Сатира күлдіріп отырып жылататын, жылатып отырып, күлдіретін сиқырлы өнер. Нағыз сатирик өткір тілімен осып түскенде ту сыртыңнан келіп біреу қамшымен салып жібергендей күй кештіреді, сөйте тұра еріксіз езу тарттырады. Халықты күлдіре отырып тілімен түйреп те алатын, орайы келгенде ойындағыны ойнақы етіп жеткізе білетін сатириктің бірі Толымбек Әлімбекұлы.
Құрметті оқырмандар, наурыз айына Ай кітабы бетіне белгілі сатирик, Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Қалай болса — солай» атты әзіл-сықақ өлеңдер жинағын ұсынамыз:
Әлімбекұлы, Т. Қалай болса — солай [Мәтін] : әзіл-сықақ өлеңдер / Толымбек Әлімбекұлы. — Алматы : ҚАЗақпарат, 2011. — 284 б.
Сықақшы Толымбек Әлімбекұлының «Қалай болса — солай» жинағы «Адам жайлы ақиқат-аңыз» атты памфлет-поэма мен соңғы жылдары жазылған сықақ өлеңдерден құралған.
Заманның лебі мен адамның демі арасындағы келеңсіз жайлар әжуаланған өлеңдерде ащы сатира, өткір сарказм, жеңіл әзіл, қуақы күлкі бар. Саясат, әлеуметтік мәселелерді сөз еткен шығармалар да жинақты одан сайын салмақтандыра түседі. Әсіресе, тіл, ұлттық тақырыптар кеңірек қамтылған.
Тілі бай, ойы жүйрік, күлкісі мағыналы. Ойнақы сөздер мен сөйлемдер кітаптың ажарын ашады.