Тоғыз тағдыр
1937 жылдың зауалына құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратура қызметкерлері аз ұшыраған жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы шықты, контрреволюциялық ұйымға қатысты деген желеумен талай боздақтар қыршынынан қиылды немесе түрменің ұзақ жылғы азабын шекті. Кеңес өкіметінің «халық жауынан тазарту дауылы» республика прокуратурасын басқарған марғасқалардан бастап, қарапайым прокуратура тергеушілерін де шарпыды. Сол 37-ші жылы Алматыдағы НКВД республикамыздың дербес прокуратурасының бірінші прокуроры Сүлеймен Есқараевты қинап жауап алып жатқанда ауылдағы оның бірнеше әріптестері оған қатысы бар деп қамауға алынды. Оңтүстік Қазақстан облысы НКВД-сының жала жапқан «№473985 қылмыстық іс» деп аталатын қалың томын қолыма алғанда оған анық көз жеткіздім. Оның күлгін түсті мұқабасында халық жауы деп айып тағылған тоғыз адамның аты-жөні жазулы. Олар: Қосназаров Базарбай – Жамбыл қаласы прокурорының көмекшісі, Төребаев Имаш – Жамбыл қалалық прокуратурасының халық тергеушісі, Әбдірахманов Мұхамед – Жамбыл қаласының халық судьясы, Тоқсанбаев Абдолла – Жамбыл қаласындағы жылқы техникумының директоры, Баетов Қаршыға Байманұлы – Жамбыл қаласындағы жүн жуу мекемесінің директоры, Таласбаев Әбдіраш – сот орындаушысы, Жанкин Көшенғали – адвокат, Захаров Григорий Владимирович – Жамбыл қаласындағы №13 балалар үйінің есепшісі, Давлетмендов Хусаин Каримович – қалалық аурухананың дәрігері.
Олардың ішінде прокуратураның халық тергеушілері Қосназаров Базарбай мен Төребаев Имаш Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД Үштігінің қаулысымен 1938 жылы 29 наурыз күні түнгі сағат 12-де атылған. Қылмыстық істің 364-бетінде ол жөніндегі актіден көшірме тіркеулі тұр. Ал қалған жетеуі әрқайсысы он жылға сотталып, жазасын концлагерьде өтеуге жөнелтілген.
Іс материалдарын қарап отырсаңыз, тергеу кезінде оларға айыпты күшпен мойындатқанын байқау қиын емес, тіпті өздерінің «мойындаймын» деген сөзінен басқа ешқандай дәлелдемелер жоқ, тіпті кінәсін мойындамағандар бар.
Б.Қосназаров пен И.Төребаев тергеушіге берген жауаптарында өздерін контрреволюциялық ұйымға тартқан адамдардың «атын атайды», бірақ тергеу кезінде ондай адамдардан не жауап алынбаған, не бетпе-бет кездестірілмеген. Ал НКВД тергеушілері қамауға алынған қос прокурорға қазақтың белгілі ұлдары Есқараев және Жүргеновпен байланыстарың бар деген айыпты шімірікпестен мойындарына іледі. Б.Қосназаровқа 1937 жылы маусымда Алматыға оқуға барғаны пәле болып жабысады, демек ол сол жолы контрреволюциялық ұйымның мықтыларымен кездескен деп айып тағылады. Іс материалдарымен танысқанымызда Б.Қосназаров пен И.Төребаевтың ұсталуына басқа бір маңызды жағдай да әсер еткеніне көз жеткіздік. Яғни олардың халық тергеушісі ретінде әділ де принципшіл болуы өздеріне сор болып жабысқан. Оған Б.Қосназаровтың 1937 жылы 23 тамыздағы облыс прокуроры Бартаевқа жазған мәлімдемесі дәлел бола алады. Халық тергеушісі Имаш Төребаевтың уәкіл болып барған «Жас өркен» колхозы ұжымы оның үстінен арыз жазады, оны тексеруге барған Б.Қосназаров ешқандай фактінің дәлелденбегенін баяндайды. Арызды ұжым атынан бір адамның жазғанын, оның аты-жөнін айтып, дәлелдеп береді. Өйткені сол арыз жазған адамның туысқанын халық тергеушісі И.Төребаев тұтқындап, екі жылға соттатқанын және тергеушінің бұл әрекетін қуаттайды. Б.Қосназаров тергеушіге жала жапқан үшін арыз жазған адамның үстінен қылмыстық іс көтеретіндігін облыс прокурорына мәлімдеген. Бірақ оны басшылары құптамай, И.Төребаевты қайта тексеруге басқа адам жібереді. Тергеуші Б.Дәуірбаев 1937 жылғы 14 желтоқсанда облыс прокурорына жазған баяндауында Б.Қосназаровтың айтқандарының бәрін жоққа шығарып, И.Төребаевқа нағыз халық жауы деп айып тағады. 1933 жылы Өзбекстанда тұрғанда-ақ ол контрреволюциялық ұйымға қатысқан, халық жаулары Жүргенов пен Батырбековтің шәкірті деп асыра сілтейді. Ақыры сол жылы 21 желтоқсанда И.Төребаев қамауға алынады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдірде дүниеге келіп, отызға жаңа толған жас тергеуші енді тоғыз күннен кейін өзінің ату жазасына кесілетіндігін, 23 жасар жары Зейне жесір, 5 жасар ұлы Ерік, 3 жасар қызы Раушан жетім қалатынын білген жоқ еді.
1907 жылы Қазалы ауданындағы №3 ауылда туған, Жамбыл қаласы прокурорының көмекшісі болып істейтін Базарбай Қосназаровты да сойқан саясаттың сілтеген семсері аяған жоқ. Ол тұтқында жатқан кезде аудандық НКВД бастығы лейтенант Капустинге мынадай мазмұнды арыз жазған екен (251-бет):
«Арыз
Мен өзім жұмысшымын. Прокуратура органында 1934 жылдан бастап қызмет істеймін. Менің жастығымды ескеруіңізді өтінемін, лагерьде жан аямай жұмыс істейтін боламын…».
Демек, ол өзінің ату жазасына кесілетіндігін алдын ала білді. Бірақ түрменің меңіреу төрт қабырғасынан оның жанайқайы ешкімге естілген жоқ. Тұтқын одан кейін тағы да осы мазмұндас арыз жазады. Өкінішке орай НКВД тас қамалы оған міз баққан жоқ, сөйтіп, бір жас тағы да қыршынынан қиылды.
Ал халық жауы деп айып тағылған қалған жетеуі он жылға сотталып, Сібірге, Қиыр Шығыстағы концлагерьлерге айдалды. Олардың үшеуі заңгер болатын. Соның бірі – тұтқындалғанға дейін Жамбыл қаласында халық судьясы болып істеген Мұхамед Әбдірахманов еді, өзінің ұлты қырғыз, 1908 жылы Қырғызстанның Аламедин ауданында туған. Ол концлагерьде жүріп 1940 жылы 12 қаңтарда КСРО НКВД-сы 1-бөлімінің бастығына шағымданады. Онда өзінің жазықсыз сотталғанын, жанын азаптап жауап алғандықтан бәрін «мойындағанын» жазады. Сол зарлы замандағы НКВД қанпезерлері тұтқыннан қалай жауап алғаны шағымда жантүршігерліктей етіп баяндалған, сондықтан оның мәтіні сәл қысқартылған түрінде оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Мәскеу қаласы. КСРО
НКВД—сының
1-бөлімі бастығына
Қазақ ССР Оңтүстік
Қазақстан НКВД
басқармасы Үштігімен
Қылмыстық кодекстің
58-10 бабымен 10 жылға
сотталған сотталушы
Әбдірахманов Мұхамедтен
ШАҒЫМ
Осыдан тура екі жыл бұрын, 1937 жылы қарашада, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратура органымен, дәлірек айтсам, облыс прокуроры Бартаев арқылы тұтқындалдым… Мирзоян аудандық НКВД-ның бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Капустин менен жауап алды. Ол алдымен маған мынаны айтыңыз деді:
1.Қай уақыттан бастап қазақтың ұлттық контрреволюциялық ұйымына мүше болдыңыз?
2.Қашан және кім арқылы контрреволюциялық ұйымға тартылдыңыз?
- Сіздіңконтрреволюциялық ұйымға тигізген пайдаңыз қандай?
- Контрреволюциялықұйымға өзіңіз кімдерді тарттыңыз?
- Сіздіңұйымның нақты міндеті қандай еді?
Адам шошырлық мұндай сұрақтарды қойғанда мен алғашқыда абдырап қалдым. «Сонда маған осы сауалдарға жауап бер деп тұрсыз ба?» деп бастыққа қарадым. Ол болса маған кіжініп: «Иә, иә!» деді. «Мен мұндай ұйымды өзіңізден бірінші рет естіп тұрмын, ол жөнінде ешқандай хабарым жоқ әрі оған мүше де болған емеспін» деп жауап қайырдым. Капустин маған қарап «ешқандай қапа болмаңыз, сізге 24 сағат уақыт беремін, жақсылап ойланыңыз, қабырғаңызбен кеңесіңіз, жауабыңызды ертең айтарсыз» деді. Сосын ол «өмір» не «өлім», соның бірін таңдауыма да кеңес беруді ұмытқан жоқ. Егер өмір сүргім келсе, онда он жыл концлагерьге жіберуге уәде беретіндігін айтты. Ал өмір сүргің келмесе, онда бұл дүниемен қоштаса бер деп доқ көрсетті. Содан кейін мені жатқан жерімнен басқа №11 камераға жіберетінін ескертіп, сонда асықпай ойланарсың деді… Айтқан камераға келсем, онда 8-9 адам жатыр екен. Оның бәрі де бір адамдай «өзіңді өзің азапқа салма, бәрін мойындасаң жақсы болады» деп азғыра бастады. Өздерінің қатты азап шеккендерін, ақырында кінәлімін деп мойындауға мәжбүр болғандарын жарыса айтып жатыр. Бұл адамдар маған бірінен кейін бірі келіп тағылған айыпты қалайда мойындауды ұсынды. «Жабылған жаланы мойындағанша өлгенім артық, мен үшін қиналмай-ақ қойыңыздар, одан да өздеріңізді ойлаңыздар» дедім.
Менің түсінгенім, бұл адамдар осы камераға әдейі іріктелген екен. Не де болса олардан құтылғым келді де өзімді азаптамас үшін халық жауымын деп мойындайтындығымды, ертең жауап алуға шақырғанда солай жазатындығымды айтып сендірдім. Содан кейін әлгі адамдар маған кәдімгідей разы болып қалды. 1937 жылы 11 желтоқсанның да таңы атты. НКВД бастығы мені жауапқа шақырып, «ойландың ба, жоқ па?» деп сұрады. Мен контрреволюционер болмағанымды және болғым да келмейтіндігімдіі жасыра алмадым!
Бастық маған ұзақ уақыт бойы айқайлаумен болды, ақыры ештеңе шығара алмасын білді де конвейерге тұрғызып қойды. Мен 11 желтоқсаннан 25 желтоқсанға дейін тізе бүкпей түрегеліп тұрдым. Өзімнің әбден әлім құрып, денем ісіп кетті, қайта-қайта есім ауып, тұра алатын халім болмады. Сол кезде мені отырғышқа отырғызды, бірақ енді аяғым жерге жетпейді. «Козел» деп аталатын сол отырғышта 25 желтоқсаннан 29 желтоқсанға дейін тапжылмай тағы отырдым. Ұйқы қысып құлап бара жатамын. Бет-аузым адам шошырлық ісініп, денедегі қанның бәрі аяғыма жиналды. Есім кіресілі-шығасылы мен 29 желтоқсанда алдыма әкелген бірнеше бет қағазға оқымастан қол қойдым.
Көзімді ашсам түрменің ауруханасында жатырмын. Мен мұнда 20-25 күндей болдым, сосын камераға алып келді, ондағы жолдастарыма көрген қорлық пен азапты айтып ағыл-тегіл жыладым. Сол азаптаудың салдарынан қатты науқастанып, 1938 жылдың мамырына дейін төсек тартып жаттым. КСРО Ішкі істер халық комиссариатына НКВД бастығы Капустиннің үстінен шағымдандым. Онда бәрін қалдырмай айтып, ол Ягода мен Бухариннің агенті екендігін де қостым, бұл жөнінде біраз фактілер келтірдім. Менің бұл шағымым облыстық НКВД басқармасы бастығының орынбасары Костенконың қолына түсіпті. Ол Капустинге болған істі өзі баяндайды, яғни Халық комиссариатына үстіңнен жазылған арыз бар дейді. Шағым бергенімді естіген Капустин мені 11 мамырда өзіне шақырды да арыз неге жаздың, одан бас тарт деді, әйтпесе о дүниеге жіберемін деп абай-қоқай жасады. Мен ештеңе жазған жоқпын деп, білмеймін деп мойындамай қойдым. Ол жарайды деді де мені кері камерама жіберді. 12 мамырға қараған түні Капустин түнгі сағат 12-де пәтерінде өзін-өзі атып тастады. Шымкенттен облыстық НКВД бастығының орынбасары Костенко келіп, 13 мамыр күні түсқайта сағат 4-те мені «ажал камерасына» қамады, онда 13 мамырдан 29 маусымға дейін отырдым. 45 күн бойы аштан аш, ешқайда шықпай ажал камерасында жалғыз өзім болдым. Алты күнге талшық қылатыным 400 грамм нан, стақан су, аптасына бір рет ыстық сорпа. Мені енді ататын шығар деп ойладым. Жоқ, олай болмады, 1938 жылы 29 маусымда облыстық НКВД басқармасы бастығының орынбасары Костенко бөлмесіне шақыртып, шағымды неге жаздың, одан іске келіп-кетер пайда жоқ деді. Сосын ол шағымнан бас тарту жөнінде арыз жазуымды талап етті. 45 күн бойы ажал камерасында отырып, аяғымды әзер басып тұрған мен неде болса азаптан құтылайын дедім де, 1938 жылғы 8 мамырдағы жазған шағымымнан бас тартып арыз жаздым. Бұдан кейін этаппен жөнелтіліп, 48 күннен кейін Қиыр Шығыстағы Комсомол қаласына келдім. Айтпақшы, оған аттанайын деп тұрған кезде 1937 жылы желтоқсанда НКВД мені он жылға соттағанын хабарлады. Міне, жағдай осы!
Сөйтіп, менің тағдырым осылай шешілді. Содан бері екі жылдан астам уақыт бойы өзіме заңсыз берілген жазаны өтеп келемін. Айта кетейін, облыс прокуроры Бартаев 1938 жылы қаңтарда Қазақ ССР-нің НКВД-сымен ұсталып, Жоғарғы Соттың әскери алқасымен 25 жылға сотталды.
…Менің ісіме әділдікпен қарайтын, мені халық жауларының апанынан шығарып алатын, Ұлы көсем Сталин ісіне шын берілген большевик шынымен, табылмай ма? Қалайша мен бұл жерде жарық дүниемен қоштаспақшымын!..
Демократиялық кеңес мемлекетінде мұндай болуы мүмкін емес, әділдік бар, әрі ол ақыр аяғына дейін бола береді.
Сондықтан да менің ісімді қадағалау тәртібімен қарауыңызды және мені қамаудан босатуыңызды сұраймын.
…Менен жауап алу кезінде қолданған тізе бүктірмей түргелдіріп қою, конвейерде ұстау, «козел», карцер және т.б. жауыз әдістер жан түршіктіреді. Мұның бәрі жекелеген халық жауларының ісі деп білемін. Мұндай жағдайды түзетеді деп өзіңізден үміт күтемін. Егер сіздің тарапыңыздан тиісті әділдік болмаса, онда он жыл кесімді жазаны өтеуге шыдаймын деп айта алмаймын, әрі онда өмір сүрудің де қажеті шамалы деп ойлаймын. Қалайын, қаламайын, ондай жағдайда өзіме-өзім қол жұмсауыма тура келетін шығар…
12.1.1940 ж.
Приморье өлкесі
Солтүстік Гавань қаласы,
24-пошта жәшігі, 1-бөлімше,
НКВД-ның Төменгі Амур лагері,
1-колонна, сотталған М.Әбдірахманов».
Амал не, Мұхамед Әбдірахманов көзі тірісінде әділдікке жете алмады. Ол 1941 жылы 31 мамырда лагерьде қайтыс болды. Оның осы шағымындағы соңғы сөздерінен әділдіктің салтанат құра қоятынына сенімсіздік байқалады. Бұл дүниеден аһ ұрып, тұйыққа тірелген, амалы таусылып, тауы шағылған адамның сөзі ғой бұл…
Он жылға сотталғандардың ішінде ең жасы сот орындаушысы Таласбаев Әбдіраш еді. Ол сол кезде небәрі 24 жаста болатын. Ол аман-есен жаза мерзімін өтегенімен бостандыққа шыға алмай қалған, себебі 1950 жылы КСРО прокуратурасы мен Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің №66/241 директтивасымен сол Магадан қаласында жер аударылған есебінде қалдырылады. 1952 жылы сәуірде Ә.Таласбаев өзінің контрреволюционер болмағанын дәлелдеп, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне шағымданады. Обалы не керек, Жамбыл облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы 1952 жылы Таласбаевтың өтінішін қанағаттандыруға, яғни істі қайта қарау жөнінде жоғары жаққа мәселе қояды. Өкінішке орай, олардың Қиыр Солтүстіктегі әріптестерінен Таласбаев өзінің айналасындағыларға кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп жүр деген 1952 жылы 30 қазанда жолдаған анықтамасы (№52-5051) сап ете қалады. Сөйтіп, Әбдіраштың алдын тағы да қаратүнек тұмшалайды. 1952 жылы 20 желтоқсанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің 4-ші сектор бастығының орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздігі полковнигі Правиков пен 4-бөлімше бастығының орынбасары подполковник Насыров Магадандағы қауіпсіздік басқармасының 9-бөліміне А.Таласбаевтың ісін қайта қараудан бас тартылғаны жөнінде хабарлайды (қылмыстық істің 645-беті).
Иә, жазықсыз торға түскендер қанша арызданса да оларды босатуға кеңес өкіметі мүдделі болмады. Қайта оларға саяси қуғын-сүргін құрбандарының сол барған жерлерінде мәңгі-бақи қалуына небір айла-шарғы жасап баққанын осы іспен танысқанымда көзіміз жете түсті. Егер саяси тұтқын босануға ілік тапса, онда оның шыққан тегін зерттей қоятын болған. Бұл жөнінде концлагерь мен НКВД органдары арасында ерсілі-қарсылы жазылған хаттардан көз сүрінеді. Айталық, Мұхамед Әбдірахмановты болыстың баласы екендігін растап, Орто-Алыш ауылдық кеңесі анықтама беріпті. Ярослав облысында жазасын өтеп жүріп, 1940 жылы КСРО Ішкі істер Халық комиссариатына шағымданған Көшенғали Жанкин жанын азаптағаннан кейін бәрін «мойындағанын» жазған екен. Оның да ататегінің кім болғанын білуге мемлекеттік қауіпсіздік қызметі біраз жұмыстанғаны байқалады. Ақыры оның туған жері Чкалов облысы, Ақбұлақ ауданындағы Қызылбұлақ ауылдық кеңесі Жанкиннің ірі байдың баласы болғанын, әкесі 1929 жылы тәркіленіп, жер аударылғаны жөнінде тайға таңба басқандай етіп анықтама ұсыныпты. Адвокат болып ұзақ жылдар қызмет істеген К.Жанкин ақыры өзін ақтап алғанға ұқсайды. Ол жөнінде істе нақты дерек болмағанымен (571-бет), 1946 жылғы 19 шілдедегі Жамбыл қаласы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі архивтік істі қайта қарап жасаған қорытындысында К.Жанкин КСРО Ішкі істер министрлігінің хабарлауы бойынша 1940 жылы 11 мамырда лагерьден босатылғанын келтіріпті.
Осы құжатта Жамбыл облысы, Қордай ауданында 1905 жылы туған, жоғары білімді, Жылқы техникумының директоры Абдолла Тоқсамбаев – 1945 жылы 25 тамызда, ал Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданында 1897 жылы туған, Жамбыл қаласындағы жүн жуу кәсіпорнының директоры болып қызмет істеген Қаршыға Байманұлы Баетов – 1944 жылы 4 наурызда концлагерьде жазаларын өтеп жүргенде қайтыс болғаны туралы мәлімет бар.
37-ші жылғы зауал осылайша талайды қыршынынан қиды, талайдың тағдырын ойыншыққа айналдырды. Осы мақалада аты аталған тоғыз адамның бәрін де Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 1999 жылы ақтады. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тоғыз тағдыр хатталған қалың томның әр парағында жазықсыз төгілген көздің жасы, қасірет-қайғының, орны толмас өкініштің ізі сайрап жатыр…
Самат ИБРАИМ
Ана тілі. – 2016. – 26 мамыр. – 7 б.