Тұнық өнер тұлғасы (Асанәлі Әшімов)
«Сексеннің сеңгіріне шықса да Асанәлі сахнадан түскен жоқ. Көп бейнелерді, образдарды жасады. Қазір ұстаз. Академияда шәкірттерді дайындайды. Сахнаның, театрдың құпиясын біледі, киноның сырына қанық. Асанәлі – халықтың сүйіктісі, үлкен абыройлы азамат. Асанәлі елмен бірге, байланысы өте күшті. Асанәлі қайда барса да халқы жақсы қарсы алады», деп замандасы, сахнадағы серіктесі, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев ағамыздың жүрекжарды лебізінің шындығына жақын арада көзіміз жетті.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультеті дүбірлі мерейтой алдында шеберлік шыңдау тәжірибесін ел ішінде өткізуге бел буды. Иә, мұндай іс-шара оқта-текте ғана болады. «Аңызға айналған Асанәлі» (теңеу театр сыншысы – Ә. Сығайдың сөзі болатын) атты бағдарламаны академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бибігүл Нұрғалиқызымен бірге жоспарлап, ортақ шешімге келгеннен кейін тәуекел еттік. Бұл іс-шара Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев мырза мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаевтың тікелей қолдауынсыз іске асуы екіталай болатын. Себебі, А. Әшімовтің шеберханасында 3-курс студенттерінің саны – 35, оған қоса жеке автобус пен 4 ұстаз бірге жүруі керек. Іс-шараның жауапкершілігі аса маңызды. Сонымен 40 адам жолға шықтық. Бағдарламадағы басты міндетіміз – «Аңызға айналған Асанәлінің» ұстаздық қырын халқына таныстыру. Шәкірттерінің үш түрлі қойылымы. Ол қойылымдар кәсіби сахналарда өнерсүйер қауым алдында ойналмақшы. Әр күні – әртүрлі сахна, әртүрлі көрермен, әртүрлі жарық пен акустика, оған қоса жол алшақтығын да естен шығармаған абзал. 3-курс студенттері үшін мың жарым шақырым жол жүріп, төрт кеште көрермен алдына өз рөлдерінің көркемдік деңгейін түсірмей, көрерменнің ыстық ықыласына бөлену – негізгі мақсаттың бірі екенін тамыр-талшығымен сезініп келеді.
Сәл шегініс жасасақ, таңертеңгі астан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдени мұрағаттар мен құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жанынан ашылған Қазақстанның дарабоз актері Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының директоры Т.Сұлтанкереев орталық жұмысымен таныстырды. Мұндай шығармашылық орталықтардың жастарға берер рухани тәліміне студенттер мен ұстаздар зор ризашылығын білдіріп, естелікке суретке түсті. Ән шырқалды, би биленді, шаттыққа бөленген жастарға қала жастары қосылып, соңы думанға айналды. Бірақ, уақыт шектеулі, келесі тарихи мұрағат – Қарахан кесенесі. Қол жайып, Құран бағыштап, тарихы терең Тараз жері туралы, шежіресі шерлі Айша бибіден де есте қаларлық естелік тыңдап, кешкі репетицияға келдік.
Сонымен, көне Тараз қаласының облыстық қазақ драма театрының сахнасында зал толы көрермен, ортада курс жетекшісі А.Әшімов пен қала, облыс басшылары мен мәдениет, өнер өкілдері. Қойылым бітті, ду қол шапалақ. Ал, ұстаздар қауымы болса, пікір алысып, қойылымды талдауға кірісті. Қойылым соңынан табиғаттың тосын мінезіне қарамай, борандатып Жаңатас қаласы арқылы Байқадамға жол тарттық. Келесі күні Асанәлінің ауылы – Жайылмаға табан тіредік. «Туған ауыл – топырағыңнан айналайын, туған жер! Көңіл дархан, кең пейілді қазақ ауылы! Ғажайып сезімді ұл-қыздарына сыйлап жатқан егемен елдің баға жетпес Жер-анасы!» – деп Асекең ауылға кіреберісте сәл аялдап, жерге түсіп, бас иді. Құшақ жая қарсы алған ағайын мен жастардың қуанышында шек жоқ. «Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіз! Ас-аға!». Бабалар басына барып Құран оқып, тағзым еттік. Саудакентке (Байқадам) келіп, Мәдениет сарайында қойылымымызды көрсеттік. Ел-жұрты, көрермендер орындарынан тұрып, жерлесінің тәрбиелеп жатқан жігерлі шәкірттеріне қошемет көрсетіп, құрметтеуден шаршайтын емес.
Түнделетіп жолға шықтық. Келесі нысана – Шымкент қаласы. Екі кештегі төккен терден соң жайдары жылылықпен қарсы алған қонақүйге орналасып, бірер сағат тынығып, Жастар сарайында бас қостық. Өнерге ықыласы зор халықтың қарасы Жастар сарайына әзер сыйып тұр. Екі сағаттық қойылым көңілден шыққанын көрерменнің ыстық қошемет шапалағынан да аңғаруға болады. Ду шапалақ, құшақ толған гүлдер!
Алда – киелі Түркістан. Түркі халқының рухани, мәдени Астанасы! Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов құрған театр сахнасы. Кішігірім болса да рухы биік өнер шаңырағы. Өнер рухы шалқып тұр!
Аталмыш театрдың табалдырығын аттап, қала әкімінің, мәдениет басқармасының, қалың көрерменнің алдындағы жауапты істі өз деңгейінде атқарғанымызға көрермен де, әкімшілік те ыстық ықыласын білдіріп, А.Әшімов ағаларына, студенттеріне қошемет көрсетіп, қол соғып шығарып салды. Әрине, мұндай кездесулер студенттердің, шығармашылық өнер жолына баулып жатқан өнер ордасының бастамасына екі облыстың да өнерсүйер азаматтары қолдау білдірді. Ректорға алғысын айтты.
«Асанәлі Әшімұлы – қазақтың рухани паспортына айналған адам. Кез келген қазақ Асағаңмен мақтана алады. Кез келген қазақ Асанәліге еліктейді, сондай болғысы келеді, бірақ бола алмайды. Неге? Себебі, Асанәлі – жалғыз, дара дарын. Енді тағы бір Асанәлі тууы, болуы үшін бәлкім 100 жыл, иә, 1000 жыл керек болар» – деп «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай айтпақшы, тұлғалардың тұғырының биік әлде аласа екенін халықтық ықылас білдірген рухани сыйластық құрметін білу, сезіну, мақтануын ел арасында сезінеді екенсің. Түнделетіп Алматыға, академияға тарттық. Ұйқы жоқ. Әр шәкірт, әр ұстаз терең ой мен толғаныс үстінде келеді. Ол болашақ сахна алаңына қадам басқандағы жауапкершілік пен кәсіби біліктілік мектебіндегі шыңдалу жолы…
Музыканың тылсым тілінің табиғатын қазақ еліне әсем әрлеп жеткізген КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова: «Юлий Цезарь» қойылымында Асанәлі Әшімовтің өнері бір төбе. Мен бұл спектакльді бірнеше рет көрдім. Көрген сайын сахна өнерінің құдіретін бұрынғыдан да тереңірек сезіне түскендеймін. Ол үшін Асанәлінің актерлік дарынына таңдана да сүйсіне отырып, шексіз алғысымды білдіремін. Енді Асанәлідей Цезарь тумайды» десе, «сіз (А.Әшімов) ұлы актерсіз. Мен үш ұлы әртісті білемін. Олар осы рөлді (Юлий Цезарь) ойнағандар – Симонов (Петербург), Царев (Мәскеу) және үшіншісі сіз – Асанәлі Әшімов» – деген екен режиссер, КСРО халық әртісі, профессор Марк Захаров.
Иә, дара тұлғаға деген халқының, көрерменнің сүйіспеншілігі мен ықыласы бір бөлек болса, кәсіби мамандардың тұлға еңбегіне берген бағасының өзі бір төбе. Ал, біздің студенттеріміздің арасынан да дара тұлға есімдердің ізін басып, қазағымның өнерін өрге сүйрер тау тұлғалы, өр мінезді, нәзік сезімді дархан дарын иелері шығарына нық сенемін.
Аман Құлбаев
Егемен Қазақстан. – 2017. – 4 сәуір