Небәрі 23 жасында жұлдыздай жарқ етіп жанған шоқтығы биік Саттар атамыз қазақ әдебиетінде орны бөлек, қайталанбас тұлға. Саттар Ерубаев ақын, жазушы, ең алғашқы фантаст, қоғам қайраткері. Оның өлеңдері өскелең ұрпаққа үлгі өнеге.
Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға, ақпан айында — Ай кітабы бетіне, көрнекті жазушы, ақын, аудармашы, әдеби сыншы, публицист Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Шығармалары» атты кітабын ұсынамыз.
Ерубаев, С. Шығармалары [Мәтін]: (роман, өлең-жырлар, әңгімелер, сықақ, сын, көсемсөз, естеліктер, мақалалар) / Саттар Ерубаев.; құраст. Б. Хабдина, Б. Қойшыбаев. — Алматы: Рух БГ, 2014. — 480 б.
Кітапқа қазақ әдебиеті төрінен мәңгілік құрметті орын алған, жастардың сүйікті жазушысы Саттар Ерубаевтың атақты «Менің құрдастарым» романы, өлең-жырлары, әңгімелері, сатирасы, әдеби сындары мен публицистикалық еңбектері, сондай-ақ қатардағы оқырманының оның өмірі мен қызметі жайлы өзіндік саттартану бағытындағы жазбалары енгізілген.
Саттар Ерубаев ағып өткен қамшының сабындай қысқа тіршілігінде әдебиеттің алтын қорына енген тамаша туындылар жасап кетті. Оның шығармалары әлденеше ондаған жылдар бойы талай жанның дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесіп келеді.
Жазушы жазған «Менің құрдастарым» атты романы жас ұрпақтың жан дүниесіне айрықша әсер еткен кітаптар қатарында. Романда көмір өндірісінің қайнаған өміріне терең үңіліп, жас қазақ инженерлері мен жұмысшыларының өсу жолын, ескі мен жаңаның қиян-кескі күресін суреттеген. Бас кейіпкерлер Рахмет пен Лиза арқылы жаны таза, адамгершілігі мол, ғашық жандардың бейнесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынады.
Жинақ жазушының әйгілі шығармаларын қайта топтап ұсына отырып, қазіргі жас оқырманға жазушының қайталанбас бейнесі мен шығармашылық көркем әлемін мейлінше тақалта түсуді көздейді.
Кітап Саттар Ерубаевтың туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған. Кітап көпшілік оқырманға арналған.