Кітапхана – білімнің қайнар бұлағы

      Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қыры мен сырын аңғара алмақ.

Осындай шаңырақтың бірі Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі. Жүйеде 8 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Оқырмандар үшін кітапханаларда барлық жағдай жасалған. Яғни компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор желісіне қосылған. Қазіргі кезде қоғамымыздың дамуына қарай ақпаратты жан-жақты алу аудио, видео, интернет жүйесі арқылы мүмкіндік туғанымен, кітапханадан кітаптарды оқи отырып алатын білім мен салауаттылықтың орны ерекше деп түсінетін оқырмандар кітапханаға келіп өздеріне қажетті кітаптарды алып оқып, баспасөз кұралдары газет, журналдардан керекті ақпарат ала алады. Кітапханалар әрдайым оқырмандармен жұмыс істеудің жаңа тиімді тәсілдерін іздейді, арнаулы мерекелерде, мерейтой иелеріне арналып кітап көрмелері ұйымдастырылып, насихатталып, жоспарға сәйкес мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі. Кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени кұндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру мақсатындағы «Кітап фестивалі», «Түнгі кітапхана», «Жүз кітап оқып, ой бөлісемін» оқырман бенефисі, «Көркем әдебиет – ұлтымыздың құнды жауһарлары» атты окырмандар байқауы түріндегі оқырмандардың бос уақыттарын тиімді өткізуге, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі жобалар аясында ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау әрі өнегелікке тәрбиелеу мақсатындағы «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында өткізілген іс-шаралар көпшіліктің кітапханаға деген қызығушылығын арттыруда.

Кітап – білім мен рухани байлық бұлағы. Білім бұлағы – кітапты оқырмандарға насихаттауда кітапхананың рөлі өте зор. Рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі.

Ұлбосын Саулебаева,

Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры

Jambyl-Taraz. – 2024. – 21 наурыз