Кітапсыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
***
Кітап — білім бұлағы,
Білім — өмір шырағы.
***
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар!
***
«Кітап маған тақтан да қымбат».
***
«Адамзат оқуды тоқтатқан кезде ойлауды да доғарады»
Осы секілді мақал-мәтелдер мен түрлі қанатты сөздерді кітапты қастерлеп, білім биігінен көрінген және оқу мен тоқудың пайдасы мен оңды нәтижесіне көздері жеткен даңқты тұлғаларымыз айтып кеткен. Жалпы адамзат хат танығалы бері кітап оқу үрдісі үзілген емес. Мұндай ізгі дәстүрдің алдағы ғасырларда да жалғасын таба беретініне сенгіміз келеді.
Өкінішке қарай, бірақ қазіргі заманда кітап оқитындардың қарқыны бәсеңдеп, кітапханаға баратындардың қатары сиреп бара жатқаны жасырын емес. Оны мамандар мен оқырмандар және кітапханашылар қазір үлкеннің де, кішінің компьютер мен ұялы телефонға тәуелділігімен қоса. өзге де себептермен түсіндіреді.
Дегенмен: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуте,
Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», — деп өзі де кітап арқылы білім нәрімен сусындаған ақыл-ойдың алыбы Абай айтқандай, артық білуге талап қылып оқимын және кітапханағада барамын деген адамға қашан да уақыт табылады.
Оқырмандарды кітапханаға көбірек тарту және балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыра түсу мақсатында жуырда Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Ғани Мұратбаев атындағы кітапхана ұжымы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Баланы кітапқа қалай қызықтырамыз?» тақырыбында іс-шара өткізді.
Тараз қаласындағы «Болашақ» мектеп-интернатының дефектолог маманы, кітапсүйер жандардың бірі Айжан Калиакперова мен А.Гайдар атындағы №35 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Мира Бекбосынова оқушыларға кітаптың берері мол, мәртебесі биік екенін айта келе, өздері оқыған кітаптармен тереңірек таныстырып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
Одан кейін кітаптың баспада қалай дайындалып, баспаханадан қалай шығатыны жөнінде слайд көрсетілді.
Өз кезегінде №3 мектеп-лицейден келген «Шаттық» би тобы түрлі билерімен іс-шараны ажарландыра түсті.
Ой мен бойды сергіткен әдемі биден кейін «Кітап — ғажайып жаршысы» тақырыбында үш бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмедегі кітаптармен кітапхана қызметкерлері Ұлжан Бейсенова мен Бағира Бұлтанқұлова жан-жақты таныстырып, оқуға кеңес берді.
Көңілге түрлі ой салар тағылымды кеш соңында оқушылар өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғыстары мен ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара соңында көпшілік «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, экскурсия жасады.
Осы орайда кітапханалардың тұрақты оқырманы ретінде шамадан тыс қолдансақ денсаулығымызға зиянын, уақытымыздың босқа өтуіне ғана ықпалын тигізетін компьютер мен телефонға телміргенше ой-өрісімізді кеңейтіп, ақылымызды нұрландыра түсетін үнсіз тәрбиешіміз — кітаптарды архивтер мен сөрелерде шаң бастырмай оқып тұрайық дегім келеді.
Бақытжан ӘЛІҚҮЛОВ, ақын, журналист
Арай. – 2024. – 10 сәуір (№27)