Ел сенімін ақтаған – Е. Сметов

Ел сенімін ақтаған – Е. Сметов

Жамбылдық дзюдошы Елдос Сметов Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді

 Төрт жыл бойы асыға күткен Рио Олимпиадасының бірінші күнінің өзінде Алаш жұрты медаль сыңғырын естігісі келген болатынОған негіз де жоқ емесАлғашқылардың бірі болып жарыс жолына дзюдошылар шығадыЖапон күресін жетік меңгерген саңлақтарымыздың жолына үмітпен қарайтындайақ жөніміз барАсхат Жіткеев Бейжің Олимпиадасында күміспен күптелген соң 60 келі салмақ дәрежесінде жасындай жарқырап жамбылдық жампоз Елдос Сметов шыққандыТалай мәртебелі додаларда қатарынан оза шауыпбәйге алып жүрген саңлақ соңғы Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындаАзия чемпионатында атой салыпжанкүйерлерін желпінтіп те тастағанҚазақ оғландары арасынан тұңғыш рет Әлем чемпионы атағына қол жеткізген Елдостың арманы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі еді. «Мен қандай жарысқа қатыссам датек қана бірінші орынды иелену үшін күресемінЧемпион атаныпелімнің байрағын биікте желбірету керек деген ой әрқашан санамда тұрады»,  – дейтін Елдос батырға біз де сәттілік тіледікТатами төрінде жасындай жарқырап жүрген жігіттің ел сенімін ақтайтынына сендікСолай болды да.

Жеребе тарту рәсімінде «D» тобына түскен Елдос Сметов алғашқы белдесуін ливиялық балуан Мұхамед Элкависке қарсы өткізді. Ливиялық дзюдошы қазақ баласына ешқандай қарсылық көрсете алған жоқ. Салған жерден шабуылға көшкен Елдос қарсыласын бұйым құрлы көрмеді. Иппонмен, яғни таза жеңіспен басымдылық байқатып, жанкүйер біткенді тәнті етті. Бірінші белдесуінде қарсыласынан оңай айласын асырған Елдос Сметов екінші мәрте татамиде ағылшындық балуан Маккензимен күш сынасты. Татами төрінде өте сауатты белдесетін Елдосты жапондықтар «мысық» деп атайды екен. Жерлесіміз асығып-аптықпай, ағылшын жігітінің осал тұсын іздеді. Белдесу соңына қарай әдіс жасаудың сәті түсіп, Елдос юко ұпайын иеленді. Шыны керек, ағылшын балуаны осалдардың қатарынан емес. Оны белдесу барысындағы жанкешті ұмтылыстарынан да аңғардық. Маккензидің Елдостан шеберлігі төмен болса да, жеңіске деген жігері жоғары болды. Оны жасын атқан жанары байқатып тұрды. Бірақ, тек қана намыспен, жігермен қарсыласты алып ұра алмайсың. Шеберліктің аты – шеберлік. Жарайсың, Елдос дедік батырымыздың техникалық тұрғыдан мықты екеніне сүйсіне қарап.

Кезеңнен-кезеңге өткен сайын қарсыластардың да кіл мықтылары іріктеліп шығатыны белгілі. Нашар дзюдошы үшінші кезеңде өнер көрсетуі мүмкін бе? Әлбетте, жоқ! Дегенмен, қазақта «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» деген сөз бар. Ширек финалда Елдос Ташкент төрінде өткен Азия чемпионатының финалындағы қарсыласы, өзбек балуаны Диорбек Урозбоевпен белдесті. Күллі өзбекстандықтардың көз алдында қазақ баласына есе жіберген Диорбек бұл жолы қалайда Сметовті «жарыс жолынан шығарамын» деген үлкен мақсатпен татамиге беттегені айқын. Алайда, алаш туын биіктен желбіретуді мақсат еткен қазақ баласының дәл Диорбекке жол беруі мүмкін емес еді. Біз соған сенгенбіз. Сенім жанкүйерлер жүрегін алдамапты. Иә, Урозбоев оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Урозбоев – мықты балуан. Талай бәсірелі додаларда өзбек туын биікке көтеріп жүрген сайыпқыран. Алайда, Елдос үшін оның беделінің маңызы жоқ. Тек қана жеңіс керек! Белдесу шиеленіске толы жағдайда өрбіді. Диорбек барлық айла-амалын жасағысы келіп, шалып жығуға ұмтылып, арыстанша атылды. Қашанда салқынқандылығынан танбайтын Сметов әліптің артын бағып, ұтымды сәтті күтіп, әредік шабуыл да жасап жүрді. Ақыры шабуыл оң нәтижесін берді. Қарсыласын алып ұрған Елдос юко ұпайымен басым түсіп, жартылай финал жолдамасын қоржынға салды. Енді бір жеңіске қол жеткізсе, кемінде күміс жүлде қоржынға түсетіні анық. Осы кезде қарсы себетте белдесіп жатқан әлемдік рейтингтің көшбасшысы, оңтүстіккореялық Ким Вон Жингтің жарыс жолынан шығып қалғанын құлақ шалды. Ол аз десеңіз, татами төрінде талай мықтыны сабасына түсірген жапон жігіті Такато да жеңілістің ащы дәмін татып үлгерді…

Жартылай финалдық бәсекеде Елдостың жолы әзірбайжандық балуан Орхан Сафаровпен түйісті. Қос дзюдошы да тактикалық тұрғыдан өте сауатты белдесе білді. Негізгі уақытта бір-бірінің осал тұсын таба алар ма екен деп отырғанымызда, Елдос күтпеген жерден әдемі әдіс жасап, вазари, яғни жартылай жеңіс ұпайымен жеңісті жұлып алып, ақтық сын жолдамасын иеленді. Финалда әлемдік рейтингтің көшбасшыларын жарыс жолынан тайдырған ресейлік Беслан Мудрановпен кездесті. Мудрановты қазақ дзюдошысы бұрын жеңген болатын. Белдесу барысында Елдостың белсенділігі көзге ұрып тұрды. Сәт сайын шабуыл жасады. Мудранов әдемі қорғана білді. Алайда, бәсең күрескені үшін ресейлік балуанға ескерту берілер ме екен деген үмітіміз де болды. Голден скор, анығырақ айтқанда, қосымша уақыт. Мұнда да Сметовтің жеңіске деген құштарлығы көзге айқын көрініп тұрған. Алайда, қорғана жүріп шабуыл ұйымдастырған Беслан жалқы ұпайға қол жеткізіп, жеңімпаз атанды. Елдос – күміс жүлдегер! Бұған да шүкір! Әлемдік рейтингтің әйдік мықтылары аламанмен ерте қош айтысып жатқанда қазақ мойнында күміс жүлде жарқырауы ерлікке пара-пар жеңіс еді. Белдесуден кейін тілшілермен тілдескен Елдос Сметов: «Ендігі басты мақсатым – күміс жүлдені алтынға айналдыру. Күпірлік жасауға болмайды. Бұған да шүкіршілік ету керек. Бәрі де Алланың қалауымен болады ғой», – деп өз ойымен бөлісті. Қазақтың мақтаулы ұлы Елдос Сметов Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған соң батыр ұлдың әкесі Бақтыбай Сметов пен алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға хабарласып, құттықтап, пікірлерін білген едік.

Бақтыбай Сметов,

Елдостың әкесі:

«Елдос әліақ алтын алады»

– Бұл жетістік – біз үшін үлкен қуаныш. Құдайға шүкір деу керек. Ұлым елі күткен жүлдені қоржынға салды. Алтын медаль да алатын мүмкіндігі бар еді. Сәл ғана сәттілік жетіспеген шығар. Балама әрдайым батылдық керек деп айтып отырамын. Әлем чемпионымен шықсаң да, Олимпиада чемпионымен белдессең де қаймықпауың керек. Елдос ешкімнен жасқанған жоқ. Алдағы уақытта өзі айтқандай, күміс жүлдесін алтынға айналдыруға күш салатынына сенемін. Бұл – күллі алаш күткен жүлде. Барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

– Әлем чемпионаты кезінде қан қысымым көтеріліп кетті деп едіңізбұл жолы финалда қандай көңіл күйде болдыңыз?

– Иә, қан қысымым көтерілгеннен кейін өзімді сабырлы ұстауға бекіндім. Құттықтап хабарласып жатқандарыңызға рахмет. Ұлым тұңғыш қазақтан шыққан әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы деген атақтарға қол жеткізді ғой. Олимпиада биігі де бағынады деп ойлаймын.

 Ахмет Жұмағұл,
           Елдостың алғашқы бапкері:

«Алда талай биікті бағындырады»

– Мен Елдос баламның халық үмітін ақтап, күміс жүлдеге қол жеткізгеніне өте қуаныштымын. Елдос – әрқашан «Мен тек чемпион боламын. Жеңімпаз атануым керек» деген алдына үлкен мақсат қоятын жігіт. Осы жүлде жолында қаншама ұйқысыз түндерді бастан өткерді десеңші. Демалыс күндері де жаттығу жасайды Елдос балам. Бұл күміс жүлдені алтынға бергісіз деп айтуға болады. Құдайға шүкір, шәкіртім елінің, ата-анасының сенімін ақтады. Алла қаласа, Токио Олимпиадасында маңдайы жарқырап, алтыннан да алқа тағатынына сенімдімін.

–Жанкүйер болған соң бізге Елдос белсенді күрескен сияқты көріндіМаман ретінде айтыңызшыресейлік балуанға шидо (ескертуберілу керек пе еді?

–Дұрыс айтасың. Елдос белсенді күресті. Елдос жеңіске деген жігер танытып, төрт мәрте қатарынан шабуыл жасады. Әдіс қолданып көрді. Осы сәтте Мудранов тек қорғанумен жүрді. Дзюдоның ережесі бойынша ескерту алуы тиіс. Мейлі. Құдайдың бұйыртқаны күміс болып тұр ғой. Қаншама мықтылар финал түгілі, жартылай финалға жете алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Ендеше, Елдостың бұл жеңісі – біз үшін толайым табыс. Бұл басы ғана. Алда талай асуды алатын шамасы бар.

                                                                                                                                                                                                         Табиғат Абаилдаев.
                                                                                                              Ақ жол. – 2016. – 9 тамыз. – 6 б.


 

Мықтыларды мойындатқан марғасқа. Бақтияр Артаев

Мықтыларды мойындатқан марғасқа. Бақтияр Артаев

 Афины Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев

Бақтияр Артаев десе, күллі қазақ елінің, әсіресе бокс жанкүйер­лерінің көз алдына осыдан он екі жыл бұрын Грекия астанасы Афины қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында жасындай жарқырап, атой салған данқты боксшы, сол байрақты бәсекеде шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, ел мерейін асқақтатып, жалғыз алтынды қоржынға салған қаһарман спортшы елестейтіні мәлім. Бақтияр Олимпиададағы ең шебер боксшыға берiлетiн Вэл Баркер атындағы кубогін иеленген тұңғыш қазақ боксшысы ретінде де есте қалатыны сөзсіз.

Бала Бақтияр

Ғарифолла Артаев пен Тұмаркүл Жексембиеваның қарапайым отбасында дүниеге келген Бақтияр – үш ұлдың ортаншысы. Ғарифолла өзі жастайын спортқа жаны жақын болған. Тіпті, ел намысын қорғайтын спортшы болуды армандаған. Алайда, ол жолда бағын сынауға мүмкіндігі болмайды. Содан, өзінің үлкен ұлы Бақыт пен ортаншы ұлы Бақтиярды боксқа беріп, үлкен сенімін, әкелік үмітін артады. Бұл туралы боксшының жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков өткен жылдарға көз тастап, болашақ чемпионмен таныстығы қалай басталғанын былай есіне алады:

– Шәкіртім Афины Олимпиада­сында топ жарып, ел үмітін ақтаған күн кеше ғана сияқты еді. Табаны күректей 12 жылдың өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Бақтияр маған 10 жасында келген. 11 жылдан соң Олимпиада чемпионы атанды. Енді, міне, одан бері де 12 жыл өтіп үлгеріпті. Өзім әскерден оралған соң, мектепке дене шынықтыру пәнінен оқытушы болып орналастым. Кәсіби спортшы ретінде үлкен табысқа жетпеген соң, бар білгенімді, ойға түйгенімді оқушыларыма үйретсем деген мақсат пайда болды. Ол кезде жаңадан отбасын құрғанмын. Ер-азамат болған соң, мойнымда үлкен міндеттер тұр. Соған қарамастан, ешкім ақша төлемесе де, қосымша топ ашып, балаларды жаттықтыра бастадым. Әдеттегі жаттығулардың бірі өтіп жатқан. Балаларға әдіс үйретемін деп, үсті-басым малмандай тер болды. Кенет есік жақта бізді бақылап тұрған ер адамды көзім шалды. Жаттығу аяқталған соң, жақын барып таныстым. Ол – Бақтиярдың әкесі, марқұм Ғарифолла ағамыз еді. Екі ұлын бокс үйірмесіне беру үшін ауылдан қалаға көшіп келіпті. Тараздағы барлық спорт мектептерін аралап қайтқан беті екен. Ешбір бапкер көңілінен шықпай, менің жаттығуыма ғана аялдағанын айтты. Хош, содан Ғарифолла аға маған ұлдары Бақыт пен Бақтиярды табыстап, екеуміздің арамызда аға мен іні арасындағы сыйластық басталды. Бақыт та, Бақтияр да еңбекқор әрі талантты болды. Еңбек пен талант бір-бірін толықтырса, жаман спортшы шықпайды ғой. Алайда, уақыт өте келе, жарақатына байланысты Бақыт бокспен қоштасты. Ал Бақтияр екеуміз Олимпиадаға барамыз деген оймен дайындала бердік, – дейді Нұрлан Ақүрпеков.

Шаршы алаңда 245 кездесуге шығып, оның 207-сінде жеңіске жеткен Олимпиада чемпионы да өзінің ең алғашқы кездесуін есінен мүлде шығарған емес. Қолына киген былғары қолғабы басынан үлкен бала Бақтияр тұңғыш рет он жасында спорт мектебінде өткен жарыста 28 келі салмақ дәрежесінде бақ сынапты. Ол кезде оның бокс секциясына қатыса бастағанына небәрі бір ай ғана уақыт болса да, бала боксшы сол жарыста қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сында өзінің досымен жұдырықтасып, бірінші орын алады. «Сол алғашқы жарыс мен үшін өте қызық болды. Сол жекпе-жектер әлі көз алдымда. Бірақ қарсыластарымның аты-жөндері есімде қалмапты. Ол кезде аты-жөнін жаттайтындай мүмкіндік болған жоқ еді», – дейді боксшының өзі бұл туралы.

  

Жолдама жолындағы жанталас

Сөз жоқ, ел чемпионатында талай топ жарған Бақтиярдың ең үлкен жетістігі – Олимпиада чемпионы атануы. Алайда, сол эллиндер еліндегі байрақты бәсекеде Бақтиярдан ешкім алтын күткен жоқ еді. Қайта Афины Олимпиадасында Галиб Жафаров пен Геннадий Головкин алтын алады деп бәс тіккендердің қарасы басым болған. Алайда, жалғыз алтынды Бақтияр алып келді. Осы ретте айта кету керек, бүгінде әлем мойындаған Геннадий Головкинмен кезінде бір салмақта өнер көрсетіп, кейіннен ұлттық құрамада екі түрлі салмақта бақ сынаған, араларына достықтың алтын туын тіккен қос спортшының бала кезден бергі достықтары әлі күнге үзілген емес.

Сонымен, Бақтиярдың Олимпиада жолдамасын иеленуі өте қиынға түскенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы туралы аз-кем тоқталып өтсек.

Олимпиадаға жолдама алудың өзі түрлі оқиғаларға толы болды. Алдымен Бақтияр Филиппин астанасы Манилада өткен Азия чемпионатына қатысып, екінші айналымда Оңтүстік Корея боксшысына жол береді. Осылайша алғашқы іріктеу сынында жолдамасыз қалады. Бірінші лизенциялық жарыста жақсы нәтиже көрсетпеген соң, екінші додаға 69 келідегі үздік боксшылардың бірі Азамат Мақажанов аттанады. Алайда жолдама оған да бұйырмады. Бұдан кейінгі Пәкістанда өтетін соңғы іріктеу сынына бару үшін Мақажанов пен Артаев арасындағы спаррингтік жекпе-жекте Бақтияр жеңіске жетіп, Афины Олимпиадасына жолдама тарататын ең соңғы жарысқа қатысу құқын иеленеді. Ол кезде АІВА президенті Пәкістан азаматы Анвар Чаудри болатын. Оның үстіне, ең соңғы лицензиялық сын басқа емес, тап сол Пәкістанда өтті. Өз жерінде өткен додада ешбір боксшы жанкүйерін жерге қаратқысы келмейтіні тағы бар. Осы факторлар Бақтияр мен жаттықтырушы Нұрланға оңай әсер етпейді. Десе де, барын салатын шақ туғанын сезінген олар еш аянбайды. Бақтияр бірінші айналымда Кувейт боксшысын жеңіп, екінші кезеңде шаршы алаң иесі Пәкістан спортшысымен кездесті. Төрт раундта Бақтияр қарсыласына айла қалдырмай, төпелеумен болады. Бірақ, ұпай басымдылығы шаршы алаң иесіне жазылуда. Осы сәтте Бақтияр ұрып құлатпаса болмайтынын сезіп, көп күттірмей, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жібереді. Бірнеше рет медициналық көмек көрсетілсе де, төрешілер айқасты тоқтатуға асықпайды. Алаң иесінің дымы құрып, күші қалмағанын көрген сол кездегі АІВА президенті Анвар Чаудри: «Тоқтатыңдар. Жеңісті қазаққа беріңдер!» – деді. Міне, сонда ғана төрешілер Бақтиярдың қолын көтеріп, залдағы бар жанкүйер тік тұрып қол соқты. Келесі айналымда таиландтық боксшымен болған тартысты кездесуде ұпай айырмашылығымен ұтқан Бақтияр көптен күткен Олимпиада жолдамасын иеленеді. Финалда ирандық былғары қолғап шеберінің шаруасын бірінші раундта шешіп, лицензиялық турнирдің жеңімпазы болып оралды. Ал Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізу үшін одан әрі еңбектене түседі.

Қазақтың маңдайына біткен қайсар ұл

Афины Олимпиадасында Қазақстанға мың алтынға бергісіз жүлдені сыйлаған батыр ұл өзінің кәсіби мансабында бірде-бір рет нокаутқа түсіп, жарақат алмаған. Шаршы алаңдағы азулы қарсыластары – кубалықтар мен ресейліктерге бірде-бір рет есе жібермеген саңлақ спортшы ретінде жанкүйерлерінің есінде қалады. Ел сенімін серік еткен боксшы ұланның бір кездегі әке арманын бүкіл алаш алдында орындағаны қандай мақтауға болса да лайықты еді. Перзентінің мақтаулы ұлға айналғанын көрген Ғарифолла мен Тұмаркүл бүгінде бақилық болған. Отбасында өнегелі тәрбие көріп өскен Олимпиада чемпионы ата-ана есіміне кір келтірген емес. Шаршы алаңнан біржола қол үзсе де, спорттан алыстаған жоқ. Афиныдағы жеңістен кейін өзінің туған өлкесінде бірнеше жыл бойы мемлекеттік қызметте тер төккен (Айша бибі ауылында әкім, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және облыс әкімі аппараты басшы­сының орынбасары) ол кейіннен Астана қаласындағы президенттік «Астана» кәсіби спорт клубының президенті болып та елеулі еңбек етеді. Бүгінде Лондон қаласында білімін жетілдіріп жатқан жайы бар. I дәрежелі Барыс орденінің иегері, данқты боксшы атында Тараз қаласында Бокс сарайы бар. Жары Салтанат екеуі төрт ұл-қызды тәрбие­леп, өсіріп отырған ардақты әке.

Афины Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев туралы ойымызды талантты боксшының өз сөзімен аяқтауды жөн деп білдік.

– Бокс маған бәрін берді деп ойлаймын. Бокс өмірде ыстық пен суықтың, ащы мен тұщының дәмін татқызып, бәрі түстегідей ғажап емес екенін түсіндірді. Не болса да, еңбектің, маңдай тердің, қиыншылықтың арқасында келетінін үйретті. Бокстың арқасында біраз елдерді аралап, көптеген достар таптым. Ел көрдім, жер көрдім. Жеңіс – тынымсыз еңбектің арқасында келетін жетістік. Ол еңбек, талант және сәттіліктің қосындысынан тұрады. Талантыңа сеніп жүре берсең, ұзаққа апармайды. Меніңше, тынбай еңбектену керек. Сонда өзіңе деген сенімділік оянады. Ал сәттілік пен бақ – Алланың беретін сыйы деп білемін, – деген Бақтияр шын мәнінде қазақтың маңдайына біткен қайсар ұлы, марғасқа спортшысы, жарық жұлдызы екені даусыз.

Жанғазы Ахмет

Ақ жол. – 2016. – 21 шілде

Намысын қолдан бермеген. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров          

Намысын қолдан бермеген. Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров

Тәуекел түбі – жел қайық

Ол Лондон Олимпиадасында қола жүлде иеленгенде, қуаныштан жүрек атқақтап, экспромт өлең де жазған едім.
«Көтерсең көтер, жер көкке нарды,
Лондонға бәрі жеңбекке барды.
Алдыңда сенің әлем үздігі,
Шахиннің өзі еңбектеп қалды!
Ұлының білсе ұяда парқын,
Жаманаттарға қия ма халқым?
Жеңеді Ақжүрек, себебі оны,
Күтіп тұр әлі Риода алтын!!!» –

 деген шумақтар бар еді сол жылдам жазылған өлең жолдарында… Бәлкім, Ақжүрек шын мәнінде алтын жүлдені Риода алар ма еді?! Егер ФИЛА еркін күрестен қалыптасқан салмақ дәрежелеріне өзгеріс енгізбегенде…

Лондон Олимпиадасында еркін күрестен 66 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығаға байлаған Ақжүректің алтыны Бейжіңде ме еді, кім білсін?! Әйтеуір, Бейжің Олимпиадасына Ақжүрек Таңатаров қатысады дегенді естігенде кәдімгідей толқығанбыз. Бірақ, олай болмай шықты. Ол туралы батыр ұлдың өзі былай дейді.

– Олимпиадаға Спиридонов барды. Леонид Азияда өткен лицензиялық турнирге қатысып, жеңіліске ұшырағаны есте шығар. Арада аз уақыт өткен соң Швейцариядағы әлем чемпионатына сол Леонид Спиридонов қатысатын болып шешілді. Мен Польшадағы додаға қатысуым керек. Алайда Швейцариядағы аламанның басталуына аз күн қалғанда менің баратыным нақтыланды. Қатардағы көп жарыстың бірі емес, әлемдік дода болғандықтан соған тыңғылықты дайындалуың, бабыңда болуың керек қой. Бірақ оған уақыт тығыз. Оның бәрін былай қойғанда, жолдама сарапқа салынады. Сонымен «Тәуекел түбі – жел қайық» деп бардым. Бастапқы екі қарсыласымды жарыс жолынан тайдырып, аламанды сәтті бастадым, алайда үшінші кездесуге келгенде түлкібұлаң басталды. Боз кілемге мені шақыртып алып, салмағы ауыр балуандарды белдестіреді. Кілемге шығып тұрып, кейін қайтарады. Осылай бірнеше мәрте қайталанды. Бұл психологияға әсер етпей қоймайды екен. Айтып-айтпай не керек, шамам келетін армян балуанына жол беріп қойдым. «Жеңілгеннің сөзі құрсын» демейді ме?

Польшадағы жарыстан Леонид лицензиямен оралды. Әуел баста лицензияны кім алса да, өзара айқаста жеңгендерің Олимпиадаға барасың делінген. Шешуші айқас Ресейде өтеді деп шешілді. Онда салмақ өлшеу рәсімі өтетін күні Леонид келіп тұрып, «қазір келем» деп жоқ болды да, ақыры жарысқа қатыспады. Ол жарыста жеңіске жеттім. Бейжіңге мен баратын болдым. Өзіміздің облыстық әкімдіктен құттықтау алып, қуанышым қойныма сыймай, шаттанған да едім. Олимпиадаға тыңғылықты дайындық жасап жүргенде ұлттық құрама басшылары Пекинге Леонид Спиридонов баратын болды деп қойып қалды. Ал мен алдыма 66 келі салмақта ел қоржынына медаль саламын деген мақсат қойған едім. Шоқан Нәдірбековтей нар ағамның жүйкесіне осы кезде салмақ түсті. Осы жылы Шоқан аға бақилық болды, – дейді Ақжүрек өткен күндер хақында сыр шертіп.

«Спиридоновты сабасына түсіргенмін»

1986 жылдың 3 қыркүйегінде Тұрар Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында дүниеге келген Ақжүрек он жасқа толған шағында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Баласының спортқа ебі бар екенін аңғарған әкесі Достық Таңатаров оны Шоқан Нәдірбековтің қол астына жаттығуға береді. Алғашқы бапкерімен талай биіктерді де бағындырған.

Лондон Олимпиадасының алдында Ақжүрек Ирандағы Тахти жүлдесі үшін өткен жарыста үшінші орын иеленсе, Польшадағы халықаралық жарыста да осы нәтижесін қайталайды. Ал Азия чемпионатында күмістен алқа тағынып, Лондон Олимпиадасына жолдама еншілейді. Лондоннан кейін Германияда өткен халықаралық жарыста кейіпкеріміз қарсы келгенді алып та, шалып та жығып, топ жарады. Кейіннен Д. Қонаев атындағы турнирде де Ақжүрекке тең келер қарсылас табылмаған.

Ақжүректің көзінде жасын атып тұрады. Мінезі де тік. Бір қарағанда, бала кезінде сотқар болған ба деп те ойлайтынбыз. Иә, кейіпкеріміз шын мәнінде де төбелеске жақын болған екен. Ағасы Ақниет екеуі спорт интернатының балаларына қысым көрсетіп, ақша талап ететін қалалық «мен» деген жігіттерді сабасына түсірген кездері де бар. Одан бөлек, ұлттық құрамадағы басты қарсыласы, легионер Леонид Спиридоновты да «нокаутқа» жібергенін білеміз. Ол туралы Ақжүрек: «Қайбір жылы Бішкекте халықаралық дода өтетін болып, балуандар қырғыз еліне жол тарттық. Сонда менің салмағымда Бейжіңге барған Леонид Спиридоновпен төбелесіп қалдым. Қасымызға ілескен інілерімізге өзінің «мықтылығын» көрсетіп, қол жұмсап үлгерді. Сол кезде бір үлкен кісілер «бір якуттың баласы қазаққа қол көтергенде неге үнсізсіңдер?» деді. Ұлтшылдығымнан емес, қазақы патриоттығымнан шығар, әйтеуір, көкейде намыс шіркін атой салып, Леонидті ұрып құлатқаным бар. «Сен неге өзіңнен кіші менің бауырларыма қол жұмсап шіренесің?» деп, оны орнына «қойып» қойдым. Кейіннен ұлттық құрама басшылары мені командадан аластады. Мен де шартпа-шұрт мінезіммен кеттім де қалдым. Алайда арада 5-6 сағат өткен соң қайта шақырып алды. Леонидпен де дос болып кеттім», – дейді Ақжүрек өткен шақ жайлы ой толғап.

Айтпақшы, Бейжің Олимпиадасының алдында журналистер Ақжүректен Леонид Спиридоновтың Олимпиададағы мүмкіндігіне қатысты сұрағаны есте. Сонда Таңатаров: «Леонид Спиридонов жартылай финалға да шыға алмайды. Оны жақсы білемін. Белдесудің соңғы сәттерінде тым босаңсып кетеді», – деп өз пікірін ашық айтқан болатын. Шынында да Ақжүректің айтқаны айдай келіп, Спиридонов сол додада ұзаққа шаба алмаған-ды.

Ақжүрек Лондон Олимпиадасында алдымен Андрей Квятковский деген украиналық балуанды 3:1 есебімен жарыс жолынан ығыстырып, 1/4 финалда армениялық Дэвид Сафарьяниді 3:2 есебімен ұтты. Ал жартылай финалдағы триллерге толы шайқас еркін күрес спорты жанкүйерлерінің жадынан өшсін бе?! Үндістандық Сушил Кумармен белдесіп жатқан Ақжүрек тізгінді қолға алғанда, қулығы басым Кумарыңыз батыр ұлдың құлағын қыршып алды. Осы сәтте не болғанын түсінбеген Таңатаровқа Кумар әдіс те жасап үлгерді. Құлағынан қан саулаған Ақжүрек қарсыласынан қаймыққан жоқ. Арыстанша алысты. Алайда 3:1 есебімен алдыға шыққан үндістандық балуан басымдықты уысынан шығарған жоқ. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Ақжүрек Таңатаров шалт қимылдарының арқасында әлем үздіктерінің бірі, түркиялық Рамазан Шахинді 3:1 есебімен тізе бүктіріп, мерейімізді тасытты. Олимпиададан елге оралған батырға облыс басшылығы құрметін де, cый-сияпатын да аяған жоқ. Өзі туған ауданның атқамінерлері де батыр ұлына сый-сияпат жасады.

Лондон Олимпиадасынан кейін ФИЛА салмақтарды қайта жасақтады. Нәтижесінде Ақжүрек белдескен 66 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Одан төмен салмаққа түсу өзіңді жау қолына тірідей ұстап берумен тең екенін түйсінген Ақжүрек 70 келіде белдессем бе, 74 келіде күрессем бе деген ойдың жетегінде жүрді. 70 келі салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасында жоқ. Содан нар тәуекел деп, 74 келіде боз кілемде бағын сынап та көреді. Алайда бірден екі салмақ дәрежесіне көтерілу жерлесімізге ауыр соқты…

«Әлем чемпионатынан кейін күреспен қош айтысуым мүмкін»

Ақжүрек қазір немен айналысып жүр? Алдыға қойған мақсаттары қандай деген оймен балуанға хабарласқанымызда, әлі де спорттан қол үзбегенін білдік.

– Ақжүрек, ФИЛА салмақ дәрежелеріне өзгеріс енгізген соң, сенің жоспарың кілт бұзылған шығар. Әйтпесе Риода алтын алуды көздегенің бізге мәлім… Жалпы, қазір спорттасың ба? Әлде кәсіби мансабыңды сәтсіздіктерден кейін аяқтадың ба?

– Қазір жаттығуымды жасап жүрмін. Негізінен Алматыдамын. Олимпиада туралы айтар болсам, басқаларға салмақ қосу оңай шығар, мен үшін 74 келіде белдесу қиынға соқты. Қажетті салмақты жинақтай алмадым.

– 74 келіде белдесу қиынға соқты, 70 келі Олимпиада бағдарламасына енбейді. Ендігі мақсат не?

– Ендігі мақсат алдағы әлем чемпионатына қатысып, күшімді байқап көргім келеді. Осы әлем чемпионатынан кейін спортпен қош айтыссам ба деген де ойым бар. Кім біледі, мүмкін солай болатын шығар…

– Ақжүрек Таңатаров әлем чемпионатында алтын жүлде алса да спорттық мансабын аяқтайды ма, әлде салмақ қосу мүмкін болып жатса, Токио Олимпиадасына 74 келіде қатысудан үмітің бар ма?

– Нақты айту қиын, шыны керек. Бұл әлем чемпионаты Олимпиада ойындарына кірмейтін екі салмақ бойынша өтеді. Бәрі де мүмкін ғой. Бірақ, 74 келіде белдесу оңай емес. Салмағым жетпейді. Егер спорттық бабым керемет болып жатса, салмақ қосу мәселеге айналмаса, спорттық мансабымды жалғастыратын да шығармын. Бәрін бір Алла біледі ғой…

Лондон Олимпиадасында қарсыластарының мысын басып, қола жүлдеге қол жеткізген Ақжүрек Таңатаров – бүгінде төрт баланың әкесі. Анығырақ айтсақ, үш қыз, бір ұлы бар. Үлкені Есугей және үш қызы Айзере, Медина, Мәриям әкесінің мықты спортшы екенін мақтан тұтары анық.

Бейжің Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен әлдекімдердің ықпалы салдарынан айырылған Ақжүрек Таңатаров ең бастысы кеш те болса Олимпиада ойындарының жүлдесін мойнына ілді. Ол жүлде – талайлардың арманы. Ал алдағы Токио Олимпиадасына Ақжүрек қатыса ма, қатыспайды ма, ол уақыттың еншісінде. Бізді қуантқаны – Ақжүректің әлі күнге жаттығу залында жүргені. Демек, Таңатаровтың арайлы таңдары әлі де алда деп үміттенуге негіз бар.

Табиғат Абаилдаев

Ақ жол. – 2016. – 23 шілде 

 

Болат деген беренмен мақтанатынбыз

Болат деген беренмен мақтанатынбыз

Өйткені ол Олимпиада ойындарының күміс медалін екі дүркін иеленді 

Белгілі боксшы Болат Жұмаділов 1992 жылғы Барселонада өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдаманы жеңіп алса да, өнер көрсетудің сәті түспеді. Олимпиадаға жолдама алып тұрып қатыспау – қиянат. Қанша жерден мықты спортшы болсаң да, алдыңды орап, аяқтан шалатын КСРО-ның кертартпа саясатынан Қазақстанның әлі арыла алмағанының көрінісі еді бұл.

Болаттың жолын кескен Константин Копцов деген бапкер болатын. «1991 жылы КСРО жастары Саратовта бас қосты. Одақ чемпионын анықтайтын доданың бәсі жоғары. Бірақ, жарыс маған қиын соқпады. Өз салмағымда бәрін жеңіп, топ жардым. Жеңіп тұрып Олимпиадаға қатыса алмау кез-келген спортшы үшін өте ауыр тиеді. Іштей ыза кернесе де сабыр сақтадым. Менің орныма шыққан Владимир Ганченко медаль алса қуанар едім. Алғашқы жекпе-жекте венгр жігітіне жол берді. Шаршы алаңға шықпай қапаланып жүргенде балуан Дәулет Тұрлыханов басу айтып: «Болат, қамықпа, келесі Олимпиада сенікі»,– деді. Осы сөз мені қамшылады», – дейді Бөкең.

Өкінгеннен не пайда, қайсар боксшы бар күш-жігерін жиып, келесі Олимпиада ойынына қатысып, жүлде алуға бар күшін салды. Үздіксіз дайындық жүргізіп, шүмектетіп тер төгіп, 1994 жылы Иран астанасы Тегеранда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. 1995 жылы Берлинде жалауы желбіреген Әлем чемпионатының ақтық сынына дейін барып, неміс боксшы Золтон Лункамен қолғап түйістіріп, кедергіге тап болды. Золтонның соққысы жойқын болмаса да, ринг қожайыны болғандықтан, төрешілердің бүйрегі неміске бұрды. Жүйкесі темірдей Болат бұл қиянатқа қыңқ еткен жоқ. Ол 51 келі салмақ дәрежесінде сары құрлықта өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін жан жүрегімен сезініп, алдына асқақ мақсат қойды. Талантын еңбекпен еселеген ол 1996 жылы Ташкентте өткен лицензиялық додада өзінің мықты екенін дәлелдеп, жолдама алды. Ел намысын Олимпиада рингінде қорғайтыны анық екенін білгенде, қуанышында шек болмаған еді. Себебі, бұл нағыз мықтылармен шайқасып, өзінің кім екенін дәлелдеуге мүмкіндік беретін ұлы дода еді.

Сол жолы Болат Жұмаділов әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Ә дегеннен шаршы алаңда ширақ қимылдап, қарсыластарын қоғадай жапырды. Ең бастысы – Болат Жұмаділовке бір кездері неміс боксшысы Золтон Лункаға кеткен есесін осы жолы қайтарудың орайы келген еді.

Жартылай финал. Алаңда атой сала жүріп, З.Лунканы айқын басымдықпен жеңген жерлесімізге деген жанкүйерлердің қошеметі көл-көсір болған. Алайда, ақтық айқаста Болат кубалық боксшымен кездесіп, Майкро Ромеро одан небәрі бір ұпаймен айласын асырып кеткен-ді. Алғашқы екі раундта басым тұрған Болатқа осылайша күміс бұйырды.

1997 жылы Будапештте өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз қола жүлде иеленгенімен, араға екі жыл салып, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Әуесқой бокстан әлем чемпионы атанып, көк байрағымызды көкте желбіретті. Сосын, Оңтүстік Кореядағы лицензиялық додада 2-орын алып, Сидней олимпиадасына жолдама иеленді. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындарында ақтық сында таиландтық боксшы Виджан Понлитке есе жіберіп алды. Дегенмен, еліміздің жүлде қорын күміс медальмен толықтырған спортшымыздың бірі осы Болат Жұмаділовпен мақтандық. Осыдан кейін Болат Жұмаділовтің әуесқой бокс тарихында әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері деген атағы қалды.

Төрт ұл, бір қыздың арасында тәрбиеленген бала Болат спортпен жеті жасынан бастап айналысыпты. Тараз қаласында туып-өскен ол осы қаладағы №30 орта мектепте оқыған. Зауытта жұмыс істейтін әкесі Нұретдин баласының ширақтығын байқап, спортпен айналысуын жөн санаған. Алғаш суда жүзу, спорттың күрес түрінің бірі самбомен шұғылданған оның бокска келуінің де тарихы кездейсоқ.

Он екі жасында №43 орта мектепке ауысқан ол өзімен бірге оқитын Ерғали Сейдуллаев, Виталий Ким секілді жаңа достармен табысады. Үнемі жолдастарының жаттығуы мен жарыстарын тамашалап, әрі қызыға қарайтынын аңғарған бапкер оны бір күні бокс үйірмесіне шақырады. Жаттықтырушының ұсынысын құп алған Болат бокс үйірмесіне жазылғаннан кейін қолына бірінші рет былғары қолғап киеді. Жаттықтырушы оны ә дегеннен жақсы қарсыласпен шығарып, шамасын байқап көреді де, өнеріне тәнті болады. Сол кезде болашақ чемпионның бойындағы дарынды байқап, балғын Болатты баулуға ден қойған білікті бапкер Феликс Цой болатын.

Әуесқой рингте 500-ден астам жекпе-жек өткізіп, мерейімізді тасытқан Болат қазір Астана қаласындағы Серік Сәпиев басқа­ратын «Астана арландары» кәсіби бокс клубында жаттықтырушы. Еліміздің дарынды боксшыларын баптап, оларға білгенін үйретуді өзіне парыз санайды. Кезінде өз қабілетін ұштап, жеңісті жолға жетелеген бапкері Ф.Цой мен сол кезде үнемі қолдау білдірген, Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті болған Қайрат Шотбақовқа және жамбылдық жанкүйерлерге айтар алғысы шексіз.

– 12 жасымнан боксты тастағанымша, өте білікті бапкер Феликс Цойдің қарамағында жаттықтым. Сол кісінің еңбегінің арқасында атақтарға қол жеткіздім. Біздің буын Кеңес одағындағы спорт мектебінің түлектері болғанымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азия, Еуропа чемпионаттары мен дүниежүзілік жарыстарда және Олимпиада ойындарында жеңіс жалауын желбіретіп, бүкіл әлем алдында Әнұранымыздың шырқалуына мол үлес қосты. Әлемге қазақ деген елдің бар екенін танытуда, Қазақстан десе өзге мемлекет спортшыларының шаршы алаңға қаймығып қадам басатын дәрежеге жетуіне жамбылдық спортшылардың да қосқан үлесі мол. Солардың көпшілігі – менің бапкерім Цойдің мектебін көргендер. Ол қазір зейнет жасында. Үнемі шәкірттеріне қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беруден танбаған Тихоновичке айтар алғысым мен көрсетер құрметім шексіз, – дейді Болат Жұмаділов.

Нұрым Сырғабаев

Ақ жол. – 2016. – 12 шілде

Сертке берік сайыпқыран. Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов

Сертке берік сайыпқыран. Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері

Болат Ниязымбетов

 Бокс әлемінде жамбыл­дықтардың өзіндік ойып алар орны бар. Арқан бойы керілген шаршы рингте талай мықтының мысын басқан шойын жұдырықты шеберлерімізбен қалай мақтансақ та жарасады. Болат Ниязымбетовтің боксшы ретінде жолы даңғыл, тағдыры тәтті болды дей алмаймыз. Оның жеңімпаз ретінде шаттанған, өкініштен өзегі өртенген кездері де аз емес. Бір кездері ұлттық құраманың бас бапкері Әбдісалан Нұрмахановтың қаһарына ұшырап, Олимпиада ойындарынан сырт қалу қаупі де туындаған. Десек те, ол өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында ғаламдық додада бақ сынау құрметіне ие болды. Жамбыл бокс мектебінің түлегі Атлантадағы жарыста ел сенімін ақтап, қола медальды кеудесінде жарқыратты.

Ақталған үміт

…1995 жыл. Олимпиада ойындарының жолдамалары үлестірілетін Ташкенттегі Азия чемпионаты қарсаңында өткізілген оқу-жаттығу жиыны шарықтау шегіне таяған сәт. Дайындық барысында Бақтияр Хождиевпен қолғап түйістірген Болат Ниязымбетов ойда жоқта ауыр жарақат алады. Оның салмағы командалық әріптесінен 12-13 келідей жеңіл. Жекпе-жектің қызығына беріліп кеткендері соншалық, екеуі де шегінбей айқасты. Ауыр-ауыр соққылар алмасу сәтінде Болаттың қабағы жарылады. Сол мезетте Ниязымбе-товтің қасына ентелеп жетіп келген бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов: «Түйсігі бар адам өзінен салмағы әлдеқайда ауыр боксшымен ашық айқасқа бармайды. Оны алдап, арбап жүріп ұтуың керек еді. Мына түріңмен Азия чемпионатына барып, не бітірмексің? Олимпиада ойындары жолдамасынан енді дәмеленбей-ақ қой. Сенің орныңа Зубов барады», – деп намысын қайрап, кері бұрылып кетті. Жағдайының өте қиын екенін түсінген Болат та сол күннен қалдырмай Әбекеңнің алдынан өту керек деп шешеді. Қонақ үйге келсе, бас бапкер бөлмеде жалғыз отыр. Қасына барып, ағынан жарыла сөйлейді. «Осы күнге дейін мен сізді жерге қаратқан емеспін. Үнемі сеніміңізді ақтауға тырыстым. Ташкентте де солай болады. Тек мүмкіндік беріңіз, Азияның алды болуға менің күш-қуатым жетеді», – дейді. Айтқан уәжінің бәрін тыңдап алғаннан соң бас бапкер: «Айтқаныңның бәрі рас. Бұл салмақта сенің алдыңа түсетін ешкім жоқ. Сондықтан да бағыңды байламаймын. Бірақ, дәрігерлер не дейді екен?» – дейді қабағы жарылған Болатқа алаңдаушылық білдіріп. Олимпиадаға баратынына қуанғаннан: «Дәрігерлер үшін абыржымай-ақ қойыңыз. Ол жағын өзім реттеймін. Ал сізге сенім білдіргеніңіз үшін көп рахмет! Сөзім – сөз, Азияның алтынын алақаныңызға саламын!» – дейді көкірегін шаттық кернеген Болат қуанышын жасырмастан.

Иә, Болат дайындығын пысықтап, өзге боксшылармен бірге Өзбекстанда өтетін сары құрлық біріншілігіне жол тартады. Жеребе тарту рәсімінде Ниязымбетовтің алғашқы айналымда рингке шықпайтыны белгілі болды. Кейіпкеріміз тағы үш-төрт күндей демалуға мүмкіндік алды. Сол аралықта қабақтағы жараның аузы бітіп, беті әжептәуір жазылып қалған-ды. Ташкент төріндегі шаршы алаңда қазақтың өрені төрт жекпе-жек өткізді. Өзбекстан, Моңғолия және Ираннан келген қарсыластарын қоғадай жапырып, финалға шықты. Ақтық айқаста Ниязымбетовті филиппиндік сайыпқыран күтіп тұрды. Дәл осы Галидо Райнолдоға ол бұған дейін екі рет есе жіберген еді. Әсіресе, Сеулдегі дода есінен кетер емес. Қазақ боксшысы қапияда жарақат алып, дәрігерлер қабағын жөнге келтіріп жатқанда Райнолдо қарсыласы Болатты керемет комбинацияларының арқасында айқын жеңгендей рингтің қақ ортасында атой салған. Сонда кеудесін намыс оты шарпыған Болат «Біз әлі кездесеміз. Сонда жақсылап тұрып сазайыңды беремін» деп өз-өзіне серт берген-ді. Міне, енді қос мықтының жолы қайта түйісті. Бұл бәсекеде Ниязымбетов Азия ойындарының жеңімпазын 10:3 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, қатарынан екінші рет құрлық чемпионы атанған Ниязымбетов Атланта Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.

 Олимпиададағы әсерімен бөліскен боксшы: «Олимпиада додасы мен үшін сәтті басталды.Бастапқы бәсекелерде мексикалық Карлос Мартинес (23:5), замбиялық Дэвис Мбале (11:3) және ирандық Бабак Могимиді (13:7) есептерімен оңай ұтып, жартылай финалға еш кедергісіз жеттім. Одан кейін Барселона Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Эктор Винетпен қолғап түйістірдім. Білмеймін, сол кезде қарсыласымның атағынан қаймықтым ба, әлде мысы басып кетті ме? Әйтеуір сол жекпе-жекте бар білгенімді анық көрсете алмадым. Әншейінде еркін ойқастаушы едім. Бұл жолы ойлағандарым жүзеге аспады. Шынын айтсам, Атлантада мен қола медальды қанжығаға байлағаныма риза болдым. Соны қанағат тұттым. «Қатардағы ортаңқол боксшының бірінен емес, төрткіл дүниенің теңдессіз мықтысынан ұтылдым» деп, өз-өзімді жұбатқандай болдым», – дейді өткен күндер елесіне көз жүгіртіп.

Түркиялық қазақ алдап соғыпты

Болат Ниязымбетовтің кәсіби мансабында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ке-ңестер Одағының әр қиырында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы көптеген ірі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, ересектер дуында да өзін мойындатты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ол елішілік бәсекелерде 63,5 келі салмақ дәрежесінің тізгінін қолына мықтап ұстады. 1994 жылы Тегеранда және 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында қатарынан екі рет жеңімпаз атанды. Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Бангкоктағы әлем кубогінде де үшінші орынға табан тіреді. Негізі, соңғы екі жарыста Ниязымбетовтің бірінші орынды олжалауға керемет мүмкіндігі болды. Алайда екеуінде де қырсық шалды. Мәселен, әлем кубогінің жартылай финалында Болаттың жолын төрешілер бөгеді. Шартпа-шұрт айқас барысында Қазақстан үмітіне германиялық Оқтай Ұрқалды «ту сыртынан ұрды» деген айып тағылып, жеңіс қарсыласының уысында кетті. Азия ойындарында пәкістандық Осман Ханды жақсылап тұрып төмпештеп жатқан еді, қолы морт сынды. Сол секілді 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында да қандасымыздың қанжығасы майлануға тиіс болған. Алайда ол ширек финалда Түркияның намысын қорғаған қазақ жігіті Нұрхан Сүлейменоғлыға жол берді. Бір кезеңдерде өзінің командалық әріптесі болған жігітке неліктен ұтылғанын боксшы былайша еске алады.

– Берлинде өткен әлем чемпионатының ширек финалында екеуміздің жолымыздың қиысатынын білгеннен кейін қонақ үйге мені арнайы іздеп келген Нұрхан: «Болат, сенің мықты екеніңе ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ жекпе-жек барысында мені сабай көрме. Егер бұл кездесуде айқын ұтылатын болсам, түріктер мені командадан қуады. Сондықтан да барлық күшіңді сарқымай, жай ғана жұдырықтас. Бәрібір де жеңіс сенікі», – деп жалынғандай болды. Бұрынғы командалық әріптесім қиылып сұрағаннан кейін мен «Жарайды!» деп келістім. Уағдаласқанымыз бойынша жекпе-жек барысында тізгінді тартыңқырап жүрдім. Бәсеке аяқталғанда ұпай санымен жеңіске жеткеніме күмәнім болған жоқ. Ал төреші қарсыласымның қолын көтергенде, төбеме аспаннан жай түскендей күй кештім. Сол сәтте ғана барып Нұрханның мені алдап соққанын түсіндім. Өйткені ол кездері Түркия азаматы Канер Доганели Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығында (АIBA) төрешілер алқасының төрағасы қызметін атқаратын. Яғни, қатардағы қазылар Доганелидің айтқанын екі етпейтіні анық. Соны мен естен шығарған екенмін. Сол алаңғасарлығымның кесірінен оңбай опық жедім. Онымен әңгіме біткен жоқ. Бәсеке аяқталған бетте Әбдісалан Нұрмаханов мені жерден алып, жерге салды. «Сенің Нұрханнан жеңілуің мүмкін емес. Түріктер саған ақша берген. Намысың жоқ», – деп қатты-қатты сөздер айтты. Ақталғым келіп еді, ағамыз ешбір сөзіме құлақ аспады. Сол кезден бастап асқар таудай Әбдісалан ағаның қаһарына ұшырап, тіптен ұлттық құрама сапынан қуылуға шақ қалдым. Есейе келе адам бәрін басқаша түсінеді екен. Қазір сол сында қандай ағаттық жібергенімді ойласам, ішім удай ашиды. Өкініштен өзегім өртенеді. Әлем чемпионатында мықты екендігімді біле тұра, соны пайдалана алмағаныма күйінемін. Біраз жылдан бері мен бапкерлік қызметте жүрмін. Әр жаттығуда, әр сәт сайын өз шәкірттеріме «сондай қателікке бой алдырмаңдар» деп қайталаудан жалыққан емеспін. Ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Кезінде мен де «болашағым алда, әлі алтын алып үлгеремін» деп ойладым. Бірақ, келешекте ондай мүмкіндік бола ма, болмай ма, Аллаға аян. Сондықтан әрбір жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен қарап, әрбір жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге талпыну қажет, – дейді Болат.

Атланта Олимпиада­сынан кейін Болат дүбірлі додаларда тым сирек бой көрсете бастады. Кейіннен үлкен спорттан қол үзіп, Тараздан Алматыға қоныс аударып, бірер жыл құқық қорғау саласында қызмет етті. Алайда спортқа деген құштарлығы суымаған Болат Ниязымбетов көп ұзамай сүйікті ісіне қайта оралды. Бұл күндері қандасымыз бапкерлікті қолға алып, былғары қолғап шеберлерін жаттықтыруда. Біраз жыл Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасының, «Астана арландары» бокс клубының бапкері болады. Бүгінде әуесқой бокстан Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, даңқты жерлесіміз Болат Ниязымбетов Ирак құрамасының бас бапкері қызметінде. Ирак Бокс федерациясының басшыларымен жасалған келісімшарт бойынша ұлттық құрамамен Араб ойындарында жақсы өнер көрсетіп, Азия және әлем чемпионатында көбірек жүлде иеленуі керек. Кенжелеп қалған бокс өнерін дамыту оңай шаруа емес. Олай болса, Болаттың бапкерлік жолындағы еңбегіне жеңіс пен жеміс тілейік.

Наурызбек САРША

Ақ жол. – 2016. – 19 шілде

Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ

Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ

 немесе аңызға айналған әйгілі балуан Жақсылық

 Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Олимпиада ойындарын жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалды. Нәтижесінде 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары грек спортшыларының ғана қатысуымен бірнеше спорт түрінен дода өткен. 1894 жылдың маусым айында 12 елдің қатысуымен Олимпиада ойындарын өткізу туралы конгресс өз жұмысын өткізді. Оған қатысушылар Пьер де Кубертэннің баяндамасын талқылап, 1896 жылы алғашқы олимпиялық (солай аталған) ойындарын Афины қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Халықаралық Олимпиада комитетінің тұңғыш басшысы болып грек Деметириус Викелас сайланды. Сонымен қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындары 1896 жылғы сәуір айының 6 – 15 аралығында Афиныда өтіп, оған 13 елден 311 спортшы қатысты. 

Содан бері Төртжылдықтың басты додасына қазақтан ең алғаш боп 1964 жылғы Олимпиада ойындарында (Токио) қазақ аруы, жеңіл атлет Алданыш Рамазанқызы қатысыпты. бүгінгі санынан бастап, «Ақ жол» газеті өзінің жаңа жобасы бойынша, жамбылдық олимпадашыларды оқырмандардың назарына ұсынуды жөн санап отыр.

Ендеше, іске сәт!

Сынақтан құтқарған – күрес

Алаш баласы әрқашан ту көтеріп, тізгін ұстауы керек. Бұл – бабалар аманаты. Елдің рухын асыратын үлкен оқиғалардың бірі әрі бірегейі – спорттық додалар. Ұлттың ұланы әлемдік деңгейдегі сында атой салса, күллі алаштың төбесі көкке көтерілетіні сөзсіз. Қылышынан қан тамған кеңестік кездің өзінде қазақ жұрты сондай батырын күтті. Ұзақ тосты. Өйткені тоталитарлық жүйенің жандайшаптары қазақтан Олимпиада чемпионының шыққанын қалады дейсіз бе? Әрине жоқ. Десе де, Жақсылықтың бойындағы өршіл рух, қайтпас қайсар мінез, тынымсыз іздену, шүмектеп төгілген тер, алапат күш қазақ баласының алар асуын асқақтатты. Иә, Жамбыл жерінің тумасы Олимпиадада атой салар ма еді, салмас па еді, оны кім білген. Тек мына оқиға болмағанда…

1968 жылы Жақаң Семейге, зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Алғашқы курстың өзінде Үшкемпіровтің алдынан үлкен мәселе кесе-көлденең шығады. Оңтүстікте, қар қалың түспейтін Жамбыл жерінде туған ол шаңғы спортынан сынақ тапсыруға тиіс.

«Алғашында мені оқудан шығарып жібереді-ау деген ой болды. Не болса да жаттықтырушымен тілдескен жөн деп шештім. Ол: «Күрестен жеңе алсаң, сынақтан өтетін мүмкіндігің бар», – деді. Үш қарсыласты жер бауырлатып жеңдім, тіпті олардың бірі спорт шебері атағына үміткер екен. Жаттықтырушы маған еркін күрес секциясына жазылуға кеңес берді. Жарты айдан соң институт біріншілігіне қатыстым. Сол кезде өмірімдегі алғашқы турнирде топ жардым». Бұл – Жақаңның БАҚ беттеріне берген сұхбаттарының бірінде айтқан сөзі.

Кейіннен классикалық күрестегі белгілі жаттықтырушы Роман Ильматов дәл сол уақытта ең жеңіл салмақтағы (48 килограмға дейін) халықаралық жарыстарға дайындау үшін өзіне шәкірт іздейді. Жақаң жаңа спорт түрін меңгеру үшін осы кісінің қол астына өтеді. Бірнеше айдан соң Үшкемпіров республика жүлдегері атанады. Ильматов Жақаңа арнайы бағдарлама да әзірлепті. Сол бір аумалы-төкпелі шақта сынақ орнына күрес көмектеспегенде Жақаң әйгілі балуан болмас па еді…

«Қонаев болмағанда олимпиадаға бармайтын ба едім»

 Әсілінде, дүйім ел қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Олимпиада ойындарында алаш атын алғаш аспандатқан Жақсылық Үшкемпіров деп біледі. Ол кезде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы мұң болатын. Ұлтшылдықтың өрті алабөтен өршіп тұрған кезде 1976 жылғы Монреальдағы Олимпиада ойындарына Алексей Шумаковты «таңдап» алулары да соның көрінісіндей. Ол туралы Жақаң өзі кезінде былай депті:

– Іштей күйіндім. Мен үш дүркін Кеңес Одағының чемпионы атандым, ал Олимпиада ойындарына бір рет қана бардым. Сондай-ақ бір кездері әлем чемпионатында өнер көрсеткенмін… КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде менің жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатымның жанып тұрған кезі. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды.

Мен қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күндері Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені республика басшысы Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылы сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды, – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын». 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 78-79 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім.

Қазіргі Байзақ ауданы, Тегістік ауылында 1951 жылы дүниеге келген, 48 келі салмақ дәрежесінде Мәскеу Олимпиадасында атой салған Жақсылық Үшкемпіров ол кезде ақша үшін емес, абырой үшін белдескенін айтады. Олимпиада ойындарынан бөлек, 1981 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарынан бір бас жоғары болған Жақаң тіпті салмақты бір қалыпта ұстап тұру үшін он бес жыл бойы түйір нан да ауыз тимепті. Спорттық бапта болу, салмақты ұстап тұру қаншалықты мехнаты мол тірлік десеңізші…

«Одақ құрамасына кімдер енді? Чемпионаттар мен Олимпиадаларда жеңіске жетеді-ау дегендерді ғана алды. Қайталап айтамын, жеңіске жетеді дегендерді. Алтын алып, әрине, сыйлықтарға ие болдық. Бірақ қандай? Мәскеудегі Олимпиада үшін маған     5 000 рубль берді. Сондықтан да, біз үшін ақша емес, абыройымыз маңызды болды. Ол кезде Олимпиада чемпиондарының аты басты назарда болмады. Тек қана еліміз егемендігін алған тұста ғана мені баспасөз өкілдері сұрақтың астына алып, мен туралы көп жазып, тағдырыма қызығушылықпен қарайтын болды…

Қазір Олимпиада чемпиондарына ширек миллион долларлап сыйақы беріп жатыр. Қосымша демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар да табысталады. Құдайға шүкір! Мен қазіргі ұрпақтың айтулы жетістіктеріне шексіз ризамын!» Талай қиындықтан өткен Жақсылық Үшкемпіров осылай дейді…

 Алаш күткен алтын

 

Мәскеу Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Жақаңа оңай соққан жоқ. Жеребенің қаталдығы сол – үш дүркін әлем чемпионы Жақсылыққа румын балуаны Константин Александру түседі. Қазақ батыры өмірінде алғаш рет қамығады. Жанарын мұң торлайды. Жақаңның жағдайын сезген Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев: «Мықты қарсылас деймісің? Тамаша. Ендеше ә дегенде оны жеңсең, келесілерінде әлдеқайда оңай болады», – дейді Үшкемпіровті рухтандырып. Ол қарсыласынан басым түседі.

«Жарты сағат бойы өз-өзіме келе алмай қиналдым. Кейін маған Қуаныш Сұлтанов жақындап, менімен Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов сөйлескісі келетінін жеткізді. «Алтынды ала аласың ба, Жәке?» – деп сұрады ол менен. «Өлсем де ұтамын!» – дедім мен. Сол кезде ол маған бір көмек керек я керек еместігін сұрады. Көптеген шенеунік менің жауабымды күтіп, үнсіз тұр. Пәтер немесе көлік сұрайды деп ойлаған шығар. Мен бір кесе қымыз сұрадым. Бәрі күлкіге қарық болды», – деп еске алады сағымдай селдіреген сол кезді чемпион. Келесі белдесуде Үшкемпіров өзіне етене таныс поляк Роман Кирпачты жеңді. Үшінші шайқаста Жақаң венгр Ференц Серешті оңай жықты.

Ақтық айқас алдында Үшкемпіров әдетте баскетболшылардың біреуі ұйықтайтын үлкен төсекке барып тынығады. Бірнеше сағаттан соң барлық спортшыларды ұйқыдан оятқанда, Үшкемпіровті ұмытып кеткен. Оны жәй ғана байқамайды. Қазақ батырын белдесуге жарты сағат қалған кезде оятады. Спортшыға автобуста қыздырынуға тура келді. Ақтық шайқас. Үшкемпіров болгарлық Павел Христовты 12:7 есебімен тізе бүктіреді.

«Менің қуанышымда шек жоқ. Тұғырдың ең биік сатысында тұрғанымда осының бәрі түс секілді болып кетті. Қаншама жылдар… ауыру, жарақаттар, физикалық және психикалық қысым. Соның барлығының өтеуі – осы сәт.

Олимпиадашылар Алматыға қайтпай тұрып, олимпиадалық елді мекенде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Осы аралықта Жақаңның ұлы дүниеге келеді.

Надежда Пахмутова, Николай Добронравов осы оқиғаға байланысты өлең жазып, Олимпиада чемпионынан баласын Мәскеу Олимпиадасы символының құрметіне Михаил деп атауын сұрайды. Жақаң жылы жымиып: «Одан да Жеңіс атайын!» – деп үн қатыпты.

Елге оралған соң Жақсылық бастаған олимпиадашыларды салтанатпен қарсы алады. Елдің бәрі батырын жеңісімен құттықтап әлек. Ел тізгінін ұстаған Д. Қонаев та жеңімпазды қабылдап, құрмет көрсетеді. Араға бір жыл салып, ол тағы бір арманына қол жеткізеді. Әлем чемпионатының ақтық айқасында түрік оғланы Салих Бораны 8:0 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанады.

Түйін

 Жақсылық Үшкемпіров – аңыз адам. Иә, кеңестік кезеңде небір қиындықты көрсе де, қыңбаған, солақай саясаттың салқынына «сынбаған» Жақаңның ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Өкініштісі, Атланта Олимпиадасында Қазақстаннан Юрий Мельниченко сынды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы шыққанымен, күрестен қазақ баласынан әлі күнге Олимпиадада атой салатын саңлақ көрінер емес. Отыз алты жыл… Екі кәмелеттік жас… Бәлкім, осы бір сәтсіздік биыл бұзылар… Кім білсін. Әйтеуір, қазаққа рухы өр, тәні бекем бір Үшкемпіров керек екені анық…

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Ақ жол
. – 2016. – 21 маусым. – 6 б.

Боксшы Батыр Жүкембаев туған жерінде

Боксшы Батыр Жүкембаев туған жерінде

     

            Жуырда ғана бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Косме Ривераны тізе бүктіріп, ІВО international белбеуінің иегері атанған болатын. Спорттық мансабындағы алғашқы чемпиондық атағына қол жеткізген жерлесіміз жеңісінен кейін туып-өскен жеріне оралды. Осыған орай, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев былғары қолғап шеберін арнайы қабылдап, сый-сияпатын табыс етті.

– Киелі Шу өңірі – көптеген чемпиондарды түлеткен өлке. Осындай өлкеде туылып, туған жеріңнің абыройын әлемдік аренада танытып жүргеніңе алғысым шексіз. Артыңнан ерген жасөспірімдердің өзіңе еліктеп, спортқа келуі артады. Ал сенің жеткен биігіңе қуанып, жетістіктеріңді насихаттау – біздің міндетіміз, – деді Қайрат Әскербекұлы.

Батыр Жүкембаевқа аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталып, ата-анасына сыйлықтар берілді. Бұдан кейін Батыр Шу ауданындағы №31 БЖСМ мен «Тарлан» спорт кешенінде шеберлік сағатын өткізіп, жасөспірім боксшыларға жұдырықтасудың қыр-сырын үйретті. Шара барысында жас жеткіншектер боксшымен спарринг өткізіп, тәжірибе алмасты. Алақандай ауылдан шығып, талайларды тамсандырып жүрген жерлесімізге аудан тұрғындары шапан жауып, ат мінгізіп, лайықты құрмет көрсетті. Жерлесімізбен қатар өнер көрсетіп жүрген алматылық Абылайхан Құсайынов Монреальдағы бокс кешінде мексикалық Кристиан Аррасоламен кездесіп, қарсыласын 2 минут 38 секундта нокаутқа түсірген болатын. Ол бұған дейін 6 жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіспен аяқтаған. Батырмен бірге Шуға келген ол жаттығуды бірге жасасты.

Батырдың айтуынша, оның келесі жекпе-жегі алдағы бір айдың көлемінде белгілі болады екен.

– Осы уақытқа дейін тоғыз кездесу өткізіп, оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтадым. Осының барлығы жанкүйерлерімнің қолдауы деп ойлаймын. Туған жерімді сағынып келгенде осындай сый-құрмет көрсеткен жерлестеріме алғысымды айтамын. Шынымды айтсам, мұндай құрметті күтпеген едім. Алдағы жоспарларыма келер болсам, өте ауқымды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездескенімізде Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аясында өтетін бокс кешінде өнер көрсетуім мүмкін екенін айтқан болатын. Егер ұсыныс түсіп жатса қуана-қуана қабылдаймын. Қазіргі таңда, менеджерім Анна Рева келесі кездесуімді жоспарлап, қарсыластармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қарсыласымның кім екені алдағы айда белгілі болады, – дейді боксшы.

Шу ауданы Шоқпар ауылдық округіне қарасты алақандай Еспе стансасында дүниеге келген Батыр бүгінде Канадада танымалдылыққа ие болған боксшы. Ендеше, қазақтың қара домалағы жерлестерін жарқын жеңістерімен қуанта берсін дейміз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Ақ жол. – 2017. – 18 мамыр

Қазақстаннан шыққан алғашқы кәсіпқой боксшы қыз

Қазақстаннан шыққан алғашқы кәсіпқой боксшы қыз. Фируза Шарипова

         Кәсіпқой боксқа соңғы жылдары азиаттар да көп көңіл бөле бастады. Олардың арасында біздің қазақ жігіттері де бар. Жиров пен Головкиннен кейіи талай қазақ баласы мұхит асты. Сол жігіттермен бірге Жамбыл облысында дүниеге келген Фируза Шарипова есімді ару да кәсіпқой боксты таңдады. Шаршы алаңда бірнеше жекпе жек өткізіп үлгерді.

Фируза Шарипова 1994 жылы 29 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Фирузаньщ ұлты – өзбек. Бала кезінен Әулиеата өңірінде өскен. Отбасында бес бала бар. Біздің кейіпкер үйінде екіншісі. Спортпен айналысатыны да жалғыз өзі. Тараздағы №39 мектепті және «Қайнар» колледжін бітірген. Одан кейін педагогикалық институтта «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқыған. Бокстан бұрын велоспортпен айналысқан екен.

– Спортты бала кезімнен серік еттім. Алдымен велоспортпен айналыстым. Бірақ мен қатысқан секция жабылып қалды. Бірге жаттыкқандардың бәрін су добына алып келді. Алайда, суда жүзу қолымнан келмеді. Бірнеше рет өзімді сынап көрдім. Сосын «осымен жетер» деп қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Ал боксқа кездейсоқ келдім. Көршіміз бокспен айналысатын. Бір күні сабақтан шыққан соң, оның жаттығуын көруге бардым. Сол залда қалып қойдым. Ол кезде 10 жаста болатынмын, – дейді Ф.  Шарипова.

Алғашында жақындарының бәрі бокспен айналысқанына қарсы болыпты. Тіпті, үйде жанжал шығып, әжесі қатты ұрысқан көрінеді. Дегенмен, Фирузаның боксқа деген қызығушылығы мұндай қарсылықтың барлығын жеңіп шығады. Сабақтан қалса да, жаттығуды қалт жібермегенін айтады. Ал қазір туыстары Фирузаға қолдау білдіреді екен. Жекпе-жектің алдында және аяқталған соң, қоңырау шалып сұрап отырады.

– Ең бірінші жарысыма секцияға келгеннен кейін екі айдан соң катыстым. Қатты тырыса қоймадым. Жаттығуда үйренгендерімді жасап шықтым. Сол жолы екінші орын алдым. Финалда жеңіліп қалған соң, қатты жылағаным есімде. Бұл жеңіліс сол кезде мен үшін трагедия сияқты болған. Кейіннен боксқа біржола ден қойып, жеңіс өздігінен келе бастады, – дейді ол.

Таразда Ерік Алғабек және Феликс Цойдан тәлім алған. Соңғысының бапкер ретінде есімі көпшілікке танымал. Фирузаға дейін Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Рашид Қабиров, Паша Ни секілді талай мықтының томағасын сыпырған.

Шарипованың әуесқой бокстағы карьерасы сәтті болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. Астанада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. 2012 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Ал кәсіпқой боксқа 2016 жылы бет бұрды. Жерлесіміздің промоутері – ресейлік Сергей Завилевский. Алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы 21 мамырда өткізді. Ол Мәскеуде WВС тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған Денис Лебедев пен Виктор Рамирестің кешінде шаршы алаңға көтерілді. Қарсыласы осал емес болатын. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізген ресейлік Софья Очигавадан жеңіліп қалды. Қазақстаннан алғашқы кәсіпқой боксшы қызды Олимпиада чемпионы Вячеслав Яновский дайыңдады. Ол кезінде Қарағандыда дүниеге келген, кейіннен Ресейдің атынан шыққан Наталья Рогозинаның бапкері болған.

– Кәсіпқой бокстағы дебютім Мәскеудегі 15 мың адам сиятын «Мегаспорт» кешенінде өтті. Бұл мен үшін өте пайдалы жекпе-жек болды. Жаттықтырушым екеуміз кәсіпқой бокстың ішкі асханасына үңіліп көрдік. Осыдан кейін барлық жатгығу процесін өзгерттік. Бұл кездесуден кейін басқаша дайындалатын болдық. Төрешінің шешімімен келіскен жоқпын. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Одан кейін бірнеше рет жеңіске жеттім. Менің  болашағым әлі алда. Жекпе-жектің алдында толқығаным рас. Киетін қолғабың да басқа. Әуесқой бокстағыдай шлем де жоқ. Сондықтан аздап уайымдаған едім. Ал рингке шыққанда оның бәрі ұмытылып кетті. Шлемсіз бокстасу алғашқыда қиындау еді. Барлығы ашық, қай жерден ұрамын десең де көрініп тұрады. Әрине шлемсіз ыңғайлы, бірақ қауіпті, – дейді Фируза.

Бұдан кейін Шарипова шаршы алаңда төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Софияға есе жіберген соң, Испанияда тәжірибелі Италия боксшысы Анжела Канниццароны оңай ұтты. Былтыр қыркүйекте Алматыда сербиялық Милена Матовичпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен кездесу барысында сербиялық Қазақстан боксшысының ауыр соққыларының астында қалды. Осыдан кейін Милена Матовичтің бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Ал биыл Ресей жерінде тағы екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңіспен аяқтады. Алдымен төрешілердің шешімімен Юлия Чернобородованы қапы қалдырса, Виктория Котованы 54-секундта нокаутқа түсірді.

– Шынымды айтсам, жекпе-жектің алдында уайымдаған едім. Өйткені қарсыласым – дебютант. Кәсіпқой боксқа жаңадан келін жатқан адамнан не күтеріңді білмейсің. Бірақ Виктория Котовамен барлығы сәтті болды. Ешқандай шаршау болған жоқ. Жарақат алмадым. Виктория маған бірде-бір соққы жұмсай алмады. Осылай тез бітеді деп өзім де ойлаған жоқпын, — дейді боксшы қыз.

Фирузаны шетеддік басылымдар бірнеше рет кәсіпқой спорттағы арулардың қатарына қосқан еді. Бірақ, боксшы қыздың басы бос емес. Осыдан 2 жыл бұрын тұрмыс құрған. Жұбайы Денис Рыбак та кезінде бокспен айналысқан. Екеуінің үйлену тойы Тараз қаласында өткен.

– Жолдасым мені әрдайым қолдайды. Мүмкіндігінше менімен бірге оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға бірге барады. Оның шыдамдылығы мен түсіністігіне ризамын. Екеуіміз кейде спаррииг жасаймыз. Дениспен шаршы алаңда бокстасқан ұнайды. Күйеуім тек сол қолымен ұрады. Ал мен екі қолмен де соққы жұмсай аламын. Жаңа жылдың түнінде қонақтан келе жатқанымызда бізге арақ ішкен екі жігіт соқтығысты. Жолдасым біреуін нокаутқа түсірсе, мен екіншісін сұлатып тастадым. Ондай да қызық болған дейді, -Фируза.

Ешкімді кумир тұтпайтынын айтады. Бірақ құрметтеп, өнерін бағалайтын боксшылары бар екен. Олардың жақсы қасиеттерін өз бойына сіңіруге тырысады. Мысалы, Мэнни Пакьяоның еңбекқорлығын, Флойд Мейвезердің техникасы мен қорғанысын құп көрсе, Геннадий Головкиннен аяқпен қалай жұмыс істеу керектігін үйренуге тырысады. Ал Фируза үшін ең үздік боксшы – Мұхаммед Әли.

– Көбі боксты жай ғана төбелес деп ойлайды. Менің де көзқарасым сондай болған. Уақыт өте келе бокстың рингке шығып, біреудің бетінен ұру ғана емес екенін түсіндім. Бокс – өнер, қажет кезде шеберлігіңді корсету қажет. Өзің соққы жібермей, қарсыласыңның осал тұсын тауып, ұпай жинау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шаршы алаңда ашулы жүруге болмайды. Адам ашуға ырық берсе, тек ұруды ғана ойлайды. Салқынқанды болсаң, уақыттың қанша қалғанында сезесің, – дейді боксшы.

Фируза өмірде ашық-жарқын жүретін қыз. Адамдармен тез тіл табыса алады. Өзінің айтуынша, тамақ істегенді, үй жинағаңды, қонақ күткенді жақсы көреді екен. Енді 27 мамыр күні Ресейде Ольга Забавинамен кездеседі. Сол жекпе-жекте жерлесімізге сәттілік тілейміз.

Бек Төлеуов

Ұлан. – 2017. – 30 мамыр  

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

 

Ел намысын қорғау – ерлікпен пара-пар. Әлемге қазақты таныта жүріп, өзін дүниежүзіне мойындату – мықтылық. Қазақ елінің мерейін асырған, көпке үлгі таланттар санаулы. Елбасы «Астана – шахмат әлемінің астанасы болады» деп жас шахматшылардың келешегіне үмітпен қарайды. Шахмат патшаларын таңғалдырған жастарға сенім артады. Халықаралық шахмат федерациясының тарихында тұңғыш рет небәрі жеті жасында FIDE-нің шебері атанған Бибісара Асаубаева – Тараздың тумасы, Астананың түлегі. Қазір Ресей туының астында өнер көрсетеді.

– Бибісара, күні кеше шахматтан АҚШ-та өткен әлемдік додада 12 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атандың. Жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймын! Бизнесмен Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды деп естідік. Болашақта АҚШ-қа кету ойыңда бар ма?

– Маған жарыста тілекші болып, қолдаған жан­күйерлердің жүрекжарды лебізіне рақмет! Былтыр қазан айында Батумиде өткен жарыста әлем чемпионы атандым. Жуырда АҚШ-та Рекс Синкфилдтің турнирінде сынға түстім. Ойын тартысты, қызықты өткенімен, оңай болған жоқ. Кіл мықтылар жиналған. Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды. Оның шахмат клубына ауысу жөнінде әлі нақты бір шешімге келмедім. Өзімді әлі де шыңдай түсемін. АҚШ-қа кету, клуб ауыстыруда қандай да бір нақты шешім қабылдасам, бірінші кезекте жанкүйерлерімді хабардар етемін.

– Шахматты ақсүйектердің ойыны десек те, екінің бірі шаршы тақтаның есігін қақпайтыны анық. Шахматпен «сырласпай» ма, әлде шахмат адамдарға сыр ашпай ма?

– Шахмат – ойындардың төресі. Шахматтың құпиясын білсе, барлық адам гроссмейстер болар ма еді, бәлкім. Меніңше, әр ойыншының өзіне тән ерекше қасиеті, өзіне ғана мәлім тәсілі, жеңіске жетелейтін құпия кілті бар. Әркім тәжірибесін, мықтылығын, алғырлығын ақыл-ойына бағындыру арқылы ұтады. Шахматта жеке-дара қайталанбайтын шешімдер, әдіс-тәсілдер ақылға серік. Себебі, шахмат – тақта үстіндегі соғыс. Қарсыластың ойын оқып, әрбір қадамын талдап, тойтарыс беріп отырмасаң, ұтыласың. Теорияны көп оқып-білгенімен, кәдеге жаратпасаң, жеңістің ауылы алыс.

– Шахмат тақтасындағы әрбір фигураның өмірдегі атқаратын құқығы мен міндеттерін меңгеруде неге мән бересің?

– Әрине, шахматтағы әрбір фигураның орны, міндеті, қызметі және мақсаты бар. Әрқайсысының артықшылығы, кемшілігі, тіпті «тағдыры» бар. «Өмір – шахмат» деп тектен-текке айтылмаған. Жаңадан шахмат үйренгісі келе­тіндер мен қызығатындарға айтарым, ең алдымен шахматты жақсы көру керек. Сол кезде оның жұмбақ әлеміне қорықпай қадам жасауға болады. Кәсіби шахматшы тек жеңісті ойлайды. Жан-жақты ізденісті кәдеге жаратып, әр әдісті өз пайдаңа орнымен қолдану да тапқырлық. Әр жеңісте шыңдаламын, алға ұмтыламын, мақсатыма жетемін. Әрбір жеңісім – тыңғылықты дайындықтың, мықты жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

«Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды»

– Ізденіс, жаттығу, зерттеу, оқып меңгеру… жүз пайыз жеңіске жеткізе ме?

– Жеңістің басы – ізденіс, бел ортасы – жоғары деңгейдегі жаттығу, соңы – үйренген, мең­герген біліміңді кәдеге жарата білу. Осы үш тұғыр шахмат ғана емес, өмірде де мақсат-мұратқа жеткізеді. Дайындықта барлық назарыңды тәсілді ұтымды пайдалану қажет. Кез келген спортшы өз құпиясын ашпайды. Менде де солай. Құпия сыр – күшті қару. Ойын барысында әрбір қарсыласыма жеке-дара әдіс, өзгеше тәсіл қолданамын. Себебі, бұған дейінгі ойындарыңды зерттеп, талдап, өз әдісіңді өзіңе ұтымды пайдалана білетін шахматшылар жетерлік. Бірыңғай жүріс, бір тәсілмен жеңемін деу шахматта – бос әурешілік. Ешқандай қарсылас осал емес. Жарысқа қатысуға емес, жеңуге келеді. Сол үшін табандылық, төзімділік, ұшқыр ой, батыл шешім өте маңызды.

– Қарсыласты зерттеп, оның ойынын талдау маңызды ма?

– Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Бүгінде шахматты меңгеремін, жете зерттеймін, құпиясын ашамын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Ізденуге, мықты турнирлерде бақ сынап, өзімді шыңдауға кедергі жоқ. Теорияны, әдісті жаттықтырушы әрбір спортшыға жеке талдап үйретеді. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды. Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Қызыққанмен құпиясы ашылмайтындығымен шахмат.

– Дайындық, жарыстардан бос уақытың болғанда демалысты қайда өткізесің? Жеке өмірің құпия ма?

– Оқу-жаттығудан бос уақыт болса, туған-туыстарымның ортасында болған ұнайды. Табиғат аясында демалғанды жақсы көремін. Тауға шығу, шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанауды ұнатамын. Демалыс күндері табиғат аясында кәуап пісіріп, таза ауада емін-еркін тыныққанды жаным қалайды. Қазақпын. Жылқының етін жақсы көремін. Мәскеуде күнде ет аспасақ та, анам үнемі ұлттық тағамдарды жасауға тырысады.

– Қазақстанда да шахмат дамып келеді. Таңдауың неге Ресейге түсті?

– Қазір Ресейдің жасөспірімдер құрамасында дайындаламын. Шетелде жаттығу көптеген мүмкіндікке жол ашты. Кіл мықтылар ғана қатысатын жарыстарда, дүние­жүзі мойындайтын шахмат клубтары арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Жоғары деңгейде өтетін турнирлерге мені үнемі шақырады. Әр жарыстағы жеңіске жетудің ең қарапайым әдісі – жауапкершілік. Шахмат әлемінде өз атымды қалыптастырудың алғашқы қадамы.

– Туған жерің – Тараз. Астанада мектепке барып, шахматты бастадың. Қазір елге жиі келіп тұрасың ба?

– Қазақстанды жақсы көремін. Отанымның патриотымын. Елге жолым түскенде ең әуелі Тараздағы атам мен апама барамыз. Астанада білім алдым. Шахматтағы жеңісті жолдарым Астанадан басталды.

Әлемнің көптеген елін араладым. Маған ұнайтын, ұнаймайтын елдер бар. Өйткені әрбір елдің өзіне ғана тән ерекшелігі, артықшылығы, өз заңы, мәдениеті бар.

– Ең алғашқы жүлдең есіңде ме?

– Тұңғыш жеңісім, қуанған сәтім, тіпті қарсыласым да әлі есімде. Ең бірінші рет IV разрядты диплом алғанмын. 5 жасымда І разрядты иелендім. Жеті жасымда Қазақстан чемпионы атандым. Халықаралық шахмат федерациясын ың тарихында алғашқы рет FIDЕ-нің шебері атандым. Қазір Италияда өтетін турнирге дайындалудамын. Уругвайдың астанасы Монтевидеода 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Шетте жүрсем де Қазақстанға, барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын!

 Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Майра Жанысбай

Айқын апта. – 2017. – 9 қыркүйек 

Елдос ел сенімін ақтайды

Елдос ел сенімін ақтайды

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовпен және спортшының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевпен кездесті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында Елдос Сметов Парижде өткен Grand Slam халықаралық турнирінде қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

«Сіз спорттық аренада еліміздің намысын абыройлы қорғап жүрсіз. Айтулы халықаралық жарыстардың чемпионы және жүлдегері, Олимпиаданың күміс жүлдегері атандыңыз. Өз табандылығыңыз бен дарындылығыңыздың арқасында байрақты бәсекелерде әлем алдында еліміздің даңқын асыра білдіңіз. Біз сізді мақтан тұтамыз. Біздің спортшылардың жетістіктері жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануға зор серпін беруде», деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы спортшыны және оның жаттықтырушысын жуырда жеткен жеңісімен құттықтап, оларға 500 мың және 300 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етті.

Өз кезегінде Е.Сметов Токиода өтетін алдағы Олимпиада ойындарында жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.

«Біздің басты міндетіміз – Олимпиада алтынын жеңіп алу. Мақсатқа жету үшін аянбай күресуге уәде беремін», деді Е.Сметов.

   Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Arai. – 2020. – 6 наурыз