Биыл қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл.
Қазақтың заңғар жазушысы, артына мол әрі бай мұра қалдырды. Елдің оқу-ағарту ісіне, драматургия саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 20 жасында М.Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы «Еңлік-Кебекті» жазды.
Құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға сайтымыздың Ай кітабы бетіне Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын ұсынамыз.
Әуезов, М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы [Мәтін]. 1 т. Мақалалар, пьесалар. 1917-1920 / Мұхтар Әуезов. — Алматы : Дәуір : Жібек жолы, 2014. – 464 б.
Биыл «Еңлік-Кебек» пьесасына – 105 жыл. Бұл пьеса Мұхтар Әуезовтің трагедия жанрында жазған шығармасы.
Пьеса, екі жастың махаббатын жыр ететін шығарма. Еңлік пен Кебек туралы болған оқиға хикаялар XVIII ғасырдан бастап ел арасына кең тараған. Шығарма 1922 жылы жазылды және 1943 жылы жаңа нұсқасымен жарық көрді.
Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы мәлімет, баспасөз бетінде 1892 жылы «Дала уәлаяты» газетінде «Қазақтың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланды. Кейіннен 1900 жылы тағы да осы газетте «Қазақ турасынан хикая» деген атпен жарық көрді.
Махаббаттың құзар биік шыңына шығып, ар алдында тәуекелге бел буғаны үшін Еңлік пен Кебек – мәңгілік махаббат символына айналды. Бұл басылым Әуезовтің көркемдік әлемі туралы түсінігімізді бұрынғыдан да кеңейтіп, тереңдете түседі.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.