XIII ғасыр ислам әлемінде қасіреттерге толы кезең болды. Таяу Шығыс, Азия және Анадолы өлкелерінде қырғындарға себеп болған крестік жорықтар мен моңғол шапқыншылықтары мұсылмандарды жойылудың қарсаңына қойған болатын. Қалалар, мешіт, медреселер, кітапханалар өртке оранып, әйел, бала, кәрі деместен жаппай қан төгілуі үмітсіздікке ұрындырып, халық жанталасып жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде Таяу Шығыстың тарихы мен тұрмысын жақсартып, ырық бермес моңғол қолының жойқын шапқыншылығын тоқтатқан қыпшақ даласының тумасы бабамыз, Сұлтан Бейбарыс болды. Мұсылман әлеміне әкелген жеңістерінен соң халық оны Абуль-Футух яғни, жеңіс билеушісі деп атап кетті.
Құрметті оқырмандар! Биыл даңқты бабамыз, Ұлы Қолбасшы Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Ай кітабы бетіне дипломат, шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат Сәкидің «Сұлтан Бейбарыс» атты кітабын ұсынамыз:
Сәки, Қ. Сұлтан Бейбарыс [Мәтін] / Қайрат Сәки. — 2-ші бас., толықт. — Алматы: Қазақ кітабы, 2023. – 320 б.
Кітап қыпшақ мәмлүктердің аты аңызға айналған басшысы Байбарыстың ХIIІ ғасырда әлемдік өркениеттер мен діндердің бесігінде — Египет пен Сирияда қуатты түркі мемлекетін құрғандығы туралы.
Зерттеуде Байбарыстың өмірі мен қызметі туралы жан-жақты, толық ақпарат беріледі. Бұл зерттеудің құндылығы — Байбарыстың өмір жолы ортағасырлық тарихшылардың еңбектерінің негізінде баяндалғанында.
Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Ол Байбарыс, қыпшақ мәмлүктер және олардың керемет тарихы туралы шынайы және терең түсінік қалыптастырады.