Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов
Желмаядай желдірте жететін, жемістері желкілдей пісетін жетпіс деген мәуелі жасқа адам баласының ажары таймай, адымы талмай жетуінің өзі бір ғанибет қой. Осындай еңселі де елеулі жасқа келген, ел ықыласына бөленген өңіріміздің ардақты азаматтарының бірі – Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіповтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен қалам тартқанды жөн көрдік.
Жасынан білімге құштар болып өскен жас Алдиярбек орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түсіп, 1973 жылы құрылысшы инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп шығады. Еңбек жолын «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болудан бастап, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі.
Жаны жаз, жүрегі сәулелі, істеген ісі тиянақты азамат қызмет қуған жоқ, оны қызметтің өзі іздеді. 1979 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы Орталық аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, онда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болған Алдиярбек Әли-Асқарұлы саяси сауатты, жан-жақты, ісіне адал қарайтындығын таныта білді.
Өзіне сенімді, ары таза, досқа адал, көпшіл тұлға болып қалыптасқан, қабілет-қарымын шыңдай түскен осынау азамат бұдан кейін 1983 жылы Орталық аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Алты жыл бұл қызметті мінсіз атқарған тәжірибелі кадр ретінде жоғарғы басшылықтың ұйғаруымен 1989 жылы Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып ауыстырылады. Бұл жерде де химия өнеркәсібінің шикізатын дайындауда зор рөл атқаратын өңірде адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене кірісті. Тұрғындарды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде іскерлік танытты. Қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде өзіне қойылған талаптан шыға білді.
1992 жылы Алдиярбек Әли-Асқарұлы Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы, көп ұзамай қаланың тұңғыш әкімі болғанда абыройы арта түсті. Зауыт, фабрика, комбинат атаулының жұмысы тоқтап, бюджеттік сала мамандары күнкөріс үшін жабайы базар жағалап кеткен мұндай уақытта қаланы басқару өте күрделі көрінді. Ескі әдіспен іс бітіру мүмкін емес еді. Ең алдымен қаланы дамытудың жоспары жасалды. Ірі кәсіпорын басшыларына талап қойылып, бюджет алдындағы қарызды өтеу мерзімі белгіленді. Бойкүйез, монополист атқамінерлер қарсылық танытып, селкілдеді, сілкінді. Бірақ, амал жоқ, міндеттемеге көнді. Жағдай түзеле бастады. Қала басшысы ішкі резервтерді дұрыс жұмсай білудің арқасында экономикалық ауыртпалықты біртіндеп жеңіп отырды. Ең бастысы, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барын салды.
1996 жылы облыстық экология басқармасының басшысы болып тағайындалған Әлекең байсалды, істің мәнін жетік білетін азамат екендігін байқата білді. Бұл кезеңде электр қуаты, табиғи газ тапшылығы салдарынан ел жол бойындағы ағаштарды отай бастады. Экологиялық апатқа алып баратын бұл іске тосқауыл қоюға қатаң шаралар қолдануға тура келген кездер де болған. Бірақ, Алдиярбек Әли-Асқарұлы мәселені адами тұрғыдан шеше білді. Осы қызметтің орынтағында отырған сегіз жыл ішінде іскерлік, азаматтық бейнесі ашыла түскен тұлғаға тағы да зор сенім көрсетіліп, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы Парламентте табиғат қорғау, экология жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде салада жаңа Заң қабылдауына, оның заманауи талаптарға сай болуына белсене атсалысты.
Депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін 2008-2010 жылдар аралығында қайтадан облыстық экология басқармасының басшысы Алдиярбек Түсіпов табиғат жанашыры ұстанымында қоршаған ортаны ластаушылармен ымырасыз күресе білді.
Алдиярбек Әли-Асқарұлы сеніп тапсырылған қай қызметте де өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен мәртебесін биіктете білді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де құр қарап отыруды құп көрмей, қаламыздың дамуына ары қарай да үлес қосуды жалғастыру мақсатында 2015 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінің тізгінін ұстады.
Оның бастамасымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғау және қолдау бойынша бірқатар қоғамдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осындай келелі істердің нәтижесінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі орталық кеңесінің байқауында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі бас бәйгені иеленсе, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атануы Әлекеңнің кемелдігінің бір асуымен қатар, оның азаматтық келбетінің де айшықтала түскенін аңғартады.
Алдиярбек Әли-Асқарұлы мінезге бай, ашуын артта, ақылын алда ұстайтын, жаны жайсаң, ізгілікті жан. Еш уақытта да дауыс көтеріп сөйлеген емес. Әңгімелесе кеткен адамымен жеңіл тіл табысып, сыйласқанмен сыйласа біледі. Сондықтан да ол жүрген ортасында өте сыйлы.
Ақпейіл, жаны таза, жүрегі жомарт, биік парасаты мен уәдесіне берік, шындық жолынан таймаған, жақсыға жалынбаған, жаманға табынбаған, адамгершілігі мол, иманды, ұлтжанды азамат осындай айтулы жасқа алаңсыз көңілмен, алғысқа бөленіп жетіп отыр.
Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы Алдиярбек Әли-Асқарұлының бар болмысы осындай. Ел-жұрты үшін жаралған кең пейілді тұлға ретінде танылған Әлекең Құдай қосқан қосағы Айша екеуі дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан сүйікті немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі де бақытты отбасы.
Алдаберді Мақашев
Ақ жол. – 2017. – 9 қыркүйек