JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

JAMBYL арнасы – Әулиеата айнасы

1958 жыл, 8 наурыз. Бұл күн – қазақ жеріндегі жаңалықтарды көгілдір экран арқылы әлеуметке таратқан күн.

Алматы қаласында алғаш рет жұмысын бастаған телестудия жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қарыштап дамып, жаңарып келеді. Қадамы аталмыш қалада жасалған арнаның филиалдары одан кейін ел аймақтарында тарала бастады. Осы тұста аймақта арнаның филиалы 1989 жылдың 1 қарашасынан бастап Жамбыл облыстық телеарнасы деген атаумен әулиеаталықтарға жол тартты. Айта кетейік, Жамбыл телеарнасы республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым. Кейін келе, «Қазақстан- Тараз» атауымен толқынға енген арна өткен жылы «Jambyl» арнасы болып қайта өзгертілді. Бүгінде ұжымда 90 адам еңбек етіп жатса, оның 24-і шығармашылық қызметкерлер.

Тәулігіне 17 сағат бойы аймақ, ел, әлем жаңалықтарын жеткізіп отыратын арна 3 жыл бұрын «Отау ТВ» жерсерігіне қосылып, бүкіл қазақ елі мен Моңғолия және Ресей халықтарына ақпар таратуда. Қазақ-орыс тілінде жаңалық тарататын арнада бүгінгі таңда мазмұны зор, берері мол 33 бағдарлама бар. Өткен жылы 5 бағдарлама енсе, биылғы жылы бес бағдарлама жүзеге асуда.

– Облыста телевидение саласына кадр даярлау мәселесінде тапшылық сезіледі. Оның үстіне сала мамандары БАҚ-тың басқа жанрларына қарағанда тез танылады. Ал бүгінгі күні телеарна журналистерді дайындайтын шағын цех секілді. Осы жерден толысып, тәжірибе жинақтаған мамандарымызды үлкен арналар аттай қалап жатады. Турасын айтқанда, «Қазмедиа» орталығы, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы, «24», «Хабар» секілді үлкен арналарда біздің мамандар да еңбек етіп жүр. Осыған орай, өңірдегі сала мамандарын оқытатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетімен келісімшарт жасалып, «JAMBYL» арнасы – Әулиеата айнасы студенттерді тартып, тәжірибеден өткізіп, салаға баулимыз. Талапқа сай жас журналисті көркемдік кеңеспен келісе отырып жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ маусым сайын кастинг өткізіп тұрамыз. Қазір бір мәселе туындап отыр. Ол кастингке келген 18-20 жастағы қыздардың «суфлердегі», яғни алдына экран арқылы берілген мәтінді көзі көрмей жатады. Бұл – олардың 80 пайызында кездесетін жай. Екіншіден, «ң» әрпіне тілі келмей, «н» деп оқып жатқан жастар қаншама. Осы мәселелердің салдарынан кастингке келген 60 қатысушының алтауын да іріктеп алуға мүмкіндік болмады. Қазіргі таңда солардың арасынан сұрыптап, 3 студентті дайындап жатырмыз, – дейді «Jambyl» телеарнаcының басшысы Жасұлан Әбдіманап.

Алпыс жылдық мерейтойын тойлағалы жатқан ұжым дата қарсаңында үлкен жобаларды қолға алған. Айталық, бұрын қызмет етіп кеткен дикторлар эфирде жаңалықтарды тізгіндеп, халықпен қайта қауышуда. Ал аймақ қара шаңырағы саналған телеарнада көп жылдар еңбек еткен ардагер журналистерге арнап «Қара шаңырақ» атты фильм түсірілуде. Және де қызығы мен қиындығы қатар жүрген телеарнадағы қызметкерлердің балаларын шақырып, ата- аналарының қызмет барысымен танысыпты. Ал осынау саланың қым-қуыт әрекетінен бас алмай жүріп, телеарна төрінде өз сыңарларын тапқан 10 жұп жайлы «Телеарна қосқан тағдырлар» атты арнайы хабарда кеңінен қаузалады.

Сондай-ақ филиал Жамбыл Жабаевтың 172 жылдық мерейтойы мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай өңірде екінші рет түндігі түрілетін республикалық «Жамбыл – менің жай атым» атты ақындар айтысына ақпараттық демеуші болып отыр. Сонымен қатар күндізгі сағат 16.00-18.00 аралығында қазақ радиосының желісі арқылы филиалдың радиоторабы толқынға шығуда. Телеарна жұмысы тілшілер тобының тіршілігімен біте қоятын тірлік емес. Онда дизайнер, инженер, монтажер, режиссер секілді техника тілін жетік меңгерген сала майталмандарының да еңбегі жатыр. Телеарна өз жұмысын бастаған уақыттан бері аталмыш ұжымда 25 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі бас инженер – Ербол Нәметқұлов. Ұлыбританияның атақты «Би-би-си» корпорациясында тағылымдық тәжірибеден өткен бас инженер секілді инженер-техниктердің, жас режиссерлердің ортақ іске қосқан үлесі ерекше.

– Бүгінде арнада талдамалық, сараптамалық бағдарламаларды кеңінен қолға алып отырмыз. Апта бойы берілген жаңалықтардың өзектілерін алып, журналистік көзқараспен зерттеп, сараптап, халыққа ұсынамыз. Техникалық мүмкіндіктер күн сайын дамып тұрған тұста әлеумет телеарна тұрмақ газеттен алыстап барады. Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі бағдарлама, жаңалықтарды сайтымызда онлайн түрде беріп отырмыз. Бұл өз кезегінде халық үшін оңтайлы болады. Осы уақытқа дейін сайтымыз аймақ арналарының рейтингінде көш соңында тұрса, осы жұмыстарды қолға алғалы үшінші орынға жайғасты, – дейді Жасұлан Лесбекұлы.

Ал бір басында бірнеше бағдарламаны қатар алып жүретін журналист үшін мұндай салмақтың ауыртпалығы шығармашылық тоқырауға әкелетінін айтқан басшы саннан гөрі сапамен жұмыс істеген жөн деп біледі. Тіпті арнада 2 жыл бойы таңертеңгілік «Рауан» бағдарламасын жүргізіп жатқан журналистерді жаңалық бөліміне ауыстырса, бағдарламааралық тілшілерді де жиі өзгертіп тұруды қажет деп тапқан. Сондай-ақ бәсеке бар жерде өсу, өзгеру мен даму болатынын ескерсек, екі жылға жуық уақыт бұрын аймақ кеңістігінен жол тартқан «77» арнасы аталмыш филиалдың жаңаша түрленуіне сеп болады. Және тағы бір мәселе – облыста телеарналарға арналған дыбыс режиссері маманы тапшы екен. Ал келген мамандарды дайындап, жоғары деңгейге жеткізу мүмкіншілігі де қиындау дейді филиал басшысы.

Толғанай Атабай

Жамбыл-Тараз. — 2018. — 28 ақпан