Кран тізгіндеген келіншек

     Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек, қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзікжандылар арамызда көп-ақ.

Жуырда редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі Оксана Глазетдинова еді. Ер азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп, салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Оксана Валерьевна Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-нде мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС – барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті – кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын емесін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткенін айтады. «Биіктік – бұл менің таңдауым», – дейді өзі.

Оксана – Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті.

– Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі – 10 метр, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде, «аман-есен түсейінші» деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір, – деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады.

– Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы болатын, дала тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде, байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ «басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», – дейді Оксана.

Иә, онын мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында. Десек те, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген. «Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», – деп санайды Оксана.

– Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір, мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып, – дейді кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап – қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады.

– Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін басқа нәрсемен айналысуға құқығым жоқ. Бұл – үлкен жауапкершілік. Краншы кез келген ситуацияға дайын болуы қажет, – дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің әйел екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехтағы жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі – екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

       Р.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде, ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесін, өмірге құштарлығың арта түседі.

 Сәуле Мүхадинқызы, журналист, Қордай ауданы

Jambyl-Taraz. – 2024. – 8 наурыз

Жер емген қария

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет.

Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға

тиіспіз. Табанды еңбек – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады.

Тараз қаласында Базарбай Шалдарбеков деген қария тұрады. Мен ол кісіні көп жылдан бері білемін, араласып тұрамыз. Еңбекқор қария зейнетке шықса да үйінде кейбіреулер сияқты қол қусырып босқа қарап отырмайды. Біраз жылдан бері үй маңындағы жеріне қызанақ, қияр, асқабақ, сәбіз тұрған жерді тазалап, жем-шөбін беріп күту де аз шаруа емес.

Бақшасын суару үшін Базекең жерасты суын пайдаланып жүр. Сол үшін есігінің алдына жер астынан су соратын арнайы құрылғы орнатып алған. Зиянкестерден қорғау үшін жеміс ағаштары мен көкөністерге дәрі шашып отырады. Ауладағы сияқты көкөністерді егіп, жеміс ағаштарын өсіруді кәдімгідей кәсіпке айналдырған. Одан бөлек мал қорасында бірер бас қой ұстап, семіртіп, қажет кезінде көжеқатыққа сойып алады. Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Бақшаны арамшөптерден тазартып отырудың өзі бірталай жұмыс. Оның үстіне өсімдіктер мен жеміс ағаштарын уақтылы суарып, жерін ерте көктемде көкөністер егуге дайындай бастайды. Кейбір көкөністерді үй жағдайында ұрығынан өсірігі алып, күн тұрақты жылынғанда даладағы жеріне отырғызады. Бұл әдіс олардан өнімді жазда ерте ала бастауға мүмкіндік береді.

Базекеңнің еңбекқорлығы арқасында отбасы көп нәрсені дүкеннен, базардан сатып алмай пайдаланады. Қазір баға шарқырап тұрған кезде бұл отбасы үшін жақсы көмек емес пе. Бірде Базекеңнің үйіне барғанымда еңселі алмұрт ағашының бұтақтарында алмұрт пен асқабақ бірге салбырап тұрғанын көріп таң қалғаным бар. Сөйтсем жерді тиімді пайдалану үшін асқабақ ұрығы алмұрт ағашына өте жақын егілген екен. Асқабақжоғары қарай да өсе беретін ұзын сабақты өсімдік болғандықтан, ағаштың бұтақтарына дейін көтеріліп барып, оларға оралып алыпты.

Базарбай қария тек бау-бақшамен ғана айналысып қоймай немерелеріне көңіл бөлуге де уақыт таба біледі, сабаққа дайындықтарын қадағалайды. Күнде үш немересін жеңіл автокөлігімен кезек-кезек мектепке тасиды.

Бағбан қария үй іргесінде жеміс-жидек және көкөніс өсіруден жалыққан емес. Қайта есік алдына шығып бір мезгіл бой жазып, қимылдан, тер шығарудан рахат тапқандай болады. ІІІындығында денсаулықтың бір ұшы еңбекте жатыр ғой. «Еңбек етсең ерінбсй, тояды қарның тіленбей» деп ұлы Абай айтқан ғой. Осы ұстанымды өмірлік қағида еткен Базарбай қария әлі тың, ширақ.

Өкінішке орай, көп адамдар үйлерінің маңындағы жерлерін тиімді пайдалануға көңіл бөле бермейді. Бұған соңғы жылдары облысымызда орын алған су тапшылығы мен арықтардың көп жерлерде бітеліп қалуы әсер еткен болар. Бірақ, үй маңындағы жерлерін бау-бақшаға айналдырғысы келетіндерге жер асты суын сорғы арқылы тартып, жер асты суын пайдалануға болады емес пе.

Базекең бір сөзінде:

      Мен үшін жермен айналысу дағдылы іс. Өз қолыңмен өсіріген жеміс-жидектер мен көкөністердің дәміне не жетсін?! Өз еңбегіңнің жемісін көруден артық, не бар? Ала жаздай үй іргесіндегі уылжып піскен жеміс-жидекке, көк-сөкке қарық боламыз да жатамыз,- деген.

Оның бұл сөздерінің жөні бар деп ойлаймыз. Биылғы көктем де жақындап келеді, Базарбай қариядан үлгі алып, үй маңындағы жерді игеріп, тиімді пайдалануға көңіл болейік.

Сейітқасым Тәжбенов,

ардагер дәрігер,  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Ғұмыр дария. – 2024. – 10 ақпан

Жұрт іздейтін дәрігер

Дәрігер мамандығы аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Осы бір жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген жанның бірі – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Аихожаев.

Қашанда алдына келген сырқатты туысындай құшақ жая қарсы алып, аяқтан тұрғанға дейін ем-домын жүргізетін ол 1962 жылы 18 қарашада Шымкент облысы, Созақ ауданының Аққолтық елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1979 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітіріп, 1982 жылы Түркістан қаласында медициналық училищенің фельдшер мамандығын тәмамдаған.

1982- 1984 жылдары Белоруссияда әскери қызметін өтеп, 1985 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1991 жылы оқу ордасын үздік аяқтап шығады.

1991-2010 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасында хирург болып еңбек жолын бастап, талай жуа лылықтың а лғысына бөленеді.

Содан Жетпісбай Бұзауұлы 2010 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасына ауысып, 2013 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Құдай қосқан қосағы Мира Көшкімбаева да дәрігерлік жолды таңдап, бір-біріне арқа сүйеп отыр. Алла нәсіп еткен екі қызынан немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Дәрігерлік–жауапты мамандықтың бірі. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Біздің бөлімнің негізгі міндеттері де – осы. Әріптестердің көмегінсіз біз бедел биігіне шыға алмаймыз. Қандай жиын болса да әріптестерім – ақ халатты абзал жандарды мақтан етіп отырамын. Өмір жолымда осы күнге дейін 3000- ға жуық ота жасаппын. Ота үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде біздер адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімізді саламыз. Өмірде түрлі оқыс оқиғалар кездеседі. Алла берген қасиет болғаннан кейін қолдан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Жол апаты, жазатайым оқиғалар салдарынан дене жарақатын алған азаматтарға да қолдан келгенше алғашқы көмегімізді көрсетеміз. Оларға үміт отын сыйлау үшін кейбір кездері ауруханада түнеуге тура келеді. Ауыр ота кезінде таң атқанға дейін қалған күндері пәтерімді әлдекімдер тонап кеткен жағдай да кездескен болатын. Дегенмен, мен өзімнің мамандығымды жанымдай жақсы көремін. Бүлдіршіндерге де ауыр оталарды жасаған кезде жаныңды шүберекке түйіп, өмір жарығын енді көре бастаған жан иелеріне қатты алаңдайсың. Бірақ қорқынышты жеңіп, ата-аналарына қуанышты жаңалықпен ораламын. Бұл менің – өмірлік ұстанымым. Мен мамандығымсыз өзімді елестете алмаймын. Әлгінде айтқандай, жол апаты жиі орын алатын учаскелер болады. Сондай қауіпті аймақтарға қажетті жол белгілері орнатылса, билік жол- көлік оқиғалары көптеп орын алатын жолдардың статистикасына назар аударып, тиісті шаралар қабылдаса дейсің. Бәлкім, оқыс оқиғалар саны азаяр ма еді?! Бүгінде біздің бөлімнің басты ұстанымы – науқастың көңіл- күйі. Қызметкерлер бұл жұмыстарды жылулықпен атқарады. Науқастар да мұны сезініп, ризашылығын білдіріп жатады, – дейді Жетпісбай Бұзауұлы.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.

Күнделікті келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан, ол әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Еңбек өтілі 32 жылға жуықтаған дәрігер туралы науқастардың айтары да көп. Тіпті, арнайы іздеп келетін тұрғындардың да қарасы қалың екен.

Қабылдаудан шыққан Қанат Рәшімбайұлының дәрігерге деген ықыласы шексіз. «Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгінеміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл- кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың бірі ретінде аудандық орталық аурухананың хирургі Жетпісбай Аихожаевты айтар едім. Қай кезде барсаң да күлімдеп, жайдарланып қарсы алады. Ем-дом көрсетіп, әр күн сайын таңғы сағат 07.00-де палатадағы науқастардың жағдайын сұрап отырады. Міне, нағыз дәрігер дегеніміз осы. Жаныңа жылу сыйлап, көңіліңді көтеретін Жетпісбайдай дәрігерлер көбейе берсін. Біліктілігі мен тәжірибесіне басымды иемін, – дейді Қанат Рәшімбайұлы.

Жетпісбай Аихожаевтың адал еңбегі еленбей қалған емес, аудан, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі марапатында есеп жоқ. Соның ішінде 2010 жылғы «Шапағат» медалі Ж.Бұзауұлына ыстық көрінетін секілді.

Әлбетте, дәрігер үшін халықтың алғысынан артық баға жоқ. Адам саулығын өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, жұрт өмірінің сақшысы бола білетін азаматтар әрқашан аман болсын.

 Серікболсын СЕРПЕН

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым