Елін сүйген ер тұлға — А. Асқаров

Елін сүйген ер тұлға — А. Асқаров

        Өткен ғасырда өмір сүріп, халқына адал қызмет еткен алыптардың ішінде Асанбай Асқаров ағамыздың алатын орны ерекше. Ол кісі еліне сіңірген ерен еңбегімен, тындырған таңғаларлық тірліктерімен, бітірген игілікті істерімен, артына қалдырған ізгілі іздерімен ерекшеленеді. Асекең қайталанбас бір туар дана, дара, ірі тұлға болды. «Асқаров — аңыз адам, Асқаров — феномен» деген ел ішінде кең тараған түсініктер тегіннен-тегін емес.

        Ұлы адамдар өз тұлғасының тұғырын өзі соғады, ал ұрпағы оған тек ескерткіш қояды. Асекең өз тұлғасын өзі жасаған, сөйтіп көсемдік биік деңгейге көтерілген азамат. Ағамызды бір көрген адамның өзі оның білімпаздығын, зиялылығын, парасаттылығын, ойының тереңдігін, өрісінің кеңдігін, рухының биіктігін байқайтын. Бұл жалт еткен өткінші көрініс емес — ол кісінің бойына біткен, қанына сіңген, өзі өмірлік қағида ретінде қалыптастырған қадірлі де қастерлі қасиеттері.

Асқаровты аса көрнекті қайраткер ретінде биікке көтерген осы қасиеттердің ішіндегі ардақтысы да, асылы да  еліне, жеріне, халқына деген сезімі, сүйіспеншілігі. Қазақтың қамын, халқының бағын ойлаған, ұлтының рухын байытқан, жұртының жоғын жоқтаған азамат Асекеңдей-ақ болсын. Оған мына өзегін жарып шыққан өзінің өлеңі куә:

 Мен елімнің перзентімін, гүлімін

 Арқа сүйер азаматы — ұлымын.

 Еліме мен аямаймын жұмсаймын,

Ғұмырымның мағыналы шырынын.

Асекең елім деп, жерім деп жүріп еңбек етті. Сол ерен еңбегінің арқасында еліміздің өсіп-өнуіне, Қазақстанның өркендеп-дамуына орасан зор үлес қосты. Өзі бұл туралы былай дейді:

Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері — егінге, қыры — малға толсын деп.

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Елбасына бақыт құсы қонсын деп.

Қандай дәл анықтама. Бұл Асанбай ағамыздың өмір сүру қағидаларының алтын діңгегі.

Асекең тек өз басы ғана халқына қызмет етіп қойған жоқ, осыған барлық жастарды, шәкірттерін баулыды. Өз ұл-қыздарын, немерелерін де осы рухта тәрбиеледі. Ұлы Бақытжанға арнап жазған өлеңінде:

Қызығыңды көрсем деп,

Қызғыштай қорғап өсірдім.

                      «Елдің ұлы бол сен» — деп,

Қаталдау болсам кешіргін.

Міне Асекеңнің әкелік, аталық ниеттілектері тағы да еліне келіп тіреледі.

Осы тұста мына оқиға есіме түседі. Асекең өмірден озардан біраз күн бұрын көңілін сұрап емханаға бардым. Қасында Бақытжан бар екен. Әжептеуір уақыт әңгімелесіп отырып қалдық. Оның арасында Қазақстанның әр тұсынан келген азаматтар кіріп-шығып көңілін сұрап-сәлемдесіп, Асекеңнен көрген жақсылығын, тиген шапағатын айтып жатты.

Соңда Бақытжан: «Папа, барлық елден жақсылығыңызды аямадыңыз, бәріне қол ұшын беріп көмектестіңіз. Ал өз балаларыңызға келгенде неге таршылық жасадыңыз», — деді. Асекеңнің жауабы: «Бақыт, сен менің өз баламсың, егер мен елді ойламай сендерді ойласам, онда менің кім болғаным».

Міне, Асекеңнің шын табиғаты, шынайы болмысы.

Асанбай ағамыздың әділеттілігі, адалдығы, туралығы, тазалығы бәрімізге үлгі болатын. Еліне, халқына адал болды, Отанына, партияға адал болды, достарына, туыстарына адал болды, отбасына адал болды. Сондықтан да жала мен өсекті жек көрді, олардан жиіркенді. Жазықсыздан жазықсыз қапасқа түскенде Асекеңнің өзегін өртеген де осы орынсыз жабылған жала, жағылған күйе болатын.

Өтірік өсек жаланың,

Құрбаны болып барамын.

Тасқа барып тірелді,

Тасыған таудай талабым, — дейді өзі.

Жала деген пәле әрдайым жақсыны табады емес пе, құрт та жемістің көріктісін таңдайды ғой. Бірақ Асекең арын таптатпады, намысын бермеді. Тар қапастың ішінде де адалдықты, адамдықты өзек етті. Сол бір қияметтің кезінде жүректен шыққан мына жан сырына құлақ қояйық:

Бала емеспін көн дегенге көнем бе,

Жанымды аяп жалған жауап берем бе?

Соным үшін… «ал босадың» дегенде,

Қай бетіммен қарай алам мен елге.

                       О туған ел, зиялылар, асылдар,

Тыңдаңыздар үлкенің бар, жасың бар!

Мен елімнің дақ салмаймын арына,

Олай десең, өздерің-ақ басымды ал.

Ары мен намысына жанын пида етуге дайын, адалдық пен әділдік үшін тозақтың бар азабына төзген, сөйтіп жүріп өз басы емес халқының ары мен абыройын ойлаған азаматты қалайша қадірлемеске, қалайша батыр демеске.

Адалдық пен тазалық Асанбай ағамыздың өмірінің өзегі, ғұмырлық кредосы болатын.

Екеу болса адал жан бірі менмін

Майда-шүйда емеспін іріденмін,

Реті келер ме екен осы мені

Тұрлауы жоқ дүниенің құлы деудің.

Бұл Асекеңнің өз сөзі. Ағамыздың аузынан мен өз құлағыммен естіген небір асыл сөздер бар бұл туралы.

Мына нақыл сөзді жиі қайталайтын: «Ұлы болсаң жақсының, құлы болма нәпсінің. Нәпсіні тыя білу керек, оны билеп жеңген абзал. Әр адамның өзінің әділ соты болуы керек — ол оның ар-ұяты. Соны өлтіріп алмаңдар», — дейтін.

«Шіркін, әділдік күшті болса, ал күш әділетті болса халықтың көсегесі көгерер еді ау — деп қоюшы еді сөз арасында. — Өзін-өзі түсінген дана, өзін-өзі жеңген қаһарман», — деп отыратын. Енді ойлап қарасақ, Асекең өзін айтыпты ғой, әрі дана, әрі қаһарман болып өтті емес пе өзі бұл өмірден.

Осы тұста мынадай ой тастағым келеді. Асекеңнің ауыз екі айтқанымен жазылмаған, халыққа жетпеген ой-пікірлері көп. Ол өз заманына, замандастарына берген әділ бағасы, қоғамға, өмір сүрген ортасына деген философиялық көзқарастары, тарих тарауларын таразылау әдістері, болашаққа арнап айтқан болжамдары,тағы сол сияқты рухани қазыналары.

Оның себебі, сырласып отырған сәттерде ағамыздың жүрегінің түкпірінен шымырлап шыққан шынайы сезімдерін, толғау-тебіреністерін, ұшқыр ойларын, нақыл сөздерін, әдемі әзіл қалжыңдарын уақытылы жазып, қағазға түсіріп отырған жанында ешкім болған жоқ. Ол кісінің өзі де бұған мән бермепті – шексіз қарапайымдылығынан болар. Ал біз болсақ, ағамыз арамызда мәңгі жүре беретіндей көріппіз.

Енді осы «әттеген-айдың» орнын толтыру үшін Асекеңмен жақын араласып, сырлас болған азаматтардан ағамыздың айтқан асыл сөздерін, үзік сырларын там-тұмдап жинап, жүйелеп, жарыққа шығарып, халқына жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бізде қызметтен кеткен көсемдерді дәріптеп жатуға тым салғырт қарайтыны рас. Ал бұл санатқа Димекең мен Асекең кірмей кетті. Өйткені, олар алыптар, кемеңгер-ғұламалар еді. Асекеңді халқы тірі кезінде ақ аялап алақанына салды. Абзалдығын, азаматтығын, артықшылығын мойындап, таудай талантын тани білді. Әсіресе, Асекең қапастан босап келгеннен кейін, халқының оған көрсеткен қошеметінде шек болмады. Ағамыздың ерлігін, мықтылығын, шар болаттай шыныққан шымыр төзімін елі аңыз ғып айтты. Әрбір қазақ Асекеңді құрметтеп, өз көңілінде хан көтерді. Ал өмірден өткен соң аруағына арнап жазылған естелік кітапты «Халық перзенті» деп атады. Бұдан жоғары баға, бұдан биік мәртебе бола қоймас. Ұлының халқына, халқының ұлына деген сүйіспеншілігі осындай ақ болғай.

Асқаров алыптығының тағы бір қыры – ол тек қана дарынды басшы, дара тұлға ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар, мәртебесі биік Ұлағатты ұстаз болды. Қазақтың талай-талай талантты ұл-қыздарын тәрбиелеп баянды басшылыққа баулыды, үлкен орбитаға шығарды. Асекеңнен дәріс алған, үйренген, шапағатын көрген шәкірттері жүздеп, мыңдап саналады. Партияның сол кездегі әділ принциптеріне негізделген бұл жүйе «Асқаров мектебі», «Асқаров университеті»  деп аталды кезінде. Асекеңнің даналығы да, ұлылығы да өзінше ерекше еді. Ұлы адам уақытынан оза жүреді дейді ғой. Барлығы шектеулі, жазылған жарғымен ғана жүретін заманда Асекеңнің көптеген ізгілікті істері өз уақытының шеңберіне сыймаған секілді. Сол үшін таяқ та жеді. Ол кісі болашақ заманды ойлады, өтіп жатқан өмірге келешектің көзімен қарады. Өзі шыққан биігіне басқаларды тартты, олардың санасына сәуле, жанына жылу, көкірегіне нұр төгуге тырысты. «Адам қамын ойлаған саналылықтың белгісі, заман қамын ойлаған даналықтың белгісі» — дейді. Асекеңнің тұлғасында саналылық та, даналық та берік орын алған еді.

Ұлы адамның ұлылығы ұсақ-түйек ісінен де байқалады. Ал ағамыздың тірлігінде ұсақтық болмайтын. Майда сөйлемейтін, майда тірлік істемейтін. Ұлылығы әр сөзінде, әр ісінде, басқан қадамында, қалдырған ізінде болатын. Тұла бойы толған ұлылық пен ірілік. Осындай ұлылықтың тағы бір көрінісі — «Ұлы Тұранның ұлдары» деген еңбегі. «Мен олардың өмірбаянын емес ұлылығын дәріптеймін», — дейтін Асекең ол кітапты жазу үстінде. Осы еңбекті ұқыпты оқыған адам мұны аңғарған болар. Ұлылардың құдіретін өзі ұлы адам ғана түсінеді емес пе. Енді міне Асекең өзі дәл сол ұлылардың қатарына барып қосылды. «Бақытқа белшесінен батқан бүтін өмір болмайды, бақыт деген санаулы сәттер ғана» — деген сөз бар. Ал мен айтар ем, бұл дүниеде Асекеңнің жолы болды, өмірі бақытқа толы болды (төрт жыл тозақ жылдарынан тыс әрине). Өйткені, халқының шексіз махаббатына ие болды, ерен еңбегін отаны, өкімет, партия өте жоғары бағалады, Еңбек ері атанды, омырауы орденге толды. Артында ізгілікті істерінің ұмытылмас іздері қалды.

  Ер жігіттің бақыты отбасынан басталады деген ғой. Ағамыз от басында бақытты болды. «Үйі құтты ер-азамат бақытты, жолықтырса адал жарды — жақұтты», — депті шығыстың бір ғұламасы.

             Сол адал жары, жақұты Фатима Галиевна — сенімді серігі, өмірлік досы болды, отбасының берекесі, қамқоршысы, ақылшысы болды. Жақсылықта қуанышы, сүйеніші, қиналғанда жұбанышы, тіреніші болды. Әзір де Асекеңнің отын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай, атын аялап, абыройын асқақтатып отыр. Барлық Асқаровтар әулетінің пірі де, тірегі де тілегі де осы Фатима жеңгеміз.

Балалары, немерелері Асекеңнің өсиетін орындап еліне адал қызмет атқарып жатыр. Бұдан артық адам баласына қандай бақыт керек. «Өсиеттей өлмейтін артымызға сөз қалдырсақ, мына жалған дүниеден өкінбей өттік дер едім», — деп жазды Асанбай Асқаров. Ағамыздың артында асыл сөздері ғана емес, еш уақытта ұмытылмайтын, өмірі өшпейтін игілікті іздері қалды. Асекеңнің ұрпаққа айтқан өлмес өсиеті де болды, достары тұрмақ дұшпандары бас иген қадірлі қасиеті де болды. Абзал ағамыздың осы алып бейнесі, дара тұлғасы, ғибратты ғұмыры елінің есінде, халқының жадында, жұртының жүрегінде, көптің көңілінде мәңгі сақталмақ.

Ал біз болсақ — Асекеңнің кең дария ақылының аясында өсіп ер жеткен, жүрегінің жылуын сезініп, жанының шуағына шомылып, көңілінің нұрына бөленіп, рухының биігін бойлап есейген ұрпақ өкілдері, Алаштың арысы, ұлтымыздың намысы болған асыл ағамыздың абзалдығын, алыптығын, даралығын, даналығын өзі үлкен үміт артып, асқақ арманын арнаған болашақ ұрпаққа дәріптеп жеткізуіміз керек.

Көпжасар Нәрібаев

Шәкірт інісі, ҚР ҰҒА академигі

Қазақ әдебиеті. – 2012. — 7 қыркүйек. — 7 б.