Өлеңнің егіз өрімі — К. Ахметова, Қ. Асанов
Мұңлы муза иесі Мұқағали, жұмбақ ойлы Жұмекен, тентек мінез Тоқаш, бірбеткей Фаризалардың қатарында нәзік сезім иесі Күләш Ахметова да қазақ өлеңіндегі өрнегі өзгеше ақынға айналғаны анық. Асқар таудай Әбділда Тәжібаевтың бір кездегі «Күләш – ақын» деген пікірі қазақ өлеңінде өзіндік орны бар көрнекті тұлғаны тап басып көре білгені болса керек. Ал өлең жолдары сырға да, мұңға да толы Қайырбек Асанов та жеке басының қамын күйттемеді. Қазақтың қасиетін жырлады. Әлі де жырлап келеді.
Жақында Тараз төрінде талантты ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған поэзия кеші өтті. Бір шаңырақ астында ерлі-зайыпты болып күн кешіп, қазақ поэзиясының дамуына өлшеусіз үлестерін қосып, өлеңдегі өзгелерден өзгеше дара жолдарын сала білген қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова бүгінде жетпіс жасқа толып отыр.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен поэзия кешінде қос ақынның жас кезі, студент шағы бейнеленіп, олардың алғаш таныстығы, араларындағы іңкәрлік сезімдерінің оянған сәті әдемі суреттелді.
– Күләш – аяулы ақын, сүйікті жар, мейірімді ана, ақылды қарындас. Оның жанының нәзіктігі, сыршылдығы, мейірімділігі өлеңдерінен де төгіліп тұрады. Поэзиясы тұнып тұрған адамгершілік, инабаттылық, кісілік, парасаттылық. Жырларынан кейде Қожа Хафиздің, Сағдидың үні естілсе, енді бірде Абаймен тілдескендей болатын Күләш – періште ақын. Сол үшін оны бәріміз жақсы көреміз. Күләштің туған жер, өскен өлкені жырлауы ақиық ақын Мұқағалимен үндеседі. Қазақта бұл тақырыпты Мұқағали мен Күләштан артық жырлаған ешкім жоқ, меніңше. Біздің Күләшті аялап, алақанында ұстап келе жатқан Қайырбектің де сонау Сырдағы жыршылық ортаның қайнарынан шыққан тасқын талант екенін бәріміз білеміз. Оның да өнерінің бағасы биікте екенін айта аламыз, – деген Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақындар шығармашылығы туралы өзінің әдемі де әсерлі ой-пікірлерімен бөлісті.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованы 70 жасқа толу мерейтойымен арнайы құттықтап, темір тұлпар сыйлады.
Оралхан ДӘУІТ,
Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН
Егемен Қазақстан. — 2016. – 19 қазан. – 10 б.