Тарихы терең, талғамы биік басылым

Тәуелсіз қазақ елінің тарихи өңірінің маңызды бөлшегіне айналған басылым – «Аq jol» газетінің ғасырлық мерейтойына орай Тараз қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханасында «Тарихы терең, талғамы биік басылым» атты кездесу өтті.

Кездесуде «Aulieata-media» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт, «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, газеттің бөлім меңгерушісі Жүрсінгүл Жақып қатысып, оқырмандармен ой бөлісті. Бас директор О.Дәуіт биыл 100 жылдығы облыс көлемінде кеңінен аталып өтіп жатқан, тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген қасиетті Әулиеатаның үні болған басылымның тарихынан қысқаша сыр шертіп, кешегісі мен бүгінгісіне тоқталды.

– «Аq jol» газетінің тарихы өте тереңде жатыр. Бұл туралы басылымның беттерінде жыл бойы жазылып келді. Қысқаша айтсақ, «Кедей еркі» атауымен жарық көрген алғашқы санынан бастап «Аq jol» шындықты жазудан тайсалмайтын, батыл газет болды. Осы үрдіс бір ғасырдан бері жалғасып келеді. Газеттің 100 жылдығына арналған шараларды марқұм болған ақжолдықтардың әруақтарына Құран бағыштап ас беріп, ардагерлеріміздің ақ батасын алудан бастадық. Ақпан айында облыста өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс та биыл «Аq jol»-дың 100 жылдығына арналды. Одан кейін қаладағы орталық саябаққа 100 дана ағаш көшетін отырғыздық, түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырдық. Осылайша байырғы басылымның 100 жылдығын жастарға үлгі-өнеге боларлық, тағылымы мол іс-шаралармен өткізуді жөн санадық.

Газет бүгінде заман талабына сай бейімделіп келеді. Бүгінде өз оқырмандарының жүрегіне жол табудың барлық амалдарын қарастыруда, – деді Оралхан Әбдірәшұлы.

Ұлттық мүддені ұлықтаған, халықтың көкейіндегісін дөп тапқан, әр парағы жақсылықтың жаршысына айналған тарихи басылымның мерейтойы жоғары деңгейде аталып өткенін тілге тиек еткен газеттің бас редакторы Х.Есаман ғасыр жасаған газеттің бүгінде өз оқырмандарының ойында, көкейінде жүрген көп түйткілді тақырыпқа арқау етіп келе жатқанын, газеттің әрбір саны облыстың қым-қуыт тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатқанын сөз етті.

Кеште Тараз сервис және технология колледжінің білімгерлері Айсұлу Шәйкен, Ерасыл Түйтебай, Альмира Ибаділда ақын Күләш Ахметованың «Мен «Аq jol» газетіне ризамын», Мүтәліп Ережепбайұлының «Журналистер», Жұлдыз Бейсектің «Аq jol»-ға деген өлеңдерін оқыды.

Кездесуде Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева сөйлеп, ғасырлық тарихы бар басылымға және оның қызметкерлеріне ізгі тілегін білдірді.

Кеш соңында кітапхана қызметкері Гүлнұр Нұрпейісова кездесуге жиналғандарды «Аq jol» – аймақтың айнасы» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ақ жол. – 2022. – 29 қазан (№131). – 5 б.