Руханият шырақшысы

         Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қоғамның дамуына еңбегімен үлес қосып келеді. Ұлбосын Сәулебаеваның ең жақсы  қасиеті көпшілікпен жақсы сөйлесе алатыны, қай адамды болса да құрметтеп, бағалай білетіні. Бұл талайдың бойынан табыла  бермейтін асыл құндылық.

Осындай ізгі қасиетінің арқасында оны шаһардағы үлкен-кіші, руханият саласының алдыңғы толқыннан бастап жастарға дейін тегіс құрметтейді. Ұлбосын аталған кітапханада Астана мен Алматыда тұратын елімізге белгілі тұлғалармен қатар, жергілікті ақын-жазушылардың да кездесулерін жиі ұйымдастырып жүр. Олардың барлығы да біз әңгімелеп отырған кітапхана директорының ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин: «Ұлбосынның кісімен сөйлесе білуінде ерекшелік бар. Өз жұмысына аса жауапкершілік танытқаны да ұнады. Руханияттан, әдебиет пен мәдениеттен, саясаттан хабары бар екені байқалады. Менің 80 жылдық мерейтойыма да белсене атсалысты. Ерекшелігі мол білікті басшы», деп бағалады.

Ұлбосын Сәулебаеваның өңірдің гендерлік саясатына қосып жүрген үлесі қомақты. Қай кезде де іскерлігімен көрініп жүрген маман. Өмірден түйгені мол сондай кісілерді де кездесуге шақырып, оқырмандарымен жүздестіруден жалыққан емес. Ондай кездесулерді аса жоғары деңгейде өткізіп, ұйымдастырып жүр. Ұлбосын еңбегіне қарай түрлі марапаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Бұл марапаттар оның жемісті жұмысына, қаланың рухани өмірінде жасап жатқан тынымсыз еңбегіне берілген әділ баға.

Ал, өзі де Тараз қаласының қоғамдық өміріне белсене араласады. Қала деңгейіндегі мәдени жиындарда, отбасылық құндылықтар мен гендерлік саясат мәселелеріне қатысты жиындарда өз ойын ашық айтып, жақсы ойларын ортаға салып келеді. Бұл кісіден жас буын, сіңілілері тағылым алып жүр десек, артық айта қоймаспыз.

— Менің мақсатым — жақсы адамдарға қызмет ету. Оның ішінде руханият пен мәдениеттің, әдебиеттің, саясаттың, мемлекеттік қызметтің майталмандарынан бастап қарапайым еңбек адамдарына дейін бар. Кітапханада өтетін кездесу кештерінде де осы жағына ерекше мән береміз. Елімізге белгілі тұлғалар біздің Тараз қаласында да аз емес. Сол кісілермен кездесу өткізіп, көңілдеріне қуаныш сыйлап жүргенімізге қуаныштымыз, — дейді ол.

Есет Досалы

Aq jol. — 2024. — 16 қаңтар (№6). — 4 б.