

     – Өзіңіз айтпақшы, «Өнер – білектің емес, жүректің ісі» деп білесіз. Театрдың киелі сахнасы актерден қандай қасиеттерді талап етеді?

– Біразын жоғарыдағы жауабымда айттым-ау деймін… Иә, өнер – жүректің ісі. Жүрек – ал­да­нып қалса да, өзі алдамауы керек. Театр – тірі өнер, тірі ағза болғандықтан да тірі актердің жүрегі алға шыққаны, шынайы қаққаны абзал-ды. Актер шеберлігінің К.Станиславский түзген, бүкіл төрткүл дүние мақұл­даған жүйе-теорияларында актер үшін біліп жүруге керекті, санасынан шығармауға тиіс үш түрлі мектеп-қағида бар: Олар мыналар: Кейіпкер СЫНДЫЛЫҚ (представление), кейіпкер ЖАНДЫЛЫҚ (переживание), кейіпкер МӘН­ДІЛІК (воплощение) деген. Алғаш­қысы – үстірт, жеңіл ойын. Ұқсап бағу, жаттанды сөз. Екіншісі – шы­найылық, жанын салып кейіп­кердің бейнесін орындау, өмірін сүру емес… орындау. Ал үшіншісі – нағыз биіктік, екінің бірінің бақ-талайына бұйырмайтын өлшем! Актердің жан дүниесінің драмада жазылған кейіпкерден, оның мінез-тұрпатынан, тіпті өзінің адами ұстын-табиғатынан жоғарылап ары асып, биік өлшемге, ерекше әлемге, суреткерліктің құзар шыңына көтерілу, ұшу!.. Міне, бұл Құдірет, адам ағзасына пси­хики­калық салмақ түсіретін био­логиялық өзгеріс десе де болғандай! Басыңызға басқалай, бөстеки ой келмес үшін, адам баласының қо­лынан келмейтін нәрсе жоқ дегенді еске салсам айып етпеңіз… Өйткені біз Жаратушының сүйіп «сызған», ерекше махаббатпен жақсы көріп жаратқан пендесі, тағы да Өзі жа­рат­қан өзге мақұлықтардан бө­лектеп, бойымызға қайтпас қажыр мен алапат күш, бес сезім мен жылы жүрек, басқа жәндіктерге қимаған ақыл деген құдіретті дарытқан «хомо саппенс» деген құбылыспыз!

     – «Бегалиндер мен Қарсақбаев­тардың, шенеуніктің шекпеніне құл емес Қожықовтардың заманы келмеске кеткен» дейсіз. Мұның ас­та­рында нендей пайым жатыр? Осы тұста өнердің нағыз шыңына айналған театр сахнасының қазіргі тынысына қалай баға берер едіңіз, аға?

– Бүгінгі режиссерлер жақсы үйреніп алған кәсіби қулық-сұм­дық­тардан ада тұлғалар еді ғой олар… Істеген ісін жан-тәнімен, кә­сіби адалдықпен атқарған ат­пал азаматтар еді… Абдолла Қар­сақбаев деген ағамыздың түсірген бірде-бір фильмі экранға шықпай, «полкада» жатып қалған емес. Та­лай рет халықаралық бәйге-фес­тивальдардан қомақты жүлде­лер алып келсе де, мейманасы та­сып, мұрнын көтермеген. Ол кісінің түсірген фильмдері қа­зақ киносының классикасына айнал­ған. Сонда да «маған атақ бер, жағдайымды жаса» деп жоғарыға телмірмеген суреткерлігі бәрінен биік, ғұмырлық кәсібіне берік кісі еді. Ал Сұлтан Қожықов ағамыз Герман соғысының сайыпқыраны болса да, халық жауының туысы болып шетқақпайланса да, ешқашан міндет қылып еліріп, еліне, мемлекетіне зар-запыранын төккен емес. Суреткерлік кредосына, шығармашылдық ұстанымына, өнерпаздық талғамына сатқындық жасамаған кісі. Бір ғана мысал: «Қыз Жібек» фильмінің сце­нарийін жазған, ел іші мен шенеуніктер арасында қадірі мен парқы бөлек Ғабеңнің, атышулы классик Ғабит Мүсіреповтің автор ретіндегі талабынан бас тартқаны неге тұрады! Талабы – бүгіндері белгілі, ғашық жары, өте талантты, хас сұлу актриса Раиса Мұхамедиярова басты рөлде, Қыз Жібекті ойнауы болатын… Тіпті, сценарий де сол актрисаға арналып жазылған еді! «Платон менің досым, алайда ақиқат қымбат» деген аталы сөзден айнымау, Ғабең деген бірге жүрген замандасы, досы дерлік жағдайда болса да адалдықтан аттамай, кәнігі актриса Мұхамедиярованы емес, ол кезде өзегі таза, өрімдей Өтекешеваны таңдауы – кісілік келбетінің, өнер деген ерек құбылысты қан жүрегіне жоғарыдағы Жаратушы теліген әуейі әлемге адалдығының айқын айғағы емес пе?! Ал Мәжит Бегалин деген маған алғаш көзі түс­кен, кішкене эпизодтық рөл­ге шақырып, кино әлеміне аяқ бастырған менің алғашқы кино­режиссерім. Ал бүгінгілердің ар-ұяттан, адамгершілік сипаттан, су­рет­керлік адалдықтан аттай са­луы түк те емес! Тіпті, кино та­би­­ғатына еш қатысы жоқ, екі бұтының арасына қыстырып, дәу скрипка деп түйсінген мұңы зор виоленчельдің үні жүрегі түгіл құлағына кірмей-ақ, мәдениеттің биік орынтағына қонжиған дүмше министрдің «бұйрығын» ойланбастан орындай салатын тайғанақ­тық тұрпат бар жерде қайдағы кісілік, қайдағы талғам таразысы?!. Олар оны кір кебісімен ойланбай таптап, содан барып Ұлы Өнердің Қасиеті қашатынын, Кепиеті ататынын ескермей, бір емес, бірнеше қайнауы кем шала дүние жасауға арланбайтын болған!

     – Бүгінде 45 жылдан аса уақыт шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолында тік тұрып қызмет етіп келе жатқан жансыз. Өнер әлеміне бетбұрыс жасаған сәттен бастап қазірге дейін 200-ге таяу шәкіртіңіз бар екенінен хабардармыз. Сол шәкірттеріңіз қазір қайда жүр? «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, кіл жүйріктің арасынан суырылып шыққан, өнерімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген шәкірттеріңіз бар ма?

– Әрине, бар! Шүкір, алды Қа­зақ­станның Халық артисі ата­ғына ие болып жатыр. Ол – Дулыға Ақмолда деген өнерге де, кісілікке де адал, бүгіндергі менің әріптесім. Қырғызстанның Ел артисі ата­ғына ие болған Бұсырман Оду­рақаев деген шәкіртім Бішкекте Сервантестің Дон Кихотын кейіп­теп, бенефис жасап еліне елеулі боп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері деңгейіне әлдеқашан жеткен тәләбаларымды санамай-ақ қояйын… Қайсыбірлері неше түрлі өнер мекемелерін бас­қарып жүр. Шәкірттерімнің жартысынан көбі өнерде өз жолын тапқанын мақтан тұтам. Адасқандары, шет қалғандары, ардан аттап, күні үшін күмілжіп, күдіре жалдыларға жарбаңдап, бірді-екілі сатылғандары да бар… Өмір ғой, бес саусақ бірдей емес.

     Сана мен жан сипатындағы мүгедекке аяушылық жасау жарға жығады

     – Шәкірттеріңіздің арасында өзіңізді ренжіткен, көңіліңізді қал­дырған жандар болды ма? Жалпы, сіз кешірген, сізден кешірім сұраған кездер ше? Кімге қатты ренжідіңіз, кімнің көңілін қалдырдыңыз?

– Әзірге біреуі ғана. Тіпті, менен ұстазым емес деп бас тартып жүрген, сұхбатында барды жоққа балап, әлдебіреулерді арқа тұтып, аярлық жолына түсіп адасып жүрген жәдігөй… Ол үшін таусылып, уайымдап, жанығып, жапа шегуді қажет деп санамаймын. Ұмыттым!.. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей… Дәл мұндай сатқындыққа бара ал­ған адамда кешірім сұрау деген тү­­сінік те, түйсік те болмайды, шы­­рағым. Өйткені ол аттаған арсыздықтың кешірілмейтінін, менің кешірмейтінімді жақсы біледі. Тән сипатындағы емес, сана мен жан сипатындағы мүгедекке аяушылық жасау – жарға жығады. Жығыла-жығыла болдық, онсыз да тіземіз қызыл ала қан… Адами сипатынан айырылғандар Әзәзілдің ауылындағы мәңгүрт санатында ғой. Ол індет түбегейлі ірітпей, шірітпей тынбайды, көрге бірге кіреді.

     – Кино тақырыбына ойыссақ. Сіздің театрдан өзге, кино саласына да қосқан елеулі үлесіңіз бен жиған тәжірибеңіздің бар екенін білеміз. Бүгінде қазақ киносы тақырыбында түйіні тарқамай келе жатқан мәселе­лер әлі де көп. 90-жылдармен салыс­тырғанда қазақ киносында серпіліс бар. Десек те, саны артқанмен са­па­­сыз дүниелердің шеті көрініп қалатыны жасырын емес…

– Қазақ киносы ауырып жүр… Біразын жоғарыда айттым. Бұрынғы экс-министрдің құрып алған өрмекшінің торындай заң баптарынан аршыла алмай жүрген жай оларда. «Қазақфильмнің» ежелден келе жатқан үрдісін бұзып, олардың өзін тәуелді етіп қойған эксперттік орталық құрғызып, қаражат жымқырудың оңай жолы жасалған. Ол Парламентте заң жүзінде бекіген. Оны өзгерту үшін Парламент қайта қарау керек. Әлгі эксперттік орталық, «жаңбыр-жаңбырдың» арасымен жүріп, қазан шетінен қаптырып қалуға ыңғайлы болғандықтан қайсыбіреулерге ұнап қалған… Сөйтіп, киношылар қазір екіұдай күйде ұмар-жұмар. Сондай жағдаймен аңтарылған кино әлемі фильм түсіруден бұрын сол шатақтан қалай арыларын білмей әлек. Жаңа министріміз бұл торды аршымақ боп жүргенін естиміз, алайда алға жылжу сылбыр. Иә, жеке қаражатқа түсірілген авторлық фильмдер арагідік алқа тағып аттары аталып жүр, оған да шүкір. Ал ұлтымыздың ғасырлар қойнауында жатқан тарихы мен азапты тағдыры жайлы сүйекті фильмдер жасау үшін Үкімет оң көз танытып, қомақты қаржыны қызғанбай бөлуі керек. Ол қаржыға «көз алартатын» суық қолдылардың қолын шабу керек! Өйткені «Ұлы дала таңы» сынды, экс-министрдің жемсауынан артылған ақшаға, үйтіп-бүйтіп түсірілген кино біздің үңірейген жыртығымызды жаппайды. Бұл әуел баста түріктің «Ер­тұғрыл» сериалын түсірген режиссермен жоспарланған жоба еді, 100 сериялы телефильм болмаққа керек еді… Амал не, басталмай жа­тып, экс-министрдің қойған талапты «тәбетінен» шошынған түрік режиссері «аш бәледен қаш бәле» деп Ыстанбұлына тартып оты­рыпты деп естідік… Естіген құлақта жазық жоқ. Содан қалған «кә­шекке» Ақан Сатаев деген Құдайға қараған ініміз (рақмет оған), «жылап ішіп, шыңғырып дәретке барып» жүріп, қалған-құтқан тиын-тебенге қазақтың Қасым ханы жайында, амалдың жоқтығынан үзік-үзік фильм түсірді-ау әйтеуір. Кемшілігі жоқ, төрт аяғы тең дүние деп асыра мақтамайын, алайда бөлінген қаражат кемшін болса, мұндай соқталы, тарихи дүниені қолға алу – әрі патриоттық, ерлік десе де болғандай… Обал ғой, «жоқ – жомарттың қолын байлайды» емес пе?.. «Арзанның сорпасы татымайды» деп ата-бабамыз білген соң айтқан да…

      – Сұхбаттарыңыздың бірінде «Киноактерлердің көбі театрдың талабына, тәртібіне пар келе алмайды, көрерменнің алдында жанын жалаңаштап, бүкіл залды соңынан ертіп, ертегіге сендіре алмайды» депсіз. Кино мен театрдың басты ерекшелігі неде? Екеуінің арасын қақ жарып тұрған нендей айырмашылық?

– Айырмасы жоқтың қасы. Теа­тр – тірі өнер, ал кино – қимылдайтын сурет. Актердің, режиссердің сіңірер еңбегі, жараланар, жалаңаштанар жан дүниесі, мұң мен шері, сыздатып ауыртар жүрегі біреу емес пе? Араға кіріп алған жалғыз-ақ айырмашылығы бар – ол ақша деген әзәзіл. Кинодан түсетін ақша көп, қаржыгерлердің ұғымымен септесек, дивиденттері көзге де, қалтаға да бірден түседі. Ал театр деген Қасиетті қағбаның мәресі алда, болашақта! Оның мүддесі қампайтуды қам қылған қалтада емес, қағысынан айнымауды мұрат тұтқан Қазақ деген қағынан жерімеуді аманаттаған ұлттың қан жүрегінде! Сондықтан балға үйірілген аралардай өнерге емес ақшаға үйірсектер «кино ауылы да бір төбе дегендей… Реті келіп тұрғанда бұл төбеге де дәрет сындырып» кетуге арланбайтын болған.

     «Көрінген көк атты» кино түсіріп, бұл өнердің қадірін кетірді

      – «Шымшық сойса да, қасап­шы сойсын» дейтін халықпыз ғой. Алайда киноиндустрияның айналасында жетік білімі мен тәжірибесі жоқ әнші-блогерлер қап­тап кеткен жоқ па?

– Иә, оныңыз рас, қаптап кетті. «Көрінген көк атты» кино түсіріп, бұл өнердің қадірін кетірді. Қимылдайтын сурет болғанымен, бұл да өнер, техникалық мүмкін­дік­тері мол. Бірақ бұл өнер ас талғамайтын қомағайдың қолын­дағы ойыншық сынды… Аңғал көрерменді алдап, арзан дүниеге әуес қылған арсыздарға керегі де сол. Өзбек халқының «есектің артын жусаң да мал тап» дейтін мазағы амалсыз еске түседі. Сол «көкаттылар» бүгінде «охранамен» жүреді екен. «Жақсы менен жаманды айырмай», талғамы белден төмен түсіп, ышқырға қол жүгіртіп, арасатта қалған қайран қазағым-ай…

       – Кеңес заманында кино ре­жиссері авторлық кино түсірмес бұрын, бойындағы тәжірибесін жанрлық фильм түсіру арқылы дәлелдеуі шарт болған екен. Ал бүгінгі режиссураның ахуалы қай деңгейде? Таланты мен талабы ұштасқан білікті мамандар жеткілікті ме?

– Жалпы, режиссура деген еріккеннің ермегі болған сы­қылды. Барды көрмей, қара ас­панды төндіріп, ауызды қу шөппен сүртпейін. Қуантып, үміттендіріп жүрген бірді-екілі жүйріктеріміздің атын атап, түсін түстесем, мұрындарын кө­теріп дандайсып кете ме деп қор­қатын болдық. Абайлап мақ­тамасақ, аспандап кетіп, жер басудан жаңылып қалатын алып-ұшпа көңіл, бас бермес көк дөнен ғой… Алайда театрда да, кинода да режиссерлік финт жасап, интернет деген иттің сідігін иіскеп, өзгеден көрген өңезге елігіп, қазақта бұрын-соңды болмаған жаңа форма жасамақ болып теріс сиіп, ең маңыздысы – мазмұнды тәрк етіп «тентектік» жасағандарға, аузымызды ашып, көзімізді жұмып таңдана қарайтын кезде тұрған сықылдымыз. Кеуде қағып, «ой біз деген, қанымыз таза, ата көрген, әже ақылын сіңірген, ана сүтін арзандатпаған, баба салтынан айнымаған аруақты ұлтпыз» деп кергігенмен, шыққан тегі мақрұм, «иван – не помнящий родства» деп, өзіміз күлетін өзге ұлттың, бір кеште бес сағаттық спектакльді тапжылмай көретінін естіп-біліп, жерге қарайтын болдық… Ал кеудемсоқ қазағым екі актілі классикалық тарихи қойылымның бір актісіне ғана «шыдап», залдан шығып кететінін көргенде көрге кіруге дайынсың! Немесе түкке тұрғысыз, я мазмұннан, я ұлттық реңктен, я суреткерлік сүреден жұрдай, арзан ыржаңға құрылған күлдібадам киносымаққа құмар, кинозал толы көрерменге не дейін! Қайсыбірін айтайын! Солай, қарағым… Текті таланттан гөрі, азған заманның арсыз талабына құл болғанымызды ойлап, жаны ауырып жүрген жоғарыда да, төменде де ешкім жоқ! «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» құрдымға кетіп, құрыған жеріміз осы шығар! Қатты кетсем, ғафу… «Дос жылатып айтады» деген ескіден қалған есті сөз есте шығар…

       – Әңгімеңізге рақмет, аға! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Алтынай Бауыржанқызы

Aiqyn. – 2024. – 24 ақпан (№22). – 8-9 б.

 

Әбіл А. «Алатаудан» басталған әуен. «Тараз» триосына 50 жыл (1974-2024)

     Қазақтың ән өнерінде өзіндік өрнегі бар, Жамбыл облысынан түлеп ұшқан атақты «Тараз триосы» тыңдармандардың жүрегін жаулап, елдің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымы.

   Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға «Өлкелік Арт-галерея» бетіне Әулиеата топырағынан шыққан танымал да талантты әншілер, өнер ұжымы «Алатау» болып басталған бүгінгі «Тараз» триосының құрылғанына 50 жыл толуына орай белгілі журналист Амангелді Әбілдің  «Алатаудан басталған өнер» атты кітабын ұсынамыз:

Әбіл, А. «Алатаудан» басталған әуен [Текст] : «Тараз» триосына 50 жыл (1974-2024) / Амангелді Әбіл. – Алматы : Үш қиян, 2023. – 200 б.

     Аталған кітап «Тараз» триосының 50 жылдығына арналып жарық көрген. Жарты ғасыр шежіресі бар Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан 500 данамен жарық көрген. Кітап Жамбыл облысын басқарған, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің кіріспе сөзімен ашылған. Кітапта елге белгілі өнер адамдарының, мәдениет саласында басшылық қызметте жүрген азаматтардың, демеушілердің, әр жылдары триода ән салған белгілі әнші-домбырашылардың, қазіргі мүшелердің естеліктері, жергілікті ақындардың пікірі, өлеңдері берілген. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда, әлеуметтік желіде «Алатау» ансамблі, «Тараз триосы» туралы жазылған мақалалар, сұхбаттар, фотошежіре жарияланған.

     «Алатау» болып басталған бүгінгі «Тараз» триосының құрылуына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың сіңірген еңбегі зор.

      Қазір «Тараз» триосының құрамында жүрген әншілер, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Ержан Ыдырысовтың да, Ноян Сейділдаевтың да әдемі естеліктерін осы кітаптан оқуға болады. Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Мәдениет қайраткері Пернебек Оспанов та біраз тереңнен сөз қозғап, трио тарихына кеңінен тоқталады. Бұл жинақтан белгілі журналистер Көсемәлі Сәттібайұлының, Оралхан Дәуіттің, Хамит Есаманның, Табиғат Абаилдаевтың және басқалардын да естеліктерін, мақалалары мен сұхбаттарын оқуға болады. Қасқырбай Нарбатырдың, Құрманғазы Демештің арнау өлендері де әсерлі. Кітап өте жеңіл тілмен жазылған, «Тараз» триосының тамаша әндерін тыңдап жүрген көрерменнің барлығына да қызықты. Ендеше, журналист Амангелді Әбіл құрастырған жаңа кітапты оқуға асығыңыздар!

Туған топырағы қайраткерді еске алды

Ақын-драматург, белгілі қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туғанына биыл 85 жыл. Қайраткерді ұлықтау мақсатында байзақтық жерлестері де еске алу кешін өткізіп, биік тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен сағыныш пен сырлы сезімге толы әдеби еске алу кеші «Алаштың ақиқатшыл Арғынбайы» деп аталды.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, Арғынбай Бекбосынның ұлағатқа толы, тағылымға бай еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ ол Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Хасенқызына қамзол кигізіп, ақ орамал сыйлап, аудан әкімінің атынан құрмет көрсетті. Кешке қаламгердің ұлы Абай мен қызы Жанерке де қатысты.

Кеш барысында Марал Жанбаева «Менің әкем» әнін орындаса, әнші Әлмахан Исабаев «Байзақ жері» (сөзі мен әні Қасқырбай Нарбатырдікі) әнін мәніне келтіре шырқады. Келесі сәтте Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев сөз сөйлеп, қайраткер қаламгердің жазу шеберлігіне, әсіресе рубаяттарында үлкен ойды төрт жолға сыйғызып жіберген шеберлігіне таңдай қағатынын айтып, ақынның рубаяттарынан бірнеше шумағын жатқа оқып берді.

Ақын-драматургтің рухани інісі, жүз жылдық тарихы бар «Аq jol» газетінің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы да еске алу шарасында кеңінен көсілді. «Ар-аға» атты кітап жазған Тұрсынхан Толқынбайұлының сөздерін байзақтықтар жылы ілтипатпен қабылдады.

Ал, ақын Қасқырбай Нарбатыр оқыған «Алаштың Арғынбайы» атты өлеңді көпшілік сілтідей тынып, тыңдады.

Ал аталған мәдениет үйінің және «Шахан» халықтық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков сәті келгенде Арғынбай Бекбосынның Ақәділ Сухамбаев жайлы жазған «Батырдың монологы» атты шығармасынан үзінді орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Мұнан соң аталған мәдениет үйінің әншілері де ақынның рубаяттарын оқыды. Арғынбай Бекбосынның туған жері – Қосы батыр ауылында орналасқан Қарасу орта мектебінің оқушылары да ақынның өлеңдерін, рубаяттарын жатқа оқып, жерлес тұлғаға деген құрметтерін көрсетті. Әнші Динара Диханбаева «Қандай адам», Гүлназ Әлімқұлова «Біздің елдің жігіттері», Манзура Көбеева «Арман», Жанат Сәлімбаева «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін жүректерге жеткізе орындады.

Әдеби-сазды кеш соңында әнші Әлмахан Исабаев Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін шырқады. Әннің қайырмасына бүкіл әншілер қосылып, тіпті көрермендер де бірге шырқап, сахна мен көрермен арасында керемет үйлесім орын алды. Көпшілік тік тұрып ұзақ қол соғып, құрметтерін аяған жоқ. Бұл құрмет – Арғынбай Бекбосынның рухына да көрсетілген құрмет еді.

 Есет ДОСАЛЫ. Байзақ ауданы.

        Ақ жол. 2022. – 21 маусым

«КСРО чемпионатын төрт рет ұтсам да, Әлем чемпионатына жібермеді».

Алмас МҰСАБЕКОВ, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан Әлем кубогінің жеңімпазы, Еуропа чемпионы:

 «КСРО чемпионатын төрт рет ұтсам да, Әлем чемпионатына жібермеді».

– Алмас Сағымқұлұлы, сіздің есіміңіз даңқты балуан ретінде елімізге танымал. Әлі күнге дейін спорттан қол үзген жоқсыз. Күрестің самбо түріне қалай келдіңіз? Кім себепкер болды?

– Мен Байзақ ауданының Кеңес ауылында дүниеге келдім. Екінші сыныптан бастап өзімнің қызығушылығыммен футбол үйірмесіне бара бастадым. Бесінші сыныпта Тараз қаласына ауысып, самбо үйірмесіне жалғыз өзім бардым. Ешкім жетелеп барған жоқ. Сағдат Қамбатыров деген бапкерден самбоның әліппесін үйреніп, онан соң Марат Жахитовтан сабақ алдым. Арасында Жетібай ауылына да барып оқыған жылдарым бар. Жалпы, 9-сыныптан бастап Марат Жахитовпен бірге Тараздағы «Динамо» спорт кешенінде тұрақты дайындалдым.

– Күрес кілеміндегі жеңістеріңіз қай жылдан басталды?

– Спорт деген үнемі жеңіске жету емес. «Әттеген-ай» дейтін сәттер де болады. 1975 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, самбо күресінен КСРО жасөспірімдер құрамасының мүшесі болдым. 16 жастан енді асқан кезім ғой. Содан Өзбекстанда жасөспірімдер арасында КСРО чемпионаты өтіп, алғашқы іріктеу кезеңдерінің бірінде украиндық Редько деген балуанға айқын басымдықпен ұтылып қалдым. Бірақ, намысым бар. Арада бір жыл өткенде жастар арасында өткен КСРО чемпионатында әлгі Редькомен қайта жолым түйісіп, айқын басымдықпен жеңдім. Осылайша есемді қайтарып, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Ол кезде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының бірінші курсында оқитын едім. 1977 жылы өткен бүкілодақтық жастар ойындарында да күміс жүлдегер атандым. Дәл осы жылы Қарағанды қаласында ересектер арасында өткен КСРО чемпионатында күміс жүлдегер атанып, самбодан КСРО ұлттық құрамасының мүшесі болдым. 19 жастағы мен үшін бұл үлкен қуаныш болды. Жүлделер ауылына жорықтар осылай басталды. Қарағандыда алтын медальді эстониялық Самачук деген балуан олжалап кетті.

– Самачуктан есе қайтты ма?

– Әрине. 1978 жылы өткен КСРО кубогында Самачукты ұттым. Осы жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында қола жүлдегер атандым. 1980 жылы Бішкекте өткен КСРО чемпионатында күміс медаль алсам, 1981 жылы Қарағанды қаласында ересектер арасында өткен КСРО чемпионатында 52 килограмм салмақта чемпион атандым. Осы жарыста әлем чемпионы ресейлік Володя Кругловты, финалда да ресейлік Белоглазовты ұттым. Ал 1982 жылы Болгарияда өткен Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Негізі, финалда да есе жібергенім жоқ едім. Қарсыласым болгариялық балуан болғандықтан, төрешілердің бүйрегі солай қарай бұрылып, маған қиянат жасады. Айқын ұтып кетпесең, бұрмалау спортта болып тұратын жағдай.

– Сіз бірнеше дүркін КСРО чемпионы атандыңыз. Бірақ, Әлем чемпионатына жолыңыз түспепті. Неге?

– Бұл сұраққа жауап беру маған жеңіл емес. КСРО-ның төрт дүркін чемпионы аттандым. Еуропаның әуелі күміс жүлдегері, 1986 жылы Ленинградта Еуропа чемпионы атандым. Оған 1984 жылы Венесуэлада Әлем кубогінің жеңімпазы атанғанымды қосыңыз. Нәтижелерім дұрыс болып тұрса да, КСРО спортының төрінде отырғандар мені Әлем чемпионатына апара қоймады. Менен көрсеткіші төмен балуандар жаһандық жарыстарға жолдама алып жатты. Қазіргі күресіп жүрген балуандарымызға жеңілдеу. Олар Қазақстан чемпионы болса, Әлем чемпионатына бара береді. Жол ашық. Ал, біздің кезімізде КСРО чемпионатын ұтуың керек. Әлем чемпионы Кругловты да, КСРО- ның екі дүркін чемпиондары Беловты да, Файзиевті де ұттым. Әйтеуір, сол кездің саясаты ма, әлде жолымыз болмады ма, Әлем чемпионаты маған бұйыра қоймады.

– Әлі де күресті тастаған жоқсыз. Бозкілемде күресіп жүрсіз. Солай ма?

– Иә, қазір 65 жастамын. Бірақ, бабымды жоғалтқан жоқпын. Үнемі жаттығуда жүремін. Ардагер балуандар арасында 8 дүркін әлем чемпионымын. Маусым айының басында ғана Астана қаласында самбодан ардагерлер арасында өткен Азия чемпионатынан алтын медальмен оралдым. Алдағы айларда өтетін ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатына дайындалып жүрмін. Таңғы сағат 5.00-ден тұрып, жаттығуға кірісіп кетемін. Жамбыл ауданында Нұржан Қазбеков деген ардагер балуан бар. Ол да өз салмағында ардагерлер арасында әлем чемпионы атанып жүр. Оның өзі жастарға үлгі деп ойлаймын.

– Спортқа сіңірген еңбегіңіз үлкен. Сізге кім, қандай қолдау көрсетіп жатыр?

– Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры болған Махметғали Сарыбековтың кезінде аталған университеттің Құрметті профессоры атандым. Осы ректордың көп қолдауын көрдім. Елдос Далабаев басқаратын «Жекпе-жек» клубында да жаттықтырушы болып еңбек етемін. Белгілі балуан Сәлкен Жартыбаев басқаратын спорт мектебінде де біраз жыл еңбек еттім. Спорттағы тәжірибемді жастарға үйрету жолында аянып қалған емеспін. Спорт мектептері, мектеп-гимназиялар, колледждер кездесуге шақырып тұрады. Оның бәрі маған және самбо спортына деген құрмет деп есептеймін.

– Атақ дегенге қызығасыз ба? Атақ сізге не береді?

– Атаққа қызықпаймын. Бірақ, кімнің болса да сіңірген ерен еңбегі ақталу қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда Байзақ ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматымын. Тараз қаласының және Байзақ ауданының әкімдігіне, мәслихат депутаттарына айтар алғысым мол. КСРО- ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спортшы деген атақтарым да бар. Оның барлығы сіңірген еңбегімнің жемісі деп ойлаймын.

Ақылшы анам бар. Әлі күнге дейін анама еркелеймін. Қарапайым отбасымызда әр күніміз берекелі, қуанышқа толы өтіп жатады. Оның бәріне шүкір. Аспанымыз ашық, еліміз бейбіт, тыныш болса деген тілегім бар. Әлем елдері тек спорт түрлері бойынша айқасса деген ниеттемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Алмас МҰСАБЕКОВ

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым 

Сәрсенбек Бәкірдің сазды кеші

«Баласағұн» орталық концерт залында әнші- композитор Сәрсенбек Бәкірдің «Аузынан айдың түскен қыз» атты концерті өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, композитордың үстіне зерлі шапан жауып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Бұл күні Тараздың аспанына жұлдыздар жиналған күн болды. Концертті қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай жүргізсе, елдің жүрегіндегі «МузАРТ» тобының әншілері, Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Ғани мен Бота, Наркенже Серікбаева және Інжу Әнуарбекқызы, Фарида Досболова, Мәди Дәуренұлы, Данияр Исаков сахнаға сән берді.

Сондай-ақ, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова, Айгүл Мақашева және Динара Диханбаева, «Жамбыл» үштігі де көпшілік жүрегінен жол тапты. Сәрсенбектің төл шәкірттері Әділет Әбдікерім және Мейрамбек Рысбақ шырқаған әндер де әсерге толы болды.

Бұл кеште композитордың «Не пайда?», «Сезімді қайтем тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Махаббат назы», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау», «Сағынып шақырдың ба?», «Анадан асыл бар ма екен?» атты танымал туындыларымен бірге бірнеше әні шырқалды. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Тау тұлға» атты әні де тыңдарманға тұңғыш рет жол тартты.

Концерт соңында халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының кеңесшісі Жапар Күздеубеков, мемлекеттік қызмет ардагері Досмұрат Шахзадаев, Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев композиторға құрмет көрсетті. Сәрсенбек Бәкір Қонаев атындағы медальмен марапатталып, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі куәлігіне ие болды.

 Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2023. – 1 маусым 

Елдің ерке ақыны

Елі «Ерке ақын» деп атап кеткен Нар­ша Қашаған таластық жер­лес­­­теріне еркелеп жүр­­генімен, ақын іні­лерін аялай бі­ле­­­тін. Нәкеңнің қа­­сында жүру, әңгі­­­месін тыңдау – орал­­майтын өт­кен шақ. Ардақ­ты ақынның дүние­ден озға­нына да бі­раз жылдың жү­зі болды.

Ол әрқашан елдің ішінде жүрді. Туған жеріне қызмет етті. Ағайынының ортасында жүріп өндіріп өлең жазды. Ә дегенде Нәкеңнің «Елде тұрам» атты кітабын оқып шықтық. «Әй, уызына жарыған, мына кітапты өзіңе өзім әкеп тұрмын» деп ағаның жыр жинаған табыстаған сәті жадымнан қалай өшсін?

Наршаның өлеңдерін жұрты қарапайым десті. Бірақ бір белгілісі, ақынның өлеңге деген талғамы қарабайыр емес еді. Оның өлеңдері туралы әңгіме қозғала қалса, «Ауыл – ауыс­пайтын Астана немесе қалалық қазақтарға хат» деген шығармасы бірден ойға орала береді. Құдды бір төлқұжаты секілді.

«Заңдылық деп қарайтұғын азапқа әр,

Көңілі кірсіз, секілді бейне таза, ақ қар.

Ауыл деген аруы көп Ананы,

Аялаңдар, қаладағы қазақтар.

 

Жетілсін деп қала деген жас бала,

Аузына оның барын, нәрін тосты Ана.

Алматыны алмастырар Ақмола,

Ауыл ғана ауыспайтын астана.

 

Жігіт болып өзіңнен туған жас бала,

Ауыл ана, қарайды әне, жасқана.

Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала,

Ауыл ғана ауыспайтын астана.

 

Қайран Ауыл, қалың қазақ алған нәр,

Қайырымға қарашы енді болған зар.

Ұлтымыздың ұлы анасы Ауылдың,

Жанына жара, көңіліне қаяу салмаңдар,

Ей, елде туып, қалада тұрып қалғандар!»

деген ақын шумақтарын оқығанда жаныңды әлдебір тұстан лаулаған от қарып алғандай болады.

Нарша ақынның жүріс-тұрысы бөлек еді. Кірпияз қаламгер айналасына маңғаздана қарайтын. Өзін биік ұстағанымен, көзіндегі мұңды жасыра алмаушы еді. Жанарынан ауылға деген махаббаты айқын сезілетін. Содан да болса керек, ауыл адамдарының автопортретіне өлең тілінде жан бітірді.

«Елде тудым, елде есейдім, ержеттім,

Кісіліктің мектебінен елде өттім.

Елде жүрсе болады екен ерде екпін,

Есік жақта қалмай еркін төрге өттім.

                           

Елден менің ештеңем жоқ жасырын,

Еркелігім, қателігім, бар сырым.

Елден келдім өлеңге де естіңдер,

Ел деп соққан жүрегімнің тарсылын»…

Ақын өз отауында, Қаратауында, қайнаған тіршіліктің ортасында жүргенде бірнеше мәрте жүздесудің сәті түскен. Қаладан ағылған таксиге отыра салып, Нарша ақынның үйіне құйғытасың. Жөн білген көлік жүргізушісі Нәкеңнің үйі былай тұрсын, тұрған пәтеріне дейін кіргізіп жіберетін. Бір сөзбен айтқанда, шенді мен шекпендіден бөлек, қарапайым ауыл халқы да төбесіне көтеретін…

«Елде тұрам» деген өлеңінде ұлтқа, жұртқа деген шексіз құрмет жатқаны анық. Бір қарағанда қарапайым дидактика секілді көрінгенімен, есті жыр жиі есімізге түседі. Осы өлеңін оқыған сайын Нарша ақын көз алдымда: «Әй, уызға жарыған» деп тұрғандай күй кешемін…

Ағайынның ортасынан алыстамай күн кешкен ақынға жергілікті билік те, ауыл халқы да барлық құрметті аямады, алақанында аялады. Ерке десе ерке ғой. Нарша айтқан деген әңгіме ел арасында кеңінен тарап кеткені де сол еркелігінен болса керек. Нарша ақынның еркелікке толы әңгімесі әлі күнде ел аузында жүр. Ол кісінің аудандық музейдің директоры қызметіне кірісуінің өзі әзілмен астасып жатыр. Қызметке орналасу жөніндегі өтініштің өзін өлеңмен өрген ақынның әзіліне езу тартпай көр.

«Өтініш жазды еріңіз,

Тағы да сынап көріңіз.

Түбі баратын жеріміз,

Музейді маған беріңіз.

 

Өтініш жазды еріңіз,

Наршаға тағы сеніңіз.

Сізге де орын қамдаймын,

Музейді маған беріңіз»,

деп өтініш жазғанын мәдениет саласын ұзақ жыл басқарған марқұм Әлібек Әмзеұлы езу тартып отырып айтушы еді…

Қайбір жылы Нәкеңнің еркелігін есерлік деп түсінген аудан басшысы қызметінен алмақ болып, өтініш жаздыруды аппарат басшысына жүктепті. Ол мәдениет саласында тер төгіп жүрген ақынға «қаралы хабарды» жеткізген. Содан ақынның «арызы» қолына түсіп, әкімге апарған ғой. Сөйтсе Нәкең жұмыстан босату туралы өтінішті басқаша жазып жіберіпті.

«Уа, ұлы мәртебелі хан ием» деп басталатын мәтін әкімді де, қарамағындағыларды да еріксіз күлуге мәжбүр еткен. Нәтижесінде, ерке ақын өтінішті басқаша жаза алмайтынын айтып, қызметінде қалған.

Дәл қазір биігін қар басқан Алатаудың ажары көзіңді арбай түсетіндей. Ал Қаратау күңіреніп тұр ма дерсің. Жақында ғана жел жайпап кеткен Қаратауда елді жырымен емдейтін Нарша да жоқ. Нарша – Қаратау ақындарының беткеұстары еді. Қуаныштысы, өзі кетсе де, сөзі қалды, оның өлеңін өлтірмейтін елі бар…

  Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ.

Егемен Қазақстан. – 2023. – 14 ақпан 

Жұрт іздейтін дәрігер

Дәрігер мамандығы аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Осы бір жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген жанның бірі – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Аихожаев.

Қашанда алдына келген сырқатты туысындай құшақ жая қарсы алып, аяқтан тұрғанға дейін ем-домын жүргізетін ол 1962 жылы 18 қарашада Шымкент облысы, Созақ ауданының Аққолтық елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1979 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітіріп, 1982 жылы Түркістан қаласында медициналық училищенің фельдшер мамандығын тәмамдаған.

1982- 1984 жылдары Белоруссияда әскери қызметін өтеп, 1985 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1991 жылы оқу ордасын үздік аяқтап шығады.

1991-2010 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасында хирург болып еңбек жолын бастап, талай жуа лылықтың а лғысына бөленеді.

Содан Жетпісбай Бұзауұлы 2010 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасына ауысып, 2013 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Құдай қосқан қосағы Мира Көшкімбаева да дәрігерлік жолды таңдап, бір-біріне арқа сүйеп отыр. Алла нәсіп еткен екі қызынан немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Дәрігерлік–жауапты мамандықтың бірі. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Біздің бөлімнің негізгі міндеттері де – осы. Әріптестердің көмегінсіз біз бедел биігіне шыға алмаймыз. Қандай жиын болса да әріптестерім – ақ халатты абзал жандарды мақтан етіп отырамын. Өмір жолымда осы күнге дейін 3000- ға жуық ота жасаппын. Ота үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде біздер адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімізді саламыз. Өмірде түрлі оқыс оқиғалар кездеседі. Алла берген қасиет болғаннан кейін қолдан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Жол апаты, жазатайым оқиғалар салдарынан дене жарақатын алған азаматтарға да қолдан келгенше алғашқы көмегімізді көрсетеміз. Оларға үміт отын сыйлау үшін кейбір кездері ауруханада түнеуге тура келеді. Ауыр ота кезінде таң атқанға дейін қалған күндері пәтерімді әлдекімдер тонап кеткен жағдай да кездескен болатын. Дегенмен, мен өзімнің мамандығымды жанымдай жақсы көремін. Бүлдіршіндерге де ауыр оталарды жасаған кезде жаныңды шүберекке түйіп, өмір жарығын енді көре бастаған жан иелеріне қатты алаңдайсың. Бірақ қорқынышты жеңіп, ата-аналарына қуанышты жаңалықпен ораламын. Бұл менің – өмірлік ұстанымым. Мен мамандығымсыз өзімді елестете алмаймын. Әлгінде айтқандай, жол апаты жиі орын алатын учаскелер болады. Сондай қауіпті аймақтарға қажетті жол белгілері орнатылса, билік жол- көлік оқиғалары көптеп орын алатын жолдардың статистикасына назар аударып, тиісті шаралар қабылдаса дейсің. Бәлкім, оқыс оқиғалар саны азаяр ма еді?! Бүгінде біздің бөлімнің басты ұстанымы – науқастың көңіл- күйі. Қызметкерлер бұл жұмыстарды жылулықпен атқарады. Науқастар да мұны сезініп, ризашылығын білдіріп жатады, – дейді Жетпісбай Бұзауұлы.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.

Күнделікті келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан, ол әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Еңбек өтілі 32 жылға жуықтаған дәрігер туралы науқастардың айтары да көп. Тіпті, арнайы іздеп келетін тұрғындардың да қарасы қалың екен.

Қабылдаудан шыққан Қанат Рәшімбайұлының дәрігерге деген ықыласы шексіз. «Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгінеміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл- кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың бірі ретінде аудандық орталық аурухананың хирургі Жетпісбай Аихожаевты айтар едім. Қай кезде барсаң да күлімдеп, жайдарланып қарсы алады. Ем-дом көрсетіп, әр күн сайын таңғы сағат 07.00-де палатадағы науқастардың жағдайын сұрап отырады. Міне, нағыз дәрігер дегеніміз осы. Жаныңа жылу сыйлап, көңіліңді көтеретін Жетпісбайдай дәрігерлер көбейе берсін. Біліктілігі мен тәжірибесіне басымды иемін, – дейді Қанат Рәшімбайұлы.

Жетпісбай Аихожаевтың адал еңбегі еленбей қалған емес, аудан, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі марапатында есеп жоқ. Соның ішінде 2010 жылғы «Шапағат» медалі Ж.Бұзауұлына ыстық көрінетін секілді.

Әлбетте, дәрігер үшін халықтың алғысынан артық баға жоқ. Адам саулығын өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, жұрт өмірінің сақшысы бола білетін азаматтар әрқашан аман болсын.

 Серікболсын СЕРПЕН

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым

Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды

Ер Қайраттың ерлігі ұмытылмайды

 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай боздағымыз қыршыннан қиылды. Мұзды алаңда айтылған жастардың жалынды сөзін кеңес билігі күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Желтоқсаншылардың Тәуелсіздікке қосқан үлесі зор. Олардың арасында  Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің да ерлігі ерекше.  Ел үшін туған ер көзі тірі болғанда биыл 55 жасқа келер еді.

Жалпы, Қайрат Ноғайбайұлы 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы Мо­йынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атын­дағы мектеп-интернатта білім алған. Жас­тайынан  күреспен шұғылданған. Мек­теп қабырғасында жүріп-ақ шын­шыл, сын­шыл, бетке тура айтатын мінезі­мен ерек­шеленген. Сондай-ақ кітапты көп оқып, сөзге де шешен болған.

Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаева сауыншы болса,  әкесі Ноғайбай бақ­ташы­лықпен айналысқан.

 «Қайраттың бетке тіке айтатын  міне­зін  жора-жолдас,  ұстаздары мен  бүкіл ауыл  халқы білетін. Өзге бауырларынан ерек­шелігі – ол ақжарқын да ақпейілді, ешкім­нің көңілі қалмаса екен деп өскен ұл еді. Оның үстіне өз замандастарының арасында үлгілі де қадірлі болатын», – деп  Дәметкен ана қаһарман ұлын еске алғаны есімізде.

Қайрат мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітіреді. Осыдан кейін 1981-1983 жылы Бірлік ауылындағы орта мек­тепте білімін тереңдетіп,  бір жыл Көктерек совхозында мал бағады. Ал 1984 жылы әскер қатарына шақырылып,  екі жыл Амур өлкесіндегі Белогор қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. 1986 жылы мамырда әскерден оралғаннан кейін сол жылдың тамызында  Алматы­дағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі.

Міне, осы білім ордасында оқып жүріп Қайрат көппен бірге алаңға келеді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында  сағат таңғы сегіз жарымдар шамасында Алматы қаласының орталық алаңына жиналған  екі мыңға  жуық жастардың арасында Қайрат Рысқұлбеков те бар еді.  Бейбіт шеру қанды қақтығысқа ұласқан кезде  Қайрат  бір топ жігіттермен  Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты кө­теріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қай­ратты  біреулер сол кезде суретке түсіріп алған екен. Тағы бір деректерге сүйенсек, қазақ қыздары по­лицей­лер тара­пынан  соққыға жығылып жатқан кезде  Қайрат бастаған жігіттер араша түсіп, қақтығысқа араласыпты. Алайда тәртіп сақшысы жеңіл жарақат алғанына қарамастан,  Қайратты адам өлтірді деген жаламен ату жазасына кеседі. Бірақ Батыс қауым­дастығының қысымы­нан соң Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачев Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековке шы­ғарыл­ған ату жазасын 20 жыл түрмеде отыруға  ауыстырады.  Алайда Семей түр­месіне жеткізілген Қайрат небәрі 21 жа­сында камерасында өлі табылады. Бұл Желтоқсан оқиғасына байланысты ең үлкен құпия­лардың бірі болып қалды.

13 наурыз күні Қайрат Рысқұлбековтің  жерлестері батыр ұлдарын еске алып, рухына құран бағыштады. Ең әуелі Мойынқұм ауданының орталығы Мо­йын­құм ауылында Қ.Рысқұлбеков атын­дағы саябақтағы ескерткішіне гүл шоқ­тары қойылып, қаһарман ұлды еске алу шарасы өтті. 1 минуттық үнсіздіктен кейін  аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, қазақтың қайсар перзентінің өмір жолына тоқталып, оның ерлігі мәңгілік ел есінде, ұрпақ жа­дын­да қалатынын жет­кізді. Ал Желтоқсан оқиғасына қатысушы Нұржан Сәденов мұндай шаралардың маңызын тілге тиек етіп, ұйымдас­тырушыларға алғысын біл­дірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Желтоқсан оқиғасына ай­рық­ша бағасын берді. Президент: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл тола­ды. 1986 жылы өрімдей ұл-қыз­дарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуел­сіздігімізді жариялауымыз­дың символдық мәні зор. Бұл орайда азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһарман­дары­ның азаматтық ерлігі лайықты баға­сын алып, жоспарлы түр­де насихатталуы керек», – деді. Ра­сында біз желтоқсаншыл­ардың ерлігін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, батыр ұл-қыздардың ерлігін жан-жақты наси­хаттауымыз қажет. Әсіресе, Қайрат Рыс­құлбековтей батырдың бол­мысы кейінгі буынның үлгі тұтар тұлғасына айналуы қажет. Сондықтан бүгінгідей шаралардың тәрбиелік және патриоттық маңызы зор. Сол бір мұзды алаңдағы қанды оқиғаны егеменді елдің жастары енді көрмесін деп тілеймін. Қаһарман ұлдарын ұлықтап жатқан жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысым шексіз, – деді   Нұржан Сағадин­ұлы.

Ал Қайратпен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ауылдасы Ләйлә Қожагелдиева өткен күнді еске алып, көз жасына ерік берді.

–  Жерлесім Қайрат  ауылда менен бір сынып  жоғары оқыды. Әкем Шайбай Қожагелдиев  сол мектепте математика пәнінен дәріс берді. Мектеп қабырға­сында жүргенде  жалындаған өжет, өткір өрен еді. Әкем Қайраттың осы қасиетін ерекше бағалайтын.

Желтоқсан ызғарын өз көзімізбен көр­дік. Қазір еске алудың өзі өте ауыр. Кейінгі жастарымыз сол кездегі жазықсыз қыршы­ннан қиылған  боздақтардың тағдырын кешпесін, қайталанбасын деп тілейміз.

1986 жылдың 17 желтоқсан күні  бір топ студенттермен сабаққа кетіп бара жатқанда ұсталдық. Алматы қаласы АІІБ-лары ұсталған адамдарға толған соң, бізді Қаскелеңге апарып, суретке түсіріп, тү­сінік­теме алып, оқу орнымызға хабарлама жіберді. Түнгі сағат 00.00-ден таңғы сағат 07.00-де жаяу жатақханамызға әзер жет­тік.

Күнде тексеріс, жиналыс. Комсомол, кәсіподақ жиналыстарына салды. 100 студент оқудан шығарылды. Жақсы оқы­ғанымның арқасында  сөгіс алып, жазам жеңілдеді. Алайда 3 ай бойы тергеу жүр­гізді.  10-15 тәулік сұрақтың астында бол­дық. Өзім 3 тәулік  Целинный кино­театрының астындағы жертөледегі КГБ-ның түрмесінде жаттым. 40 қыз  бір каме­раға қамалдық. Сол кезде Қайратты көр­дім. Ол жалғыз адамдық камерада отырды. Полицейлерге  дәлізді  жуып береміз деп сұранып, тергеуге алып бара жатқан Қай­рат­ты көзім шалып қалып жүрді.

Ержүрек жерлесіміз көзі тірі болғанда  биыл 55 жасқа  келер еді.  Қайрат Рыс­құлбеков – халқымыздың батыры, қаһар­маны. Қайраттың патриоттық рухын  кейінгі ұрпаққа үлгі етіп дәріптеуіміз қа­жет.

Келешекте де Қайраттың 100 жылды­ғын тойлауды нәсіп етсін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бейбітшілік өмір болсын деп тілеймін, – деді желтоқсаншы.

– Қайрат  қолындағы барын бөліп бе­ретін жомарт еді.  Ол  жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкен­тайым­нан әкемнің туған апайының қо­лында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уа­қыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интер­наттың басшылары бір күні оқушы­ларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отыр­ған шығар деп көңілім әбден құла­зып, мұңайып қал­дым.  Сол кезде Қайрат менің қасыма ке­ліп: «Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киім­дерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ре­тінде беріп отыр ғой»  деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес, – дейді  Қайраттың тағы бір сыныптас құрбысы Сәлима Исаева.

Өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанда кім өзгенің өміріне ара түсе алар екен? Осын­дай өнегелі де өрелі ерлік Қайраттың бойынан табылды.

– Тергеушілер  Қайратпен беттестіріп: «Мына мұғалімдерің емес пе, сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген» дегенде, ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға өзіміз бардық» деп мені қаймықпай, ашық қор­ға­ды. Егер  ол басқаша айтқанда ату жаза­сына мен кесілетін едім, – деп ұстазы,  Сәу­лет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақов та  өткен күнді  еске алады.

Мойынқұм ауданындағы шара  со­ңын­да Қайрат пен өмірден ерте озған боздақ­тар­дың рухына бағышталып құран оқылды. Сондай-ақ еске алу кеші Бірлік ауылында да ұйымдастырылып, қаһарман ұлдың ескерткішіне гүл шоқтары қойыл­ды. «Жел­тоқсан» атауы берілген Мәде­ниет үйінде кеш ұйымдастырылып, ауыл­дастары жау­жүрек ұлын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ер­лігін дәріптеді.

Ер Қайрат пен желтоқсаншылардың ерлігі ұмытылмайтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы

Aiqyn. – 2021. – 16 наурыз