Қазақстанның Еңбек Ері – Мұқаш Ескендіров
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Тәуелсіздік алғанмен, тәуменділіктен әлі арыла қоймаған кез. Бұрынғы он бес республиканы бір-біріне байлап, матап тастаған кеңестік саясаттың экономикалық құрсауы быт-шыт болып, өздері де, өнімдері де ешкімге керексіз болып қалған. Зауыт, фабрикалардың жұмыстары тоқырып, тоқтаған.
Жамбыл облысының өнеркәсібін жалғыз дара сүйреп келе жатқан Жаңа Жамбыл Фосфор Зауытының басына да бұлт үйірілген. Қысқарды, ұсақ-түйек сауда-саттыққа кетті дегендей, өңірімізде енді қалыптаса бастаған жас жұмысшы табы – қазақтар қырғи кеп шүйліккен қаздың тобындай көз алдымызда тоз-тоз бола бастаған. Зауыттарыңа ие боламыз, қыруар қаржы саламыз, сөйтіп көсегелеріңді көгертеміз деп кеудесін ұрып келгендер де кері кеткен істі қалпына келтіре алмады. Қайта істің ыңғайын білетін мамандарды жұмыстарынан шеттетті.
Міне, осындай қиын-қыстау кезде зауыттың екі тізгін, бір шылбыры Мұқашқа тапсырылды. Мұқаш Зұлқарнайұлы еңбек жолын осы зауытта бастаған. Сонау 1982 жылы Шымкенттегі химия-технологиялық институтын бітірген заматта Жамбылдағы химия зауытына ауысым шебері болып жұмысқа тұрған. Зауыт құрылысының екінші кезеңінің екпінді құрылысы жүріп жатыр екен, жас маман бірден еңбекқорлығымен көзге түсті. Сол аянбай төккен тердің арқасында 10-15 жыл ішінде ауысым шеберінен цех бастығы, зауыт партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары деген қызметтік жолдан өтті. 1996 жылы басшылыққа шетелдік компания өкілдері келіп, білікті мамандардың барлығын жұмыстан шығарып жіберген сорақылықты да өз көзімен көрді. Жұмыс тоқтады. Жалақыларын айлап, жылдап ала алмаған Қаратау, Жаңатас кеншілері ереуілге де шықты.
Ақыры инвесторлар кетіп тынды. Мұқашты 1998 жылы еңбек жолын бастаған ұшқан ұясына басшылық қызметке шақырды. Қаусағалы тұрған дүниені қайта құрастырғанмен бірдей қиын жұмыс еді бұл. Өйткені бір-екі жылдың ішінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен алып өндіріс орнын қайта қалпына келтіріп, ырғақты жұмыстың құлақ күйін табу оңай шаруа емес болатын. Тоқырау Қазақстанда, оның бір пұшпағы – Жамбылда ғана емес, бұрынғы Кеңес одағынан бөлініп шыққан өзге мемлекеттердің де «бас ауруына» айналған. Ал Жамбыл химияшыларының өнімін сатып алатын солар еді, сондықтан қаржысы жоқ олармен байланыс үзілген екен. Бірақ Мұқаш Зұлқарнайұлы бір кездері зауыттың сыртқы экономикалық қызмет саласына жетекшілік еткен тәжірибесіне сүйенді. «Ескі достарымен» келіссөздер жүргізді. Экономикалық байланысты жаңғыртып, оның керегесін қайтадан нығайтты. Ұзын сөздің қысқасы, зауытты төрт аяғынан тік тұрғызып, бұрынғы орнына қойды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білікті саясатының арқасында орнықты инвесторлармен келісіп, бірнеше зауыттың басын қосып «Қазфосфат» компаниясы құрылған кезде химияшылардың жолы бұрынғыдан да жарқырап ашыла түсті.
– Біздің өнімдеріміз экспортқа негізделген. Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасы біз үшін өте зор. Бірақ бәсекелестеріміз де көп. Қытай, Вьетнам, Үндістан, Ресейде үлкен бәсекелес компаниялар бар. Дегенмен, өнімімізге сұраныс бар. Өнімдеріміздің 94 процентін Үндістан, Еуропа, ТМД және басқа мемлекеттерге сатамыз. Әйтеуір, жерде қалып жатқаны жоқ. Әлемнің 33 еліне экспортталады.
«Қазфосфат» құрылған 14 жылдың ішінде 380 миллиардтан астам теңгенің тауарын өндіріп, Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі көшбасшы компанияға айналдық. Өндіріске осы мерзімде 46,5 миллиард теңге инвестиция құйдық.
Бұл – Мұқаштың сөзі.
Мұқаштың өзін де, сөзін де жамбылдықтар жақсы біледі. Жамбылдықтар ғана емес, республика халқы, одан ары өзінің шетелдердегі әріптестері де бағалап, қадірлейді. Құрмет тұтады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы қарапайым ауылдағы қарапайым отбасында дүние келіп, білімін Жамбыл өңірінде жалғастырып және осында қалып еңбек еткен Мұқаш бүгінде сол еңбектің ең үлкен жетістігіне жетіп, жемісін көріп отыр. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің ең жоғарғы наградаларының бірі – Еңбек Ері атағымен марапатталды. Оны Елбасы өз қолымен тапсырды. Міне, еңбекке көрсетілген лайықты құрмет. Халқымыздың «Еңбек етсең – емерсің!» деген сөзі де осындайда айтылса керек. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған салтанатты жиында мұны ерекше сезіммен толқып тұрып айтты.
Шынында, сонау кеңес өкіметі дәуірінен бері мұндай зор атаққа өңірімізден ешкім ие болмапты. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, облысқа Кәрім Нәсбекұлы әкім болып тағайындалғалы бері көптеген игі істер қолға алынып, бұқараны «Бәрекелді!» дегізетін көптеген әлеуметтік жаңа нысандар бой көтеріп, жаңа кәсіпорындар өндіріске кірісіп, жолдар төселіп жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық ұлы тойы да облыс әкімінің ұйымдастыруымен дүркіреп өтіп, Елбасының ризашылығын туғызды. Енді, міне, еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күні осы өңірдің өсуі мен өркендеуіне елеулі үлес қосып, өнімдерін шетелдерге сатып, облыс қазынасына қомақты қаржы құйып отырған зауыт басшысы Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров Еңбек Ері атағымен марапатталып отыр.
«Қуаныш – бөліссе көбейеді» дейді халқымыз. Елімізде қуаныш көбейсін! Сол қуаныштарды шын пейілімізбен бөлісе білуді де үйренейік, әлеумет!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз қаласы
Ақ жол. – 2015. — 19 желтоқсан. – 4 б.