Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

Майданға Жамбылдан аттанған жазушылар

     Олардың өлкемізде ізі, мұрағаттар мен басылым беттерінде сөзі қалған.

Білім қуып Алматыда жүрген жылдары курстас жігіттермен бірге республиканың  бас басылымы  «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына ара-тұра бас сұғып тұратынбыз. Болашақ журналистер үшін осында  істейтін ағаларымызбен  жүздесу, әңгімелерін, ақыл-кеңестерін тыңдау керемет әсер сыйлайтын. Әр келген сайын кіреберістегі  соғыстан қайтпаған журналистерге қойылған ескерткіш тақтаны оқымай кетпейтінбіз. Онда орысша  жазылған есімдердің ең үстіңгісі университетке таяу орналасқан  Жазушылар одағы  ғимаратының  кіре-берісіндегі   мәрмәр тақтадағы ұрыс даласынан оралмаған жазушылардың әліпби тәртібімен  берілген  тізімінен де ұшырасатын.

   Аманғали Сегізбаевтың есімі санамда осылай жатталып қалды. Арада көп жылдар өткен соң облыстық мұрағатты, осындағы облыстық басылымдардың тігінділерінің уақыт табы сарғайтқан беттерін ақтарғанда тамаша журналист, сыршыл ақын, сөзі өрнекті жазушы, даңғайыр фельетоншы болған тұлғаның Жамбыл облысында ізі, облыстық басылым беттерінде сөзі қалғанына көз жеткіздім.

Қазақ әдебиетінің тарихынан хабардар адам Аманғали Сегізбаевтың Қостанай өңірінің тумасы екенін біледі. Еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастаған ол тез-ақ баспасөздегі ойлы өлең, өткір мақала, фельетондарымен танылып, 1924 жылы Орынбор қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қызметке шақырылады. Жауапты хатшы болып істейді. Партияның пәрменімен Алматы облысының бір аудандық газетіне редактор болып жіберілген жерінен «Еңбекші қазақ» газеті қайта шақырып алады. Бұл – 1935 жылы. Ал соғыс басталар алдында осы газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болған.

Ұстазы, классик жазушы Бейімбет Майлиннің қасында жүріп, көп жазып, сол кезде-ақ республикаға кеңінен танылған Аманғали Сегізбаев Жамбыл өлкесінде негізгі қызметіне қоса облыстық «Коммунист» (қазіргі «Ақ жол») газеті партия ұйымының хатшылығын да атқарып, басылымның бағыт-бағдары, мазмұны үшін бас редактор Жайық Бектұровпен бірдей деңгейде жауапты болған. Өзі үлгі танытып облыс экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу барысы туралы жазған мақалаларын сол кезгі газет тігінділерінен жиі ұшыратуға болады.

Соғыс уақытында қуатты қалам иелері де ерекше есепте болғанының айғағындай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Аманғали Сегізбаевқа 1942 жылы Алматы гарнизонының газетін басқару сеніп тапсырылады. Араға жыл салып майдандық газет редакциясына ауысқан, үнемі алғы шепте жүріп, журналистік дағдысымен очерктері мен мақалаларын жедел жариялап отырған жазушы 1944 жылы Кенигсберг түбінде ерлікпен қаза тапқанда небәрі 47 жаста болатын.
Әдебиетке өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары араласып, жақсы туындылар берген, от пен оқ арасында жүріп жауынгерлерді ерлікке үндеген жазушының артында қалған жазба мұраларының бір бөлігі 1977 жылы «Дала жұлдыздары» деген атпен кітап болып шыққан.

 Қазақстан Жазушылар одағындағы майдан даласынан оралмағандарға арналған ескерткіш тақтаға есімі жазылған Рахымбай Құлбаев та Жамбылдан аттанған. Өмірдеректерінде айтылғандай, Меркі ауданындағы Қостоған ауылында 1905 жылы дүние есігін ашқан. Жастайынан жетімшілік көріп, бай орысқа жалданып, күнін көрсе де ән-жырға құмартып, домбыра тартып, әнші, жыршы, ақын ретінде елге танылған. Жасы он тоғызға келгенде, 1924 жылы ғана Әулиеатаға келіп, оқуға мүмкіндік алады. Ауылына сауатын ашып оралған соң ел ісіне араласып, 1930 жылы коммунистік партия қатарына кіреді. Алматыдағы қысқа мерзімді курста оқып, оны бітіргеннен кейін аудандық жер бөлімін басқарады, партияның жұмсауымен Орал облысының Жаңақала ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында партия, кеңес жұмысында болып, ысылады. Осы жылдарда республикалық «Тілші», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде жазғандарымен көріне бастайды. 1936 жылы Одақтың бас басылымы «Правда» газеті оның Константин Алтайский аударған «Асқан дана» деген өлеңін жариялап, «Народный ақын Казахстана» деп таныстырады. Іле-шала республикалық «Социалды Қазақстан» («Егемен Қазақстан») мен жазушылар газеті «Қазақ әдебиетіне» бір топ өлеңдерін береді. 1937 жылғы 14 қазанда Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, КСРО Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы өкілі етіліп жіберіледі. 1940 жылы туған ауданы Меркіге оралып «Сталин жолы» (қазіргі «Меркі тынысы») газетінде редактор болып істей бастайды. Осында жүрген 1,5 жыл ішінде көп ізденіп, өндірте еңбек етіп, өлең, дастандар, 1916 жылғы Меркі көтерілісі туралы «Он алтыншы жыл» атты повесін жазады. Соғыс басталғанда Рахымбай Құлбаев өзі сұранып, майданға аттанған. Саяси жетекші болып, қазақ жауынгерлері арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Майдандық газеттерде өлеңдері, очерктері, мақалалары 1943 жылдың күзінде отыз жеті жастан енді асқанда ерлікпен қаза тапқанға дейін жиі басылып тұрған.

Мұрағаттан тапқан тағы бір «олжамыз» – соғыстан аман оралып, көп жыл облыстық газетте қызмет еткен, көзіміз көрген ақын, журналист Әшірбай Есмұрзаевтың «Алғашқы кездесу» естелігі. Онда 1937 жылы Талас аудандық «Екпінді колхозшы» газетінде істеп жүргенінде Жазушылар одағы ұйымдастырған екі айлық курста ақындар Кенен Әзірбаев,Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбаев, жазушы Рахымбай Құлбаевтармен бірге оқығанын жазған. Осы дерекке сүйенсек. Рахымбай Құлбаев облысымыздан Жазушылар одағына қабылданғандардың алғашқыларының легінде болып шықпай ма? Қолымызға тиген тағы бір дерек көзі – 1954 жылы өткен Қазақстан Жазушылар одағының үшінші съезінде жасалынған баяндамалар мен сөйленген сөздер енген көне кітап. Онда 1939 жылға дейін жазушылар ұйымының мүшелері 49 адам ғана болғаны тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал қазірде ғой сегіз жүзге жетеқабыл деседі…

Қалай дегенде де, осы деректер Рахымбай Құлбаевтың көзі тірісінде танымал қаламгерлер қатарынан ойып тұрып орын алғанын айғақтайды. Қолымызға тиген майданда жазған өлеңдерінен де қалыптасқан, төселген қалам іздері айқын аңғарылады. Соғысқа араласқан 1941 жылғы өлеңінің тақырыбы «Қалам – найза, өлең – оқ» деп аталады. Өкінішке қарай, өлеңді суырып салып айтып та, жазып та шығаратын, қара сөзге де шебер қаламгердің артында қалған мол мұрасы там-тұмдап жинақтарда жарияланғаны болмаса, кітап болып шықпаған. Уақыт өте келе есімі де көмескілене бастаған. Туған жеріндегілер ғана ұмытпай, Қостоған ауылындағы бір көшеге есімін берген.

Қай бір жылы ақын Өзібек Ақжолұлының мұраларын іздестіріп, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы кітапханасының қолжазбалар қорынан деректер сүзгеніміз бар. Сонда көргеніміздей, Рахымбай Құлбаевтың мұралары осында сақтаулы.

Қаламыздан майданға аттанған, төс қалтасында Жазушылар одағына мүшелік билеті болғандардың енді бірі – сол кезде-ақ жұртқа кеңінен белгілі ақын, әйгілі «Мың бір түн» хикаясын қазақша сөйлеткен жазушы Қалмахан Әбдіқадыров. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы ол соғыс басталған жылы Жамбыл қаласында жасақталып жатқан 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясы сапына алынып, әскери дайындықтан өткен. Бұл туралы осы дивизия жауынгері болған, қазірде арамызда аман-сау жүрген, тоқсан жастың төріне шыққан журналист ағамыз Сырайыл Керімбаев талай жазған.
Қырық жасында өзі сұранып әскер қатарына алынған Қалмахан Әбдіқадыров 105-ші атты әскер дивизиясының саяси қызметкері болды. Осы дивизияның «Қызыл сұңқар» атты қазақ тілінде шығатын газетінде Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиевтермен қатар қалам сілтеп, өлеңдерін, мақалаларын жариялап тұрған. Солардың ішінен «Соғыс» атты қып-қысқа, бірақ айтары көп өлеңінен үзінді келтіре кетелік:

              Соғыстың жоқ ешқандай тамашасы,

              Бір өлім, мың өлімнің арашасы.

              Соғыста өлім құлап, өмір жеңер,

              Оны сезбес пікірдің аласасы.

Даңқты жерлесіміз, талантты қолбасшы, Кеңес Одағы армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында дәріс оқыған тұңғыш қазақ Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Сын сәтте өз басын өлімге тігіп, мыңдаған қаруластарын ажалдан арашалап қалғандардың бірі Ақәділ Суханбаев ағамыздың ерлігі – осының жарқын мысалы.
Соғыс шындығын осылай жеріне жеткізе жазған Қалмахан Әбдіқадыров елге аман-сау оралып, баспасөзде, Қазақстан Жазушылар одағында, Жамбыл ақынның мұражайында қызмет атқарған. Халқымыздың көрнекті қаламгері өмірінің соңғы жылдарын туған ауылы Шиеліде өткізіп, 1964 жылы қайтыс болған.

Біздің облыстан Қалмахан Әбдіқадыровпен бірге 105-ші атты әскер дивизиясында қызмет еткендердің бірі Талас ауданының Қызыләуіт ауылында 1922 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын 1939 жылдан аудандық комсомол комитетінде қызмет етуден бастаған Мыңатай Қыстаубаев еді. Ол 1941 жылдың қазан айында елде қалуға мүмкіндік беретін бронь алудан бас тартып, майданға аттанды. 105-ші атты әскер дивизиясында саяси қызметкер болды. «Қызыл сұңқар» газетінде Қ.Әбдіқадыров, Д.Әбілов, Х.Ерғалиевтермен танысып, «Гитлердің көзі», «Тұлпарым, алға», тағы басқа да алғашқы өлеңдерін жариялаған. Польшаны азат ету, Берлинді алу шайқастарына қатысып, елге аман-есен, аға лейтенант шенінде оралып, ұзақ жылдар ауылда ұстаздық етті. Балаларға арналған өлеңдерінен тұратын кітаптарын шығарды. Бұл кісі Жазушылар одағына өтпеген. Атақ та алмаған сыңайлы. Әйтсе де, дарынды ұл-қыздарын қадірлеуде таластықтар өзге аудандағыларға үлгі-өнеге бола алады. Өмірден алпыс бір жасында өткен ұстаз-ақынның майдандағы және бейбіт өмірдегі ерлігі мен еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ. Туған ауылы Қызыләуіттегі орта мектеп Мыңатай Қыстаубаев атында.

Соғысқа Жамбыл жерінен аттанып, майданнан аман оралғаннан соң, бейбіт дәуірде жазушылар қатарын толықтырғандар туралы әңгіме бола қалса, ең алдымен көрнекті әскери қайраткер, қазақ әдебиетінде әскери-мемуарлық жанрдың негізін салған Бауыржан Момышұлының есімі аталуы заңды. Өзі тауып айтқандай, «кабинеті – ор, орындығы – жер, столы – тізесі» болған Баукең талай тамаша шығармаларының сұлбасын (эскизі дегеніміз) соғыс жылдары қалыптастырған. Атақты орыс жазушысы Александр Кривицкийдің «Красная звезда» газетінің 1944 жылғы 3 наурыздағы санында жарық көрген «Полковник Бауыржан Момышұлының көк дәптері» деген очеркі осы жайды алға тартады. Жазушы өзінің «Москва түбіндегі қарауыл» повесіне де Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшылығын негізгі өзек етті.

Ер Баукеңнен екі жас кіші жазушы Жайық Бектұров та майданға Жамбыл жерінен аттанған. Ол 1939 жылы Жамбыл облысы құрылған кезде Алматыдан облыстық газетке бас редактор болып келген. Мұрағаттан табылған естелігінде жазылғандай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті әу басында «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушілері Сейділдә Төлешов пен Григорий Череватовтарды жаңа құрылған облысқа жіберуге шешім алған. Бірақ, Төлешов сырқаттанып қалады да оның орнына басқарып отырған бөлімінің қызметкері Жайық Бектұров жіберіледі. Ал Төлешов сәл кейінірек қала іргесіндегі Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газетіне редактор болып келеді.

Қазіргі «Ақ жол» облыстық газет мәртебесін алғанда тұңғыш редакторы болған Жайық Бектұров басылымды сол 1939 жылдың қарашасынан 1942 жылдың мамырына дейін басқарған. Көп іс тындырған. Газеттің «Колхоз жолы» деген лайықсыз аттан құтылуы да осы редактордың тұсында. Өзгесі-өзге, Шу өзені бойы мен Қордай асуының тау-шатқалдарын бірнеше күн аралап Кенесары хан бастаған халық қозғалысы туралы деректер жинап «Осы екен самұрықтың өлген жері» деген очерк жазуы, оны өзі басқаратын партиялық газетте жариялауы нағыз қаламгерлік ерлік еді.

Ақмола облысы Қызылағаш ауылының тумасы Жайық Бектұров майданда дивизиялық газет редакторы болған. Елге оралған соң 1958 жылдан бастап ұзақ жыл Жазушылар одағының Қарағанды қаласындағы облысаралық бөлімшесін басқарған. Қазақ зиялылары нәубет жылдардың шындықтары туралы естелік кітаптарымен, көркем аудармаларымен жақсы танылған. Сексен алты жасында, 1998 жылы Қарағандыда қайтыс болды.
«Сүрлеуімен соғыстың, келеміз жүріп ілгері» деп жырлаған Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы, 1919 жылы дүниеге келген Балтабай Адамбаев майданда рота командирі болды. Жазушы мұрағатында майдандық «Боец РККА» (РККА- қазақшалағанда «Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы» дегеннің бас әріптері) газетінде саяси бөлім бастығы В. Минке дегеннің «Қазақ батыры» аталатын мақаласының қиындысы сақталып қалыпты. Онда лейтенант Адамбаевтың жаудың тұтқиылдан жасаған шабуылын тойтаруда ерлік үлгісін танытқаны айтылады. Жеңіспен елге оралған майдангер ақын, жазушы, ғалым ретінде танымал болды. Өлең жинақтары, деректі әңгімелер мен повестерінен тұратын кітаптары шыққан. Шешендік сөздер нұсқаларын қажымай-талмай іздестіріп, кітаптар, жинақтар шығарған. Туған жеріне ат ізін салған сайын бір кез тырнақалды өлеңдерін жариялаған облыстық газетке де бас сұғып тұратын жазушы-ғалым 1990 жылы өмірден озды.

Талас өңірінің тағы бір ұланы Шона Смаханұлы жасы он сегізге толар-толмас кезде солдат шинелін киіп батысқа аттанып, жорық жолдарынан аман оралған. Елде ұстаздық етіп жүріп Сталиннің және оның шаш ал десе, бас алатын серіктері аман-сау, ал облыстық газет «Сталиндік жол» аталатын кезде «Біздің тіл» өлеңін осы басылымда жариялауы көзсіз ерлік емей не? Таңғаларлық жай – Шона ақынның аталған өлеңі облыстық төртінші партия конференциясының ашылуы туралы хабардың астына, бірінші бетке берілген. Онда «Жер жүзінде жетілген, бірінші тіл – біздің тіл» деген жолдар бар. Кейін сатирик ретінде кеңінен танылып, жазушылық билетін алған соң да Шона ақын қазақ тілі үшін күрескен, қазақ мектептерін ашқан батыр ретінде танылды.
Көрші Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар басшылық қызметте болған жазушы Әбжапар Жылқышиев та майданға туған жері қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан аттанған. Соғыстың алдында және майданнан аман оралған соң осы ауданда қызмет істеген. Құлан жеріндегі бір ауыл қазақ әдебиетінен өз орны бар жазушы атында.
Қордайдың Шарбақты ауылында 1925 жылы дүниеге келген Сансызбай Сарғасқаев – қару асынып, соғысқа қатысып оралған қаламгерлердің бірі. Шығармалары негізінен жас жеткіншектерге арналған. Танымал жазушының әңгіме, повестері, романдары жақсы бағасын да алған. Жазушы 1995 жылы өмірден өтті.

Тараздың қасиетті топырағынан жаралған жазушылар туралы сөз қозғаған соң, тағы бір тың деректі айта кетудің реті келіп тұр.

Соғыс тарихында аса маңызды рөл атқарған Курск иініндегі алапат танкілер шайқасын ардагерлер естеліктерін тыңдаған газет оқырмандары жақсы білер деп ойлаймыз. Осы шайқас туралы жазылған, жоғары баға алған «Танки идут ромбом» романының авторы Анатолий Ананьев біздің Таразда, Әулиеата атанып тұрған кезінде 1925 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі Андрей Петрович 1914 жылы Ресей жерінде солдатқа алынып, кейін басмашыларды жоюға қатысып, Жұмысшы Шаруа Қызыл армиясы қатарынан босағанда Әулиеата қаласын ұнатып, тұрақтап қалған. Бала Анатолий осылайша әулиеаталық болып өсті. Қатар құрбылары сияқты он сегіз жасында өзі сұранып соғысқа аттанды. Әскери училищенің қысқа мерзімді курсынан өтіп, офицер шенінде ұрысқа кіріп, барлық тозақты бастан өткерді. Оның кітаптары шыншыл келетіндігі, жоғары бағаланатыны осыдан. Ұлы Жеңіс сағаты соққанда ешқайда бұрылмай Жамбыл қаласына келген. Ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Алматы ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, Жамбыл аудандық жер бөлімінде агроном, Гродиково селосындағы сорт сынау учаскесінде меңгерушісі болып істеген. Бір мезгілде жазумен айналысып, жазғандарын жариялап тұрған. Өзі басынан өткерген алапат ұрыс-Курск шайқасы туралы жазған романы тез-ақ оны талантты жазушылар қатарына қосып, Мәскеуге шақырылады, КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, одақтық аса беделді «Знамя» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, кейін «Октябрь» журналының бас редакторы болады. Ресей мемлекеттік сыйлығы, 1984 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. 2001 жылы өмірден озып, Мәскеуде жерленген.

Жамбыл өлкесінің перзенті Анатолий Ананьевтің атақты романы «Танки идут ромбом» қазақ тіліне де аударылып, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан «Тойтарыс» деген атпен көп таралыммен шығарылған.

Тізе берсек, облысымыздан шыққан, әр жылдарда осында болған жазушылардың тағдыр-талайына қатысты жинаған қызықты деректеріміздің бір парасы осындай. Олардың шығармалары, әсіресе, соғыстан оралмаған ақындардың, солардың ішінде жоғарыда айтылған Рахымбай Құлбаевтың, Кененнің сүйікті шәкірті болған ақын, әнші Шолпанқұл Сейітовтің, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың кейіпкері Сарысу аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген жерінен ұрыс даласына аттанған Шазада Әтееевтің, басқа да боздақтардың майдан даласында жүріп жазған өлеңдері жас ұрпақ бойына қасиетті зерде сезімін, отаншылдық рухты дарытар қасиетке ие.
Тағы да дерекке жүгінсек, осыдан жарты ғасыр бұрын, Жеңістің 20 жылдығы мерекеленген 1965 жылдың 31 қаңтарында Бауыржан Момышұлы «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы «Майдандас достарға ашық хатын» жариялаған екен. Ерлік елеусіз қалмасын, деп бастап майдангерлер естеліктерін, құжаттарын жылы бүркеп, сақтап қоймай, ұрпаққа үлгі-өнеге етуге шақырған. Өйткені ол бірдің емес, көптің мүддесі, тарихтың мүддесі үшін керек, деген. Батырдың осы өсиетіне адал жерлестері бұрын да, қазір де аз тірлік тындырған жоқ. Өткен жылдарда облыстық әкімдіктің қолдауымен от ортасынан оралмағандар туралы жеті томдық «Боздақтар», ал майдан даласынан аман-есен қайтқандарға арналған «Ардагерлер» кітаптары шығарылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ойластырылған шаралар аясында майдандарда қаһармандық танытқан жамбылдықтар туралы сыр шертетін деректі әңгімелер, очерктер, өлең-жырлар мен құжаттар, фотосуреттер жинақталып, кітап болып жарық көрсе, құба-құп.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

журналист, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

«Ақпарат және талдау» орталығы шығармашылық даму бөлімінің кеңесшісі.

                                                                                   Ақ жол. – 2015. – 29 қаңтар(№ 11).  – 5 б.