Әбілхан — әлем жүлдегері!
Өткен апта басынан облысымыздың спорт саңлақтары байрақты бәсекелерде топ жарып, қоржынымызды майлауда. Соның бірі – Германия мемлекетіндегі әлем чемпионатында жерлес боксшымыз Әбілхан Аманқұлдың күміспен күптелуі.
Күні кеше «Әулиеата» әуежайында былғары қолғап шеберін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған бірқатар жамбылдықтар қарсы алып, құрмет көрсетті. Аталмыш мемлекеттің Гамбург қаласында өткен ересектер сайысына әлемнің 85 мемлекетінен 300-ге жуық күрзі жұдырықтылар қатысты. Кіл мықтылармен шаршы алаңда қолғап түйістірген жерлесіміз бес кездесу өткізіп, төртеуін жеңіспен тәмамдаған. Ол аймақ атынан ҚР Ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсеткен болатын. – Құрметті спортсүйер жанкүйерлер, қонақтар! Әбілхан – Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов секілді талантты бокшылардың жалғасы. Міне, бүгін баршаңызды кезекті жүлдесімен қуантып отыр. Алда сені Олимп шыңы күтіп тұр. Бұл бәсекеде сені тұғыр төрінен көреміз деген сенімдемін, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы облыс басшылығы атынан жүлдегердің ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын айтты. 75 келі салмақта 4 кездесу өткізіп, қарсыластарын ақтық мәреге дейін тізе бүктірген боксшымыз шешуші сәтте ресейлік спортшыға есе жіберіп алды. Алайда жерлесіміз жар- тылай финалда әзірбайжандық, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Камран Шахсуварұлын, ширек финалда әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кубалық Арлен Лопесті жеңген болатын. Әбілхан бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті. Байрақты бәсекедегі жүлдесі үшін оған аталмыш оқу ордасының бірінші проректоры Асқар Абдуалы университет басшылығы атынан білім грантын табыстады. Жүлдегерімізді бәсі жоғары аламанға баптаған жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков бұл жүлдені тыңғылықты дайындықтың арқасы деп біледі. – Дайындық жұмыстары Астана қаласында өтті. Үздіксіз 2 айдан аса жаттығу жүргіздік. Бастапқы кездесулер ол үшін қиынға соқпады. Өздеріңіз көргендей, Олимпиаданың оғландарын да ойсырата ұтты. Енді азғантай үзілістен соң жаттығуын жалғастырып, Токио Олимпиадасына дайындаламыз, – дейді жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков.
Толғанай Атабай
Жамбыл-Тараз. — 2017. — 6 қыркүйек