Еңбектің адал адамы (Әбдір Сағынтаев)
«Болат қайнауда шынығады, ер майданда шынығады», «Жаниналмай, жұмыс бітпес, талап қылмай, мұратқа жетпес», «Ер дәулеті — еңбек». Осы бір мақал-мәтелдің бәрі де шынашақтай кезінен сурапыл соғыс даласында, оқ пен оқтың ортасында жүрген, «батыр бір оқтық» екенін білсе де, сезінсе де, жүрегі елім, Отаным деп соққан Әбдір Сағынтаевқа арналған сынды. Иә, ол майдан даласында жүрді, еңбектің қайнаған ртасын көріп, өнбегін көрді…
Жамбыл облысының батыс түстігіндегі Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында 1921 жылдың жетінші қарашасында дүниеге келген Әбдір Сағынтаев 1941-43 жылдары Ұлы Отан соғысына аттанды.
Ол екінші дүниежүзілік соғыс жиырма жаста еді. Қатарластарынан қалмай, қолына қару алып, байтақ даланы, Ұлы Отанын қорғауды азаматтық парызым деп білді. Өлім мен өмірдің ортасында жүріп, сертке берік ерлерше жаумен арпалысқан Әбдір Сағынтаев үш жыл майдан шебінде өзінің адалдығын, азаматтығын айқындады. Жарақат алмағанда Ұлы отан соғысы жеңісін жауынгерлермен бірге тойлап та қайтар ма еді, кім білсін?! Ол кезде Мәскеуді жанын сала қорғау, кескілескен ұрыста ерліктің үлгісін көрсету екінің бірінен қолынан келе бермейтін. Шынтуайтында Ржев шайқасы өткен күндер -ізбегіне көз жүгіртсек, «ажал аймағы» атанғанын пайымдаймыз. Сондай «өлім территориясы» деген атқа ие болған ұрыс даласынан елге есен зралған Әбдір Сағынтаевқа қандай мақтау сөз айтсақ та жарасатындай.
Кейіпкеріміздің Ұлы Отан соғысынан зралғаннан кейінгі еңбекке араласуын жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Егемен Қазақстанға жазған мақаласынан да білеміз. Ол мақаласында: «Әбдіредің майданнан келіп, алғаш еңбекке араласқаны жөнінде 1961 жылы белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлы 28 жасында Батыр атанған Әбдір Сағынтаев туралы қалам тербеген. «Атадан қалған мұра» атты көлемді очеркінде былай деп -толғапты: «Әбдір жеті класс бітірген соң Ұлы Отан соғысьнның алдында әкесіне жәрдемші болып қой бақты. Кейін соғыстан жараланып кайтқанда ол қойшылыққа келді. Сауатты, озат қойшы бір күні ферманың басқарушылығына жоғарылатылады да, артынан осыдан төрт жыл бұрын өзі көп еңбек сіңіріп, Социалистік Еңбек Ері атағын алған совхозына директорлыққа қойылды».
Болмысы «Бетегеде биік, жусаннан аласа болуды» қалаған Әбдір Сағынтаев майдан даласынан оралған соң еңбекке шындап кірісті. Қарапайым жұмыста өзінің еңбекқорлығын, істің көзін табатын іскерлігін танытқан Әбекең зоотехник, ферма меңгерушісі қызметін де жемісті, жеңісті атқарады. 1954-1956 жылдары Қапланбек зоотехникумы жанындағы 2 жылдық курс тыңдаушысы болған ол 1957-1985 жылдар аралығында Талас мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының директоры қызметін де абыройлы атқарған Әбдір Сағынтаев 1967 жылы жүзсалуықтан 147,1982жылы 126 қозыдан алып, аман өсірді. 1966- 71 жылдары қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде КОКП Орталық тексеру комиссиясының мүшесі, кейіннен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Шынашақтай кезінен маңдай терін сығымдап, еткен еңбегінің өнбегін көрген Әбекең 27 жасында ферма басқарып, мемлекетке қараөткел елтірісінің 80 пайызын 1 сұрыппен өткізген. 28 жасында «Социалистік Еңбек Ері» атанған. Үш мәрте Ленин орденін, «Қызыл жұлдыз», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» ордендері кеңес дәуірінде ердің еріне, адалдықты жанына ту еткен арда азаматқа ғана берілсе керек. Әбдір Сағынтаев сондай құрмет пен мапаратқа бөленген сиректердің бірі әрі бірегейі.
Ол сонау бір атейстік көзқарас атқа мінген шақта ауылындағы мешітті сақтап қалып, бұздырмапты. Мұның өзі Әбекеңнің имандылығының, азаматтығының бір көрінісі емей немене?
«Еңбек ері, майдангер Әбдір Сағынтаевтың кіндік қаны Үшарал ауылында тамған. Ол кісі майдан барып, от кешті. Соңыс даласынан есен оралып, ер ағасы жасында елге тұтқа болып, ел басқаруға сатылап жетті. Көрген білгені мол басшы еліне маңдай терімен қызмет етті. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» демекші, сол дәуірдегі Әбекеңнің даңқы ізіндегілерге әлі күнге қызмет етіп келеді. Кешегі Үшарал мектебі Әбдір Сағынтаевтың атында. Мектеп фоэсіне Еңбек ерінің кеуде мүсіні қойылған. Музейі ашылған. Орталық көшеге есімі берілді.
Бірақ, әрине, мемлекеттік қоғамдық құрылыстың құбылуынан шаруашылықтың бағыты өзгеріп, «Таластың атын шығарған қаракөл қойының саны он есеге дейін күрт кеміп кетті», деп жақсы адамның еңбегін еске алады талай қызметте табысты еңбек атқарған Болат Мәйкенов «Жүректе жанған жұлдызы» атты кітапта жазғылған ой-пікірінде.
«Ол кісі жердің жайын өте жақсы біледі. Ешқашан жолдан адасқан емес. Мәшинеге мінгеннен алдындағы темір тұтқадан сығымдап ұтсап алады. Өмір бойғы әдеті сол. Радиодан жаңалықтар тыңдайды. Ондайда назарын бөлуге болмайды. Боздатып келе жатқаныңца алдыңнан айрық жол шығады. «мынаған бұрылсам ба, анаған бұрылсам ба» деген дүдәмалынды сезіп қояды. Тұтқадан ұстаған жұдырығын жазбаған күйі не оң қолының не сол қолының бармағын бас бармағын бағыттайды. Қай қолдың бармағы көтерілсе, солай қарай рульді икемдейсің. Сұқ саусағын көтергені: «Тоқта!» дегені. Кейде мені босататыны бар. «Жұмысың бар ма еді?» дейді. «Бар ғой…» дейсің… Немесе «Құндыз екеуің бір жаққа барасың» дейді. Әлде «Құндызбен Ойыққа барып кел. Кешке сағат бесте үйде болатын бол» дейді. «Ертең мәшине жөндейсің. Ахай кәрияға барасың. Атты әкеледі, үйге келсін» деп айтады. Онысы атпен шығамын дегені. Жәкемнің өзінің жүгені бар. Атқа қалай мінеді десейші. Жалдан уыстап ұстайды да, «бісміллә рахман рахим» деп, аттың арқасына дік ете қалады. Мен өйтіп міне алмаймын. Қасындағы кісі желе жортып ілеседі. Баратын жері қанша қашық болса да, «уһ» демейді. Кейде қызығып атын сұрап мінемін. Бұл кісі шамамен 1977-78 жылдарға дейін атқа мініп жүретін.
Өзі зейнет жасына шықса да, мені жұмысқа орналастырғызды. Қойма меңгерушісі болдым. Бір күні маған: «Жарты ақшаңды дайында, мәшине алып берейін. Саған әбден сеніп алыппын. Көлік жүргізе алмайды екенмін. Саған сенгендей ешкімге сене алмаймын. Шаршамасаң, маған керексің, ренжімей жет», деді. «Ойбай, о не дегеніңіз жәке» дедім.
Ол кісі кенеттен кетіп қалды ғой. Бәрін нар сияқты көтеріп жүргенде, жүрегі тіс жұлдырғанға салған дәріні көтере алмады. Құдайдың ісі ғойғ кейде есіме түссе, «ол кезде қасында болғанымда бұл кісіге қандай дәріні салып, қайсысын салуға болмайтынын айтар едім» деген ойлар маған тыным бермейді. Ол кісі маған өмір университетін үйретті»,-дейді аталмыш кітапта ұзақ жылдар Әбекеңнің сенімді серігіне айналған көлік жүргізушісі Серік Сәрсенов Алаштың арда азаматы жайлы ойымен бөлісіп.
Жалпы аталмыш кітапта жаны жайсаң, жүрегі тазалыққа толы Әбдір Сағынтаев туралы белді, беделді азаматтардың барлығы да толымды пікір, орамды ойлар айтқан. Азаматтың іскерлігі, пайым-парасаты, елге қамқорлығы, қоғамдағы белсенділігі бәрі де кеңінен қамтылған. Сол жазбаларды оқи отырып біз Әбекенді «Адал еңбек-бәрін жеңбек» қағидатын ұстанған атпал адам, болмысы бөлек басшы ретінде тани түсеміз. Иә, «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды….
ӘЙЕЛ ЗАТЫНЫҢ ДАНАСЫ, ТЕКТІ ҰРПАҚТЫҢ АНАСЫ
Задында ел басқару қызметінде жүрген, беделі бір басына жетіп артылатын атпал азаматтың асыл жары болу — үлкен жауапкершілік. Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтің зайыбы Құндыз Бештайқызы сол жауапкершілік жүгін қыңбай көтерген, текті ұрпақты тәрбиелеген асыл жан.
Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын абзал жан, асыл анаға Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Алаштың аяулы ақыны Күләш Ахметова:
«Жүрегі жақсылықпен толған ана,
Бак пен дәулет қонған ана.
Адамға жақсы, жаман деп қарамай,
Аймақтың қамқоршысы болған ана.
Жақынның өас-қабағын баққан ана,
Бәріне ағайынның жаққан ана.
Арттырып отбасының берекесін,
Ақылмен бақыт кілтін тапқан ана.
Ілуін ізетімен білген ана,
Сабырмен сұлу өмір сүрген ана.
Жат кылмай құда-жекжат, дос, бауырды,
Дәстүрін жол-жобасын білген ана.
Батасын көпшіліктің алған ана,
Батамен Ай, жулдызы жанған ана.
Әулетін жақсылармен жақындатып,
Араға алтын көпір салған ана»- деп өз өлең шумақтарында асыл ананың портретін суретпен салып, бейнелеп, бедерлепті.
Ақыннан асырып айта аламыз ба, сірә?
«Мамамның қанша жерден шаруасы көп бопса да, менен сабағымды қалай оқып жатқанымды сұрайтын. Жәй сұрап қана қоймайды, озат оқуымды, тек қана беске оқуымды талап ететін. Тәртіптен танбай, бетіммен кетпей, бой-басым түзу жүргенімді қатты қадағалайды. Әрине күнде кешке немесе ертеңгісін қадалып отырып, әрбір пәнді шұқшиып сұрайды деп айта алмаймын. Оның себебі бар, біріншіден, бізге сабақ беретін мүғалімдеріміз мектеп директоры Ермек Дүрімбетовтен бастап, орыс тілінен сабақ беретін Алматай Төлтаев класс жетекшіміз Әбсаттар Кенжебаев үйімізге жақын тұрады. Әйтеуір, айналамыздан алыс емес, қай сабақты қалай оқитынымды сол кісілерден сұрап алады. Ойындағы бестік баға болмаса, «папаңа айтамын» дейді. Мамамның аузынан бұл сөз шықты дегенше, «Саған көңілім толмай тұр» дегенді білуің керек. Содан азаңғы шәй үстінде айтып қоя ма, әлде кешкісін «мына балаң…» деп көкемді көзіме көрсете ме деп мне үстінде отырғандай қылпылдап отырғаның. Бір-екі күн күтесің, айтпайды. «Айтар ма екен, әй, айта қоймас» деп жүргеніңде папама айтып салады. «Бітті!…» Бірақ, папам сабырлы қалпын бұзбайды. «Мұның қалай, Бақатай?» дейді. Маған осы сөздің өзі-ақ жетіп жатыр. Осымен әңгіме бітті. Мен бестен төмен баға алғаным — көптің алдында мамамның беделін түсіргенім, әрі папама ұят келтіргенім деп санайтынмын. Сол бала күннен қалған дағды, күні бүгінге дейін ата-анамның атына, абырой-беделіне нұқсан келтірмесем деп келемін»-дейді бүгінде еліміздің Премьер-министрі секілді ірі лауазымды қызметін атқарып отырған абыройлы азамат, Әбдір Сағынтаев қарияның ұлы, тектіден тараған Бақытжан Сағынтаев балалық шағын еске алып.
Иә, ата-ананың әрбір тәлімге толы сөзін, салмақты ойларын, берген тәрбиесін көкейге түйіп өскен азаматтың беделі биіктемесе, абыройы асқақтамаса, кемімек емес. Саналы ғұмырында өз жұмысын сапалы атқарып, елінің мақтанышына, жұртының арқасүйеріне айналған Бақытжан Сағынтаев ағамыз сөзіміздің айшықты дәлелі болса керек.
«Бақытжан маған үйленбек болып, ойындағысын айтқан кезде мамам мен жайында: «Қаланың қызы ғой, қазақшасы, қазақшылығы қалай екен?» деп жәй ғана сұрапты. Әйтпесе, «келін бақ, келмей жатып сөзін бақ» деп маған еш уақытта қырын қараған емес. Керісінше шыққан тегімді, жақсы ана мен, жақсы әкенің жемісі екенімді біліп, мәпелеп бақты.
Бақытжан екеуміздің шаңырақ көтеруіміз отбасындағы ауыр бір кезеңге тап келді. Бірақ осы күндері бізден өткен бақытты ерлі-зайыпты жоқ деп айтып отырамын. Тіпті, біз дүрілдетіп той да жасаған жоқпыз. Атамыздың топырағы кеппей жатып, ұлан-асыр тойлатып жатқанды басы артық көрдік, екі жақ соған тоқтасты.
Мамам Бақытжанды ерекше жақсы көрді. Өзі Бақытжанға аяғы ауыр болған кезде дәрігерлер бала табуға тыйым салыпты. «Сөйткен Бақатайым қазір бәріңді асырап отыр. Сендер күн сайын таңертең тұрғанда осындай баланы дүниеге келтірген менің аяғыма жығылып, алғыс айтсаңдар да артық етпейді деп барлық береке бастауы өзі мен әкелері екенін астарлап жеткізетін. Жалпы менің өз басым «тілімнің тікенегі» бар: «Мамау, айтса бірге өскен бауырлары мен алдыңғы абысындарым айтсын. Сен ғой енді келін болып түстім. Бақытжанмен біраз жыл отасайын сосын көре жатармын» деп әзілге бұрамын. Сонда түк қабақ шытпайды. Келінімнің өзі тілге ұста, аталары іске ұста» деп отыратын»,- дейді Бәкеңнің келіншегі, Құндызай әжейдің ерке келіні Ғалия енесі туралы естеліктерімен «Әулеттің асыл құндызы атты кітапта бөлісіп.
Сартап сағыныштар мен есті естеліктерге толы осы бір жинақта Орынбасар Кемелова, Нұртілеу Бертаев, Таймас Сағынтаев, Күләсан — Наурызбекова, Гүлжиян Бабасова, Қыстаубай Зағынтаев, Гүлшат Тәттібаева, Ғалымжан Зағынтаев, Қарашаш Жұматаева бастаған осы бір үлгілі әулеттің ұлдары, келіндері, қыздары мен күйеубалалары Әбдірдей абыз қарияның азаматтық бейнесі, құндызайдай асыл знаның қазақ әйеліне тән биязылығы, нәзіктігі, жанының тазалығы, адалдығы туралы кесек-кесек ойларын іріпестен айтыпты. Осы бір ойлы сөздерді, пәлсапалы пайымдарды оқып отырып: «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздің мән-мазмұнына тағы да бір мәрте терең бойлай түскендей боласың.
Жалпы, ұлт, ұрпақ тәрбиесі аталуы қасиетті ұғымдардың бәрі де ананың тәрбиесінен бастау аларсы сөзсіз. Қазақта. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген әдемі сөз бар. Сол сөз үлкен, өнегелі әулеттің ұйытқысы бола білген, жүрегі жақсылыққа, мейірімге, жанары шуаққа толы Құндызай әжейге қаратып айтылғандай ма деген де ойға шомасың.
Жас балаларының текті ұрпақтың жалғасы болып өсуіне саналы ғұмырын арнаған Құндызай әжейдің өмірі — бүгінгі қыз келіншектердің қайсысына болсын, үлгі екені анық. Ерін қазақ әйеліне тән ибалықпен күтіп-баптаған, үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен қараған кейуана — бізге кейде бүгінгі қазақ әйелдерінің эталоны секілді көрінетіні бар.
Қазақы тәрбиеге қанығып өскен Сағынтаевтар әулетінің әрдайым тасы өрден табылсын. Ұлттық тәрбие қайнарынан сусындап өскен ұрпақтың алар асуы әрқашан ұшар биікте болсын.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Білім және өнер. — 2017. — №1-2.