Туған топырағы қайраткерді еске алды

Ақын-драматург, белгілі қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туғанына биыл 85 жыл. Қайраткерді ұлықтау мақсатында байзақтық жерлестері де еске алу кешін өткізіп, биік тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен сағыныш пен сырлы сезімге толы әдеби еске алу кеші «Алаштың ақиқатшыл Арғынбайы» деп аталды.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, Арғынбай Бекбосынның ұлағатқа толы, тағылымға бай еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ ол Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Хасенқызына қамзол кигізіп, ақ орамал сыйлап, аудан әкімінің атынан құрмет көрсетті. Кешке қаламгердің ұлы Абай мен қызы Жанерке де қатысты.

Кеш барысында Марал Жанбаева «Менің әкем» әнін орындаса, әнші Әлмахан Исабаев «Байзақ жері» (сөзі мен әні Қасқырбай Нарбатырдікі) әнін мәніне келтіре шырқады. Келесі сәтте Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев сөз сөйлеп, қайраткер қаламгердің жазу шеберлігіне, әсіресе рубаяттарында үлкен ойды төрт жолға сыйғызып жіберген шеберлігіне таңдай қағатынын айтып, ақынның рубаяттарынан бірнеше шумағын жатқа оқып берді.

Ақын-драматургтің рухани інісі, жүз жылдық тарихы бар «Аq jol» газетінің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы да еске алу шарасында кеңінен көсілді. «Ар-аға» атты кітап жазған Тұрсынхан Толқынбайұлының сөздерін байзақтықтар жылы ілтипатпен қабылдады.

Ал, ақын Қасқырбай Нарбатыр оқыған «Алаштың Арғынбайы» атты өлеңді көпшілік сілтідей тынып, тыңдады.

Ал аталған мәдениет үйінің және «Шахан» халықтық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков сәті келгенде Арғынбай Бекбосынның Ақәділ Сухамбаев жайлы жазған «Батырдың монологы» атты шығармасынан үзінді орындап, көптің қошеметіне бөленді.

Мұнан соң аталған мәдениет үйінің әншілері де ақынның рубаяттарын оқыды. Арғынбай Бекбосынның туған жері – Қосы батыр ауылында орналасқан Қарасу орта мектебінің оқушылары да ақынның өлеңдерін, рубаяттарын жатқа оқып, жерлес тұлғаға деген құрметтерін көрсетті. Әнші Динара Диханбаева «Қандай адам», Гүлназ Әлімқұлова «Біздің елдің жігіттері», Манзура Көбеева «Арман», Жанат Сәлімбаева «Көзіңнің мөлдірін-ай» әндерін жүректерге жеткізе орындады.

Әдеби-сазды кеш соңында әнші Әлмахан Исабаев Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін шырқады. Әннің қайырмасына бүкіл әншілер қосылып, тіпті көрермендер де бірге шырқап, сахна мен көрермен арасында керемет үйлесім орын алды. Көпшілік тік тұрып ұзақ қол соғып, құрметтерін аяған жоқ. Бұл құрмет – Арғынбай Бекбосынның рухына да көрсетілген құрмет еді.

 Есет ДОСАЛЫ. Байзақ ауданы.

        Ақ жол. 2022. – 21 маусым