Отандық бокстың оғыланы / Болат Жұмаділов
Ел спортында Болат Жұмаділовке екі бірдей тарихи көрсеткіш тиесілі. Біріншісі, ол – қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Бұл атаққа қандасымыз 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында қол жеткізді. Екіншісі – Жұмаділов екі Олимпиаданың финалында күш сынасқан Қазақстандағы тұңғыш және әзірге жалғыз былғары қолғап шебері. Ол Атланта мен Сиднейдегі жарыстың ақтық сынында өнер көрсетті. Болаттың бұдан да басқа толып жатқан жетістігі барын жанкүйерлер жақсы біледі.
Жастар арасындағы жарыстарда өз қатарының алды болған даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі көп кешікпей ересектер дуында да дараланды. 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД чемпионатында бас жүлдені олжалаған Болат көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Жалпы сол жарыста Қазақстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, командалық есепте екінші орынды иеленді. Бір кереметі, 48 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған үш боксшымыздың барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Мейті Исмаилов қола алса, Сұлтан Әбдіразақов күміске қол созды. Ал Болат Жұмаділов ТМД чемпионы атанды.
Келмеске кеткен Кеңес Одағының аса жеңіл салмақтағы үздігі атанған 19 жастағы жігіттің Барселонада алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысуына еш кедергі болмауға тиіс еді. Себебі іле-шала қандасымыз Сеулде өткен «А» дәрежелі лицензиялық турнирге қатысып, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Осыдан кейін Болаттың Барселонада жұдырықтасатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Бірақ қазақтың ұлына ондай бақ бұйырмады. Арамза бапкерлер жеме-жемге келгенде әділдікті белден басты. ТМД құрамасы сапының өзге мүшелерімен бірге Пиреней түбегіне аттанған Жұмаділовтің шаршы алаңға шықпайтыны ең соңғы сәтте белгілі болды. Бапкерлердің таңдауы ТМД чемпионатының жартылай финалында біздің өреннен оңбай ұтылған Владимир Ганченкоға түсті.
Болат айтады: Испанияға Қазақстаннан төрт боксшы аттандық. Мен, Болат Теміров, Аркадий Топаев және Николай Кульпин. Құрама бапкерлері қазақтарды көпсінсе керек, әйтеуір Испанияға табанымыз тиген бетте бізге қырын қарай бастады. Әуежайдан түсіп, қонақүйге келгенде олар әуелі Болат Теміровке килікті. Арада үш тәулік өткен соң дәл салмақ өлшеу рәсімі болатын күні Анатолий Копцев мені жеке шақырып алып, Ганченкомен алмастыратынын айтты. Көңілім су сепкендей басылса да, үндеген жоқпын. Бас бапкер «Жассың, болашағың алда, әлі Олимпиаданың талайын көресің» деп түлкібұлаңға салды. Қолдан келер дәрмен болмаған соң тек бас изедім де отырдым. Соңғы екі бірдей КСРО чемпионатында 51 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеген Болат Теміровтің өзіне қиянат жасаудан тартынбаған бапкерлер мені қайтсін. Содан жарысты көрермен ретінде тамашаладым. Бұл Олимпиада ТМД құрамасы үшін сәтсіз аяқталды – командаға екі жүлде ғана бұйырды. Украиналық Ростислав Зауличный күміс алса, грузиялық Рамаз Палиани қоланы қанағат тұтты. Мені алмастырған Владимир Ганченко тұсаукесер кездесуінің екінші раундында мажарстандық Пол Лакатоштан тас-талқан болып ұтылды. Ал Сеулдегі турнирде менен таяқ жеген филиппиндік Роэль Веласко қола медальды мойнына ілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Жұмаділовтің де жұлдызы жарқырай жанды. 51 кило салмақ дәрежесіне ауысқан ол 1994 және 1995 жылдары қатарынан екі рет Азия чемпионы атанды. Тегерандағы тартыстың қорытындысы бойынша оған ең керемет техникасы үшін арнайы сыйлық табыс етілді. 1995 жылғы дүниежүзілік додада күміспен күптелсе, 1997 жылы қола медальды еншіледі. Сол жылы Шығыс Азия ойындарында алдына жан салмады. 1999 жылы сары құрлықтың барлық мықтысы жиналған жарыста үшінші орынды иеленді. Оның сыртында көптеген аса ірі халықаралық турнир, бірқатар матчтық кездесу бар. Сол бәсекелердің барлығында Болат намыс туын биік ұстады.
Болат Жұмаділовтің спорттық мансабындағы ең маңызды үш жарыс жайында біз жоғарыда жаздық. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қандасымыз керемет өнер көрсеткеніне сан миллион жанкүйер куә. Бастапқы бәсекелердің барлығында басымдық танытқан ол жартылай финалда өзінің «ескі танысы», германиялық Золтан Лункамен кездесті. Дәп сол боксшыдан Болат әлем чемпионатының финалында ұтылған. Кейіннен оны Галледегі турнирде жақсылап тұрып сабаған. Америкада олардың жолы үшінші мәрте қиысты. Бұл жолы да Жұмаділовтің мерейі үстем болды.
Финалда кубалық Майкро Ромеромен өткен бәсеке күні бүгінгідей көз алдымызда. Тактикалық және техникалық тұрғыдан алсақ та, бұл бір керемет жекпе-жек болғаны даусыз. Шеберліктері әбден толысқан екі боксшы аянбай айқасты. Көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған қырандардың өнерін тамашалаған жанкүйерлердің айыздары әбден қанды-ау. Бір қарағанда, сәл болса да, басымдық Болат жағында секілді көрінген еді. Айтқандай-ақ бәсекенің аяқталуына соңғы секундтар қалғанда кейіпкеріміз екі ұпай алда тұрды. Бірақ гонг естілген соң таблоға қарасақ, қарсыласы бір ұпай озған екен. Осылайша, Жұмаділовке Атлантада күміс медаль бұйырды.
Болат айтады: Финалдық сайыста ұтып жатқаныма еш күмәнім болған жоқ. Алайда төрешілер менің емес, кубалықтың қолын көтерді. Кейіннен де Майкро Ромеромен болған жекпе-жек жайында біраз әңгіме айтылды. Көп адам менің жеңгеніме шүбә келтірмеді. Бірақ мен сылтау айтып, ақталғанды ұнатпаймын. «Үйту керек еді, бүйту керек еді» деген сөздерден қашамын. Бұрын да, қазір де «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтқанды ұнатамын. Сол себепті бар кінәні сырттан іздеудің қажеті жоқ. Өзімізге де сын көзбен қарағанымыз жөн. Қарапайым тіршілікте қуаныш пен қайғы қатар жүрсе, спортта да дәл солай. Бірде – жеңесің, бірде – жеңілесің. Өмірдің заңдылығы солай. Әркез әділдік жеңе бермейді ғой. Олимпия ойындарының финалындағы сәтсіздігімді мен дәп солай қабылдадым.
1999 жылы Хьюстонда Болат әлем чемпионы атанды. Алғашқы айналымдарда түркиялық Сүлеймен Пекдоған, армениялық Вахтанг Дарчинян және америкалық Джон Мединадан мерейі үстем болған Феликс Цойдың шәкірті жартылай финалда польшалық Анджей Ржаныдың осал тұсын оңай тапты. Ал шешуші тұста ол аргентиналық Омар Нарваэстен басым түсті. Сөйтіп Болаттың есімі қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.
2000 жылы Сидней Олимпиадасында Болаттан барша жанкүйер тек бас жүлде күтті. Жарысты өте жақсы бастаған ол замбиялық Кенеди Канията, армениялық Вахтанг Дарчинянды және франциялық Жером Томаны тізе бүктірді. Финалда Жұмаділовтің жолы таиландтық Вичан Понлидпен қиысты. Бұл боксшының есімі көпшілікке беймәлім болғанымен, жасыл құрлықтағы додада ол әлем чемпионы, Панамерика ойындарының қола жүлдегері, кубалық Мануэль Мантилья мен Еуропа біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, украиналық Владимир Сидоренко сынды саңлақтарды сан соқтырып, көпшілік назарын өзіне аударған еді. Ақтық айқаста да айдарынан жел ескен Тай елі өкілі бас жүлдені қоржынға салды. Болат екінші мәрте Олимпия ойындарының күміс медальын қанағат тұтты.
Болат айтады: Жалпы мен Тай боксшысынан «пәленбей қауіп келеді» деп күтпеген едім. Понлидті түрлі жарыстарда бір-екі мәрте көргенім бар. Шыны керек, ол кездері оның өнері маған айтарлықтай әсер етпеді. Ал Аустралия төрінде ол құлпырып шыға келді. Маған дейін де біраз мықтыны жолынан ығыстырған Понлид финалда да өзін еркін сезінді. Оның үстіне қарсыласым маған қарағанда біршама жас. Жылдамдығының арқасында ол үнемі алдымды орап отырды. Нәтижесінде алты ұпай артық жиған қарсыласым жеңіске жетті. Бұл жекпе-жекте тайландтық боксшыға есем кеткенін мен мойындаймын.
Өткенге зер салсақ, Жұмаділовтен жеңілген боксшылардың біразы кейіннен кәсіпқой рингте бақ сынады. Солардың арасынан атақтылар да шықты. Мәселен, Омар Нарваэс 2002-2009 және 2010-2014 жылдары қарсылас шақ келтірмей, екі бірдей салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды. 2004-2007 және 2008-2010 жылдар аралығында Вахтанг Дарчинянның дәуірі жүріп тұрды. Владимир Сидоренко да белді нұсқалардың алтын белбеуін иеленді. Осылай ұзақ уақыт тізбектей беруге болады. Ал Болат Жұмаділов Сидней Олимпиадасынан кейін бірер айдан соң үлкен спорттан қол үзді.
Ғалым Сүлеймен
Egemen Qasaqstan. – 2020. – 13 мамыр