«КСРО чемпионатын төрт рет ұтсам да, Әлем чемпионатына жібермеді».

Алмас МҰСАБЕКОВ, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан Әлем кубогінің жеңімпазы, Еуропа чемпионы:

 «КСРО чемпионатын төрт рет ұтсам да, Әлем чемпионатына жібермеді».

– Алмас Сағымқұлұлы, сіздің есіміңіз даңқты балуан ретінде елімізге танымал. Әлі күнге дейін спорттан қол үзген жоқсыз. Күрестің самбо түріне қалай келдіңіз? Кім себепкер болды?

– Мен Байзақ ауданының Кеңес ауылында дүниеге келдім. Екінші сыныптан бастап өзімнің қызығушылығыммен футбол үйірмесіне бара бастадым. Бесінші сыныпта Тараз қаласына ауысып, самбо үйірмесіне жалғыз өзім бардым. Ешкім жетелеп барған жоқ. Сағдат Қамбатыров деген бапкерден самбоның әліппесін үйреніп, онан соң Марат Жахитовтан сабақ алдым. Арасында Жетібай ауылына да барып оқыған жылдарым бар. Жалпы, 9-сыныптан бастап Марат Жахитовпен бірге Тараздағы «Динамо» спорт кешенінде тұрақты дайындалдым.

– Күрес кілеміндегі жеңістеріңіз қай жылдан басталды?

– Спорт деген үнемі жеңіске жету емес. «Әттеген-ай» дейтін сәттер де болады. 1975 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, самбо күресінен КСРО жасөспірімдер құрамасының мүшесі болдым. 16 жастан енді асқан кезім ғой. Содан Өзбекстанда жасөспірімдер арасында КСРО чемпионаты өтіп, алғашқы іріктеу кезеңдерінің бірінде украиндық Редько деген балуанға айқын басымдықпен ұтылып қалдым. Бірақ, намысым бар. Арада бір жыл өткенде жастар арасында өткен КСРО чемпионатында әлгі Редькомен қайта жолым түйісіп, айқын басымдықпен жеңдім. Осылайша есемді қайтарып, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Ол кезде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының бірінші курсында оқитын едім. 1977 жылы өткен бүкілодақтық жастар ойындарында да күміс жүлдегер атандым. Дәл осы жылы Қарағанды қаласында ересектер арасында өткен КСРО чемпионатында күміс жүлдегер атанып, самбодан КСРО ұлттық құрамасының мүшесі болдым. 19 жастағы мен үшін бұл үлкен қуаныш болды. Жүлделер ауылына жорықтар осылай басталды. Қарағандыда алтын медальді эстониялық Самачук деген балуан олжалап кетті.

– Самачуктан есе қайтты ма?

– Әрине. 1978 жылы өткен КСРО кубогында Самачукты ұттым. Осы жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында қола жүлдегер атандым. 1980 жылы Бішкекте өткен КСРО чемпионатында күміс медаль алсам, 1981 жылы Қарағанды қаласында ересектер арасында өткен КСРО чемпионатында 52 килограмм салмақта чемпион атандым. Осы жарыста әлем чемпионы ресейлік Володя Кругловты, финалда да ресейлік Белоглазовты ұттым. Ал 1982 жылы Болгарияда өткен Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Негізі, финалда да есе жібергенім жоқ едім. Қарсыласым болгариялық балуан болғандықтан, төрешілердің бүйрегі солай қарай бұрылып, маған қиянат жасады. Айқын ұтып кетпесең, бұрмалау спортта болып тұратын жағдай.

– Сіз бірнеше дүркін КСРО чемпионы атандыңыз. Бірақ, Әлем чемпионатына жолыңыз түспепті. Неге?

– Бұл сұраққа жауап беру маған жеңіл емес. КСРО-ның төрт дүркін чемпионы аттандым. Еуропаның әуелі күміс жүлдегері, 1986 жылы Ленинградта Еуропа чемпионы атандым. Оған 1984 жылы Венесуэлада Әлем кубогінің жеңімпазы атанғанымды қосыңыз. Нәтижелерім дұрыс болып тұрса да, КСРО спортының төрінде отырғандар мені Әлем чемпионатына апара қоймады. Менен көрсеткіші төмен балуандар жаһандық жарыстарға жолдама алып жатты. Қазіргі күресіп жүрген балуандарымызға жеңілдеу. Олар Қазақстан чемпионы болса, Әлем чемпионатына бара береді. Жол ашық. Ал, біздің кезімізде КСРО чемпионатын ұтуың керек. Әлем чемпионы Кругловты да, КСРО- ның екі дүркін чемпиондары Беловты да, Файзиевті де ұттым. Әйтеуір, сол кездің саясаты ма, әлде жолымыз болмады ма, Әлем чемпионаты маған бұйыра қоймады.

– Әлі де күресті тастаған жоқсыз. Бозкілемде күресіп жүрсіз. Солай ма?

– Иә, қазір 65 жастамын. Бірақ, бабымды жоғалтқан жоқпын. Үнемі жаттығуда жүремін. Ардагер балуандар арасында 8 дүркін әлем чемпионымын. Маусым айының басында ғана Астана қаласында самбодан ардагерлер арасында өткен Азия чемпионатынан алтын медальмен оралдым. Алдағы айларда өтетін ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатына дайындалып жүрмін. Таңғы сағат 5.00-ден тұрып, жаттығуға кірісіп кетемін. Жамбыл ауданында Нұржан Қазбеков деген ардагер балуан бар. Ол да өз салмағында ардагерлер арасында әлем чемпионы атанып жүр. Оның өзі жастарға үлгі деп ойлаймын.

– Спортқа сіңірген еңбегіңіз үлкен. Сізге кім, қандай қолдау көрсетіп жатыр?

– Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры болған Махметғали Сарыбековтың кезінде аталған университеттің Құрметті профессоры атандым. Осы ректордың көп қолдауын көрдім. Елдос Далабаев басқаратын «Жекпе-жек» клубында да жаттықтырушы болып еңбек етемін. Белгілі балуан Сәлкен Жартыбаев басқаратын спорт мектебінде де біраз жыл еңбек еттім. Спорттағы тәжірибемді жастарға үйрету жолында аянып қалған емеспін. Спорт мектептері, мектеп-гимназиялар, колледждер кездесуге шақырып тұрады. Оның бәрі маған және самбо спортына деген құрмет деп есептеймін.

– Атақ дегенге қызығасыз ба? Атақ сізге не береді?

– Атаққа қызықпаймын. Бірақ, кімнің болса да сіңірген ерен еңбегі ақталу қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда Байзақ ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматымын. Тараз қаласының және Байзақ ауданының әкімдігіне, мәслихат депутаттарына айтар алғысым мол. КСРО- ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спортшы деген атақтарым да бар. Оның барлығы сіңірген еңбегімнің жемісі деп ойлаймын.

Ақылшы анам бар. Әлі күнге дейін анама еркелеймін. Қарапайым отбасымызда әр күніміз берекелі, қуанышқа толы өтіп жатады. Оның бәріне шүкір. Аспанымыз ашық, еліміз бейбіт, тыныш болса деген тілегім бар. Әлем елдері тек спорт түрлері бойынша айқасса деген ниеттемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Алмас МҰСАБЕКОВ

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым