Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ағалықтан асып, абыз ақсақалдықтың асуына иек артқан белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қайырбек Асановтың 80 жасқа толуына орай «Ғибратты ғұмыр – көркем жыр» атты әдеби кеш өткізілді.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы-драматург Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Ерен еңбегі үшін» және «Дінмұхамед Қонаев» медальдарының иегері Баймаханбет Ахмет, мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Пернебек Оспанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, әнші-сазгер Үміт Битенова, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің филология және журналистика факультетінің оқытушысы Бақытжан Мақашов, Тараз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қатысты.
Олар салмақты да салиқалы жырларымен қазақ поэзиясында сүбелі қолтаңбасы бар белгілі ақын, қоғамдағы маңызды әрі жауапты сала – журналистикада қырық жылға жуық абыройлы қызмет атқарған Қайырбек Асановтың шығармашылығы, жарты ғасыр бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келе жатқан аяулы жары, «Поэзияның ақ гүлі» атанған Күләш Ахметова туралы ойларын ортаға салды. Кеш қонағы өзінің еңбек жолы туралы әңгімелеп, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев, мәдениет қайраткері Пернебек Оспанов бірнеше ән шырқады.
Кітапхана қызметкерлері Жанар Егеубаева, Әсел Сағындық, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 2-курс студенті Айсезім Есалы, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің студенттері Мұхамеджан Шәріпхан мен Ердәулет Саматұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Поэзия – сөз өнерінің алтын тәжі» атты кітап көрмесінен Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Ай мен күннің сәулесі» атты жыр жинақтарына библиографиялық шолу жасалды.
Кешті Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тілегенқызы қорытындылап, кеш қонақтарына алғысын білдірді.
Ұлбосын Сәулебаева,
қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры.
Aq jol. — 2025. — 8 сәуір