Кітап – адамзаттың ең жақын досы және ақылшысы, даналық пен білімнің қайнар көзі. Осыған орай, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» ғимаратында «Art&Science»: Білімге деген құштарлық» Jambyl Book Fest» атты кітап фестивалі өтті.
Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін жоғарылату, кітап пен оқуға деген қызығушылықты ояту, кітап пен ғылымды дәріптеу мақсатында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі бірлесіп өткізген шара аясында «Кітап жәрмеңкесі», «Оқуға құштар оқырман» – оқу марафоны, «Ауылға кітап» – кітап сыйла акциясы, «Кітапхана және ритейл» тәжірибе алмасу, «Балаларға базарлық», «Сиқырлы әріптер сыры» – Брайль кітаптарының көрмесі, «Білім мен ғылымның көкжиегі» ашық алаңы, «Жаңа кітапқа жарқын жол» – жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Татарстан Республикасы Қазан қаласынан келген педагогика ғылымдарының кандидаты, Роберт Мансуров, академик Расых Салахов және Астана қаласы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасынан, ҚР Жазушылар одағынан өкілдер, елімізге танымал ақын-жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Бейбіт Сарыбай қатарлы қаламгерлер қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ кітап құмарлардың мерекесінде еліміздегі 20-ға жуық баспаның төл өнімдері ұсынылды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ
Jambyl-Taraz. — 2024. – 26 сәуір (№33). — 2 б.