«Жазда атамның ауылына…»

    Жаз — әсіресе балалардың асыға күтетін мерейлі маусымы. Күнделікті сабақтар артта қалып, осы уақытты балғындар барынша қызықты әрі көңілді өткізуді армандайды. Жаз маусымы басталысымен оқушы қауымның арманына арқау болатын жазғы сауықтыру лагерьлері де есіктерін айқара ашады.

Жаз мезгілі ондағы өзгерістер мен ерекшеліктер жайлы мағлұмат беру мақсатында Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлері №35 орта мектеп жанынан ашылған лагерьге барып, «Жазда атамның ауылына» библиофреш, «Ханталапай: асық ату» спорттық ойындары, «Ойлана ойнайық» ойын-саяхаты, «Ойнай білсең, ойлай білесің» әдеби викторинасы, «Шынықсаң, шымыр боларсың» көрме диалогы, «Құстар әлемінің атаулары» ұсыныс көрме сияқты балаларды қызықтыратын іс-шараларды өткізді. Бұл тұрғыда кітапханашылар балаларға жаз қызықтары туралы айтып берді.

Балаларды кітап оқуға шақыру, білімді, жан-жақты болуға үйрету, жарыста жеңімпаз болуға ұмтылуын дамыту, білімді, дарынды, озық болуға ынталандыру үшін түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамыту үшін «Білімді мыңды жығар», «Әртүрлі сұрақтар», «Жұмбақтар», «Мақал- мәтелдерді жалғастыр», «Ертегілер», «Ой сергіту», «Менің денсаулығым, менің болашағым» атты ойындар ойнатылды.

Әр кезеңде ойын шартына сәйкес логикалық сұрақтар қойылып, сурет салудан жарыс өтті. Тартысты жарыста оқушылар өз біліктіліктері мен белсенділіктерін көрсете білді. Сонымен қатар түрлі қызықты кітаптардан құралған «Кітап — ғажайып жаршысы» атты кітап көрмесі балалар назарына ұсынылып, әдеби мұраларға шолу жасалды. Көрмеде ұсынылған әрбір кітаппен балалар жеке-жеке танысып, өз ризашылықтарын білдірді.

Кез келген елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтіні шындық. Бүгінгі дені сау ұрпақ — елдің ертеңгі жалғасы. Әрбір өткен іс-шарада балаларды жалықтырып алмайтындай спорттық ойындарды

қосып, қимыл қозғалысына да мән берілді. Мұнда балалардың денесін шыңдауға, шымыр да шапшаң, ұқыпты да жинақы, талғампаз да қанағатшыл, таза да сымбатты болуға тәрбиелейтін ойындар да ұйымдастырылды. Балаларға қазақтың ұлттық ойындары туралы мол ақпарат берілді.

Ал сұрақ-жауап кезеңінде оқушылардың жаздан да ыстық құшағы бар ата мен әженің үйіне асығатындығы белгілі болды.

Iс-шаралардың қызықты өтуіне балалар бөлімінің меңгерушісі Анар Искакова, кітапханашылар Ұлжан Бейсенова, Бағира Бұлтанқұлова, Гүлжан Бошаевалар барынша атсалысты. Шара соңында белсенділік танытқан барлық оқушыға балмұздақ таратылды.

Аr-Аі. – 2023. – 30 маусым