Ұлттық нақыштар ұлықталды

       Дизайндағы этностиль дегеніміз — ұлттық нақышты заманауи дизайн салаларында қолдану әдісі. Әрине, этностильді дизайнда қолдану ерте заманғы нақышты дәл солай көшіре салу емес. Этностиль ең әуелде белгілі бір елдің мәдениетіне тән интерьердегі жиһаздың декормен, материалдармен, түрлі түстермен өзара үйлесімділігімен сипатталады. Дәстүрлі ою-өрнек сәнде брендті өзгешелеп тұрады.

  Сондай-ақ, ол араға уақыт салып, әлемдік трендке енеді. Ендігі кезекте заманауи үлгіде салынып жатқан үйлеріміздің ішкі дизайн интерьері қазіргі заманға сай қазақи накышқа ауысып жатқаны көңіл қуантады, көз сүйсіндіреді. Содан да болар, қазіргі кезде интерьер дизайнында этностильді жиі қолдану көрініс табуда. Ең бастысы, қалаған этностильді қажетті мөлшерде және аса талғампаздықпен қолдана білген дүрыс.

Отбасында көңіліміздің көтеріңкі болуына септігі тиетін интерьердің үйлесімді жолын қарастыруға ықпал ету мақсатында Тараз қаласының Ғ.Мүратбаев атындағы кітапхана қызметкерлері «Анаға тағзым» орталығында А.Гайдар атындағы №35 орта мектебінің оқушылары мен арнайы шақырылған қонақтар «Болашақ» мектеп-интернатының мүғалімі       Айжан Калиакперова мен орталықтың еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушысы Гүлнар Абдуллаеваның қатысуымен «Менің жылы ұям: этностильдегі интерьер» тақырыбында келешек үшін пайдалы кеңес өткізді. Іс-шара жүргізуші Гүлжан Бошаеваның «Этностильдегі интерьер» туралы ақпарат беруімен басталған соң, қазіргі салынып жатқан үйлеріміздің ішкі дизайн интерьері туралы А.Калиакперова ойы мен тәжірибесін бөлісіп, өзінің қолөнер бұйымдарын көрсетті. Одан кейін «Заманауи үй жиһаздары» тақырыбы бойынша аталмыш орталықтың қызметкері Г.Абдуллаева өзінің жасаған бұйымдарын жан-жақты таныстыра келе, жасау жолдарын да көрсетіп, «Бойтұмар» атты бөлмедегі қолөнер шеберлері жұмыстарының әрбіріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, жиналғандарға «Әлем көз тіккен этностиль» деген атпен кітап көрмесі ұсынылды. Көрмедегі қазақтың дәстүрлі сәулет өнерінің көрнекті шебері, ақын Сайын Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі» атты кітабы бойынша кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова библиографиялық шолу жасады.

Тағылымды іс-шара соңында сөз алған кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Тоқмырзақызы халқымыздың салт-дәстүрі мен ғұрыптары туралы баяндап, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңы шағын концертке ұласты.

   Анар Искакова,

Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана кызметкері

Aq jol. – 2023. – 7 желтоқсан