Ақыртасқа бардың ба?
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша Жамбыл облысына жұмыс сапарымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Туризм саласын дамытуды мақсат еткен министр тарихи кешен Ақыртаста болды.
Аймақтағы әлемдік мәдениетке бергісіз тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі, бұл – Ақыртас құрылыс кешені. Ата- бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы — Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Әлемдік мәдениетте тарихын тасқа жасырған құпия құрылыстың ғаламдық кереметтердің қатарынан ойып орын алары заңдылық. Мұндай ғажайып керемет құрылыстар әлем тарихында санаулы ғана. Таудың қызыл түсті тастарын әдемілеп ойып отырып, салмағы тонналап тартатын бітеу тас блоктар жасап шығару – адамзат баласының есте жоқ ескі замандағы өркениетінің баға жетпес құндылығы. Міне, осындай ұлы өнер мәдениетінде ерен ерлігімен тарихтың тархан беттерінде қалған ұлттардың бірі — ол біздің Қазақ халқы еді. Ежелгі дәуірдің асыл мұрасына айналып, көз тартар көркемдігімен талайдың таңдайын таң қақтырған Ақыртас кешені ата-бабаларымыздың сәулет өнеріндегі қайталанбас ғажайып қолтаңбасының бірегейі. Мәдениеті де, тарихы да, өркениеті де ежелден өркендеген бабаларымыздың куәгер көзі ретінде бүгінгі күні өз құндылығын сақтап тұр. Талай ғасырлар мен шапқыншылықтардың куәсі болған бұл кешеннің кереметтілігіне қызыққан талай ғалымдар кезінде зерттеулер де жүргізген. Министр алдымен Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағындағы «Ақыртас» сарай кешенін аралап шығып, ондағы жұмыстармен толыққанды танысты. Сондай-ақ ол республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді.
Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей болып табылатын Ақыртас ескерткішінің туристер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңды құраған. Соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту біздің, яғни Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты. Осы ретте бүгін Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі екі жақты Меморандумға қол қоймақшымыз, – деді А.Мұхамедиұлы.
Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз сөзінде облыста 3400- ден астам тарихи-мәдени ескерткіштердің барын айтып, алдағы уақытта Ақыртас кешенінде қазақы этонауылдар туристер үшін қызмет ететінін, онда ұлттық құндылығымызды дәріптейтін дүниелердің болатындығын атап өтті.
– Біздің бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін Қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Өтіп жатқан кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында.«Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда. Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осы тарихи кешеннің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі болып табылады, – деді Асқар Исабекұлы. Жиын барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи мәдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы мақсатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ үш жақты Меморандумға қол қояды. Жалпы меморандум Жамбыл облысындағы «Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» тәрізді тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеуді, «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейі-қорығы базасында туристік кластер құруды көздейді. Сондай-ақ тараптар алға қойылған мақсаттарға жету үшін өңірдің ескерткіштерін сақтау, зерттеу, реставрациялау, консервациялау және насихаттау ісіне барынша қолдау көрсететін болады.
Сонымен қатар «Ақыртас» кешенінің Сапар орталығында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің жылжымалы «Рухани жаңғыруға 1 жыл» атты көрмесі өтті. Көрмеге Жамбыл облысы аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қойылды.
Ал келген қонақтарға Ақыртас кешенінде арнайы киіз үйлер тігіліп, өңір өнерпаздары онда ән айтып, күй тартып, қыздар мың бұрала биледі. Сондай-ақ көпшілікке Наурыз көже таратылды. Бұл расында үлкен істің басындағы бастаңғы еді.
Арайлым Шабденова
Jambyl-Taraz . — 2018. — 11 сәуір