Қымбатты жас дос!
Отбасы — барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол — махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені.
Достар, сіздерді мейірімге, сағынышқа, отбасы құндылықтарына құрылған жазушы Алтыншаш Жақиянованың «Апа, сені сағындым» атты кітабымен таныстырамыз:
Жақиянова, А. Апа, сені сағындым [Мәтін] : балаларға арналған повестер, әңгімелер мен хикаяттар / Алтыншаш Жақиянова. ; [сурет. А. Жайсанбаев].- Алматы: Mereke baspasy, 2023. — 320 б.
Әрбір әңгіме мен өлеңді балалықтың ізі, ата-әженің мейірімі, өткенге деген сағыныш пен қазіргі ұрпаққа арналған тәрбие тағылымы көрініс табады. Сен де кейде әжеңді, атаңды сағынып, мейіріміне бөленгің келеді ғой? Міне, осы кітапта сондай жылы сезімдер, шынайы оқиғалар мен сағынышқа толы әңгімелер бар.
Қаламгер Алтыншаш Жақиянова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жетісу балалар кітапханасы» айдарымен «Балаларға арналған үздік поэзия» номинациясының «Балалар әдебиетінің үздігі» атағын жеңіп алған.
«Апа, сені сағындым» — акынның балаларға арналған екінші кітабы. Кітап прозалық шығармалардан тұрады. Ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрген автор ұзак жылғы педагогикалық еңбек барысында бала психологиясының қыр-сырын ашуға құрылған шығармалары мен бал немерелеріне арналған аналық, әжелік көңілінен шыққан әңгімелерін топтастырыпты. Жас оқырманның түсінігіне бейімделіп жазылған тәрбиелік мәні бар оқиғаларға құрылған шығармалары тілге жеңіл, ойға қонымды.
Повестер «Балалық дәурен», «Апа, сені сағындым», «Өміршең өрен» атты негізгі үш бөлімнен тұрады. Мұнда жазушы қиындығы мол бұрынғы заман мен қазіргi болып- толған заманда өмip сүріп отырған жанұяда өскен балаларды салыстыра отырып екі заманның ара жігін айырып береді.
Төртінші бөлімінде шағын әңгімелер топтастырылған.
Жазушы қаламынан шыққан шығармалар балаларға ой тастайтын, қиындықтарға мойымай, өмірде кездесетін әрбір оқиғаға шынайы көзбен қарауға, еңбектенуге шақыратын тұщымды дүниелер.
Бұл кітап сенің ең жақын досыңдай болады. Жақындарыңызға мейірім көрсетіп, жүрекке жылу сыйлаңыз!
Оқыңыз ой түйіңіз, рухани байыңыз!