Қырық өтірік. Ертегі

Қырық өтірік – қазақтың халық әңгімелерінің ішіндегі ең бір көпке мәлім түрі. Бұл әңгімені ерте күндерден бері қарай, халықтың кәрі-жасы түгел біледі деуге болады.

Құрметті балақайлар, сіздерді суретші, жазушы Қабдырахман Отарбайдың «Қырық өтірік» атты ертегі кітабын ұсынамыз:

Қырық өтірік [Мәтін] : ертегі / [сурет. Қ. Отарбай]. – Алматы: Арда+7, 2023. – 80 б.

Мұнда қырық деген сан жай ғана өтіріктің көптігін көрсеткен мөлшер сан. Шынында, осы басылған әңгіменің қара сөзбен айтылған түрін алсақ та, өлеңмен айтылғанын алсақ та, қырық қана өтірік боп тоқтамайды. Қайта қырықтан сонағұрлым көп болады.

Қазақтың белгілі ертегілерінің бірі де бірегейі «Қырық өтірік» балалардың сүйіп оқитын шығармасына жатады. Бұл ертегіде патшаның алдына келген Тазша баланың судырлатып өтірік әңгіме айтуы және оған шындықты қоспай, жалған оймен өз өмірін қиыстыра, қияли тұрғыдан биік өреде суреттеп беруі кім-кімді де таң-тамаша қалдырады.

Бала қиялын шарыртата байытатын «Қырық өтірік» ертегісі халқымыздың бай мұрасы ғана емес, жалпы ой-санасының телегей-теңіз тереңдігін, ұшқыр сезім мен қуатты ойдың иесі екеніне көз жеткізе түседі. Бала тәрбиесіне ерекше ықпал ететін заңғар ертегі дейміз.

Ертегі мазмұны негізінде белгілі суретші, жазушы Қабдырахман Отарбай сюжетті суреттер салып шыққан. Кітапқа сол суреттер қолданылды.