Туған топырағы қайраткерді еске алды

Ақын-драматург, белгілі қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туғанына биыл 85 жыл. Қайраткерді ұлықтау мақсатында байзақтық жерлестері де еске алу кешін өткізіп, биік тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен сағыныш пен сырлы сезімге толы әдеби еске алу кеші «Алаштың ақиқатшыл Арғынбайы» деп аталды.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, Арғынбай Бекбосынның ұлағатқа толы, тағылымға бай еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ ол Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Хасенқызына қамзол кигізіп, ақ орамал сыйлап, аудан әкімінің атынан құрмет көрсетті. Кешке қаламгердің ұлы Абай мен қызы Жанерке де қатысты.

Кеш барысында Марал Жанбаева «Менің әкем» әнін орындаса, әнші Әлмахан Исабаев «Байзақ жері» (сөзі мен әні Қасқырбай Нарбатырдікі) әнін мәніне келтіре шырқады. Келесі сәтте Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев сөз сөйлеп, қайраткер қаламгердің жазу шеберлігіне, әсіресе рубаяттарында үлкен ойды төрт жолға сыйғызып жіберген шеберлігіне таңдай қағатынын айтып, ақынның рубаяттарынан бірнеше шумағын жатқа оқып берді.

Ақын-драматургтің рухани інісі, жүз жылдық тарихы бар «Аq jol» газетінің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы да еске алу шарасында кеңінен көсілді. «Ар-аға» атты кітап жазған Тұрсынхан Толқынбайұлының сөздерін байзақтықтар жылы ілтипатпен қабылдады.

Ал, ақын Қасқырбай Нарбатыр оқыған «Алаштың Арғынбайы» атты өлеңді көпшілік сілтідей тынып, тыңдады.

Ал аталған мәдениет үйінің және «Шахан» халықтық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков сәті келгенде Арғынбай Бекбосынның Ақәділ Сухамбаев жайлы жазған «Батырдың монологы» атты шығармасынан үзінді орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Мұнан соң аталған мәдениет үйінің әншілері де ақынның рубаяттарын оқыды. Арғынбай Бекбосынның туған жері – Қосы батыр ауылында орналасқан Қарасу орта мектебінің оқушылары да ақынның өлеңдерін, рубаяттарын жатқа оқып, жерлес тұлғаға деген құрметтерін көрсетті. Әнші Динара Диханбаева «Қандай адам», Гүлназ Әлімқұлова «Біздің елдің жігіттері», Манзура Көбеева «Арман», Жанат Сәлімбаева «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін жүректерге жеткізе орындады.

Әдеби-сазды кеш соңында әнші Әлмахан Исабаев Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін шырқады. Әннің қайырмасына бүкіл әншілер қосылып, тіпті көрермендер де бірге шырқап, сахна мен көрермен арасында керемет үйлесім орын алды. Көпшілік тік тұрып ұзақ қол соғып, құрметтерін аяған жоқ. Бұл құрмет – Арғынбай Бекбосынның рухына да көрсетілген құрмет еді.

 Есет ДОСАЛЫ. Байзақ ауданы.

        Ақ жол. 2022. – 21 маусым

Өлеңнің егіз өрімі – К. Ахметова, Қ. Асанов

Өлеңнің егіз өрімі – К. Ахметова, Қ. Асанов

         

            Мұңлы муза иесі Мұқағали, жұмбақ ойлы Жұмекен, тентек мінез Тоқаш, бірбеткей Фаризалардың қатарында нәзік сезім иесі Күләш Ахметова да қазақ өлеңіндегі өрнегі өзгеше ақынға айналғаны анық. Асқар таудай Әбділда Тәжібаевтың бір кездегі «Күләш – ақын» деген пікірі қазақ өлеңінде өзіндік орны бар көрнекті тұлғаны тап басып көре білгені болса керек. Ал өлең жолдары сырға да, мұңға да толы Қайырбек Асанов та жеке басының қамын күйттемеді. Қазақтың қасиетін жырлады. Әлі де жырлап келеді.

Жақында Тараз төрінде талантты ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Күләш Ахме­тованың Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған поэзия кеші өтті. Бір шаңырақ астында ерлі-зайыпты болып күн кешіп, қазақ поэзиясының дамуына өлшеусіз үлестерін қосып, өлең­дегі өзге­лерден өзгеше дара жол­дарын сала білген қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ах­ме­това бүгінде жетпіс жасқа толып отыр.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен поэзия кешінде қос ақынның жас кезі, студент шағы бейнеленіп, олардың алғаш таныстығы, араларындағы іңкәр­лік сезімдерінің оянған сәті әдемі суреттелді.

– Күләш – аяулы ақын, сүйікті жар, мейірімді ана, ақыл­ды қарындас. Оның жанының нәзіктігі, сыршылдығы, мейірім­ділігі өлеңдерінен де төгіліп тұ­рады. Поэзиясы тұнып тұрған адамгершілік, инабаттылық, кісілік, парасаттылық. Жырла­рынан кейде Қожа Хафиздің, Сағдидың үні естілсе, енді бірде Абаймен тілдескендей болатын Күләш – періште ақын. Сол үшін оны бәріміз жақсы көреміз. Күләштің туған жер, өскен өл­кені жырлауы ақиық ақын Мұқа­ғалимен үндеседі. Қазақта бұл тақырыпты Мұқағали мен Күләштан артық жырлаған ешкім жоқ, меніңше. Біздің Күләшті аялап, алақанында ұстап келе жатқан Қайырбектің де сонау Сырдағы жыршылық ортаның қайнарынан шыққан тасқын талант екенін бәріміз білеміз. Оның да өнерінің бағасы биікте екенін айта аламыз, – деген Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақындар шы­ғармашылығы туралы өзінің әде­мі де әсерлі ой-пікірлерімен бөлісті.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованы 70 жасқа толу мерейтойымен арнайы құттықтап, темір тұлпар сыйлады.

Оралхан ДӘУІТ,

Суретті түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН

Егемен Қазақстан. – 2016.  – 19 қазан. – 10 б.


 
 

Күләш Ахметова – ақын

Күләш Ахметова – ақын

Әлі жиналып, игеріліп болмаған халық әні мен өлеңдерінің көнелеріне қосылып жатқан жаңалары қанша. Соларды жинау, бастыру жөнінде ақындар мен композиторлар елең етпейді-ау. Тіпті жолдарында көрініп жатқан алтын өзектерді ала қояйыншы, иелене қояйыншы демейді ғой. Соның салдарынан болу керек, жаңа ән, жаңа жырлардың көбінде халықтық рух жетіспейді. Әндегі вальстік ырғақтар (көбірек кездесетін), соған сай айтылатын көбелек жанды күйгелек өлеңдер қамыстың үйлегі, балықтың қағанағы секілді, бір сілкуден қалмайды.

Халықтық рух деп біз ән мен жырдағы табиғи және тарихи бояулар мен (яғни көріністер мен) дыбыстарды (мелодиялық үндерді) айтамыз. Аспанымыз бен жеріміздің арасын лық толтырған күн жарығы, оған шағылысқан өзен, көлдеріміз, басына бұлт оралған тауларымыз, шөлейт даламыз, сыңсыған орманымыз – түп-түгел біздің жан күйіміздің ұялары. Осы табиғи орта – өз кұшағындағы тірліктің бәрін адам тілімен ұлы эпостарға, ән-жыр деп аталатын ғажайып өнерге айналдырған: жетім бота, жесір аққу, қанаты қираған қыран, жылаған жел, күркіреген көк, атылған найзағай, тасыған сел, үйірілген құйын, жеткізбес сағым, ұстатпас елес, атқан таң, батқан күндерімен… барлығы да халық лирикасының сарқылмас мотивтері. Халық осының бәрін өз сезімімен өткізген де, өз ойын, өз толғағын айтатын астарлы бейнелерге, метафора теңеулерге айналдырған. Ол үшін тіл ұстартқан, көріктен өткен, қайнауы жеткен, әбден шыңдалған асыл сөздер әзірлеген; ой-қиялды шегіне жеткізе айту үшін ауыр салмақтардан сынып кетпес үшін құдіретті сөздер керек, сондай сөздер ғана ырғақ ұйқастардың өзара қағысып келісім табуына, жымдасуына жарайды деп білген.

Мен Күләш Ахметованың жана жинағынан осы халықтық рухқа жақындықты, халықтық  дәстүрді берік ұстағандықты көрдім.

Екі бөлімнен құралған жинақ «Уақыт пен жастық жыры» дейтін диалогтардан басталады. Оған тақау «Ақын мен жердің әңгімесі», «Уәзір мен өлім алдындағы патшаның әңгімесі», «Ұлбикенің соңғы монологы» деген жырлар оқылады. Бұлардың бәрі де тақырып жағынан, жырлану әдісімен бізге таныс нәрселер. Сұраққа жауап беру, үлкеннің кішіге айтқан ақылды кеңесі, өмір мен өлім жайлы монологтар бізде ертеден бар. Мұндай нәрселер басында араб, парсы, үнді әдебиеттерінен ауысып келген де, кейін қазақ топырағында тамыр байлап, қазақ жырының бір арқауы боп кеткен.

Осы тұрғыдан қарағанда «Қазақ әдебиетіндегі» Өтеғалиева Сахипжамалдың мақаласындағы «Бұрыннан белгілі ақиқаттарды қайталап жатудан Күләштің сақтанғанын жөн дер едік» дегені орынды сияқты. Бірақ бұл үстірт қарағанда ғана.

Мәселе бұрыннан белгілі бір түрлерді, әйтпесе «Белгілі ақиқаттарды» қайталап жатуда емес, сол белгілі түрлерді (яғни дәстүрлі түрлерді) қалай пайдалануда, өз тарапынан не айтуда болу керек. Мысалы, диалогты барлық жанрда, әсіресе драматургияда пайдаланамыз.

–          Сонда осы қайталау болып шыға ма?

        Монолог та сондай, ендеше бала сұрағына әке жауабын да осы сипатта тануымыз қажет. «Әке, адал ұл болу үшін не істеу керек?» дегенге:

Қол арт, балам, алдымен қиял-атқа,

Ұяны атпа, арам ой ұялатпа.

Адамдарға күдіксіз сене біл де,

Сөнгендерді итерме қиянатқа,

 – дейді. Бұл – кәрі аталардың аузынан көп естілетін ақыл. Ұшқан ұяңды сыйла, адал бол, адамды қиянатқа итерме дегенді өзіміз де осы кезде жастарға көп айтамыз. Демек, бұл жыр болуға, әркімнің көкейінде құйылуға сұранып тұрған ақиқат. Сондықтан бұл – тақырыпқа дүркін-дүркін дегендей, әр дәуірдің, әр буынның ақындары жырлап, ұрпақтар бәйгесіне түскендей, жарысып отырған. Міне, енді сол бәйгеге Күләш те түсіпті, өз жырын ұсыныпты. Ендеше соған әділ билік айтайық та.

Біздіңше, Күләш «ақиқатты» құр қайталап, үйқастырып қана қоймай, поэзия тілімен жандандыра түскен, жарамды сөз бен тың ойға, биік идеяға айналдырған. Осы шумақтағы:

«Ұяны атпа, арам ой ұялатпа. Адамдарға күдіксіз сене біл де, сенгендерді итерме қиянатқа!» деген белгілі дидактикалық сөздердің осыншама қызықты қалануын биік бағалаған жөн. Осы үш жолдағы ырғақ, ұйқастардан туған ойларға еріксіз қуанамыз. Өйткені бұл ойларды бізге көктемде қайта көктеп, жасыл жапырақ жайған, біздің күндерімізде тыңайған сөздер жеткізіп тұр. Сондықтан дидактикалық деңгейден асып, ақындық дәрежеге көтерілген.

Құлағанды деме де, бақытты қыл,

Бақыттының тұнығын ылайлама.

Не берейін деп тәңірі сұрай қалса,

Алдыменен ақыл мен жұмыс бер де.

Масқара қыл, аяма, әшкере қыл

Атағы үшін атасын сататынды.

Өмір – бәйге, замандас озып кетсе,

Күбірлемей, күндемей, күліп қара.

Мен осы егіз жолдарды плакатқа айналдырып, көпшілік жиналатын жерлерге ілдіріп қояр едім. Жақсы өлеңдерге кітапқа ену аз, олар плакатқа да айналулары керек!

Уәзір мен патша диалогы да дәстүрлі түрде жазылған. Бұл үлгі де Шығыс әдебиетінде (әрине, ертеректе) нақылият, ғақлия боларлық нәрселер көп жазылған, өмір, өлім жайлы пәлсапалык ойлар, дінді уағыздайтын толғаныстарда осындай сұрақ-жауап үстінде аз шертілмеген.

Күләш осы дәстүрлі сұрақ-жауап түрін шебер пайдалана отырып, шынайы өлеңдер жасаған.

О, падишам, саялы бәйтерегім,

Таба алмадык дертіңнің қайтар емін.

Алдияр! Алдыңда тұр байтақ елің,

Халқыңа ақырғы рет не айтар едің?

Аса сұлу өлең болып шыққан, үндестік жағынан музыкаға сұранып тұрған төрт жол сұрақта мықты динамизм бар. Біз басталған жерде-ақ драмалык оқиғаға кіргендей сезінеміз. Осындай сұраққа қайтарылған жауап та келісті:

Бояуын, бар қызығын бала күннің,

Дірілін үлбіреген лала гүлдің,

Ұлдың да, жылап тұрған сұлудың да,

Құлдың да шын қадірін жаңа білдім.

Өлім, өмір – мәңгі жырланатын тақырып. Әр түстің жауабында сол кездің идеологиясы мен адамгершілік парасаты бой көрсетеді. Күләштің аузымен қайтарылған жауапта біздің дәуірдің көзқарасы бар. Мұнда өмір бояуы бай, сәбилік қызығы көп, лала гүлдері үлбіреген, ұл мен жардың көз жастары мөлдіреген өте жарық дүние боп көрінген.

«Ұлбикенің соңғы монологындағы» өмір де осы тұрғыдан жырланған. Мұнда трагедиялық леп басым. Өліп бара жатқан Ұлбике ақынның арманы қандай айқын, қандай биік:

Айдың нұры, сылдыры ақ бұлақтың

Жылап қалды жырыма құйыла алмай,

– дейді. Бүкіл жаратылыс жанданып кеткендей, біз мөлдір түннің өксігін естігендейміз.

Поэзияның бір өзгешелігі сол – жақсы өлеңді мақтап жеткізу қиын. Ол да ән сияқты, өзінің асылдығын өз үнімен естіртеді, өз нақышымен көрсетеді, сондықтан дауыстап оқисың…

Мысалы, мына бір шумақты өз сөзіңмен қалай жеткізіп, қалай түсіндіресің? Амалсыз естіртіп оқисың, оқисың да:

 – Мінеки, көрдіңіз бе, осы жақсы өлең дейсіз.

Ызыңдап маза бермей ме,

Өкініш деген көк шыбын?

Кеудеңді келіп керней ме,

Басылмай жүрген өксігің?

Әркімнің басынан сирек болса да өтетін мұндай күйді дәл осылай төрт-ақ жол өлеңмен жеткізу – жас ақын шеберлігінің айғағы. Көркемдіктің жаңа деңгейіне осындай басқыштар арқылы көтерілеміз. Бұл – суретшілер үшін де, композиторлар үшін де адам күйіндегі аса қызықты мезет. Бірақ олардың қолдарына да мұндай сәттілік іліге бермейді. Ұмытылмайтын өкініштің ұзақ басылмайтын өксігі ең қысқа, ең айқын түрде осылай ғана жазылатын болу керек.

Көп өртенді даланың көк орманы,

Мекеніне көп марал оралмады.

Ұясына көп құстар қона алмады,

Тек адамның өртенген жоқ арманы,

– дейді ақын. Жылдар өтіп-өтіп келіп, бір дәуірдің жиынтығындай шоқталады да, жаңа дәуірдің жаңа жылдарына шылбыр тастайды. Сонда өткен мезгілдің жарық жағымен жарыса жан ауыртар тұстары да көңіл көзінің алдынан толқып өтеді. Шын ғой бәрі де, қандай өрттер түспеді көк орманға, қанша марал мекенін жоғалтып, қанша кұс ұясынан айырылмады! Тек өртенбейтін арман ғана өз биігінен төмендеген жоқ. Төмендемек тұрсын, оның тағы да жоғарылай түсіп, жарыққа, кеңдікке, сақтыққа шақырған үндеуін естиміз. Оның адамға деген махаббаты қандай! «Шамдарым, жарықтарым» деп сөйлейді.

Сендерсіз менің жанымда мұнша туа ма ән?

Жарық шамдарым, жаныңдар! Соған қуанам.

Сендермен көркем: көк тоғай, көк тау, көк белдер,

Сендермен жарқын: қоңыр күз, ақ қыс, көктемдер.

Жаңбыры да бар, дауылы да бар, орман да,

Жарық шамдарым, ертерек сөніп кетпендер!

Қанша махаббат, қанша мейірім бар осы жолдарда. Адамнан көрік алатын, адамнан жарқындық табатын жаратылыс қандай ғажайып! Көк тоғай, көк тау, көк белдер – арман суреттері емес пе?! Жыл мезгілдерінің контрастықпен келісім тауып тұрған бояулары қандай! Ақын сүйетін жарық шамдар не деген бақытты жандар!

Жинақтың екінші бөліміндегі махаббат жырларында да құйылып тұрған қоңыраулы өлеңдер аз емес. Әр өлеңде көрікті композиция, әшекей алқалар бар, тағы да бүкпесіз ғашықтық, ағынан жарылып, ашынып айту ерекше көңіл аударады, әрбір өлеңнен ән боп тарайтын таза сезімді гуманистік жарқын леп жарқыратып тұрады. Күләштің сезімтал жырды тым жұқартып жібермей, оған азаматтық дем бергісі келетін кездері де сезіліп тұрады, ондайда ақын жарқын және сыпайы естілетін патетикалық сөздерді пайдаланады.

Кел, махаббат! Толқытып жас жанымды,

Асқақтатып көңілімді, аспанымды,

Мәңгілікке жаралған жанарыңмен,

Қабылдайық ғажайып қас қағымды.

Бұл шумақта жарасымды декларация лебі байқалады. Дегенмен, махаббат лирикасында да Күләш суретші болған өлеңдерінде күшті. Мына бір шумақты оқиықшы:

Нәзік гүлге су құйып тұр едім мен,

Нәзік әуен туындап жүрегімнен.

Сені есіме алдым да мұңға батып,

Осы қазір келсе деп тіледім мен.

Әдетте лирикадан драматизм де тілейміз ғой. Бірақ сол драматизмнің себебі де айқын болу керек емес пе?

Әрине, мына шумақта бәрі айқын. Нәзік гүл, нәзік әуен, осы екеуінен толқыған көңіл, қас қағымда еске түскен портрет, дәл осы мезетте сүйгенін көргісі келген тілек… Мұнда аңсау, сағыну ғана емес, айырылыс, өкініш, қайта талпыну бәрі бар осы шумақта:

Ұмытсам деп ыңылдап ән іздеп ем,

Ән боп шықты ол дағы сен айтатын.

Әйтпесе:

Сен ғана сездірмесең қайтер еді,

Кей нәрсенің өткінші екендігін,

– деген жыр қос жолдарды қоссақ – толық бір күйді түгел тартып шыққандай сезінеміз. Лоблыған жүректің әуенімен бірге талдырмаш қыз мүсіні көз алдымызда, оған қыз сырындай нәзік ашылған ақ желкен, көк желкен гүлдерді, шашырай себілген судың маржандарын қоссақ, оқиғалы әсем сурет көреміз.

Ақынның ізгі жандылығы, гуманизмі, пәк сезімділігі үнемі ойлы қамқор тілектермен ұштасып отырады. Осындай астарлы түрде бейнеленіп қорытылатын тың теңеулері бар көркем жолдар аз емес.

Қандай бақыт өріктер гүлдегені,

Қамығуды, ойлауды білмегені.

Қандай жақсы өткінші бақыт болмай,

Мәңгі шегер аяулы мұң болғаның.

Жүзіп өтіп жүрер ем су-су болып,

Көпірі жоқ көлдерден, өзендерден.

Есептескен махаббат – махаббат па?..

Рас-ау! Есептескен махаббат, сыйластық, достық бола ма! Күләш өлеңдерінде қанша махаббат, достық бар десек, соның бірінде де есепті сезім жоқ. «Сүйші мені» деп ешкімге еңкеймесе, «Неге сүймейсің?» деп ешкімге шалқаймайды да. Күләш жырында ғашықтық, ынтығу бар. Бірақ жалаң, құмарлық, құмарларға сыңарлық жоқ. Нәзік әйел ақынның ең нәзік махаббаты мөп-мөлдір, тап-таза, құмарлық сияқты көрінетін жерлерінің өзінде де адамдық пафос басым…

Менің тағы бір тоқтала кетпегім, жинақтың 52-бетінен басталатын: «Ботақандарым», «Сен барда қызық табам үй ішінен», «Ойнай ғой», «Мамандығын мамаңның», «Ертегі деп түсінесің…», «Балалық шақ», «Тыныш түндер» деген цикл. Осы аталған жеті өлеңді автор баласына, балаларға арнаған. Бұл жырларда да жылы сезімдер, жұмыр шумақтар жеткілікті. Бірақ Күләш сияқты талантты ана ақынның қаламынан бұлардан мықтырақ өлеңдер туғаны жөн болатын еді.

Халық жыры рухына мол cyғарылған, халық жырларының дәстүрлі әдістерін еркін меңгерген ақын балаларға деген жырында ізденгіштігін, талғампаз-тапқырлығын көрсетпеген.

Халық рухы дегенде (балалар жырына байланысты) алдымен айтатынымыз – әр елдің ежелден келе жатқан бесік жыры ғой. Ол біздің де жырымыз. Бесік те, бесік жыры да – адамның мәңгілік серігі. Ол бір ғасырды тербетіп болған соң, келер ғасырға ауысып отырады, әр өлеңде дәуір ырғағы мен онда дәурен сүрген жандардың үндері бар. Бала тербеткен ана өз әнімен өз күндерінің армандарын жырлайды, өз басының мұңдарын шертеді. Бесік жыры белгілі кезеңдердің суретшісі сияқты. Ол өз тұсының таулары мен ормандарын, көл-дарияларын суреттейді. Біз аңдардың ыңыранғанын, құстардың шулағанын, кұрақпен ойнаған желдің кимыл, үнін де естіп, көреміз. Бесік жыры ана жыры болғандықтан, онда терең сыр, нәзік мұң, нәрестелер болашағына байланысты күдік, үміт белгілері де көп; онда ойнақы ырғақ, жарық қуаныш, шадыман ойын-күлкі де мол. «Сен қорықпа» дегенді жыр күлдіріп отырып та. жылатып отырып та айтады. Осындайда аңдар жайлы ертегілер, сан алуан тың теңеулер, образдар туады.

Соның бәрі баланың сезімі арқылы санасына сіңеді. Бала анасын, ана тілін ұғынады. Нәрестесіне сырын шертпейтін, мұңын шақпайтын ана болуы мүмкін емес. Бірақ халықтық дәстүрді берік ұстанған ана – ол анасы – алдымен сол жұрттың биік мұратын берік ұстанады. «Ел үшін кімді өсіру керек?» деген сұрақ ана есінен қай заманда да шыққан емес. Сондықтан «Еліңе ұл бол, құлқынға құл болма» деген сарын ана жырында үзілмей, ұласып отырады…

Түйіп айтқанда: Күләш жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық армандардан туған мұңды, мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай сезіндім, жыр құдіретімен жаңғырғандай, жаңа дүниеге кіргендей жадырадым. Біздің бақытты республикамыздың жас бұлбұлдары осылай молая беруі керек!

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Ақжол. – 2016. –  23 сәуір. – 4 б.

Ақын және Ғайып Ерен Қырық Шілтен

Ақын және Ғайып Ерен Қырық Шілтен – С. Томанов

         Ақыннан қалған өлеңдер ел-жұртқа екі кітап болып жетті: Томанов С. Пәруана / Алғы сөзін жазған Маралтай Райымбекұлы. – Алматы: Үш қиян, 2004; Томанов С.У. /Құрастырғандар Марал Томанова, Еркін ЖапаровАлғы сөзін жазған Абдұлла Бақбергенов. – Алматы: Атамұра, 2006.  Екі кітап та ақынның өзі дүниеден өткен соң жарық көрді.

 

Серіктің өлеңі толқыған жанның шындығынан, тебіренген жүректің сырынан туған. Ақын жанының шындығында саз, ақын жүрегінің сырында наз болғандықтан, ақынның өлеңі де сазды және назды. Сазды әрі назды өлеңнен жүрекке ыстық, жанға жайлы леп еседі. Халықтың: «Өнер алды – қызыл тіл», – деп сүйінуі сазды әрі назды өлеңнің жүрекке ыстық, жанға жайлы жайсаң лебіне байланысты болар ма деп ойланамыз.

Жаратушы жаратқандарының әрқайсысына лайықты қасиет дарытқан. Олардың біріне дарыған қасиет өніп-өседі, біріне дарыған қасиет өліп-өшеді. Ақындық өнерге, ақындық болмысқа біткен қасиеттің жөні бөлек. Оның жарығы мен жалыны тілден шығады.

Жырларыма таңданба жарық көрген,

Жүрегіме жүгінбе шабыт керген.

Шын құдірет  тілімдежырымда емес,

Шыңыраудан шындықты алып берген, – деген өлең жолдарына акынның шын кұдіреті тілінде екендігі туралы ой өзек болған. Әдетте ақындық қасиетті табиғаттан деген ілгеріде өткен данышпандардың сөзін тілге тиек етіп айтатынымыз бар. Акындық өнерді, ақындык қасиетті іштей құрамдас бөліктерге бөліп, жіктейтініміз де болады. Өлеңдегі мазмұн мен пішінді, ой мен сезімді жеке алып қарастыру тәжі­рибесі де кездеседі. Солардың арасында өлеңнің тілі, ақынның тілі – өз алдына ұланғайыр бір дара сала. Ғылыми еңбектерде өлең мәселелерін мұндай салаларға бөліп зерттеу ғылыми таным жүйесіне сай жұргізіледі. Ал ақынның өз өнерінің «шын құдіретін» тілінен табуында, «жарық көрген жыр», «шабыт көрген жүрек» жайын көре-біле тұрып, ақындық өнерінің «шын құдіреті тілімде» деп білуінде шығармашылық сара таным бар. Ақынның даралығы оның шығармашылық сара танымына негізделеді.

Ақын «шын құдірет – тілімде» дегенде, өзінің тілін, өзінің өлеңінің тілін ғана айтпайды, ана тілін мадақтайды, ана тілін ардақ тұтады. Серіктің өлеңінің құдіреті, рас, тілінде. Ана тілінің нәрін бойына ана әлдиімен сіңірген, баба өмірінің мәнін ойына ата сөзімен сіңірген ақынның тілі әрлі, ойы нәрлі. Ақын өлеңіндегі ой образды, сөз суретті, сезім сұлу. Ақынның образды ойы, суретті сөзі, сұлу сезімі – бәрі тіл кұдіреті арқылы өріледі. Ақынның тілі тау бұлағындай мөлдір, таң самалындай таза. Ақынның тілінің ұшында тұрған жаны жібек жалаудай: самал лебін сезінсе, алтынды шашағын желбіретіп, елбіреп тұрады. Шөл даладағы шөл өсімдігінің арманын сезінсе де үлп-үлп етіп, үлбірей жөнеледі.

Тағдырыңа тауфиқсыз әлің келмей,

Ала жаздай бір тамшы жауын көрмей,

Өткіздің бе өмірді үмітпенен,

Жауын құмар жаныңа дамыл бермей.

«Күз. Шөл өсімдігін жұбату» өлеңі осылай басталады. Шөл өсімдігінің аты-жөні, түр-түсі белгісіз. Бірақ оның тірлігі, әл-ахуалы, жай-үйі толық көрініс тапқан. Төрт жолдың әркайсысының өз мәні, өз мағынасы бар. Шөл өсімдігі. Тауфиқсыз тағдыр. Тауфиқсыз тағдырға әлі келмеу. Үш бунақтан тұратын бір тармақта осындай үш түрлі сындарлы ой өзегі бар. Шөл өсімдігі. Шөлге біткен, шөлде өнген өмір. Шөлдің шөлі қанатың болса, ол шөл бола ма. Шөлде өскен өсімдіктің шөліркемейтіні бола ма. Шөлде өсіп, шөліркеген өсімдіктің шөлін басу үшін көл жағасына барып өсуіне тағдыр жаза ма, шөл өсімдігі көлге бітіп, шөлін бассын деп тауфиқсыз тағдыр өзгере ме… Шөлде өніп, шөлде өсу – тағдырдың жазуы. Ала жаздай бір тамшы су татпау – тағдырдың жазуы. Өмірді үмітпен өткізу – тағдырдың жазуы. Тауфиқсыз тағдырды өзгертуге акынның Ғайып Ерен Қырық Шілтені ғана себепкер болуы мүмкін еді.

Шөлде өніп, шөлде өскен де, көлге бітіп, көлде өскен де армансыз болмайды, тілеген тілегінің бәріне жетпейді. Көлде өскеннің де, шөлде өскеннің де өмірінің өзегі судан нәр алады. Көлге бітіп, көлде өскен ескіннің шөлді аңсамайтынын кім біліпті. Аңсайтын болса, ол да шөлді өле-өлгенше аңсар еді, шөлге шығып шөліркеуден ол да үмітін үзбес пе еді… Құдайдың кұдіретімен шөлге бітіп, шөлде өскендердің өзі де, өзегі де су аңсап өсіп, су аңсап өтеді. Шөл өсімдігі өссе, су аңсап өседі, шөл өсімдігі өлсе, су аңсап өледі. Шөл өсімдігінің осындай тағдыр-алайы, шөлге де, ыстыққа да үнсіз шыдаған, шыдамы жетпеген жерде үн-түнсіз үзіліп кетуге бар жай-күйі ақын жанынан мейір-шапағат сезімін туғызады. Сол сезім ақыннан ақынның лирикалық кейіпкеріне жетеді. Ойға алған көп тілегі орындалмаған, шөлі қанбай арманда қалған, өзін шаң басқан, өзегіне тамшы тамызар бір жанкүйер, бір жанашыр таппаған шөл өсімдігіне мейірімі түскен лирикалық кейіпкер оған қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. Шөлде өскен сол өскіннің өзіне бір жанкүйер табылғандай сезінуінен бақыт табардай толқиды, соның шөлін басқысы, соған сүйеу болғысы келеді. Жанашыр іздегенге жанашырлық көрсетуге, сусағанға су беруге, сүрінгенге сүйеу болуға, жаны жабырқағанға жансерік болуға дайын тұрған лирикалық кейіпкердің шөлге де, шөлдегі өксікті өскінге де ықыласы түсіп, жүрегі рақым нұрына, мейірім шуағына толып елжіреген қалпы — ақын­ның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған тамаша көрініс. Ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған осы тамаша көрініс – ақын өнерінің асыл өзегі, ақын болмысының абзал қасиеті.

Шөл өсімдігін жұбату мына шумақпен аяқталады:

Теңіз бен өзендерден шалғай жатып,

Өмір кештің таңдайға нәр алмай түк.

Шілдеден шыға алмайтын шөпшалам көп,

Күресіп күзге жету қандай бақыт!

Жер бетінде өніп-өсетін жайсаң өсімдіктердін өмір жасы көктемде басталып, күзде аяқталады. Шөл өсімдігінің өмірі де осындай. Бірақ шөл өсімдігі өз тіршілігінің әрбір қас-қағым сәті үшін күреседі, өмірінің күзіне толассыз күреспен жетеді. Шөл өсімдігі өзегіне тамбаған тамшы судың орнын қайсар рухымен толтырады. Әйтпесе өзегі құрғап, өзі қурап, желге ұшып кетпек. Шөл өсімдігі бәрін көрді, бәріне төзді, бәріне шыдады. Өзегін қайсар рухымен нәрлендірді. Сөйтіп күзге жетті.

Дүниеде шаң баспайтын ештеңе жоқ. Шаң шынның жүзі мен асылдың кезіне де қонады. Ақын өлеңінде адам өмірінің, дүние шындығының шаңнан арылып тазарған, саф алтындай сарғайған, сөйтіп сығымдалып бір тал шөл өсімдігіне айналған бейнесі жасалған. Шөл өсімдігі – сөзбен салынған сурет. Суреттің бояуы қанық. Шөл өсімдігінің таңдайына нәр алмай, сіресіп өскен, тағдырдың жазуымен тіресіп өскен қалпы, айналасы, ортасы – бәрі көңілдің көзінде, көздің алдында тұрады. Шөл өсімдігі – күрескер. Шөлде өніп, шөлде өсу, шөлмен күресіп, күзге жету – сүйегі асыл, негізі берік берен болмыстан, мұқалмас, жасымас қайсар рухтан. Шөл өсімдігі – қазақ өлеңінде бұған дейін болмаған, бұған дейін көзге түспеген, теңі де, теңдесі де жоқ образ.

Шөл де, шөл есімдігі де Серіктің өмірі мен өңірінің, туған өлкесінің шындығы. Ақын өмірі мен өңірінің, туған жерінің шындығын, туған жерінің табиғатын кезінен таса етпеді.

Сарқып ішіп күз лебін, Сыбдыр қақтым емен боп. Жаз кызығын іздедім, Жапырағым елеңдеп… – деп, емен болды, қазанда оңып, қарашада тоңып, жаз қызығын іздеді. Құстар қайтқанда: Қосылып кетем дей ме қатарына, Қанат бітіп жүрегім дірілдеді, – деп, алаңдады. Талас болып, әттең-ай, жаралғанда… – деп, өзен болып тасып ақпағанын арман қылды. Ауылының қарғаларын маңдайынан сипап, арқасынан кағып:

Жамырап жар салатын таңға қарай,

Айналайын ауылдың қарғаларыай!

Қатарыңа мендағы қосылар ем,

Қанатымныңқап әттеңболмағаныай! – деп өкінді. Енді бірде:

Епті сұмдар мен електен өткен

Пенделік пиғыл мені өкпелеткен.

Аранын ашқан адамнан қашқам,

Амал жоқ, сосын

Терек боп кеткем, – деп, тереңге бойлады.

Ақынның «Табиғаттан тағлым» өлеңінде: Жыңғылдарым – жекжаттарым, Жусан біткен – жерлесім; Сертке берік сенімді адам – Селеу кешкен сексеуіл… – секілді шумақтар бар. Туған жерінің жыңғылдарын жекжаттарындай, жусан біткенді жерлесіндей көріп, сексеуілді өзі іздеп таппай жүрген сертке берік сенімді адамға балап, соларға құрметін білдіріп, солармен сыйласып, солармен сырласып жүрген лирикалық кейіпкердің кейпінен ақынның өз келбеті көрінгендей болады. Әр нәрседен жақсылық іздеп, бар нәрседен көңілі қайтқан ақын жарық күнде шам алып іздеп таппаған адалдық пен адамдықты, сыйластық пен сырластықты, ақтық пен пәктікті солардан тапқандай болып көрінеді.

Туған жер, Атамекен – өнер біткеннің асыл арқауы, таусылмас тақырыбы. Туған жер, Атамекен туралы қазақ сөз өнерінде жарығы мен жарқылы көз қарықтырғандай небір керемет шығармалар бар. Жарығы мен жарқылы көз қарықтарғандай осы керемет шығармалардың сәні мен салтанаты жарасқан әдемі әлемінен Серік Томановтың жүректің қылын шерткен сырлы сазы төгіледі. Сол сырлы саздың бір қайырымында ақын туған жерін жанарына көшіріп алмақ болады:

Көшсін деп көз ілмедім қыр, құмдарың,

Жиделерің, теріскен, жыңғылдарың.

Қоңыраулы шеңгелің көшсін тугел,

Жоғалтпай жанға жақын сыңғырларын.

Қыр, құм, жиде, теріскен, жыңғыл, шеңгел, жусан, селеу мен сексеуіл… Серік осылардың арасында өсті. Солардың арасында ойнады, солардың арасында күлді, солардың арасында жылады, солардың арасында жұбанды. Соларды жырлады. Кетерінде жанарына, көкірегіне соларды көшіріп алып кетті.

Ерте-ерте, ертеде өткен Аяз би атамыздың тұсында хан уәзірлері шөптің жаманын іздегенде, Серіктің қоңыраулы шеңгеліне тоқтаған. Сонда, жарықтық, Аяз би атамыз хан уәзірлеріне ақыл беріп, шөптің жаманы шеңгел емес екеніне ханның да, ханның уәзірлерінің де көзін жеткізген. Шөптің жаманы есептеліп, Аяз бидің акылы арқасында жаманның есебінен кайта шыққан қоңыраулы шеңгелін Серіктің сонша сүйіп, құрмет тұтуы, жана­рына, кеудесіне көшіріп алып кетпек болуы – таңданарлық талап, таң боларлық таңдау. Таңданарлық, таң боларлық таңдау ақын танымының табиғатпен тектес қасиетінен туған. Ақынның табиғатпен тектес қасиетіне сын жоқ.

Ақындық өнердің байтақ кеңістігінде ойдың да, ойлаудың да шегі болмайды. Бірақ сол шексіздіктен іздеп тапқан шекті керкемдік бейнелеу құралдарынан елесі естен кетпейтін образ жасау – шығармашылық ойлаудың кемелдігінің нәтижесі.

Акынның терекке айналып кетуінде оның ез болмысына, табиғатына, өміріне жат ештеңе жоқ. Періштелері перілерімен келіп, бұтақтарын паналар деп теректің кейпіне түсу, жанын жапырақ қылып желбірету – ақынның образды ойлауының, образ жасау жолындағы көркемдік қиялдауының бастапқы сатысындағы көріністер. Өлеңнің келесі жолдарында көркемдік қиял жаңа денгейге көтеріледі. Бұтақтарын жайып, жапырақтарын желбіреткен терек адам болып, ақын болып: Келсе ғой шіркін Ғайып-Еренім, Жасыл жанымды жайып өлермін. Жапырақтарым сыбдырлар сонда, Жолына қарап уайым жегенін, – деп армандайды.

Өмірінде ешкімге, ешнәрсеге тәуелді болып көрмеген, жалған күліп жарамсақтануды білмеген ақынның алыс сапарға аттанар қарсаңда дүниедегі ең жақындарына ашып тұрған сырынан шындықтың күйі төгіледі.

Поэзияда тал-терек аз жырланған жоқ және жақсы жырланды. Мұқағали жас қайыңға: «Өмір сүрейік алмасып», – деп сөз айтатын, «Сәби болғым келеді», – деп арман қылатын еді. Ақынның сөзінен де, арманынан да бір керемет саздың сарыны сезіледі. Мұндай сөз айтуға, мұндай арманға талпынуға негіз болған күш қандай, күй қандай… Серік терекке өмір алмасу, алмасып өмір сүру туралы сөз айтпайды. Серік «тебіренемін деп терек болып кеткен». Ол – терекпен бір. Терек – образ. Оның өзегінің бір жартысында – бал, екінші жартысында – у. Екі жарты бір бүтін болып, бөлінбей, жарылмай ағады. Екеуі де қасиетін өзгертпейді.

Ақын мен теректің тұтасып, бір бүтін болып, Ғайып Ерен Қырық Шілтенін іздегені, күткені, сол келер ме деп уайым жегені, жылау жанына содан жұбаныш тапқысы, содан жылу алғысы келгені, сол келер жолға бұтақтарын бұрып, жапырақжанын жайғаны, сол келер болса, жасыл жанын жайып өліп кетуге бары… – терек боп жайқалған жанның сыры, Терек боп тебіренген жүректің жыры, терек боп шайқалған өмірдің шыны. Сыр да, жыр да, шын да удай ащы, балдай тәтті. Теректі образ деуіміздің мәнісі осында.

Серіктің терегі, Серіктің Шөл есімдігі, Серіктің Қоңыраулы шеңгелі… – бұрынсоңды поэзия әлемінде болмаған, поэзия әлеміне Серіктің өзі алып келген сырлы да нұрлы образдар. Ақын өлеңдерінің поэтикалық қуаты тармақтар мен шумақтардың мазмұны мен мағынасында емес, ақындық ойлаудың тереңінен туған образдардың мәнінде.

Серік Томанов қазақ өлеңінің көркемдік бейнелеу қорын жаңа поэтикалық өрнектермен байытты. Серік өлең өнерінің әлеміне мағыналық қатары мен қатпары табиғаттың өзіндей түрлі-түсті көркем суреттер мен образдар алып келді, қазақ өлеңіне жаңа саз, жаңа сарын қосты. Ғайып Ерен Қырық Шілтенін күтумен өткен ақын бар мен жоқтың, ащы мен тәттінің, көл мен шөлдің аралығында дариядай шалқып, сағымдай калқып аққан өмірден көргені мен білгенін, көкірегіне көшіріп, көңілінде байытқан қазынасын өлеңдеріне қалдырды, өлеңдерін өмірге қалдырды.

Алла рақым етсін, ақынның рухына!

Жанғара Дәдебаев, 

ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д.

                                                                                                                                                                                           Қазақ әдебиеті. – 2016. – 27 мамыр. – 10 б.