Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

 Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при турнирі өтті. Әлемнің 78 елінен 533 дзюдошы қатысқан додада қазақстандық балуандар да бақ сынады.

Айдын Смағұлов баптайтын ерлер құрамасы 12 спортшыға сенім артты. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Дәурен Сүйеукенов (60 келі), Әбілхайыр Мәуленин (66 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жанболат Бағытбергенов (73 келі), Руслан Мұсаев (81 келі), Дидар Хамза (81 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 келі), Рега Палкин (90 келі), Әділхан Қозыбаев (100 келі), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 келі). Әйелдер арасында ел намысын 48 келідегі Отгонцэцэцг Галбадрах қорғады.

Осылардың арасынан екеуі жүлдеге ілікті. Ерлер арасында ең жеңіл салмақта белдескен Елдос Сметов Анталия бозкілемінде чемпион атанды. Ол финалға дейін бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алдымен әзербайжандық Оружа Вализадудың (вазари) осал тұсын тапса, одан кейін болгариялық Валентин Алипиевті (иппон), бразилиялық Фелипе Китадаи (иппон) және ағылшын Эшли Макензидің (иппон) жауырынын жер иіскетті.

Шешуші сында Сметов өзбекстандық Кемран Нуриллаевпен белдескен. Алғашында «вазари» ұпайын алған қазақстандық спортшы кейін қылқындыру әдісін жасап, таза жеңіске жетті. Осылайша, жарақатына байланысты Екатеринбургтегі Grand Slam турнирінен сырт қалған Елдос Сметов Анталияда атой салды.

Ал әйелдер арасында 48 келі салмақта күрескен Галбадрах Отгонцэцэг финалда косоволық спортшыға есе жіберіп, турнирдің күмісіне қол жеткізді.

Сөйтіп, Түркияға барған 13 балуанның екеуі жүлдеге ілігіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бірінші және екінші орынды Грузия мен Әзербайжан командалары өзара бөлісті.

«Гран-при сыны жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылу жағынан кемшілік жоқ, спортшылардың деңгейі өскен. Белдесулер кезінде жанкүйерлердің, халқымның қолдауын сезіндім. Жақында жарақат алғанымды білесіздер. Иығымды ауыртып алған соң, Екатеринбургтегі Grand Slam додасынан бас тартқан едім. Араға аз уақыт салып, Анталиядағы сында топ жардым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап отыр. Жарақатымнан жүз пайыз айығып кеттім деп айта алмаймын. Иығым әлі де болса ауырады. Одан бөлек, белдесу кезінде қарсыласым тіземнен теуіп, тағы да ауырсынып қалдым.Дегенмен, бұл – спорт. Спортта мұндай кішігірім жарақат көп кездеседі. Ең бастысы – әрі қарай ушықтырып алмау керек. Токио Олимпиадасына іріктеу сынында жоғары ұпай жинап, төртжылдық додасына жолдама алуды басты мақсат тұттым. Бұйырса, сол ойымызды жүзеге асыруға тырысамыз»,– дейді Елдос Сметов.

Осы Анталиядағы Гран-приден кейін Халықаралық дзюдо федерациясы сәуір айына арналған әлемдік рейтингті жариялады. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов бесінші орынға көтерілген. Сметовтің қоржынында 4380 ұпай бар. Ал 60 келі салмақтағы балуандардың көшін ресейлік Роберт Мшвидобадзе бастады. Екінші орында жапондық Руджи Нагаяма тұр. Үшінші және төртінші орынды грузиялық Амиран Папинашвили мен жапониялық Наохиса Такато бөліскен. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев 2882 ұпаймен 13-орынға жайғасқан.

 Қазақстан балуандарынан алғашқы ондықта Ерлан Серікжанов (9-орын, 66 келі),  Галбадрах Отгонцэцэг (8-орын, 48 келі) бар.

Ұлан. — 2019. — 16 сәуір