Мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы Шерхан Мұртазаның әмбебап тұлғасы
Шераға болмысын біліп-тану оңай емес. Ол болмысы биік тұлғалардың санатынан. Жалпы, тұлғаға айналу дегеніміз не және ол кім? Қазіргі қоғамымызда осы бір «тұлға» деген сөзді барынша байыптап, байсалды қорытынды жасап, елеп-екшеп қолданған дұрыс сияқты. Бұл сөздің салмақты, екінің біріне қолданыла бермейтін ерен қасиеті бар. Ал кейбір сөз қадіріне жете бермейтін «танушылар» көбейіп, әдебиет пен тарихтың өзі тұрмақ иісі мұрнына бармайтын, қоғамы үшін, елі үшін қасқайып бірде бір ақиқат айтпақ түгілі сөзін жеткізе алмаған, басшылықты өзінің ой-санасымен иіріп әкете алмаған, халық оны қайсар ұл ретінде мойындамаған адамдарды «тұлға» деп, оларды танытуға барынша жан салып, қарекет қылып отырғандығы қынжылтады. Қазақ халқында тарихта есімі алтын әріптермен жазылып қалып жатқан тұлғаларды жарық жұлдызға теңейтіндігі белгілі. Бұл жарық жұлдыздар күндіз әлемге нұрын шашатын болса, қараңғы түнде бағдаршам тәрізді адасқанға жол көрсетіп, жөн сілтейді. Осы жақсылардың арқасында қоғам мен өмір нұрланып, дүние көріктене түседі. Мұндай ұлық туған тұлғалардың жеткен жетістіктерінің арқасында халықтың да беделі үстем болып, өсіп-өркендейді. Халқының қолын жақсылықтарға жеткізіп, туған еліне шынайы қызмет жасап, мем-лекетіміздің идеалогиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан жарық жұлдыз — жанынан жалынын аямай жұмсаған азаматтардың бірі — Шерхан аға Мұртаза. Тәуелсіз Қазақстан жұртшылығы үшін үлкен ұғымға айналған, елінің сүйіспеншілігіне бөленген айбарлы есім. Университетіміздің жанынан ашылған «Шерхантану» орталығын біз мақтанышпен қай уақытта болса да бас көтеріп отырып, Шерағаңдай жанның шынайы тұлға екендігін дәлелдеп отырып, оның қайраткерлік болмысын толығымен ашып беріп, тайсалмай сөйлей алатын дәрежеміз бар деп ойлаймыз. Әрине, ең бастысы Шерханды біз Жуалының арланы ретінде, жерлесіміз ретінде мақтан тұтамыз. Өңірімізден шыққан тұлғаның халқы үшін аянбай, елі үшін еміреніп еңбек еткені біз үшін мақтаныш. Осындай тұлғаны жамбылдықтар, жерлестер неге насихаттамасқа!? Жалпы, Шерхан Мұртазаның шығармашылығын, қайраткерлік жолын, азаматтық тұлғасын зерделей келе, оны бірегей тұлға етіп көрсететін қырларын былайша топтап тұрып көрсетіп берер едік. Орыс халқының ұлы жазушысы М.Горький айтқандай: «Жазушылық — өзгеше өмірбаяннан басталады».. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәттен-ақ Шерағаның сол өзгеше өмірбаяны басталған еді. Әкесінен ерте айырылған ол жетімдіктің тауқыметін көре бастады. «Жетімдік — жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Ылғи да жетімдігін, әкесіздігін айтып, «менде балалық шақ болған жоқ», — деп шағына беретін Шерханның жетімдігі — жаутаңкөз жетімдік емес. Оның жетімдігі — әз аты күстаналанған әкеге деген сартап сағыныш, бір өзі бірнеше ер азаматтың батпан-батпан міндетін көтеріп алған талайсыз шешеге аяныш, таршылықтың тырнағында шырылдап кете барған балалыққа жоқтау, аласапыран дәуірдің астында аяусыз жаншылған аяулы тағдырларға нала. Қаршадай жасынан ел басына түскен қиындықтарды көріп, сезініп өскен Шераға халқының бар игі қасиеттерін — салт-дәстүрін, сенім-нанымын бойына сіңіріп, ділін үғынып, тілін қасиет тұтты. Публицистиканың қызметі халыққа өте керек-ақ. Олай дейтініміз, тәуелсіздігіміз баянды болып, отанымыздың байлығы артып, халқымыздың тұрмыс жағдайының ілгерілеуі сынды үлкен, ауқымды міндеттемелерге байланысты өзіндік тұжырымдар жасай отырып, мазмұнды мақалалар, табысты сұхбаттар жасау — Шерхан Мұртазаның тамаша қа-сиеттерінің бірі. Халқымыз үшін қашан да ең көкейкесті болып отырған — тіл, тәуелсіздік, мәдениет, халқының тағдыры, елдің бүгіні мен ертеңі туралы тегеуірінді ойлары мен сөздері оны ұлтжанды азамат екендігін танытқан үстіне танытып жатты. Қолына қалам ұстап, аумалы-төкпелі замандағы ел тағдырын, азамат жайын қалың-қалың кітап етіп жазған, сонда да шаршамаған, қайта ұлт, қайсар тұлға алдындағы перзенттік парызы жігерлендіріп, талай «сарсаңға» қасқайып төтеп берген — Шераға. Ең әуелі Шерхан — заңғар жазушы. Жігерін жоқшылық жаныған, таршылыққа қайралып жетілген Шерхан тумасынан күйреуік жан еместі. Жазушының қолтаңбасы — мінезінен. Ол жазуға келгенде де тастай берік, шектен шыққан реалист. Жүректерді қозғау үшін күйреуік, жылауық сезімдерге бой алдырмақ болды ма — сәтсіздікке ұрынады. Онда қайғылы сәттер мен әсерлі эпизодтарды берудің өзіндік тәсілі, мінезі бар. Өзі сомдаған Рысқұл сияқты ар жағын көріп, біліп тұрса да, соны сыртқа шығаруға, шексіз махаббатын, көл-көсір сезімін сөзге салуға соншалық сараң. Авторлық баяндаулары тас-түйін тұратын Шерханның кейіпкерлері кейде тым елти сөйлеп кетіп жатады. Кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқынысты автор ретінде өзі айтпайды, өздеріне айтқызады. Кейде өз ойын кейіпкерлеріне зорлап айтқызғандай болатын жазушы ондағы қарапайым адамдардың бойына шақ келмейтін. Оның қаламынан күрескерлік, азаматтық рухқа толы дүниелер өмірге келді. Егемендігімізге қол жеткізіп, тәуелсіздікке ие болған халқымыздың ұлы көшінің болашаққа жетуі, өзіндік мемлекеттік идеалогиясының қалыптасуы Шераға сияқты көшбастар азаматтарға байланысты болды. Шерхан Мұртаза — жалынды публицист. «Күндіз журналист, түнде жазушы болған» атақты редактордың қолы тиіп кеткен басылымның жанданып жүре беретіні де тегін болмаса керек. Қазақстанда бес республикалық басылымды басқарған бас редактор, бес романнан тұратын эпопея жазған жазушы жоқ. Қазақ халқында «Жолбарысы бар орманды өрт шалмайды» деген нақыл сөз бар. Расында да, айбынды жолбарысы ішінде жүрсе, ол орманға кім батып бара қойсын. Қалың елі қазағы, қайран жұртына да әркезде қорған бола білген жолбарыстай азулы, арыстандай айбында батырларының бірі де — Шерхан. Шерхан Мұртазаның публицистикалық жолының өзінде де ол замана зәрулігін, уақыт проблемасын, қоғам сұранысын, заман қиындығын тайсалмай жазып, батыл жеткізген публицист те — Шераға………… *** Шерхан Мұртаза — бесаспап журналист. Шерхан Мұртаза — қазақ баспасөзіндегі жаңа тұрпаттағы жаңа буынның төлбасы, редакторы. «… Менің жұмысым — жалғыздың жұмы-сы. Қаруым — қалам. Өрісім — қағаз» дейтін жазушының қазіргі тәуелсіздік заманындағы жердің, елдің иесіміз деген қазақтың шешілмеген мәселесі шаш етектен келіп, оның кедергісі өзгеден емес, өз қағынан жерігендерден шығып отырғанда, оның бір күні ойсыз, ұйқысы тыныш өтуі мүмкін бе? Жалпы, ой іште өлмеуі керек. Әсіресе, халқымен біте қайнасқан, халқының басына түскен қайғы, ауыр күн арқасына аяздай батып, айтар сөзін аянбай айтқан шын жазушы үшін. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргеннен бастап-ақ сол жылы Қазақ мемлекеттік көркем баспасында қызмет атқарады (1955-1956 жж.). Содан соң-ақ ол «Лениншіл жас» (1956-1960жж.), «Социалистік Қазақстан» (1960-1963 жж.), «Жалын» (1970-1972 жж.), «Жұлдыз» (1972-1975 жж.), «Қазақ әдебиеті» (1980-1989 жж.), «Егемен Қазақстан» (1989-1992 жж.) баспаларында бас редакторлық қызметтер атқарады. 1992-1994 жылдары аралығында «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы қызметінде. Одан соң ҚР парламентінің депутаты болып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, түрлі түйіткілге толы мәселелерін шешуде ерен еңбегін сіңірді десек қателеспейміз. Айта берсек — журналист ретіндегі Шерхан Мұртаза түйінін шешкен игілікті істер көп-ақ……….. *** Шерхан Мұртаза — драматург. Тәуелсіздік кезіндегі қайта құру мен жариялылық әкелген соны лептің тұрлаулы нышанын біз Ш.Мұртазаның драматургиясынан көре аламыз. Прозашы Ш.Мұртазаның алғашқы кездерде драматургиядағы қадамы мүлде тосын көрінгені, күдік тудырып, күмән келтіргені, кездейсоқтыққа баланғаны рас еді. Алайда, прозада кемеліне келген суреткердің ат басын кенеттен драматургияға бұруына себеп болған тек жаңа жанрда өз күшін байқап көру емес қана сияқты, сонымен қатар, тамаша драматизм мен трагедиясы мол өмірлік материалдардың сахнаға сұранып тұрғандығында болар. Оның алғашқы қалам тартқан «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», Қ.Ысқақовпен бірлесіп жазған «Қызыл жебе» («Революция сарбазы») пьесалары Жастар театрында қойылып, зор табысқа ие болғандығы ешкімді де бейтарап қалдырған жоқ. Бұл екі туындысы арқылы Ш.Мұртаза театр мен драматургия атты жұмбақ та сиқыр әлемнің енді ертеден өз адамындай болып кетті. Осындай екі драманың сахналық зор табыстары суреткерді драматург ретінде одан сайын қанаттандырып, шабытына шабыт қосқан еді……… *** Шерхан — қайраткер, Шерхан — қаламгерге есті қазақ бас исе керек. Солай болып та жүр, аузы дуалы ағаларымыздың Шерханды қазақтың төлқұжатына балағаны әмбеге аян. Халқы оны қатты қадірлейді. Оның бағындырған ең биік шыңы — осы».
Кембаева Айнұр Тұрарқызы Білім және өнер. – 2017. — № 3-4. |