Алпамыс батыр [Мәтін] : эпостың баяны / балаларға лайықтап әңгімелеген Ақселеу Сейдімбек; сурет. Ж. Нұрбекұлы, А. Әбелдинов. — Астана: Фолиант, 2019. – 176 б.
Халық ауыз әдебиетін телегей-теңіз мол мұра десек, сол теңізді құрайтын аса ауқымды арнаның, 6ipi — эпикалық жырлар. Ал солардың ішіндегі ең бір келісті де көрнектісі «Алпамыс батыр» жыры екен даусыз. Автор осы жауһар туындыны оның көркемдігі мен сурет-бояуына қылаудай да залал тигізбей, әсер-сезімін еш төмендетпей, ойлау, пайымдау, саралау, қабылдау қабілеті әлі толық қалыптасып үлгермеген жас жеткіншектердің таным-түсінігіне лайықтап, қара сөзбен әсерлі баяндалған. Шығарманың тілі де тартымды, ұғынықты, қарапайым.
«Алпамыс батыр» жырының қара сөзбен баяндалып, көркем безендірілген бұл нұсқасы жас ұрпақтың ойын ұштап, қиялын қанаттандыратын кезекті рухани олжасы боларына кумән жоқ.
«Алпамыс батыр» – қазақ эпостарының ішіндегі ең көне жырлардың бірі. «Алпамыс батыр» жырында халқымыздың ежелдегі тіршілігі, жұртымыздың басынан кешкен ерлік оқиғалары жырланған. Жырда сонау заманның түсінігі, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері жинақталған.
Ертегі — ауыз әдебиетінің ықылым заманынан келе жатқан көне де мол мұрасы. Оның ертегі деп аталуының өзінен де, сол сияқты ертегілердің «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте, ертеде» деп басталуынан да оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес.
Ертегілерде халық басынан кешкен, ғасырлар ізі жатыр. Оларда еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, елдік тарихы, қилы-қилы қиын асулары, халықтың мұң- шері, арман-мұраты бейнеленген.