Табиғат сұлулығынан артық сурет жоқ
Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында «Туған елдің тұғыры» атты суретші Мақсат Қаңтарбаевтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.
Бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Мақсат Қырғызбайұлына туған жерінің тауы да ыстық, тасы да қымбат. Жамбыл топырағында туып өскен талантты ұл қай қиырда жүрсе де, туған жерін жүрегінің бір бұрышына сақтап, сағынышқа толы жан сырын қылқалам арқылы төгеді.
Әкесі Қырғызбай физика-математика саласының ұстазы бола тұра, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген. Қазіргі таңда да бірқатар мұражайлар әке қолынан туған туындыларын сақтап қалған. Әке көріп оқ жонып өскен кішкентай Мақсат та балабақша қабырғасында жүріп-ақ сурет салуға құштарлығы артады. Ал 9-шы сыныпқа аяқ басқанда, алғашқы туындысын сынып жетекшісі Ольга Жұмабаеваға арнаған. Мектепке келген жас та білімді ұстазға деген бала махаббаты Мақсатты ұстазының портретін айнытпай салып, Мұғалімдер күніне орай қабырға газетіне шығаруға жетеледі.
— Менің алғашқы туындымды көрген ұстазымның маған артқан сенімі орасан еді. Ол маған түрлі бояулар алып беріп, үнемі қолдап жүретін болды. Кейін мектеп бітірген соң Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, үздік оқып бітірдім. Оқу бітірген соң Луговойда көркемсурет мектебіне мұғалім болып орналастым. Үш-төрт жыл сурет саласында еңбек етіп, қиын-қыстау кезеңдерде сурет салуды қойып, жеке кәсіппен айналысуға бет бұрдым. Дегенмен, Алла берген қасиетті тұмшалау мүмкін емес екен. Он жылдан аса қалам, қағазды қойғаныммен, 2013 жылдары сурет салуға қайта ден қойдым. Ақ қағазды қолыма алсам болды талдар билеп, таулар ән салып қоя беретіндей күй кешемін. Тұмса табиғаттың Алла жаратқан туындысынан артық сурет жоқ шығар. Дегенмен, орыс суретшісі Репин айтқандай: «Суретшінің басты мақсаты табиғатты дәл салуында емес, қалай салуға тиістілігінде». Бүгінгі таңда адам аяғы баспаған жер қалмады. Ал адам жүріп өткен жердің соңы өзгеріске ұшырап, бастапқы көрінісін жоғалтатыны белгілі. Мен сол алғашқы кейіптегі тұнық табиғаттың тұңғыш болмысын, пәк сұлулығын сақтап қалғым келеді,- дейді суретші.
Сондай-ақ қылқалам шебері бойдағы дарын еңбекпен ұшталып, тәжірибе арқылы ғана шыңдалатынын айтады. Ғұламалардың пайымдауындағы «талант 10 пайыз болса, жеңіс нәтижесінің 90 пайызы еңбекпен келетінін» жадынан шығарған емес. Қазақ қылқаламшыларынан Ә. Қастеев пен Телжановтың туындыларына таңданысын жасырмады. Бір жылдары ұмыт қалған қылқаламын қайта қолға алған Мақсат Қаңтарбаев алдағы уақытта да бұлақтың сыңғырынан сыр іздеп, дала гүлдерінің нәзіктігі мен тау-тас, тал-дарақтың бойынан тараған табиғат сұлулығын паш етер туындыларымен бөліспек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жамбыл-Тараз. – 2016. — 27 қаңтар(№ 4). – 24 б.