Әлемді мойындатқан жамбылдықтар
Жамбыл облысы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерінің саны бойынша көш бастап тұр. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Болат Ниязымбетов, Ислам Байрамуков, Болат Жұмаділов, Ақжүрек Таңатаров сынды әлем мойындаған жамбылдық жампоздардың ізін бүгінде іні- қарындастары жалғап келеді. Спорт күні қарсаңында әлемдік додаларда ел намысын қорғап, Әнұранымызды асқақтатып, көк Туымызды желбіретіп жүрген жерлестер ерлігіне шолу жасауды жөн көрдік.
Бүгінде облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның ішінде 22 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрі. Бұл мекемелердің барлығы облыстың бұқаралық спорт түрінің барлығымен қамтылуымен қатар, ел намысын қорғайтын, облыстың үкілеген спортшыларын дайындап шығаруда. Жетістік те жоқ емес. Жалпы ағымдағы жылдың 7 айында облыс спортшылары Әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 68 медальге, оның ішінде 32 алтын, 18 күміс және 18 қола, Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен кубоктарында 555 медальге, оның ішінде 195 алтын, 169 күміс және 191 қола және халықаралық турнирлерде 63 медальге, оның ішінде 25 алтын, 16 күміс және 22 қолаға қол жеткізген. Ал жыл басынан бері облыс спортшылары Жапонияда велоспорттан өткен Азия чемпионатында Дінмұхамед Ұлысбаев чемпион атанып, Швейцарияда өткен Әлем Кубогының 2 кезеңінің қорытындысы бойынша ІІ орынға ие болған. Ал қол күресінен АҚШ-та интерконтиненталь чемпиондық белбеуі PAL (Professional Arm Wrestling League) үшін жарыста абсолютті салмақ дәрежесінде Дмитрий Трубин интерконтиненталь чемпионы титулын жеңіп, осы белбеу иегері атанып, ел мерейін үстем еткен. Сонымен қатар жүзуден тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүгедек-спортшылар арасындағы Голландияда болған «Эйндховен Кубогы» халықаралық жарысында Зульфия Габидуллина 50,100 және 200 метр қашықтықтарда І орынды жеңіп алып, үш қашықтық бойынша әлем рекордын жаңартып, паралимпиялық спортшылар арасында Еуропаның ашық чемпионатында (Португалия) 50 және 100 метр қашықтықтарда алтын медальді иеленген. Ал паратаэквондодан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Ашық Азия чемпионатында (Филиппин) Өмірәлі Нышан жеңімпаз атанса, еркін күрестен есту қабілеті төмен тұлғалар арасында өткен Әлем чемпионатында (Иран) жасөспірімдер арасында Тұрғанбай Ғасыр (69 кг) — ІІ орын, жастар арасында Ғалымбет Молдашев (66 кг) – ІІІ орын, ересектер арасында Ғабит Есжанов (65 кг) пен Нұрсұлтан Дүйсембиев (57 кг) өз салмақ дәрежелерінде ІІІ орынға табан тіреген. Самбо күресінен жастар мен ересектер арасындағы Азия чемпионатында (Түркменстан) ересектер арасында Ақтолқын Смағанбетова 80 келі салмақ дәрежесінде І орын, жастар арасында +80 келі салмақ дәрежесінде Арайлым Шегенова І орын, 82 келі салмақ дәрежесінде Дәулет Ахмет ІІ орын, 60 келі салмақ дәрежесінде Ләйла Ақмолда ІІІ орынды қанжығалаған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев 3-ші рет «Қазақстан Барысы» атанғаны да күллі қазақ елінің жадында. Ал жасөспірімдер арасында VI халықаралық «Азия балалары-2016» спорттық ойындарында (Ресей) еркін күрестен Нұртілек Оңдаш 42 кг салмақ дәрежесінде І орын, бокстан Бейбарыс Жексен 48 кг және Әлібек Жарқынбек 52 кг салмақ дәрежесінде ІІ орын, 54 кг салмақ дәрежесінде Жамиля Айтбаева, 57 кг салмақ дәрежесінде Адина Қалдыбай ІІІ орын, дзюдодан 81 кг салмақ дәрежесінде Ізбасар Ералиев және 52 кг салмақ дәрежесінде Рауза Нұрмахамметова ІІІ орынды иеленіп, өзге мемлекеттер арасында ел мерейін үстем етті. Бұл тек жеті айдың қорытындысы ғана. Ал жыл соңына дейін облыстың қоржыны әлі талай жүлделерге толарына күмәніміз жоқ.
Төрткүл дүние көз тіккен Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан ХХХI жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 5 спортшы аттанғаны да біздің облысқа мақтаныш екені сөзсіз. Ал ұлттық құрамаға ең алғашқы жүлдені алып келген жерлесіміз Елдос Сметовтің ерлігі бөлек әңгіме. Алдағы уақытта қыркүйек айында өтетін Паралимпиялық ойындарында жүзуден Зульфия Габидуллинаға күллі қазақ елінен өзге, жерлестеріміз де тақымын қысары сөзсіз. Сондай-ақ Олимпиада ойындарының соңына дейін ұлттық құрама мен облыс спортшылары үшін жанкүйер болатын жерлестердің сенімі әлі талай дүбірлі додаларда ақталарына сеніміміз зор.
Арайлым Шабденова
Жамбыл-Тараз. – 2016. – 17 тамыз. – 8 б.