Жазушылық – ұлы өнер. Том-том кітаптарды оқи отырып, саналы оқырман өзіндік ой түйеді. Көркем шығарма арқылы өмірге қалыптаса алады.
Құрметті оқырмандар, мамыр айына Ай кітабы бетіне жазушы, ақын, журналист Дулат Шалқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы» атты өлеңдер мен толғаулар, шешендік сөздер топтастырылған кітабын ұсынамыз:
Шалқарбаев, Д. Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы [Мәтін] : өлеңдер мен толғаулар, шешендік сөздер / Дулат Шалқарбаев. — Алматы : Рух БГ, 2014. – 384 б.
Жазушы, ақын, журналист Дулат Шалқарбаевтың (1923-2012) бұл кітабына өзі көзі тірісінде әзірлеген поэзиялық туындылар жинағы мен ел аузынан жазып алған шешендік, тапқырлық, адамгершілік, батылдық жайындағы сөздер еніп отыр. «Өмір өзі сөйлейді» — замана, тұрмыс, тіршілік, белгілі тұлғалар хақындағы өлендер мен толғаулар. Ал «Бабалар тағлымы» — хандар, батырлар, қарапайым адамдар тарапынан айтылған ұтымды сөз, жасалған іс-әрекет, әр заманның қысқа көріністері. Бұл топтама тұтас бір өңірдің бірнеше ғасырлық танымды тарихын елестетеді.
Белгілі қарт жазушы, ақын, журналист Дулат Ахметұлы Шалқарбаев шығармашылық белсенділігін өмірінің соңғы сәтіне дейін бәсендетпеген қалам қайраткері еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, дүниеден өтер күннің алдында ғана жасамыс қаламгер өзінің кезекті пьесасын сахналауға әзірлеп жатқан жаңатастық көркем-өнерпаз әртістермен бірге болып, спектакльдің кем-кетіктерін үштауға қатысты кеңестерін айтқан екен.
Белсенді тыныс-тіршілікке Дулат Ахметұлы қаршадайынан араласқан. Ол 1923 жылғы 16 қыркүйекте Әулиеата маңында, Ақыртөбеде дүниеге келген. Он бес жасынан Саудакенттегі қазіргі Байқадам орта мектебінде 1938 жылы ашылған әдеби үйірмеге қатысты. Өлең-жыр, әңгіме жазудың әдістерін үйренді, өзінің қалам тербеудегі алғашқы тәжірибелерін ортаға салды.
Қадірменді қарт жазушымыз Дулат Шалқарбаевтың бұрын жарияланбаған туындылары бір кітапқа топтастырылып, оқырманға жол тартып отыр. Кітаптағы «Өмір өзі сөйлейді» атты өлең-жырлар мен толғаулар жинағы кемел жасқа келген ақынның заманаға көзқарасын, белгілі тұлғаларға бағасын, тіршілік хақындағы философиялық ой-толғамдарын танытады. Ал «Бабалар тағлымы» — ел аузында сақталған шешендік сөздер арқылы жасалған тәлімді тарих. Берер ғибраты мол танымды топтама.