Желтоқсан оқиғасының 37 жылдығына орай қалалық Абай атындағы орталық кітапханада «Желтоқсан оқиғасы — тәуелсіздік айғағы» атты танымдық кеш өтті.
Шараға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Эльмира Оспанова мен Жанар Қамысбаева қатысып, кітапхана оқырмандарына бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиғаның қалай өрбігендігі, Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері туралы көздеріне жас ала отырып әңгімеледі.
Сонымен қатар шара барысында Ибрагим Ескендірдің «Біз біргеміз» әнін қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Дидархан Әуесхан орындаса, Тараз сервис және технология колледжінің студенттері Ерасыл Қыдырбек, Айсұлу Шәйкен, Альмира Ибәділдә, Дамир Балпыков, Ерасыл Түйтебай ақындарымыздың Желтоқсан оқиғасына арналған өлеңдерін оқыды.
Бұған қоса кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Желтоқсан — тәуелсіздік бастауы» атгы кітап көрмесіндегі «Сүйікті менің Отаным» және «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» деректі фильмдерінің авторы, журналист Болатбек Көрпебайұлы Төлепбергеннің «Қасиеттім Желтоқсан» атты кітабына кітапхана қызметкері Айнұр Байсеитова библиографиялық шолу жасады.
Гүлжазира Дөңесова,
қалалық Абай атындағы орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінін меңгерушісі
Jambyl-Taraz. — 2023. — 29 қараша