Отқа оранған 10 жыл

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай, Абай атындағы орталық кітапханада «Отқа оранған он жыл» атты кездесу кеші өтті.

Іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері Дүйсенәлі Қалабаев, Марат Әмірбеков, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы жеке құрамының бөлімше старшинасы, аға сержант Жаңабек Панабаев, бөлімше офицері, аға лейтенант Азамат Қадырғазиев, кітапхана меңгерушісі Камила Абсеметова және бөлімше сарбаздары қатысты.

Ауған жерінде оқ пен от арасында алысып, елге дін-аман оралып, бейбіт күнде еңбек еткен азаматтардың айтары мол. Кеш барысында ардагерлер өткен күнді еске алып, кітапхана оқырмандарымен тағылымды ой бөлісіп, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, қашанда Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.

№39 мектеп-гимназиясының 7 «А» сынып оқушылары Кәусар Еркінбекқызы, Дана Сыпатай Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың «Ауғанда болған ардагер», «Армысыңдар, ауғандық ардагерлер» атты жырларын оқыса, Ерасыл Жұмаділда сазгер Жарасқан Төлебайдың «Мен қазақпын» әнін, «Шұғыла» би тобы «Қазақ биін» билеп, «Шабыт» домбырашылар ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап берді.

Кеш барысында кітапхана ұжымы атаулы күнге арнайы «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, Ауған соғысының ардагері Аманкелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» атты еңбегіне библиографиялық шолу жасалды.

Арайлы  Жақсылық

Aq jol. – 2024. – 15 ақпан