Мақұлбек Рысдәулет
Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет 1949 жылы мамыр айының 20 жұлдызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Бақалы ауылында шаруаның отбасында дүниеге келген. Әке- шешесінен ерте айырылған Мақұлбек туысы, солдат жесірі Тыңдықыздың қолында төртінші жетім болып тәрбиеленеді. Өмірдің тауқыметін көп көргене ол 1956 жылы мектеп табалдырығын аттайды. 1966 жылы Жуалы ауданының Қайрат ауылында мектеп-интернатта орта білім алған соң «Большевик» ұжымшарында екі жыл жұмыс істейді.1968 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шығады. Өмірлік жары Дәметкен Ахметовамен бірге Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетіне жұмысқа орналасады. Барлық еңбек сатысынан өтіп, Жезқазғандағы қызметін облыстық газеттің жауапты хатшысы болумен аяқтайды.1991 жылы ол жаңадан ашылған «Халық кеңесі», одан кейін «Заң газетінің» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болады. Ал 1996 жылдан бастап Мақұлбек «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі.Журналистика саласындағы еңбегі әркез марапатталған. Ол Журналистер одағаның Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты. Газетті безендіру шеберлігі бірнеше рет одақтық, республикалық жарыстарда аталып өткен, арнаулы сыйлықтармен марапатталған. Жамбыл облысы әкімінің 2002-2003 жылдардағы «Өрлеу», «Ынтымақ» сыйлықтарының иегері Оның ең таңдаулы очерктері мен публицистикалық шығармалары онға жуық ұжымдық кітаптарға енген. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік» атты кітаптары жарық көрген.
Қаламы ұшқыр қарымды журналист Мақұлбек Рысдәулеттің бұл кітабында туған өңірдің табиғаты мен төл перзенттерінің тағдыр- талайы тартымды суреттелген. Кейіпкерлерінің көпшілігі авторға етене таныс, бірге жүріп, біте қайнасқан ел азаматтары, ауыл адамдары болып келеді. Жазушының қолынан шыққан көркем хикаяттары мен деректі дүниелерінің оқиға желісі қызғылықты, өзіндік ой – толғамдарының өмірлік маңыздылығы да көкейге қона кетеді. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.